ҰЛЫ ДАЛА тарихы
288
құрылу шағында көптеген мұрағат қағаздарының Еуропаға тонна-тонналап
сатылып кеткенін ел тарихшылары қазір өкінішпен еске алады. Бұл қағаздар
арасында біздің тарихымызға қатысты құжаттар да болды ма екен, кім біледі?
Əрине, халифаттың орталығы һәм күллі мұсылман елдерінің тірегі болған,
сондықтан, дәуірлеп тұрған шағында саясат сахнасында өзіндік салмағы болған
Османлы мемлекетінің мұрағаттарында түбі бір қазақ елі туралы мәліметтердің
болмауы мүмкін емес. Осы ойымызды Османлы мұрағатында сақталған
халқымыздың тарихына қатысты бірнеше құнды құжаттар айғақтайды. Түркістан
тарихы төңірегінде бірнеше монографияның авторы, профессор Мехмет
Сарайдың “Османлы мемлекеті мен Түркістан хандықтары арасындағы саяси
байланыстар” атты еңбегінде көрсеткендей, бұл маңызды құжаттардың бірі –
Қайып ханның 1713 және 1715 жылдары Османлы патшасы ІІІ Ахмет сұлтанға
жазған хаттары еді.
Осы орайда біраз шегініс жасауға тура келеді. Османлы мемлекетімен
тікелей байланыс жасап, елінің күңгірт тарта бастаған келешегі үшін халифа-
сұлтанға елші аттандырған Қайып хан кім еді? Жылдарға созылған толассыз
жаугершілік уақытта аттың жалында, түйенің қомында жүріп, бейбіт өмір
аңсаған қазақ халқына “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заман орнатқан
әз Тәукеден кейін билік басына келген Қайып хан туралы аты әлемге әйгілі
тарихшы Зәки Уәлиди Тоған “Хорезм мен Хиуаға, сондай-ақ, Башқұрт елінің
оңтүстігіне әмірі жүрген, Қазан, Тобыл, Бұхара және Ташкент арасындағы
сауда жолының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен құдіретті хан еді. Башқұрт жеріне
ат басын бұрған 1709 жылы ол бар болғаны 26 жаста болатын” деп жазды.
Өкінішке қарай, Түркістанда тұрақтап, әуелі қалмақпен, сосын жоңғардың
қалың қолымен жұлқыласқан, “Қаратаудың басынан көш құлаған” аласапыран
кезеңде қолына қару алып қан майданда соғысқан, елінің келешегіне алаңдап,
сауатты келіссөздер жүргізген Қайып ханның тағдыры тым келте тоқталанды.
Елдің іргесін біріктіру үшін жаумен жаға жыртысқан хан жат қолында емес, тақ
жолында өз бақталастарынан мерт болды.
Отандық тарихта аты көп аталмай, қағажу көріп келген Қайып ханды сол
кезде Ыстанбұлдағы сұлтанмен байланыс орнатуға итермелеген қандай
себеп еді? Тарихтан белгілі, XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырдың басы
қазақ халқына ауыр қайғы-қасірет ала келді. XVІІ ғасырдың 20-жылдарында
Жоңғариядан жолға шығып, қазақ даласын басып өткен қалмақтың қалың қолы
Еділ бойына келіп орныққаны тарихтан мәлім. Бүйіріндегі Қырымға, көршілес
жатқан башқұрт, түрікмен, қарақалпақ пен қазақтарға қырғидай тиіп, қарапайым
халықты қан қақсатқан қалмақ хандығы XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырдың
басында түрк халықтарына үстемдік жасап, өз өктемдігін жүргізуге ұмтылды.
Таққа отырған соң Тибеттегі Далай-ламадан ресми түрде “хан” атағын алған
Моншақ хан ұлы Аюке хан (1646-1724) мұнымен шектелмей, аймақтағы өз
|