ҰЛЫ ДАЛА тарихы
291
Қазалы, Ясы (Түркістан), Əулиеата, Сайрам сияқты ірілі-ұсақты жетпіске тарта
қалалар мен елді мекендердің аттары аталыпты. Демек, Тарсус қаласында
қажылыққа бара жатқан қазақтар қонақта болып, жан-жақтан ағылып келіп
жатқан бауырларымен әңгіме-сұхбат құрғаны талассыз шындық болса керек. Бұл
жерде әңгіме, сұхбатты баса айтып отырғанымыз, патшалық Ресей тарапынан
мұсылмандарға қарсы цензураны күшейтілген бұл тұста мұндай мекендер түрлі
елдерден келетін қонақтар үшін ақпарат орталығы қызметін қоса атқарған деуге
толық негіз бар. Оның үстіне, уақыт өте келе қазақ даласынан барып Ыстанбұл
шаһарында білім алған шәкірттер саны арта түсті. Мәселен, халқымыздың
біртуар перзенттерінің бірі, қазақтан шыққан қази Ғұмар Қараштың Ыстанбұлда
оқып, білімін жетілдіргені баршаға белгілі.
Кейінірек, түрлі төңкерістер болып, дүниежүзі астаң-кестең сапырылысқа
түсіп жатқан аласапыран уақытта күллі түрктің қамын жеген әйгілі Əнуар
паша Түркістан топырағына табан тіреп, Мұстафа Шоқай сынды қайсар тұлға
Ыстанбұл арқылы шетел асты. Іле шала, дәлірек айтқанда 1927 жылдан бастап
Ыстанбұлда “Иені Түркістан” журналы жарық көріп, шетел асқан шерменде
мұғажырлар кеңестік қысыммен қазақ даласында өшуге айналған ұлттық
идеяның туын көтеріп, көмескілене бастаған ұлттық әдебиеттің шырағын жақты.
Мұстафа Шоқай мен шетелдегі жас түркістандықтардың жанкешті, қажырлы
еңбегі нәтижесінде он жыл бойы үзбей жарық көріп тұрған «Яш Түркістан»»
журналы мен одан кейінгі әр жылдары шыққан «Мілли Түркістан», «Түрікелі»,
«Түркістан», «Бүйік Түрікелі», «Бүйік Түркістан» сияқты басылымдар Түркістан
атауы төңірегінде топтасып, туыстықтың туын желбірете түсті.
Бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жоғарыда сөз болған
құжаттар, атап айтқанда Қайып ханның Османлы сұлтанымен жазысқан хаттары
мен Мұстафа Шоқайдың мұралары және тағы басқа да аса құнды деректер өз
отанына оралып жатыр. Ендеше, ендігі сөз бен мұрағат құжаттарын зерттеп,
зерделеу ісі тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне араша түсер ғалымдардың
еншісінде болмақ.
|