ҰЛЫ ДАЛА тарихы
305
Адам арманын қанаттандырып, талғамын ұштайтын асқақ ғимараттар онда
көп кездеспейтін. Ал мұндай қалада өмір сүріп, бір сарынмен тіршілік кешкен
адамның өзгеше ойлап, өзге әлемге талпынуы да әлбетте, әсте мүмкін емес еді.
Шығыста адам атына көп мән береді. Баласына жақсы ат қою – мұсылман
ата-ананың ең бірінші парызы. Ел арасында аттың адам тағдырына әсер ететіні
жөнінде де сенім бар. Қалай дегенде де, азан шақырылып қойылған ат – ата-
ананың ой-өресі мен сана-сезімін, арманы мен талғамын, ақ тілегі мен үкілі
үмітін әйгілеп қана қоймайды, ол сонымен қатар баланың қалыптасуына да
белгілі дәрежеде ықпал етеді.
Қалалардың ат-атаулары да сондай. Кеңестік қаланың атына қарап оның
қандай мақсатта салынғанын және онда көбіне кімдердің тұратын аңғару қиынға
соқпайды. Мәселен, Целиноград атауының өзі қаланың тарихы мен тағдырын
әйгілеп тұрғандай. Бұл атаудың астарында тек тың игеру ғана жатқан жоқ, одан
империяның өктемшіл, отаршыл пиғылымен бірге ұраншылдық, науқаншылдық
сияқты кеңестік кейіпті көруге болады.
Көпшілікке белгілі, Астана атауы парсының «астан» деген сөзінен шыққан,
парсы тілінде «табалдырық, босаға» деген мағына береді. Əйтсе де, бұл түбір
сөз түрк тіліне енгеннен кейін өзінің түпкі мағынасынан түбегейлі ауытқып
кетті. Азия, Еуропа және Африкаға сөзін өткізіп, жарты әлемге әмірі жүрген,
кезінде Еуразия кеңістігіндегі ең алып империяға айналған Осман түріктері
Ыстанбұл қаласын алғаннан кейін, оны Астана, дәлірек айтқанда «Аситане»
деп атай бастады. Біздіңше, Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың ұрпағы
«табалдырық» деген мағына беретін бұл сөзді империя астанасы үшін жайдан-
жай таңдап алған жоқ еді. Табалдырық – түрк жұртының тәу етіп, қасиет, кие
тұтатын орны. Қазақ әлі күнге дейін табалдырықта тұрғызбайды, табалдырықты
бастырмайды, табалдырықтан оң аяғымен аттайды. Ұлт жадысына жатталып
қалған бұл сенім сол уақытта мұсылман түрктердің санасында да жаңғырып
тұрды. Сондықтан олар үш құрлықты түйістірген, талайларға арман болған
Ыстанбұлды қасиетті құт мекенге балап, оны Астана деп атай бастады.
Əрине, Ыстанбұлдың бұдан өзге «Ислам қақпасы», «Бақыт қаласы» деген
атаулары да болды. Түпкі мағыналары әртүрлі, бірақ уақыт өте келе бір-біріне
синоним сөздерге айналған бұл атаулар тек Ыстанбұлға ғана тән еді. Мәселен,
Шам, Бағдат, Исфаһан, Құдыс және тағы басқа шығыстың әйгілі орталықтары
Астана деп аталған емес. Осылайша түрктік сипат алған астана атауы «бақыт
қаласы», «ислам қақпасы», «империяның орталығы» деген жаңа мағыналарға
ие болды. Дәлірек айтқанда, алты ғасыр салтанат құрып, шығыс пен батысты
үндестірген Ыстанбұл мен астана атаулары егіз ұғымға айналды. Осылайша
атау сипаттан есімге ауысты.
Астана сөзінің осман түріктерінде бұдан өзге тағы бір мағынасы бар.
«Қамус-и түрки» деген көне османлы тілінің сөздігіне жүгінер болсақ, Астана
|