ҰЛЫ ДАЛА тарихы
308
Қала өзінің тұрғындарына ұқсайды. Сарыарқаның сар даласына қоныс
тепкен Астана да қазақ сияқты кең, кешірімді, жайдары, бауырмал әрі қонақжай.
Сонымен қатар Астана жас, қайратты, асқақ, сымбатты, сергек, білім мен
дүниеге құштар. Ең бастысы, Астана - азат, еркін ойлы. Кібіртіктемей, кеңінен
көсілетін ол кез-келген алпауытпен терезесі тең тұрып сөйлесе алады.
Кез-келген шахар салтанатты сарайлардан, сәнді ғимараттардан, сұлу
көшелерден ғана тұрмайды. Бұлар қаланың тек сыртқы көріністері ғана, қаланың
жаны адамдардың жүрегіне ұялаған. Заңғар көкпен таласқан зәулім үйлерімен
емес, парасатты, қайырымды тұрғындары арқылы ғана қала парасатты шаһарға
айналады. Қалаға парасат пен қасиет сыйлайтын оның тұрғындары.
Сарыарқа төрінен дүркірей көтеріліп, еңсе тіктеген Астана шын мәнінде
бақыттың мекеніне, қасиет қонған парасатты қалаға да айналар. Бұған біздің
күмәніміз жоқ. Үйткені парасатты қала дегеніміз утопия да, идеал да емес, ол
шындап келгенде, біздің ішкі рухани дүниеміздің көрінісі.
Көк түрктер Күлтегін ескерткішіне: «Түрк қағаны Өтүкен қойнауында отырса,
елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен. Сонда
түрк халқы тоқ» деп, тасқа жазып қалдырған екен. Одан беріде әл-Фараби
«парасатты қаланы», Асан қайғы «Жерұйықты» аңсады. Бабалар армандаған
Өтүкен мен Ергенеқон, ғұлама-ойшылдар аңсаған парасатты қала мен Жерұйық
- соның бәрі бүгінде шындыққа айналып, Астанамен астасып жатқандай...
|