Асан Атаның Жерұйықты іздеп аралаған жерлеріне қойған сындары мен анықтамалары Асан қайғының негізгі арманы — халыққа жайлы қоныс іздеу. Ол — сонау Қорқыт заманынан келе жатқан əлеуметтік сарын. Дала философы Асан қайғы өз заманындағы қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын — аш-жалаңаштық, жұт, апат, өзара қырқысқан жаугершілік, əлеуметтік теңсіздікті көріп назаланды, қайғырды. Оның арман еткен Жерұйығы — суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды», — деп санады [14; 4].
Фольклорлық мəліметтер бойынша, Асан қайғы Қазақстан жəне Орта Азия жерлерін желмаясына мініп көп кезген ақылгөй дана болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе болғандай. Жолда көп жыл жүреді. Жол бойында кездескен жер-суды сипаттап, оның сынын айтады.
Данышпан жыраудың жер туралы сындары терең философиялық мағынасымен халық есінде қалған. Көптеген сындары əлі күнге дейін өз мағынасы мен маңызын жоймаған. Сондағы Асан қайғының желмаяны желдіртіп жүріп əр жерге, суға, тауға айтқан сындары мынадай [15–18]: Шығыста ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», — депті.
Шыңғыстау мен Семейтауын көргенде: «Мына шіркіннің топырағы «құтырады» екен, оған шыққан шөп құтырады екен, оны жеген мал құтырады екен, оның етін жеп, суын ішкен адам «құтырады» екен, қаны үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатын жер екен», — деп түйіндейді. Осы арада Семей ядролық полигонының экологиялық зардаптары еріксіз еске түседі.
Үш Алматы жеріне келгенде: «Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей, сол жерді қимадым», — дейді.
Жуалының қара топырақты, қыртысты, құнарлы жерін көргенде: «Жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер, — дейді.
Қызыл Шілікті көргенде: «Бұл жердің төрт есігі бар екен, екеуінен құт кірсе, екеуінен жұт кіреді екен. Елі бай да болмай, кедей де болмай, орташа ғана өмір кешеді екен. Екінші, жамбас құрт деген бір жайсыз құрты бар екен, сондықтан адам бұл жерде ұзақ жасай алмайды екен», — дейді.
Балқаш көлі туралы: «Балығы тайдай тулаған, құстары қойдай шулаған несібелі көл екен. Кедейін аш қылмайтын, балығы азық болғанымен, суы ащы, іргесі шөлге тиіп тұр екен, бораны көп болар. Қамысы боранға қалқа, малға азық, қысы болмаса, жазы қапырық, ордалы елге орын болмас», деген.
Нұра өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», — депті.
Шідертіні көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен, алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен, бос жылқы шідерілеп қойғандай тоқтайтын жылқының өрісі екен», — депті.
Қызылтауды көргенде: «Тау-тасы кеш болғанда ыңыранып жатады екен, тоқтысы да қысыр қалмайтын қойдың жері екен», — депті.
Ащы бойына келгенде артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», — депті.
Өлеңті өзенін көргенде, еш нəрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы -май, Шідертінің шөбі – май», — деп жүре беріпті.
Сілетіден өтіп, Жалаңаштың тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, одан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің», — депті.
Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», — депті.
Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен, алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», — депті.
Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», — депті.
Тайсойған құмын көргенде: «Қақпақты қара қазан», — депті.
Жайық өзенінен өткенде: «Суы татыған бал екен, жағасы сірескен тал екен», — депті.
Түндік (Үшқара) өзенін көргенде: «Он екі қазылық тай күндік, маңырап жатқан қой түндік, қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен» деп, қимай артына үш қарапты дейді. Бұл жер кейін Үшқара атанған.
Шудың, Сарысудың өңірін көргенде: «Мына шіркіннің екі басы борбас екен, өне бойы қамыс, іші тола жолбарыс екен. Баласының іші қуырылмайтын, өмірінде пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы еріне жат болатын жер екен», — депті.
Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін қара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен», — депті.
Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», — депті.
Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!»,
деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық ат суарып, аунап-қунап кетейік», — деген екен.
Шымкент пен Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар, малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар, баста береке болмайтұғын, базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес», — деген екен.
Ереймен тауды көргенде: «Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса, жылқы тұрмас, жылқы тұрса, ішіндегі құлын тұрмас, ораздының жайлауы, жиырлының қыстауы екен, екі жағындағы ел бай болар да, қақ ортасын қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бірімен-бірі төбелесетұғын кісі сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен», — дейді.
Алатауға келгенде:
депті.
Түні суық, күні ыстық, жер даласы, Ананың емшегіндей сай саласы. Төрт елі топырақ асты алтын екен, Ішпей-жемей тоятын айналасы, — Қарқаралыға келгенде:
Қалқан еткен ел көрер пайдаңды бай, Ешқайда сені тастап бара алмас ем. Сені бірақ алады – кəпірлер жау, — деген екен.
Кент бұқтыға келгенде:
Мынау тұрған қарағай, тау Кенті екен, Еліне жегізетін май, женті екен. Қазанға салған желі тоқпақ, Түп-түгел шаруаның кенті екен, — дейді. Абыралы-Жалаулыға келгенде:
Мынау ма Абыралы-Жалаулы тау, Сарқиыс, Сарыағаштай қалаулы тау, Жерінің мың жусаны асыл екен, Бір түбі бір тоқтыға балаулы тау, — депті. Айыртауды көргенде: «Мына тастың бітісі жаман екен, адамы көп жасамас, бұл жердің халқы һəм байымас», — депті дейді.
Сыба деген өзенді көріп: «Мына өзеннің баясы аз екен. Мына жерде жүрген халықтың жақсы адамы үзілмес», — дейді.
Қалба тауына шығып: «Мына жер ат шалдырып аттанатұғын жер екен, баясы аз, көп халық симас», — депті.
Тарбағатай тауына шығып екі жағын аралап көріп: «Мына жерге қонып-түстеніп жатар жер екен. Бірақ біздің халық ие болмас. Есіл жердің екі жағы шулап тұрған мал екен. Оңтүстік жағын қытай алар, солтүстік жағын орыс алар», — депті.
Сауран қаласын көргенде: «Əттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып жатқан нуы жоқ, түбі тұрақты қала бола алмас», — деген екен.
Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», — депті.
Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының бұтағы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», — депті.
Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», — деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!», — деп жүріп кетіпті.
Тоңлық өзеніне келгенде:
Он екі тұтам қазылық ой Тоңлық, Жағасы маңырап жатқан қой төңірек. Құлағы тұтам қарыс шығып тұрған, Ені тар өзен аққан бой Тоңлық, —деген екен.
Ақмешіт (Қызылорда) жерін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!», — депті.
Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан тұз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басына байлық қонар, жұртың ашықпас!» — деп жүріп кетіпті.
Қордай тауын көргенде: «Он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты екен, əттең, аттың сауырына сыймайды-ау, бөктеріп кетер едім», — депті.
Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
Нарын-Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» — депті.
Əулиеатаның «қазіргі Талас қаласы) шығысынан аққан — Талас, батысынан аққан – Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» — деген екен.