ДАсан қайғы жырау елге ұйтқы, ақылгөй атанған, дуалы ауызды дала философы


Қазан хандығы құрылғанда Асан жыраудың жаңа Орданың ұраншы-абызы болуы



бет2/8
Дата03.12.2023
өлшемі178,41 Kb.
#133112
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Асан қайғы жырау

Қазан хандығы құрылғанда Асан жыраудың жаңа Орданың ұраншы-абызы болуы
Дешті-Қыпшаққа қайта оралған Асан би 1450 жылдан бастап, Əбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де ол көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пəлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Керей, Жəнібек сұлтандар бастаған рулардың Əбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асан қайғы болады. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жырау жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.
Асан қайғының Қазақ хандығы құрылған тұста жасы ұлғайған ақылман, абыз дəрежесіне жеткені мəлім. Ол Алтын Орданың ыдырауын, сондай-ақ Солтүстік Кавказға, Азауға (Азовқа), Қырымға дейінгі өлкелерді қамтыған Ноғайлы империясының да əлсіреп, «он сан ноғай бүлініп, ел айырыла», тоз-тоз бола бастауын қайғыра бастан кешті. Олардың орнында пайда болған хандықтар арасындағы бір-бірін əлсіреткен бітіспен соғыстар күшейіп келе жатқан орыс патшасының Солтүстік Кавказ бен Қазанды, Сібірді жаулап алу құлқын ұлғайтқанын көрді. Сарайда, Қазанда Ұлық-Мұхаммедтің пəрменді билерінің бірі бола жүріп, Қыпшақ жұрттарының біртұтастығын сақтап қалуға күш салды. 
Кемеңгер жырау ұлы Даланың негізгі аймағын, яғни орта ғасырлардағы Қазақ Даласы аумағын қолда ұстап қалудың бірден-бір жолы Керей мен Жəнібек хандар қуатымен жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын нығайтып, өрісін кеңейту екенін түсіне білді. Сондықтан да ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынды. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, əділет тұрғысынан шеше білді. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасады.
Асан қайғының Жəнібек ханға арналған көлемді толғауы
Белгілі ғалым Ə. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде (1991 ж. жарыққа шыққан) Асан қайғы туралы тұжырымды қуаттайтын көптеген дерек келтіреді. Біріншіден,
«Асан қайғы өмір сүрген уақыт XV ғасыр болса керек» деген болжам айтады. Екіншіден, «əйгілі жырау, көшпелі елдің философы, халықтың мұңын білдіруші» жəне де Хафиз Таныштың жазбаларына сүйене отырып, Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп бағалайды. Бұл кітаптың тағы бір құнды тұсы, оның «Асан қайғы творчествосының негізгі идеясы — Қазақ хандығы тайпаларының бірлігі!» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткендігі. Осыған қарағанда, Асан қайғы бабамыз Алтын Орда кезіндегі Жəнібек хан емес (1342–1357) одан берірек Қазақ хандығын құрған Жəнібектің маңында болғаны байқалады. Шынында да, қазіргі біздің тарихи шығармаларымызда «Асан қайғы Сəбитұлы 1370 жылы туылып, 1466 жылы қайтыс болды. Қазақ хандығының негізін қалаған Жəнібек ханның замандасы əрі кеңесшісі болды» деген пікір қалыптасқан [11; 57].
«Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық» деректері [9; 262–263] бойынша, Жəнібек хан (Əбу Сайд) XV ғ. басы — 1470 жж. арасында өмір сүрген. Ол — Шыңғыс ханнан тараған Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы. 1457–1458 жж. немере туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған. Керей ханнан соң 1465–1470 жж. арасында қазақтың екінші ханы болады. Жəнібек ханның тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Жəнібек ханның артында тоғыз ұл қалып, оның ұрпағы ХІХ ғ. дейін Қазақ хандығын билеп келді.
Жəнібек қазақ əдебиетінде едəуір орын алған хан. Жəнібек туралы ауыз əдебиетінде Жиренше мен Қарашашқа, Асан қайғыға байланысты аңыздарда жиі ауызға алынады. Ол туралы ақын- жыраулар поэзиясында, əсіресе Асан қайғы шығармашылығында айтылады. Жəнібек хан бейнесі жазба əдебиетте белгілі орын алған. Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында ол басты кейіпкер ретінде жан-жақты бейнеленген [12; 193].
Жəнібек ханның тұсында (1465–1470) Асан əбден қартайып, тоқсаннан асса да, жырау туралы деректер мен халық əңгімелерінің бəрінде оны осы Жəнібек құрған жас хандықтық мұңын мұңдап, сол хандыққа қараған қазақ елінің жоғын жоқтаған жырау ретінде көрсетіледі.
Асанның «Жəнібекке айтқаны» деп аталатын 33 жолдан тұратын толғауы Əлкей Марғұлан материалдарынан алынып, «Ертедегі əдебиет нұсқалары» атты 1967 жылы жарық көрген жинаққа енгізілген. Кейін 1989 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» жинағының бірінші томына бұл толғаудың он бір жолы қысқартылып, жаңадан он алты жол қосылып, барлығы 39 жол болып, бұрынғы атауы алынып тасталғандықтан, шартты түрде «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің...» деген алғашқы жолының атауымен жаңа нұсқасы енгізілді [10; 26, 27].
Толғаудың бізге жеткенше жинаушылар қолында, əр басылымдарда шашылған бөліктері соңғы нұсқасында бас-аяғы жинақталып, композициялық құрылысы жағынан əрқайсысы ханға деген ренішті, белгілі бір ойды білдіретін, «мұны (оны) неге білмейсің?!» деген рефренмен аяқталатын жеті тирададан жəне жыр соңындағы қорытынды бөліктен тұратын, біршама қалыпқа түскен сыңайы баp [12; 194].
Асан қайғының Жəнібек ханға айтқан реніш, өкпе-наздарын рет-ретімен басынан бастап қарастыратын болсақ, мына жағдайларды аңғарамыз.
Біріншіден, алғашқы тирадада көрсетілгендей, айнала аңдыған жауы, «Шабылып жатқан халқы...» тұрғанда оларды көздеп көрмей, сауық-сайранға салынып, «қымыз ішіп қызаруы» сияқты бейқам жүріске барып, уақытын бос өткізуі, əрине, елбасының үлкен кемшілігі:
Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. 
Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?!
Оның үстіне, халық əр басқан қадамын аңдып отырған басшыға «Мастанып, қызып терлеп, елеуреп сөйлеу» əдептен озған жарастықсыз іс.
Екінші тирадада Жəнібек ханның қорған, қала салуға байланысты жыраудың айтқаны келтіріледі:
Қорған салдың бейнет қып, Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
...Оны неге білмейсің?!
Жəнібектің орыс шеберлерін алдырып, кəуірге қала салдырғаны қарт жырауға ұнамайды.
«Қорған салған бейнетің» бос əурешілік болды, — деп, ханды бұндай іске бармауға шақырады.
Үшінші тирадада текті сақтау, төре тұқымынан шыққан хан-сұлтандардың қара халықтан шыққан əйелге үйленбеу тəртібі сөз болады:
Қатын алдың қарадан, Айрылдың хандық жорадан, Ел ұстайтын ұл таппас, Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің?!
Асанның пікірінше, Жəнібек ханның «Қарадан қатын алуы» ата-бабадан келе жатқан «Айрылып хандық жорадан» салтты бұзуы. Бұдан барып ғасырлар бойы сақталып келе жатқан генетикалық тек бұзылады, оның салдарынан мемлекеттік іске зияны келуі мүмкін. Себебі ондай əйел: «Ел ұстайтын ұл таппас», одан туған ұл қажырсыз, əлсіз жəне тағы басқа кемшіліктері болып, «Айрылар ата мұрадан!» — ең үлкен қауіп осы.
Төртінші тирада сол кездің өлшеміне, дəстүріне келмейтін ханның тағы бір ерекше ісінен хабар береді. Аң аулайтын құстардың ішіндегі нашары, жыраудың айтуынша, «Құладын құстың құлы еді». Оның белгісі «Тышқан жеп жүнін түледі». Осы құладынға хан анау-мынау емес «құстың төресі» аққуды алдырады. Ал бұл дегеніңіз, жаман ырым, себебі аққудың киесі бар, яғни «Құладын аққуды өлтірсе» оның киесі жібермейді. «Өз басыңа келеді!» — деп, болжайды:
Құладың құстың құлы еді, Тышқан жеп жүнін түледі, — Аққу – құстың төресі
Ен жайлап көлді жүр еді. Аңдып жүрген көп дұспан Елге жау боп келеді.
Құладын аққуды өлтірсе —
Өз басыңа келеді! Құлың көп сені өлтірер, Осыны Асан біледі, Мұны неге білмейсің?!
Бесінші тирадасында ұлы баба: «Желмая мініп, жар шалсам», сол «Тапқан жерге ел көшір», — деп, Жəнібек ханнан қатаң талап етеді:
...Тіл алсаң іздеп қоныс көр Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің?!
Алтыншы тирадада сол көші-қон мəселесін əрі қарай сабақтай түсіп, Асан жырау айтқаныма құлақ аспай «Бұл арадан көшпесең» — деп, қатқылдана сөйлеп, келе жатқан «Кəуір алар қалаңды, Шулатар қатын-балаңды» сияқты күтіп тұрған қатерлерді атайды. Осының бəрін əулие абыз «түсінде көрген екен» [12; 196].
Екі азулы империяның аралығында жатқан ұлы Даланың келешекте жаулап алынатынын ойшыл ақын-жыраулар тым ерте-ақ сезінді. Бұл қатерлі қауіпті ерте сезініп, сескене қараған Асан қайғы: 
Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер. Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер? — деп, түбінде Ресей империясы тарапынан отарланатындығымызға XV ғасырда-ақ болжау айтқан еді. Немесе екі империя тарапынан қауіпті ескермей қамсыз жатқан Жəнібек ханға қайырыла тіл қатқанда:
Арасында қытай, орыстың Қорған сап тыныш жатырсың. Ертісті өрлеп орыс жүр, Тіл алсаң іздеп қоныс көр, —
деп, қатерлі қауіптің қай тұстан соғарын да дəл болжап, алдын ала сезген көреген жырау танымына бас иіп, таң қалмасақ, мынауың теріс еді деп айта алмасақ керек-ті. Бірақ бір кездерде, отаршылдық саясаттың өзін ақтай сөйлеген тұста, əдебиетте Асан қайғыны кертартпа ойшыл ретінде танытуға тырысқан кездеріміз де болды [13; 185].
Жырда жетінші тираданың орны ерекше бөлек. Ол алдыңғы бір-бірімен тікелей байланысып, бірінен-бірі туындап жатқан бөліктеріндей емес, оқшаулау. Бүкіл жырдың түйіні іспеттес жұмбақталып айтылатын тирада:
...Ай, Жəнібек, ойласаң, Қилы, қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма, Мұны неге білмейсің?!
Бұл жыр жолдарында абыз жырау күн-шығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді.
Толғаудың соңында Асанның айтып-айтып келіп, шығарманың қорытындысы есебінде «Хош аман бол, Жəнібек. Енді мені көрмейсің!», — деп, ашуланып, қолды бір сілтеп, сірə, бесінші тирадасында айтқанын істеуге «Желмая мініп, жер шалуға» кетті деп жорамалдауға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет