ДАсан қайғы жырау елге ұйтқы, ақылгөй атанған, дуалы ауызды дала философы



бет1/8
Дата03.12.2023
өлшемі178,41 Kb.
#133112
түріДиплом
  1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Асан қайғы жырау


дАсан қайғы жырау — елге ұйтқы, ақылгөй атанған, дуалы ауызды дала философы
Мақалада ХV ғасырда өмір сүрген көрнекті философ-утопист, ақын, дипломат Асан қайғы бидің өмірі мен қызметі суреттелген. Көне жырау Асан қайғының есімі көптеген түркі халықтарының аңыздары мен ертегілерінде кездесетіні көрсетілген. Халық арасында оның «қайғы», яғни қайғы- қасіретті, қайғылы, сормаңдай атанғандығы, айтылған. Асан қайғы қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жəнібекті қолдағаны, олардың кеңесшісі болғандығы, өз шығармаларында халық тағдыры, хан билігінің əділ болуын қалағандығы көрсетілген. Бытыраған қазақ ру-тайпаларының бірлігі, топтасуы идеясын көтерген алғашқылардың бірі болғандығы жəне оның бұл мұңы «Жерұйық» атты шығармасында жырланғаны дəлелденген. Асан қайғының рухқа толы еңбектері, ауызша əдеби шығармашылығы халықтың мұңы мен сенімдерін білдіретін бірден бір құралы болғандығы туралы қорытынды жасалған. 
Кіріспе

Кейінгі ұрпақ əулие танып, аты аңызға айналған, Шоқан Уəлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғы ХҮ ғасырда өмір сүрген. Өз заманының үлкен ойшылы болған.
Асан қайғы (Хасан Сəбитұлы) 1361–1370 жж. шамасында Еділ бойында туса керек. Қазақтың данышпан ақылгөй ақын-жырауы, өз дəуірінің бас биі Асан қайғы — Шыңғыс хан тұсында жасаған Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Майқы Алтын Орданың қырағы данышпан адамы болған. Бірнеше хандарды қолынан өткізген.
Қазақстан Ғылым академиясының Қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда мынаны аңғарамыз [1; 242]: Асанның əкесі — саятшы Сəбит, шешесі — Салиха, ал оның əйелінің аты Күлжазира-сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді. Асанның енді бір баласы Жетім Жаңалы атаныпты. Ол əз-Жəнібекпен бірге қалмақ хақында бірнеше жыл кепілдікте жүрген. Оның жетім атануы, асылы, ол Асанға өкіл бала боп кеткен аға, інілерінің баласы болса керек.
Асан жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен, болжап толғанумен боп, шерменде бола беріпті. Осыдан жұрт оны, «қайғы» деген лақап есім қосып, Асан қайғы деп атап кеткен.
Асанның (Хасанның) əкесі Сəбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Шежіре- аңыздардың айтуынша, ол ұзақ жасаған. Он сегіз мың ғаламның: құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел, əулие, атақты саясатшы болса керек. Ал баласы Асанды ес білгеннен осы қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тəрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да өз тұсындағы хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосады. Ой, пікір жарыстырып, тайталасып ер жетеді. Сол бозбала кезінен-ақ ақындық, жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, əдет-ғұрып мəселесін шешерде оның ақылдығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді.
Бұл жерде ерекше айта кететін жай, Асан қайғының нақты қай жылы, қай жерде өлгені əлі белгісіз. Бір мəліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді [2; 10]. Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асан қайғы Сарыарқада дүние салып, оған Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Ш. Уəлихановтың жазуында Асан Ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған [3; 138].
Профессор Х. Сүйіншəлиев: «Қазіргі Ақтөбе облысының жерінде «Асан Ата» есімінде ескі бейіт бар. Оны халық Асан қайғының моласы деп қатты құрмет етеді. Бірақ ол мола анық осы Асан қайғынікі ме, əлде басқа біреудікі ме — мұның өзі əлі анықталмаған мəселе» [1; 248, 249], — деп жазады. 
Ə. Əбілқайырқызы «Дала данышпаны» деген мақаласында: «Асан қайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асан қайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан Ата кесенесі «Жеті əулие» қорымында орналасқан» [4; 8], — деген дерек ұсынады.
Бұл пікірге академик Д. Кішібеков қосылады: «Асан қайғы кесенесі Шиелі жерінде деген пікірге қайта оралсақ, өзім сол жердің тумасы болғандықтан ба, əйтеуір оған əбден қосыламын... Айтарым, Асан қайғы Шиеліге келді ме? Əрине, қазақ халқына Жерұйық іздеген əулие мұнда келмеуі мүмкін емес. Өйткені Шиелі тұрмысқа қолайлы жерлерге жатады. Қазақта жабайы шие шыққан жерді əулие жер дейді. Шиелі — жабайы шие өте көп шыққан өңір. Шиелі атауы да сол жағдайдан туындаған. Шиелінің жері өте бай болған» [5; 5].
Ақынның қанша жасағаны да мəлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді...

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ə. Сарай: «Асан қайғының туған, өлген жылдары туралы нақты дерек жоқ. Тек жүзге жетеқабыл ұзақ жасағаны күмəнсіз. Тарихи оқиғалар аясында топшылағанда, яки Жəнібек хан 1470–1474 жж. Еділ-Жайыққа ауғанда, оған кеңесші болуы, ұлы Абаттың Ноғайлыдағы тарихи уақиғаларға араласуы туралы басы ашық деректер негізінде Асан қайғы ХV ғасырды (1400–1500) бастан-аяқ жасаған сөз зергері екені анық аңдалады» [6; 5], — деп жазады.
Қазіргі таңда Асан қайғы туралы екі түрлі болжам бар. Бірі — оны аңыздардың жиынтығы ретіндегі бейне десе, екіншісі — Хасан Сəбитұлы — қазақ халқының мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ екендігі. Қазіргі ғалымдарымыз мен тарихшыларымыздың зерттеулері екінші болжамның дұрыстығына саяды. Себебі Асан қайғының қазақ жеріндегі Жерұйықты іздегенін, оның табаны тимеген жер біздің Отанымызда жоққа тəн екендігін өткен ғасырларда да ақын-жыраулар өз еңбектерінде айтып кеткен. Тіпті, Асан қайғы есімі туыстас халықтарға да (қарақалпақ, қырғыз, т.б.) кеңінен таныс [7; 121, 122].
Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас тарасты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді.
Асан қайғының Алтын Орда ханы Ұлық-Мұхаммедтің ықпалды билерінің бірі болуы
Атақты Берке хан (Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі) дүниеден қайтқан соң (1266) Алтын Орданың тағына таласқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлық- Мұхаммед (Ұлұғ-Мұхаммед) болған.
Белгілі жазушы М. Мағауин өз еңбегінде: «Қазақ «Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлгенде» деп күй тартады. Халық аңыздарында қазақ-ноғайдың айырылуын Орманбет ханның есімімен байланыстырады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:

Таудан аққан бұлақтың Аяғы тартар теңізге, Санды айдаған бай болса — Қуанбай қоймас егізге, Жақсыдан туған жаманды Жамандай берме, жараңдар,
О да бір тартпай қалмас негізге.
Бұл Орманбетті қазақ шежіресі жəне кейбір зерттеушілер кəдімгі тарихтан белгілі Ұлұғ- Мұхаммед хан деп түсінеді» [8; 25], — деген пікірді алға тартады.
Ұлық-Мұхаммед — Алтын Орда ханы (1419–1420; 1427–1438), Тұқай Темірдің сегізінші ұрпағы, атақты Тоқтамыс ханның немересі. Хан тағы үшін бір мезгілде Мұхаммед есімді екі хан күрес жүргізгендіктен, жазба деректерде олардың бірін «Ұлұғ» — Үлкен, екіншісін «Кішік» — Кіші Мұхаммед деп атаған [9; 723].
Асан қайғының ерен зор талантын ерте байқаған Ұлық-Мұхаммед оны өзіне ақылгөй бас би етіп, Сарайында ұстайды. Асан жырау сол Алтын Орда ханымен бірге ел басқаруға араласады.
Дала философы, ойшылы, ақыны, данышпаны, көріпкелі, абызы — сонау Алтын Орданың жер жүзін тітірентіп, жарты əлемді бауырына басып жатқан кезде-ақ, оның басына күн туатынын, əр түрлі ұлыс пен ұлттан құрылған алып мемлекеттің ыдырайтынын сол кезде-ақ білген сұңғыла саясатшы еді. Халық басына нəубет қайдан келетінін, отарлық кіріптарлыққа түспес үшін қандай қимыл қаракет жасау керек екенін алғаш көре білген сұңғыла көріпкел еді. Мысалы, ұлы жыраудың «Қырында киік жайлаған» атты тамаша толғауының [10; 25] мазмұнын ақтара қарап, сөз астарына ой жіберсек, өзара хандыққа таласып, қырқысып, елдің мазасын кетірген Алтын Орда хандарының əрекетіне наразылығын білдіргені көрінеді:
...Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған, Оймауыттай тоғай егіннің Ойына келген асын жейтұғын, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды, Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген, Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге, Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду,
Нəлет біздің жүріске, Еділ менен Жайықтың Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске!...
Бұл туынды елді сергелдеңге салған Алтын Орда хандарының қырықпышақ болып, өзара хандыққа таласып, ыдырау дəуірінде айтылған өлеңге ұқсайды.
Кішік-Мұхаммед Сарай қаласын басып алғандықтан, Ұлық-Мұхаммед Еділдің жоғарғы жағындағы бұлғар жеріне кетеді. Сол жақтан Қазан хандығын құрады [9; 723].
Ұлық-Мұхаммед Ордадан қуылғанда Асан қайғы өз əміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай Қазанда билік құрған Ұлық-Мұхаммедтің ақылгөйлері қатарында болған ақын, хан өлген соң Дешті- Қыпшаққа қайтып оралады. Ол Əбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет