1952 жыл.
АҒЫЛШЫН ҮҢГІРЛЕРІ
Екі көріністі интермедия
Қ а т ы с у ш ы л а р: қарт шахтер, жас инженер, шахтерлер, джентельмен.
Бірінші көрініс
Жезқазған. Ескі шахта басында.
Қарт шахтер, жас инженер және шахтерлер.
Ж а с и н ж е н е р:
(Қарт шахтерға қарап).
Аңғарындай шатқалдардың
тіпті кең,
Туннельдері шахталардың
тік, терең.
Аштық мына төбелердің
құрсағын,
Бұздық талай тұйық белдің
құрсауын.
Бүркеп еді талай ғасыр
асқарын,
Тау ғып үйдік жердің асыл
тастарын.
Бұл «жерсарай» біздің жаңа
шақтағы,
Көрейікші мына көне
шахтаны.
Қ а р т ш а х т е р:
Шырағым-ау,
ашпақпысың сол белді,
Қырық жылдай бұдан бұрын көмілген,
Не қыласың сол бір көрдей сор кенді,
Тасы біздің денемізді кемірген!
Ж а с и н ж е н е р:
Қария!
Тіпті жақсы,
ендеше!
Бұл төбеде бар екен ғой кегіңіз!
Бұл жер бұрын жатқа асылын бермесе,
Берер бізге,
қазалықшы,
келіңіз!
Қ а р т ш а х т е р:
Қазсын, балам, бұл араны басқалар...
Қазбашы сен,
өтінем!
Ж а с и н ж е н е р:
Иван Петрович!
Не бар маған жасқанар? –
Инженермін бұғанасы бекіген.
Қ а р т ш а х т е р:
Мейлің, балам,
тек ұмытпа, ескеріп,
Сақта есіңе –
көр секілді үңгірден
Шықса сұмдық,
қалып жүрме сескеніп!
Ж а с и н ж е н е р:
Жоқ, қария, ондай сырды білдірмен!
Не шығады ағылшындық үңгірден?
Қ а р т ш а х т е р:
Ал, шырағым, каза ғой,
Бұл бір зындан, сұм забой...
Жас инженер ескі шахтаға взрыв қояды. Қалың, тарғыл тастар басқан көне төбе гүрс етіп жарылып, тас құйын аспанға ұшады. Бір топ жас шахтерлер келіп, перфератормен, бұрғымен көне шахтаны қақырата бастайды.
Ж а с ш а х т е р л е р ө л е ң і
Ей қатты бас, бұрғыны!
Сілкінсін бір жер астынын асқары.
Жерімізге сәуле беріп нұры,
Жарқылдасып жердің асыл тастары!
Лақтырамыз аулаққа, –
Қопарамыз жердін көне зілдерін.
Шыңырауға сүңгиміз біз,
алмаққа,
Әкелердің жерге кеткен зіл кегін!
Ей, қатты бас бұрғыны!
Взрыв қой жағалай!
Алдымызға алтын үйіп бұл күні,
Жер астында жарқылдасын нажағай!
(Шахта үңгірлері тереңдей түседі.)
Ж а с и н ж е н е р:
Бас, бұрынғы достарым,
Жер асылы толқын болып ағылсын!
Біз аламыз жердің гауһар тастарын, –
Қолы батпай қалтыраған ағылшын...
(Тас астынан шыққан адам сүйектерін кенет көре қалып).
Бұлар кімнің қу сүйегі?
Кімдер бұлар тастар басқан?
Көріп жаным түршігеді,
Қайдан шықты бастар тастан?
Айтшы, қария, білесің бе,
Бұл үңгірге кім көмілген?
Әлде апаттың елесі ме –
Сыры басқа мұның мүлдем?
Қ а р т ш а х т е р:
Я, шырағым, сыры белек, –
Бұл сұмдығы ағылшынның...
Ж а с и н ж е н е р:
Мейлі, бізге білу керек,
Айтшы, қария, ауыр сырын.
Қ а р т ш а х т е р:
(Ауыр ойға батып)
Айтсам ауыр күрсінемін,
Бұл үңгірдің мұңы терең.
Сөнбей сенің жүрсін кегің,
Қайғырсаң да айтып берем.
Білесің ғой сол бір күнде,
Болды бізге шахта бір көр.
Ағылшынның үңгірінде,
Әрең жылжып өтті күндер.
Жоқтық айдап жанымызды,
Түстік терең шыңырауына.
Орыс, қазақ – бәрімізді,
Алды жат сұм шырмауына.
Әкең бізбен бірге болға,
Аянышпен түседі еске.
Бөбек едің, жаңа толған
Онда сенің жасың беске.
Қол-аяғы бұғаулыдай,
Үңгірінде өрмеледік.
Ауыр бейнет бір арылмай,
Зәбір-запа көрген едік.
Тостық құлақ тек бір үнге,
Дауылдаған Россиядан.
Жетті шахта түкпіріне,
Дауыл – революциядан.
Естідік те ереуілдеп,
Ағылшынмен ерегестік,
Біреу қостап, біреу үндеп,
Буырқандық, үдеп өштік.
Жылжымады забой әрі
Тек ызамен дүбірледік.
Біздікі деп мұның бәрі,
Шахтамызды бүлдірмедік.
Шықсақ бір күн,
бір топ адам
Күш алуға ауыл жақтан, –
Оқтар шықты дүркін, дүркін,
Көрінді әскер дауылдатқан.
Қырға келген қалың күшпен,
Азаттықтың бұл әскері.
Жайнай қалды қуанышпен
Жезқазғанның белестері...
Ж а с и н ж е н е р:
Ал, ағылшын ше?
Қ а р т ш а х т е р:
Ол сұмырай асып-сасып,
Кетіпті біз келгенше, шапшаң қашып.
Ж а с и н ж е н е р:
Ендеше, бұл шахтаны кім құлатты,
Адамды қалған қалай тастар басып?
Қ а р т ш а х т е р:
(Қабағын түйіп, қатуланып)
Болды бір инженері, сөзі жылман,
Өзі күлмей, көлгірсіп көзі күлген.
Ал түсі, секілді бір сұп-сұр жылан,
Сөйлесе қан көрінген езуінен.
Біздерді алдап талай шелдеп еді,
Антұрған ағылшынның сүмелегі.
Алдаумен бір топ кәрі кеншілерді,
Забойға кетер күні жібереді.
Ж а с и н ж е н е р:
Содан соң?..
Қ а р т ш а х т е р:
Шахта дереу жарылады. –
Түтейді динамиттің жалындары...
(Басын шайқап, мұңайып)
Кеншілер көр үңгірге қамалыпты,
Джентельмен жылдам зытып, жоғалыпты.
Ж а с и н ж е н е р:
Инженер неткен сұм еді!
Ах, капитал түлегі!
Кеншілерді...
Кетті көміп осы көрге тірідей.
Қ а р т ш а х т е р:
Кеншілерді тірі көміп кетті сұм,
Өзі жылдам жөнеліпті шет елге.
Балам,сен де, сол бір сұмға кектісің,
Қаза тапты содан сенің әкең де...
Ж а с и н ж е н е р:
(Мұңайып, қолында тас арасынан табылған бас сүйекті алып).
Қайран әкем!
Қайғымен өткен өмірден,
Жебір сұмға жалданып,
Денесін тас кемірген.
Жат ісіне алданып,
Тас үңгірге көмілген.
Кездессе, шіркін, маған бір,
Жұлысар ем –
Сол джентельмен жебірмен!
Ш а х т е р л а р:
Жолықса егер сүмелек,
Жұлқысар ек, жүндер ек!
Ж а с и н ж е н е р:
Я, ол жебірлер жерінде,
Қажетсіз бізге көруге.
Енді оларға шығу жоқ,
Біздің құмның өріне!
Ұстатпайды, енді ыстық
Біздің дала тастары.
Жатқа – жалын жеріміз,
Бастырмайды басқаны.
Жүріп кетіп, взрыв білтелерін созады, Шахтерларға команда беріп)
Әкелердің қабыры –
Жаңғырықсын бұл үңгір.
Үдесін тас дауыл,
Жер астында бүгін бір.
Дүбірінен дүрліксін,
Қашқан сонау жебірлер, –
Достарым? тас үңгірге,
От беріңдер, келіңдер!
Жас шахтерлер взрыв білтелеріне от береді. Күркіреген взрывтар естіледі.
Ж а с ш а х т е р л е р ө л е ң і
Ей, қатты бас бұрғыны!
Сілкінсін бір жер астының асқары.
Жерімізге сәуле беріп, нұры
Жарқылдасын жердің асыл тастары!
Лақтырамыз аулаққа,
Қопарамыз жердің көне зілдерін.
Шыңырауға сүңгиміз біз – алмаққа,
Әкелердің жерге кеткен зіл кегін!
Достарыңызбен бөлісу: |