1937
АЛЕКСАНДР НЕВСКИЙ
Есіңде ме, өткен сонау
Сатырлаған мұз майданы,
Батырсыған атаңа анау,
Кім түйреді көк найзаны?
Мұзды құшып кім бас ұрды?
Аяққа оны кім таптады?
Ұмыттын ба сол ғасырды
Өңшең сұмның ұрпақтары?!
Немістердің төбеттері,
Сені бізге кім айдады?
Арсылдаған көріп сені,
Тағы ашулы кек қайнады!
Еске түсті мұз майданы,
Еске түсті өткен даңқ:
Батыр орыс көк найзалы,
Жауға аттанды қаһарланып.
Қаһарланды жау ойнағы,
Намысына тегіс тиді.
Келді ызамыз қай-қайдағы,
Шақырамыз Невскийді.
Сонда тағы шыққан екен,
Күн батыстан бір құбыжық.
Есер тевтон серісінген,
Төбет иттей түрі бұзық.
Европадан арсылдаған,
Күнгейіне, шығысына.
Сыйсын деген барлық жаһан,
Немістердің уысына.
Соны ойлаған сонда тағы,
Немістердің әумесері
Аз ғана елді маңындағы
Шаба берді өңшең сері.
Қанды көзі түсті бір кез,
Шығыс жаққа күні күлген.
Асланы бар алтын күмбез,
Аясына нұр төгілген.
«Бұл неткен жер ұлан байтақ,
Көк орманды, қонысы кең?
Бағынғанда айнала аймақ,
Бағынбайтын орыс па екен?!»
Әулекі аспақ, өңшең сері,
Бері қарай шықты айқайлап.
Іздегені, көңілдегі –
Ресей жері, ұлан байтақ.
Дейді: Сонау орыс елін,
Қиратамыз, құл қыламыз,
Өлтіреміз жігіттерін,
Әйелдерін тұл қыламыз...
Сұмдық оймен бері қарай,
Топырлады қара албасты.
Алаңы жоқ, жатқанды жай,
Кескіледі, қанын шашты.
Келе жатты қырып жалмап,
Қақтыққанды, жолдағыны,
Сансыз елді тас-талқандап,
Шауып алды, олжа қылды.
Айбалтасын қолына ұстап,
Көк орманын кезді мұжық.
Келе жатса аңды қуып,
Жауды көрді бір құбыжық.
Есер дұшпан сөз орнына,
Жаудырды оқты, шатырлатты,
Орманды да, адамды да,
Тас-талқан ғып шауып жатты.
Ашуланды қалың мұжық,
Жібермеуге жауға кекті.
Бірақ дұшпан өңшең бұзық,
Қара құрттай қаптап кетті.
Қаптап кетті қарақшылар,
Ойда жоқта салды бүлік.
Тыңдамады айтқан сөзді,
Өршеленді жау дүрлігіп.
Орманына өрт жіберді,
Гүлдеріне тастап отты,
Суы кеусер өзендерді,
Қан аяқтар ластап өтті.
Ұйықтап жатқан ұрды әйелді,
Бауыздады жас баланы.
Елірген жау есерленді,
Зұлымдықпен басқа тағы.
Соны көріп қалың мұжық,
Көтерілді, айқай салды.
Айқай салды, түсі суып,
Көк найзасын қолына алды.
«Аттаныңдар, туысқандар,
Туды қайнап орыс кегі.
Қайтарайық өшімізді
Мынау бұзық немістегі!
Кімнен сірә жеңілгендей,
Орыс ұлы, ардың – ері.
Кімге сірә берілгендей
Орыс жері, туған елі!»
Туған жерге жау қаһары,
Жай отындай шатырлады.
Аттаныңдар қамал бұзған,
Орыстың өр батырлары!»
Тасырлаған жау ойнағы,
Намысына тегіс тиді.
Келді ызасы қай-қайдағы,
Шақырды ер Невскийді.
Батыр еді аруақты,
Қорғап өскен ата кегін.
Мәңгі сүйген туған жақты
Орыс рухың, орыс жерін.
Айналадан айбыны асқан
Айбаты зор арыстаны.
Көтеретін, орыс даңқын,
Оның жаумен алысқаны.
Батырлығын жыр ғып айтқан
Күркіреген Нева өзені.
Жолы бар ма жаудан қайтадн,
Сырты дауыл, өрт өзегі.
Оның аты – қаһар еді,
Жауды жақын жолатпаған.
Сілкіндірген жарты әлемді –
Бати да оған оқ атпаған!
Орыс жері асқан ана –
Бұл секілді тапқан ұлды.
Жау десе ол, жасқана ма?
Қаһарланып атқа мінді.
Қаһарланып қарсы аттанды,
Қалың елдің арыстаны.
Кеудесінде кек тұтанды,
Қайнап кетті орыс қаны.
– Қасиетті орыс жерін, –
Таптаған бұл жау қайдағы?
Білмей ме екен орыс ұлын,
Қаһары бар көк найзалы?
Ашуы өршіп дауылдаған,
Айқай салды Александр.
Деді-дағы Отаныма,
Қандай бұзық әлек сап жүр?!
Ер Невский атой салды,
Қатуланып дабыл қақты.
Ресей жерін кернеп ашу,
Қалың орыс қаптай шапты.
Қалың орыс қаптай шапты,
Қолда мылтық, найзалары.
Айбалтасы, көк сүңгісі,
Ат үстінде қайралады.
Өңшең батыр – көкжал бөрі.
Темір қалқан көк сауытты.
Қатуланған ер Невский.
Қабағынан қар жауыпты.
Аш арыстан секілді ол,
Қызыл оттай көзі жайнап.
Көрді жауды самсаған қол,
Соған қарай шапты айқайлап.
Қасарысқан қас батырға,
Қарсы шапты жау топтары.
Қылыш, найза жарқылдады,
Қарша борап қанды оқтары.
Алабұртып шуылдады,
Менменсіген өңшең сері.
Деді: – Келдің құрығалы,
Мұжық-орыс, келші бері.
Қырмақ болды орыстарды,
Құртпақ болды оңай ғана.
Бүйірінен кеп қысқалы
Шапты неміс шырайнала.
Соны көріп Невскийдің
Ашу келді қабағына.
«Керек екен өткір найза,
Мынау неміс қабанына!»
Қабандарды жайратуға,
Аттан салып ақырады.
Невадағы әруағын
Батыр қайта шақырады.
Басталды ұрыс, қызды соғыс,
Екі жағы араласты.
Көк найзалы батыр орыс,
Қаһарына жаңа басты.
Оқ пен түтін бұрқыраған,
Тұман болды төңірегі.
Астында мұз сатырлаған,
Майдан жері – Чудтың көлі.
Айқайлады Александр,
Шақырды ескі әруағын.
Білсін деді Чудтың көлі,
Білген Нева жау қырғанын.
Буырқанды, қатуланды,
Серпей берді көк найзаны.
«Соқ неміске, соқ бауырлар!
Болсын қызу мұз майданы!»
Қалың орыс қатуланды,
Жарқылдады айбалталар.
Жалаңдатты көк қанжарды,
Күн туды деп сермеп қалар.
Ер Невский отша ойнаған,
Қасында өншең батырлары.
Ұрысына шыдай алмай,
Чудтың көлі шатырлады.
Ер Невский қарсы шапты,
Жалғыз өзі мың кісіге.
Қамалаған қалың неміс,
Түйрелді көк сүңгісіне.
Қан саулаған көк найзасы,
Шықты майдан аспанына,
Топырлатып талай басты,
Допша атып тастады да!
Қара құрттай қалың неміс,
Үсті-үстіне үймеледі.
Батыр орыс көк найзасын,
Кеудесіне түйреледі.
Ер Невский талайымен
Жалғыз өзі айқасады.
Ат үстінен алысады,
Найзаласып, шайқасады.
Бұрқыраған оқ пенен қар,
Шатырлаған мұзды майдан.
Чудтың көлі зіл-зәлә боп,
Ойран-топыр қызды майдан.
Найзаласқан батырлардың
Қан-қан болды қалқандары.
Ер Невский қалқан түгіл,
Мұзды-дағы талқандады.
Ашуы аяз, қарлы боран,
Найза ұшымен шықты айбыны.
Қаһарынан қалтырады,
Астындағы мұз айрылды.
Көкше жартас сеңдер атып,
Мұз жарылып, ор қазылды.
Ақты қызыл қан толқыны,
Көл үстінен көр қазылды.
Ер Невский айқайлады,
«Көр қазылды көл үстінен,
Туысқандар, соқ найзаны,
Мүзбен көмем немісті мен!
Мынау тевтон төбеттерін,
Су түбіне батырамын,
Қимылдаңдар, бауырларым,
Соқ найзаны, батырларым!»
Қақты кектің дағырасын,
Батыр орыс балалары.
Атой салды жау тобына,
Жан-жағынан қамалады.
Соғылғанда күшті найза,
Топырлаған мұздар ұшты.
Талай неміс қансыраған,
Судың түбін барып құшты.
Мұздай қаптап неміс толып,
Ойран-топыр судың асты.
Неміс қаны қап-қара боп,
Көк толқынмен араласты.
Дұшпан басы допша атылған,
Өтті жарып мұзды көлді.
Жауын қамап су астынан
Ер Невский мұзбен көмді!..
Немістерді сонда көмген,
Су түбіне, шыңырауға.
Ер Невский өткен екен,
Орыс жерін бермей жауға.
Ереуілді от күндері,
Содан бері өткен талай.
Батыр орыс балалары,
Найза сұқкан жауға аямай.
Орыс жерін дүбірлеткен,
Өткен талай батырлары.
Жауға айбаты аспанда ойнап
Нажағайдай шатырлады.
Сонау заман, содан бері,
Дүние тоқсан төңкерілген.
Даңқын сақтап орыс жері,
Дүниеге кең керілген.
Алтын қамал аясында
Жаңа туған күні күлген.
Сансыз батыр ұрпағы өскен,
Сескенеді енді кімнен?
Бойында әлі өткен даңқы,
Есінде әлі сонау батыр, –
Тағы фашист төбеттері,
Қайда қаптап келе жатыр?
Есінде ме өткен сонау,
Шатырлаған мұз майданы?
Атасына салған ойран,
Батыр орыс көк найзаны.
Соны көріп келді ызасы,
Лапылдады дауыл кегі.
Тағы айқасты неміспенен,
Орыс ұлы, жауынгері.
Бастады орыс, тұрды қатар
Сапқа батыр бауырлары.
Ер грузин, кекшіл татар
Қайсар қазақ ауылдағы.
Ту көтерген ер большевик,
Сұстанды да сансыз халық
Күркіреді көктен бомбы,
Дүрілдеді жерде танк.
Міне айқасты екі дүние,
Ұлы дүбір қызды майдан.
Арпалыскан дұшпанына,
Батыр орыс салған ойран.
Данқты елдің батырлары,
Қағысқанның құртпақ бәрін.
Біз жеңеміз, біз құртамыз,
Өңшең сұмның ұрпақтарын!
Достарыңызбен бөлісу: |