Сыртқы қарсылықты жеңу немесе бұлшық ет көмегі арқылы оған қарсылық көрсетуді күш дейміз. Күш үш түрлі бұлшық ет жұмысы тәртібінде пайда болады:
1. Жеңу тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет жиырылады, қысқарады. Мысалы, белтемірде тартылу.
2. Көну тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет созылады, ұзарады. Мысалы, белтемірден төмен түсу, салбырау.
3. Қозғалмайтын (статикалық) тәртіп. Бұл кезде бұлшық ет ұзындығы өзгермейді. Мысалы, белтемірде асылып тұрып, екі аяқты кеудеге бұрыш жасай көтеріп, бірнеше ондаған секөнд ұстап тұру.
Күштің пайда болу түрлері:
Жеке күш мүмкіншілігі статикалық кезде (дене қалыбын ұстау) және ақырын қозғалыс кезінде пайда болады. Мысалы, еденнен жай қарқында итерілу, аспа темірде тартылу, шалқадан жатып кеудені көтеру жаттығуларын жасағандағы спортшының өз күш мүмкіншілігін көреміз.
Күш жылдамдығының мүмкіншілігі тез, жылдам қозғалыста пайда болады (секіру, лақтыру т.б.). Бұл жағдайда спортшы күшіне жылдамдық қосу арқылы, жаттығуды тез орындау арқылы жоғары нәтижеге жетеді. Мысалы, жеңіл атлетикадағы диск, ядро, граната, найза лақтыру, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру жаттығулары.
Адам денесі күштің пайда болу үрдісінде үлкен маңыз атқарады. Адамның қозғалыста өз дене салмағын есептемей, барлық мүмкіншілігімен көрсеткен күші абсолютті күш немесе ең жоғарғы күш деп аталады.
Әр түрлі салмақтағы адамның күшін салыстыру үшін салыстырмалы күш деген ұғым пайдаланылады. Бұл - 1кг адам салмағына келетін күш мөлшері. Спортшылардың салмағы өсуімен бірге абсолюттік күші де көбейеді, ал салыстырмалы күші азаяды. Жаттығушылар абсолюттік немесе салыстырмалы күштерді спорт түрлеріне байланысты дамытады. Мысалы, жеке сайыстағы спортшыларға (ауыр салмақ дәрежесіндегілер), лақтырушыларға (найза, граната) абсолюттік күш қажет, ал гимнасттарға, акробаттарға, палуандарға, жеңіл салмақ дәрежесінде штанга көтеретін спортшыларға салыстырмалы күш керек, ол күш неғұрлым көп болса, соғұрлым спортшылардың дене дайындығы жоғары болмақ.