7 ДӘРІС. ҚОС- ЖӘНЕ ДАРА ЖАРНАҚТЫ ШӨПТЕСІН ӨСІМДІКТЕРДІҢ САБАҚТАРЫНЫҢ АНАТОМИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН ОРТАЛЫҚ ШЕҢБЕРДІҢ (СТЕЛЬДІҢ) ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ДАМУЫ. Өсімдіктердің вегетативті органдарының құрылысы мен дамуы. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің органдары вегативтік және репродуктивтік (генеративтік) болып бөлінеді. Вегетативтік органдар өсімдіктің денесін түзеді және оның тіршілік әрекетінің негізгі қызметін атқарады. Тіптен вегетативтік жолмен көбеюінде жүзеге асырады. Оларға тамыр, сабақ және жапырақ жатады. Жапырағы және бүршігі бар сабақты өркен деп атайды. Репродуктивтік (генеративтік) органдар жыныстық жолмен көбеюді қамтамасыз етеді. Жабық тұқымды өсімдіктерде оларға гүлді және оның өнімдері болып табылатын дән мен жемісті жатқызады.
Өсімдіктердің органдарына тән кейбір жалпы заңдылықтарды атап көрсетеміз.
Симметрия. Егер өсімдіктің органы арқылы тек бір ғана көлденең симметрия жүргізуге болатын болса, онда мұндай органды моносимметриялы деп атайды (мысалы жапырақ). Ал егер өсімдіктің органы арқылы бірнеше симметрия жүргізуге болатын болса, онда мұндай органды полисимметриялы деп атайды (мысалы сабақ, тамыр).
Қарама-қарсылық (полярность). Вегетативтік органның немесе оның бөлігінің екі полюсі болады: терминальды (үстінгі) және базальды (төменгі). Терминальды бөлігінде тек сабақтар, ал базальды бөлігінде тамырлар пайда болады.
Геотропизм. Бұл өсімдіктердің органдарының кеңістікте белгілі бір бағытта өсуге қабілеттілігі. Өсімдіктің дәні топырақта қандай жағдайда жатпасын, тамыр барлық уақытта төмен қарай (дұрыс геотропизм) өседі. Өстік органдар сабақ және тамыр жердің бетіне вертикаль бағытта (ортотропты органдар) , ал жапырақ - белгілі бір бұрыш жасап орналасады (плагиатропты органдар). Үлкен өсімдік қалыпты жағдайдағы өсу бағытынан қандайда бір сыртқы күштің әсерінен ауытқығанның өзінде де, ол өзінің жас бөліктерін кеңістікте бұрынғы қалпын сақтайтындай етіп иеді. Астық тұқымдастары сабақтары жатып қалғаннан кейінде, түгелімен қайта көтерілуге қабілетті болып келеді. Өйткені олардың меристемалары сабақтың буындарында орналасады.
Метаморфозға ұшыраған (түрі өзгерген) органдар. Бұл мынадай органдар, өскен ортасының әсеріне байланысты, немесе белгілі бір қызмет атқаруына байланысты тұрақты түрде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, қалыптасқан бір функцияның артуы. Әдетте ол формалардың күрт өзгеруімен және кейбір функцияларының жоғалуымен жалғасады. Метаморфозға ұшыраған органдар, бейімдеушіліктің эволюциясының реальды түрде жүзеге асуының бірден бір көрінісі болып табылады. Оларды аналогиялық және гомологиялық деп бөледі. Аналогиялық деп құрылысы жағынан ұқсас және атқаратын қызметтері бірдей, бірақ шығу тегі әртүрлі болып келетін органдарды айтады. Мысалы, бөріқарақаттың (барбарис) тікендері жапырақтан, ал долананың (боярышник) тікендері бұтақтан пайда болған, сол секілді ас бұршағының мұртшасы жапырақтан, ал жүзімнің мұртшасы сабақтан жетіледі. Гомологиялық деп, шығу тегі бір органдарды айтады. Олар құрылысы жағынанда ұқсас болуы мүмкін, мысалы раушанның (шиповник, роза) және қарлығанның (крыжовник) тікенектері (екеуі де сабақтың сыртқы ұлпаларының өсінділері). Алайда көп жағдайда олар ұқсас бола бермейді, мысалы пияздың баданасы және картоптың түйнегі (екеуіде сабақтан пайда болады).
Вегетативтік органдар Негізгі вегетативтік органдардың бастамасы дәннің ұрығында болады. Қолайлы жағдай туысымен, яғни қажетті температура, ылғал және ауа жеткілікті болған кездерде тұқым бойына су тартып, ісініп өне бастайды. Алдымен тамыр өседі, ол спермодерманы жарып шығып, топыраққа өнеді. Нәтижесінде жас өскін топыраққа бекиді де, одан сумен онда еріген минералды тұздарды бойына сіңіреді. Тамырдың ізінше өркен өсе бастайды. Алғашында ол иілген болып келеді және өзінің бұрылыстарымен топырақты екі жаққа ығыстырып отырады, содан соң барып біртіндеп түзуленіп жердің бетіне тұқым жарнақтары мен бүршікті көтеріп шығады. Тұқым жарнақтары көк түске боялып және біраз уақыттар бойы жапырақтың қызметін атқарады. Бүршік жоғары қарай тік өсуін жалғастыра отырып, сабақты және алғашқы жапырақты береді. Алғашқы жапырақтың формасы толық қалыптасқан өсімдіктің жапырағынан басқаша болады (жас жапырақтар). Тамыр мен тұқым жарнағының шекарасын тамырдың мойны деп атайды.
Тамырдың мойнымен тұқым жарнақтарының арасындағы сабақтың бөлігін гипокотиль (тұқым жарнағы асты аяқша) деп атайды. Ал тұқым жарнақтары мен алғашқы нағыз жапырақтың арасын эпикотиль (тұқым жарнағы үсті аяқша) деп аталады.
Кейбір өсімдіктердің (мысалы емен ағашының) сабағы өскен кезде иілмейді, ал топырақты қалың қабыршақтармен қапталған бүршіктің өзі ығыстырып отырады. Барлық өсімдіктердің бірдей тұқымжарнақтары жердің бетіне көтеріліп шықпайды. Кейде гипокотильдің қысқа болатындығы сонша түгелімен жердің астында қалып отырады (ас бұршағының, емен ағашының).
Астық тұқымдастарында негізгі тамырдан басқа, сабақтың базальды жағынан бірден қосалқы тамырлары пайда болады. Өне бастаған кезде жалғыз тұқым жарнағы тұқымның ішінде қалады да, эндоспермдегі қоректік заттарды бойына сіңіреді. Топырақты ұрықтық жапырақпен (колеоптиле) қоршалған бүршік жарып шығады. Алғашқы нағыз жапырақ колеоптиленің жарықшағы арқылы сыртқа шығады.
Тамыр Тамыр өсімдіктің өстік, көп симметриялы жер асты органы. Ол ұзақ уақыттар бойы ұзындыққа шексіз өсіп отырады. Тамырдың ұшын тамыр оймақшасы қорғап тұрады. Тамыр еш уақытта жапырақ түзбейді. Оның бұтақтануы, бүршіктенуі ішкі жағынан басталады (эндогенді).
Тамыр әртүрлі қызметтер атқарады: суды және онда еріген минералды тұздарды, кейде тіптен органикалық заттарды да топырақтан өз бойына сіңіріп, сабаққа жеткізіп отырады. Өсімдікті жерге бекітіп тұрады, кейбір органикалық заттарды синтездейді, өсімдіктің топырақтағы микроорганизмдермен (саңырауқұлақтармен, бактериялармен) байланысын қамтамасыз етеді, артық қор заттарының жиналатын орны болып табылады, өсімдіктің вегетативтік жолмен көбеюін қамтамасыз етеді.