Пиязшық түйнек (клубнелуковица). Сырт қарағанда ол пиязшыққа ұқсас, бірақ оның жапырақ қабыршақтарының барлығы құрғақ болады, ал артық қор заттары сабақтың төменгі бөлігінде жиналады (бәйшешек- шафран, гладиолус. Сонымен пиязшық түйнекті, пиязшыққа емес жапырағы бар түйнекке жатқызған жөн. Пиязшық түйнектің өсінде, әдетте буындары мен буынаралықтары және қолтықтық бүршіктері айқын байқалады.
Тікенектер (колючки). Тікенектердің шығу тегі әртүрлі: олар өркеннен (жабайы алмада, жабайы алмұртта, тікенді қараөрікте- терн, доланада- боярышник, гледичия, цитрус тектестер), жапырақтан (бөріқарақат- барбарис) немесе оның бөліктерінен: рахистен (астрагалдар), қосалқы жапырақтан (ақ акция- белая акация), жапырақ тақтасының бір бөлігінен пайда болады (астра гүлділер). Тікенектер климаты әрі ыстық, әрі құрғақ жерлерде өсетін өсімдіктерге тән.
Мұртшалар. Олар өркеннен (жүзім - виноград), жапырақтан (асқабақ тұқымдасы- тыквенные) немесе оның бөліктерінен: ортақ сағақтан (рахистен) және бірнеше жапырақшалардан (асбұршақ- горох), жапырақ тақтасынан (чина), қосалқы жапырақшалардан (сассапариль) пайда болады. Мұртшалар тірекке жабысып тұру үшін қажет.
Филлокладии. Бұл редукцияға ұшыраған жапырақтардың қолтығында орналасқан жалпақ жапырақ тәрізді өркен. Филлокладииде өз кезегінде редукцияға ұшырап, қабыршаққа айналған жапырақтар пайда болады. Олардың қолтығында гүл шоғы жетіледі. Бұл дұрыс жетіліп қалыптасқан жапырақтарда мүлдем кездеспейтін нәрсе.
Ұстағыш аппараттар. Бұл насекомдармен қоректенетін өсімдіктерге тән (росянка, шыбынұстағыш- мухоловка), олардың формасы құмыра, құты, колба немесе жабылып қалатын табақша тәрізді болып келеді. Ұстағыш аппараттар батпақтарда (тропикалық және аздап қоңыржай климатты зоналарда) өсетін өсімдіктерде жиі кездеседі және осы субстратта (топырақта) азоттың жетіспеуін, қосымша ұсақ насекомдармен қоректенуі арқылы толықтырып отырады. Бұл насекомдар өсімдіктің ұстағыш аппаратының ішіне түскен соң, жапырақтың арнаулы бездері арқылы бөлінетін ферменттердің көмегімен қорытылып кетіп отырады. Мысалы, шымтезек батпақтарында өсетін росянканың (Drosera rotundіfolіa;) жапырағының сыртын қызғыштау түсті безді түктері жауып тұрады. Осы безді түктердің ұштарынан жылтыр, шырышты, жабысқақ, заттардың тамшысы бөлініп шығады. Ұсақ насекомдар жапыраққа жүзіп келіп, өздерінің қозғалысымен жапырақтың басқа безді түктерін қоздырады. Нәтижесінде безді түктер жайлап қайырылады да насекомдарды тығыз қоршап ұстап қалады. Қоректің ферменттердің әсерімен еруіне және сорылуына бірнеше күн қажет болады. Содан соң безді түктер жазылып бұрынғы қалпына келеді де, жапырақтар тағы да насекомдарды ұстауға мүмкіндік алады. Солтүстік Американың шымтезекті батпақтарында өсетін шыбын ұстағыш венеринаның (Dіonaea muscіpula) насекомдар ұстағыш аппаратының құрылысы аса күрделі болады. Бұл өсімдіктің жапырағында сезімтал түктері болады, оларға насекомдар тиіп кетсе болғаны жапырақ тақтасының екі табақшасы (пластинкасы) бірден жабылып қалады, нәтижесінде насеком өсімдікке күтпеген жерден жем болады. Кішілеу насекомдар олардың ішіне түсіп өледі де ферменттердің әсерінен ериді, оларды қорек ретінде өсімдіктер өз қажетіне пайдаланады.
Индо-Малай облысының, су жағалауларындағы қалың, тропикалық қопаларда өсетін непентестердің (Nepenthes, ұстағыш жапырақтарының ұзын сағақтары болады, оның төменгі бөлігі кең пластинка тәрізді, жасыл (фотосинтезге қабілетті) болады; ортаңғы бөлігі жіңішке, сабақ тәрізді, ширатылған (ол өрмелеп тіректі орап тұрады), ал жоғарғы бөлігі түрлі- түсті құмыра тәрізді, оның үсті жапырақ тақтасынан тұратын қақпақшамен жабылған болады. Құмырашаның айналасынан насекомдарды өзіне еліктіріп тұратын тәтті шырынды сұйық заттар шығып тұрады. Құмыраға түскен насекомдар, оның әрі жылтыр, әрі тайғақ ішкі қабырғасының бойымен түбіне түседі. Сол жерде олар құрамында ферменттері бар сұйыққа араласып ериді де, қорек ретінде өсімдіктің бойына сорылады.
БОР-дың территориясында, оның ішінде Қазақстанда, ақпайтын көлшіктерде, суға батып жүзіп жүретін өсімдік дүңгіршекті (пузырчатки- Utrіcularіa; кездестіруге болады.
Пысықтау сұрақтар: Өсімдіктердің органдарының қандайларын вегетативтік, ал қандайларын репродуктивтік деп атайды?
Өсімдіктердің органдарында қандай симметрия болуы мүмкін?
Полярлық, геотропизм дегендер не?
Вегетативтік органдардың түрлене өзгеруі неге байланысты? Қандай органдарды аналогиялық, ал қандайларын гомологиялық деп атайды? Гомологиялық органдар барлық уақытта бір- біріне ұқсамайтын болады ма?
Дән өнген кезде ұрықтағы вегетативтік органдардың қайсысы алдымен өседі? Оның қандай биологиялық маңызы бар?
Шығу тегі, формасы, экологиясы жағынан қандай тамырлар болады?
Тамыр системасы дегеніміз не? Шығу тегі және формасы, жағынан тамыр системасының қандай типтері бар?
Тамыр қандай зоналардан тұрады? Олардың әрқайсысының құрылысы мен атқаратын қызметтері қандай?
Тамырдың алғашқы құрылысында ұлпалардың қандай комплекстерін бөлуге болады? Олардың әрқайсысы қандай ұлпалардан тұрады?
Даражарнақты және қосжарнақты өсімдіктердің өткізу зонасының құрылысы қандай?
Тамырдың алғашқы құрылысының соңғы құрылысына ауысуы қалай жүреді?
Тамырдың соңғы құрылысы қандай ұлпалардың комплексінен тұрады?
Тамыр жеміс өсімдіктердің қандай бөліктерінен түзіледі? Тамыр жемістің тамырдың түйнектерінен айырмасы қандай? Бұл гомологты органдар ма немесе аналогты органдар ма?
Сәбіздің, репаның, қызылшаның тамырының қандай бөліктерінде артық қор заттары жиналады?
Микориза тамырдың қандай зонасының қызметін атқарады? Эктотрофты микоризаның эндотрофты микоризадан айырмасы қандай?
Түйнек бактериялары тамырдың қандай бөліктерінде жиналады және олар өсімдікке қандай пайда келтіреді?
Саңырауқұлақтар мен бактериялардың жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің тамырларымен селбесіп өсуін симбиоз деп атайды?
Сабақтың алғашқы құрылысы қайда және қалай қалыптасады?
Сабақтың алғашқы құрылысында, алғашқы қабық пен орталық цилиндр қандай ұлпалардан тұрады?
Сабақ пен тамырдың алғашқы құрылысының ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?
Сабақтың соңғы құрылысына ауысуы қалай жүреді? Ол қандай өсімдіктерде болады?
Сабақтың соңғы құрылысында қабық пен орталық цилиндр қандай ұлпалардан тұрады?
Сабақ пен тамырдың соңғы құрылысының микроскопиялық структурасында қандай айырмашылықтар бар?
Ағаштардың сабағының құрылысының ерекшеліктері неде? Оларда прокамбий қалай пайда болады?
Соңғы сүректе жылдық сақиналардың пайда болуының себебі неде? Шел қабаты (заболонь) бар ядролық сүрек дегеніміз не?
Қылқанжапырақтардың флоэмасы мен ксилемасының құрылысының ерекшелігі неде?
Шөптесін өсімдіктердің сабақтарының құрылысының негізгі типтері қандай?
Сабақтың ауыспалы және шоқтық құрылыстарында прокамбий қалай пайда болады және камбий қалай дифференцияланады?
Шөптесін өсімдіктер мен ағаштардың сабақтарының микроскопиялық структурасының негізгі айырмашылықтары неде?
Дара жарнақты өсімдіктердің сабағының структурасының ерекшеліктері неде?
Дара жарнақты өсімдіктердің сабағының құрылысының қос жарнақты шөптесін өсімдіктердің сабағының құрылысынан айырмашылығы қандай?
Жапырақ қалай түседі? Оның биологиялық мәні неде?
Жапырақтың қандай формациялары болады? Гетерофиллия деген не?
Жай жапырақтың күрделі жапырақтан айырмашылығы неде? Жай жапырақтар мен күрделі жапырақтарды қалай классификациялайды?
Қандай жапырақтарды қарапайым жапырақтарға жатқызады?
Дорсивентральды және изолатеральды жапырақтардың құрылысының жалпы планы қандай?
Қылқанның құрылысының ерекшелігі қандай?
Өркен дегеніміз не? Буын, буынаралығы, жапырақтың қолтығы дегендеріміз не? Қандай өркенді ұзарған, ал қандайын қысқарған өркенге жатқызады?
Бүршік дегеніміз не? Оның структурасы қандай? Атқаратын қызметіне қарай, қаншалықты қорғанғандығына, орналасқан жеріне қарай бүршіктерді қалай классификациялайды?
Жапырақтың орналасуының қандай варианттары болады?
Төбесінен бұтақтанудың, бүйірінен бұтақтанудан айырмашылығы неде? Бүйірінен бұтақтанғанда өстердің қандай системалары болады? Түптеніп өсу дегеніміз не?
Тамырсабақ дегеніміз не? Тамырсабақты тамырдан қалай ажыратады?
Түйнектердің шығу тегі қандай? Картофельдің түйнегінің және пияздың пиязшығының өркеннен пайда болғандығын қалай дәлелдеуге болады?
Пиязшықты пиязшық түйнектен қалай ажыратуға болады?
Тікенектер мен мұртшалардың шығу тектері қалай болуы мүмкін?