Вегетативті көбеюі мицелийдің жекелеген бөліктері арқылы; артраспоралары (оидийлері) арқылы - клетка қабықшалары жұқа болып келетін гифаның оқшауланған бөлігі; хламидоспоралары арқылы - қабықшалары қалың болып келетін клеткаларға ыдырайтын гифалар; бүршіктенуі арқылы - гифаларында келешегінде бөлініп түсетін домалақ өскіндердің пайда болуы арқылы көбею.
Жыныссыз көбеюі әртүрлі споралардың көмегімен жүзеге асады: зооспорангияның ішінде дамитын зооспоралары, спорангияның ішінде жетілетін спорангиоспоралары; ерекше гифалардың бүршіктенуінің нәтижесінде экзогенді жолмен пайда болатын конидийлері арқылы.
Кейбір саңырауқұлақтардың өмірлік циклында жыныссыз споралардың түзілуінің бірнеше формалары кездеседі.
Жыныстық көбеюі. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда жыныстық көбеюдің бірнеше формалары болады: изогамия, гетерогамия, оогамия, зигогамия. Зигота барлық жағдайда біраз уақыт тыныштық кезеңін басынан өткізеді, содан соң өсіп зооспоралар немесе зооспорангиясы бар, немесе спорангиоспорасы бар қысқаша гифа береді. Өсер алдында зигота мейоз жолымен бөлінеді. Көптеген төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың өмірі гаплоидты фазада (п) өтеді, тек зигота ғана диплоидты болады (2п).
Жоғары дәрежелі саңырауқұлақтардың жыныстық процесінің формасы ерекше болып келеді: гаметангиогамия - сырт құрылыстары әртүрлі болып келетін жыныс органдарының ішіндегі гаметаларға бөлінбеген заттарының қосылуы; самотогамия - вегетативті гифаның екі клеткасының қосылуы; сперматизация - аналық жыныс органының қозғалмайтын клеткаларымен (спермациямен) ұрықтануы. Ядролар әдетте бірден қосылмайды. Қарама - қарсы жыныстық белгілері бар ядролары алдымен қосарланып жақындасып дикариондар түзіледі. Дикариондардың саны оларды түзетін ядролардың синхронды бөлінуінің нәтижесінде көбейе түседі. Біраз уақыттар өткеннен соң дикарионның ядролары қосылады да диплоидты ядро түзеді. Енді диплоидты ядро мейоз жолымен бөлінеді де, гаплоидты ядролар береді. Олардың әрқайсысы жыныстық көбею спораларының ядросына айналады. Сонымен жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың өмірлік циклында үш түрлі ядролық фаза алмасып келіп отырады: гаплоидты, дикарионды және диплоидты. Оның ішінде диплоидты фаза өте қысқа болады, ал өмірлік циклдың негізгі бөлігі гаплоидты және дикарионды фазаларда өтеді. Жыныстық көбею спораларының екі типі бар: біріншісі - аскаспоралар, эндогендік жолмен ерекше клеткаларда - қалталардың ішінде пайда болады. Бұл әдетте дикарионның ядролары қосылғаннан кейін жүретін мейоз және митоз процестері арқылы іске асады. Жыныстық көбею спорасының екіншісі - базидиоспоралар, олар экзогендік жолмен, көп жағдайда төртеуден ерекше клеткалардың ұшында пайда болады. Бұл да дикарионның ядролары қосылғаннан кейін жүретін мейоз процесі арқылы іске асады. Саңырауқұлақтарда жыныстық споралардың түзілуі әдетте олардың өмірлік циклының аяқталуын көрсетеді.
Сонымен, қоректену ерекшелігіне байланысты пластидтерінің болмауы, гифаларының қабықшаларында хитиннің болуы, артық қор заттары ретінде гликогеннің жиналуы саңырауқұлақтарды жануарларға жақындастырады. Ал шексіз өсуі, қоректік заттарды сору арқылы қабылдауы оларды өсімдіктерге жақындастырады. Өсімдіктер мен жануарлардан саңырауқұлақтар гифалардан тұратын вегетативтік денесі арқылы және өмірлік циклында гаплоидты және диплоидты ядролық фазаларынан басқа үшінші – дикарионды фазасының болуымен айқын ажыратылады.
Классификациясы. Саңырауқұлақтар бөлімі жеті класқа бөлінеді: хитридиомицеттер класы (Chytrіdіomycetes), гифохитромицеттер класы (Hyphochytrіomycetes), оомицеттер класы (Oomycetes), зигомицеттер класы (Zygomycetes), аскомицеттер класы (Ascomycetes), базидиомицеттер класы (Basіdіomycetes), жетілмеген саңырауқұлақтар класы (Deuteromycetes). Алғашқы төрт кластың өкілдері төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарға жатады, өйткені олардың мицелийлері көлденең перделері арқылы жекелеген бөліктерге бөлінбеген, немесе мицелийлері мүлдем болмайды. Қалған кластардың өкілдері жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтарға жатады, өйткені олардың гифалары көлденең перделері арқылы бірнеше бөліктерге бөлінген (көп клеткалы) болып келеді.