Топырақтану ғылымының алға басып, дамуына ерекше әсер еткен жоғарыда көрсетілген ғалымның топыраққа берген анықтамасында келесідей үш үлкен мән бар. Біріншіден, топырақ ерекше табиғи дене ретінде қаралып, оның басқа табиғи денелерден ерекшеленетін қасиеттері бар екендігі. Екіншіден, топырақтың жаратылу, даму жолы бар тарихи дене екені айқындалды. Үшіншіден–топырақтың қоршаған ортамен, басқа табиғи денелермен тығыз байланысы бар екенділігі көрсетілді. Топырақты агрономиялық бағытта зерттеуде орыс ғалымдары П.А.Костычев (1845-1895) және В.Р.Вильямс (1863–1939) үлкен еңбек атқарады, П.А.Костычевтың топырақты өсімдіктер өсу ортасы ретінде қараған бағытын дамыта отырып В.Р.Вильямс: «топырақ-өсімдіктің өніп-өсуіне жағдай туғыза алатын жердің қопсыған үстіңгі қабаты»,- деп анықтама берді. Қазіргі кезде жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерін жалғастыра, дамыта отырып ғалымдар топыраққа төмендегідей анықтама береді.
Топырақ–тау жыныстарының бұзылу қабатының үстіне орналасқан, тау жыныстарының, ағзалардың, климаттың, жер бедерінің және уақыт ағымның өз ара қарым-қатынасы әсерінен түзілген құнарлылығы бар, қызметі алуан түрлі, күрделі құрамды, көп бөлімді ашық құрылымдық жүйе.
2 Топырақ - дербес табиғи дене, биосфера (тiршiлiк әлемi) бөлегi және аграрлық еңбек орны (объектiсi); оның iзденiстiк әдiстерi мен әдiстемесi Егер жер бетіндегі табиғи денелерді тірі ағзаларға (жан-жануарлар, өсімдіктер) және жансыз денелерге (тау жыныстары, минералдар) бөліп қарайтын болсақ, онда топырақтың осы екі топтағы денелердің аралығынан орын алатын ерекше дене екенін байқаймыз. өйткені ол академик В.И.Вернадскийдің (1863-1945) анықтауы бойынша әрі тірі, әрі өлі денеден құралған.
Топырақты ерекше табиғи дене ретінде қарауымызға бірінші себеп, оның құрамында әрі минералды, әрі органикалық заттардың және айрықша органикалық, органикалық-минералдық заттар тобының– қарашіріндінің болуы. Ал, екінші себеп оның құрамында тірі ағзалар: өсімдіктердің тамыр жүйесі, топырақта қоныстанған жәндіктердің және неше түрлі орасан көп микроорганизмдердің болуы, сөйтіп оның тірі бөлігін құрауы. Сонымен бірге,топырақ көп бөлікті күрделі жүйе екенімен де ерекшеленеді. Топырақ қатты, сұйық, газ және тірі бөліктерден құралған. Топырақтың негізгі ерекше қасиеті оның құнарлылығы болып саналады.
Топырақ құнарлылығы дегеніміз, оның өсімдіктерді қажетті мөлшерде минералды элементтермен, сумен, оның тамырларын ауамен, жылумен қамтамасыз етіп, өсімдіктің өсіп, өнім беруіне мүмкіндік бере алатын қасиеті. Осы қасиетімен топырақ тау жыныстарынан, табиғаттың басқа туындыларынан ерекшеленеді.
Адамзат топырақтың құнарлығын пайдаланып оны ауыл және орман шаруашылығында негізгі өндіріс құралы ретінде қолданады. Әр түрлі өсімдіктер егіп, мал жайып өнім алады. Топырақты қолданғанда олар топырақтың түзілу процесіне әсер етеді, оның құрамының, құрылымының және физикалық-химиялық қасиеттерінің өзгеруіне ықпалын тигізеді. Сондықтан топырақ адамзат еңбегінің туындысы, жемісі ретінде де саналады. Сөйтіп, топыраққа адамзаттың қатынасы үш жақты болып келеді. Біріншіден – топырақ табиғи ерекше дене, екіншіден-ол негізгі өндіріс құралы, үшіншіден–ол адамзат еңбегінің туындысы, жемісі.
Топырақты негізгі өндіріс құралы ретінде пайдаланғанда оның келесідей ерекшеліктері бар екені аңғарылады: топырақтың орнына басқа табиғи денені ауыстырып қолдануға болмайды; топырақтың межесі бар; көп көлемде орнынан қозғап басқа жаққа ауыстыруға болмайды; оның құнарлылығы бар.
Жердің планетарлық қабаттары–жер қабығы (литосфера), газ қабаты (атмосфера) және су қабаты (гидросфера) түйісіп, әрекеттесетін шегінде топырақ жамылғысы (педосфера) орналасқан.
Топырақ қабаты жоғарыда көрсетілген планетарлық қабаттардың өзара қарым-қатынасының, осылардан туындаған ағзалардың әсерінен пайда бола отырып, жердің күрделі геосфералар жүйесінде айрықша қызмет атқарады.
Топырақ кеңістікте орналасуына, пайда болуына, дамуына байланысты әлемдегі күрделі табиғи жүйелер–биогеоценоздың, экологиялық жүйенің, биосфераның құрамды бөлігі болып саналады.
Жер ғаламшарында топырақ сан-алуан экологиялық қызметтер атқарады. Осылардың ішінде топырақтың атқаратын келесідей басты әлемдік қызметтері бар.