Дәріс 12. Тақырыбы: Жер мәселесі. Мақсаты


Қазақ көшпелі қоғамының материалдық өндіріс жүйесі



бет5/10
Дата19.04.2023
өлшемі77,68 Kb.
#84101
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
1.Қазақ көшпелі қоғамының материалдық өндіріс жүйесі. ХIХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамы материалдық өндірісінің негізі бұрынғыша көшпелі мал шаруашылығы болып қала берді. Қазақ руларының белгілі бір көшіп жүретін аймағы, қысқы қоныстары болды. Жазғы жайылымдар мен қысқы қоныстар белгілі бір талаптарға сай келуі тиіс болды. Жазғы жайылым үшін шұрайлы шөбі мен тұщы суы мол жер таңдап алынды. Қысқы қонысты таңдап алар талаптар да ерекше болды. Олар қар басып қалмайтын, бораннан ықтасыны бар жерден таңдап алынды. Қыстақтың жұқа қар жамылғысының астындағы мал жейтін шөбі жеткілікті болуы тиіс. Қазақтардың малы жыл бойы тебіндеп далада жайылып жүрді.
Қазақтардың шаруашылығының жайылымдық-көшпелі жүйесі экстенсивті сипатта болды. Малшы қазақтың тағдыры ең алдымен табиғат жағдайына тəуелді болды. Олардың малының көбі дүркін-дүркін қайталанып тұрған жұттан қырылып қалып отырды. Мысалы, 1839 жылғы халық жадында «ақтышқан» деген атпен қалған жұт бүкіл қазақ даласын қамтыды. Мал-жанынан айрылған қазақтардың бір бөлігі күнкөріс іздеп көрші Том губерниясының жеріне кетуге мəжбүр болды. Ол жерде олар Локтев заводына жұмысшы болып орналасты немесе орыс шаруаларына жалданып жұмыс істеді.
Көшіп жүретін аймақтың кеңдігі мал шаруашылығының ең басты шарты болып саналады. ХVIII ғасырдың бас кезінде орын алған ірі саяси оқиғалар дəстүрлі шаруашылық жүйесінің экономикалық апатына алып келді. Қазақтар шаруашылығының құлдырауымен қоса, халық ауа көшіп, қалалар, егіншілік алқаптар, қолөнер өндірісі, Қазақстанның оңтүстігіндегі бүкіл қазақ халқы жаппай қайыршыланып, ашаршылыққа ұшырады. Қазақтардың едəуір көпшілігі тəжіктер мен өзбектер арасына сіңісіп кетті. Бір бөлігі Ташкент пен Бұхара маңында орнығып қалды, оларға «құрама» деген ат берілді.
Тек ХVIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап қана қазақтар экономикасында алғашқы оңға басушылық байқалады. Ол мал санының көбеюінен, қазақтардың айырбас саудаға тұрақты қатысуынан көрінеді. Ш.Уəлиханов қазақтар ХIХ ғасырдың орта шенімен салыстырғанда ХVIII ғасырда əлдеқайда бай болған деп санады. Оның айтуынша « сол дəуірде 10 мың үйір жылқысы болған қазақтар аз болмаған».
ХVIII ғасырдың ортасында Жоңғар мемлекетінің жойылуы қазақтардың бір бөлігінің шығысқа қарай қоныс аударуына себеп болды. Бұл рулардың көбі кезінде жоңғар қысымынан өз жерлерін тастап, батысқа кетуге мəжбүр болғандар еді. Енді олар жерлері жаудан босаған соң кері қайта бастаған. Алайда олардың бұл қоныс аударуы Цин империясы мен Ресей мемлекеті тарапынан қарсылыққа кездесті. Дегенмен қабылданған шаралар қазақтардың шығысқа қарай қозғалысын тоқтата алған жоқ. Орта жүз қазақтары Құлынды даласында, Том губерниясы, Сібір казак əскері мен Колыван-Воскресен тау-кен зауыттары елді мекендеріне жақын жерлерде көшіп жүрді.
Ертістің оң жағалауындағы бос жатқан жерлерді Орта жүз қазақтарына пайдалануға беру мəселесі I Павел патшаның 1799 жылдың 26 қарашасындағы жарлығында қарастырылды. Осы рұқсатты пайдаланып керей руының 15 мың шаңырағы Ертістен өтіп, кейіннен Құлынды деп аталып кеткен бос алқапқа орналасты. Осы жайында Х1Х ғасырдың белгілі ақыны Сегіз Сері: Сол аймақ иесіз дала аталыпты, Барған ел биелері көп құлындап, Сол себеп «Құлынды»- деп аталыпты,- деген өлең жолдарын қалдырған. Феодал шонжарлардың қауымдық жерлерді тартып алуы жəне патша өкіметінің отаршылдық саясаты қазақтардың мал шаруашылығының сипатына кейбір өзгерістер енгізді. Жазғы жайылымдар мен қысқы қоныстардың маңызды аудандарын өкімет орындарының басып алуы негізгі қазақ рулары көшетін жолдардың бағыт-бағдарын бұзды. Осының əсерінен көшу аймағы өзгерді, жер тапшылығынан қазақ руларының бір бөлігі жартылай отырықшылыққа көше бастады. Жазда жайлауға көшуді жалғастыра берсе, қысқа қарай өз малдарына шөп дайындай бастады. Қазақтардың шөп шабуға көшуі мал шаруашылығына белгілі бір тұрақты сипат берді, оның қолайсыз табиғат жағдайларына төтеп бере алуын күшейте түсті. Шаруашылық өмірдегі өзгерістер жəне шекаралас орыс жерлерімен сауда байланыстарының күшейе түсуі мал құрамына əсер етті. Бұрынғысынша мал шаруашылығының басты салалары қой жəне жылқы өсіру болғанымен, ірі қара мал өсіру де кең тарай бастады. Орта Азиядағы керуен саудасының өсуіне байланысты көлік құралы ретінде түйенің де маңызы арта түсті. Сонымен бірге қазақтарда егіншілік те едəуір дамыды. Мұнымен негізінен қазақ кедейлері – егінші деп аталған жатақтар айналысты. Егіншілікке өте бастаудың басты себебі жер тапшылығы болса, сонымен қатар орыс қоныс аударушыларының да ықпалы болды. Қазақтар барлық жерлерде өздерінің егістіктерін қолдан суарумен айналысты. Олар негізінен егістерін өзендер мен көлдердің жағалауларына салды. Қазақтардың өз егістіктеріне қолдан суландыру əдісін қолданғаны жайында генерал-майор Броневский былай деп жазды:«Бұқтырма қамалының сырт жағынан, Нарым тауының етегі мен тау бұлақтарынан жыралар арқылы келіп жатқан сумен толтырылған едəуір көлемді егістік жерлерді көрдім. Жердің топырағы тастақ болғанымен, ылғалдың, қолдан суарудың нəтижесінде мұнда тары дақылы бітік өседі».
ХIХ ғасырдың басында Том губерниясына қарасты Би округіне кіретін Белағаш даласына қазақтар көптеп келіп орналаса бастады. Олардың басты күн- көріс көзі егіншілік болды. Əр түрлі рулардың өкілдері болғандықтан Белағаш қазақтары өздерін Қырық ру деп атаған. Қазақтар қолдан суландыруда біраз жетістікке ие болғанымен, тұтас алғанда егіншілік қарабайыр сипатта болды. Топырақ өңдеу техникасы өте төмен деңгейде еді. Қазақтардың көпшілігі жерді ағаш соқамен, темір кетпенмен өңдеді. Тек орыс селоларына жақын тұрған қазақтардың болмашы бөлігі ғана темір соқа сатып алып, жерді соның көмегімен өңдеді.
ХIХ ғасырдың ортасына қарай егіншілік кəсіптің мал шаруашылығынан кейінгі екінші түріне айналды. Енді бұл кəсіппен тек кедейлер ғана емес, ауқатты қазақтар да айналыса бастады. Қазақтар аң аулаумен де ертеден айналысқан, əсіресе түлкі мен қарсақ аулаудан көп кіріс түсті. Аң терісі қазақтардың тек өз мұқтаждығына ғана жұмсалып қоймай, сонымен бірге едəуір мөлшерде сатуға түсіп тұрды.
Қазақтардың басқа кəсіптерінен балық аулауды атап өтуге болады. Мұнымен қазақтардың ең кедей бөлігі айналысты. Олар балықты тормен, аумен аулады. Қазақтар алғашқы кезде балықшылықпен тек өз қажеттерін өтеу үшін ғана айналысса, кейіннен оны сату үшін де аулады. Мысалы, ХIХ ғасырдың ортасында Зайсан көлі мен оған келіп құятын өзендер бойында балықшылық біршама кең дамыды.
Тұз өндіру де кең тарады. Қазақстанның батысында, солтүстігі мен солтүстік- шығыс аймақтарында қазақтар тұз өндіріп, оны сатумен айналысты. Қазақтардың шаруашылығында əр түрлі қолөнер кəсібі айтарлықтай орын алды. Тері илеу, оқ-дəрі, бояу дайындау, ағаш пен сүйекке ою-өрнек салу, металл мен жүн өңдеу дамыды.ХIХ ғасырдың басында қазақтар бірсыпыра қолөнер бұйымдарын ішкі қазақ базарында сатты. Дегенмен қолөнер бұйымдары негізінен сол заттарды өндірген шаруашылықтардың өз қажеттерін өтеуге ғана пайдаланылды. Өнеркəсіп бұйымдарына, ең алдымен кеңінен тұтынылатын заттарға деген қажеттілік қазақтарды көрші мемлекеттермен тауар айырбастауға итермеледі.
ХVIII ғасырдың өзінде - ақ белең ала бастаған орыс-қазақ саудасы ХIХ ғасырдың бірінші жартысында кең өріс алды. Орынбор, Троицк қалалары, Петропавл, Пресногор, Омбы, Семей қамалдары Қазақстанмен сауда жасаудың негізгі орталықтарына айналды. Левшиннің деректеріне қарағанда, ХIХ ғасырдың 20- жылдарында орыс көпестері тек Сібір қазақтарынан ғана 3 миллионға жуық қой, 150 мыңға дейін жылқы жəне 100 мыңға дейін өгіз сатып алып, күміспен есептегенде жалпы сомасы 8 миллион сомға сауда жасаған. Мұнымен қатар мыңдаған түйе, мыңдаған тонна тері, қой терісі, қозы елтірісі, киіз, кілем жəне басқа тауарлар сатып алынған. Қазақ көпестері, саудагерлері пайда болды
ХIХ ғасырдың басындағы саяси жəне шаруашылық өмірде орын алған өзгерістер сұлтандар қауымының екіге бөлінуіне алып келді. Олардың бір бөлігі орыс отаршылдық аппаратына қызметке кірсе, қалған бөлігі өздерінің пұрсаттылығының көп бөлігінен айрылып қалды. Көшпелілірдің басқа бір пұрсатты тобы мұсылман діні қызметшілерінің сословиесі – мұрагерлік пұрсаттылықты пайдаланған, қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды рөл атқарған қожалар боды. Барлық салт-жора ғұрыптары – сүндеттеу, үйлену тойы, жерлеу жəне ас беру қожалардың тікелей қатысуымен өткізілді, оларды қожалар Құран оқып заңдастырып отырды. Алайда исламның дала өңіріндегі өзіндік ерекшеліктеріне байланысты қожалардың көшпелі қоғамдағы саяси ықпалы мардымсыз болды.
«Қарасүйектердің» қатарына билер, тархандар, батырлар, ақсақалдар санаттары жатты. Олардың арасында билер сословиесі өте маңызды орын алды, олар сот билігі қызметін жүзеге асырды. Билердің шешен, бай, тапқыр адамдар болуы қажет еді. Руаралық жəне жүзаралық дауларды шешуге қабілетті билер көшпелілер арасында жоғары беделге ие болды.
ХVIII-ХIХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында əскер басылары – батырлардың маңызы мен саяси ықпалы зор болды. Олар ержүрек жауынгерлер, ат жалында ойнаған шабандоздар жəне əскери жасақтардың қолбасылары ғана емес, сонымен қатар көшпелі қоғамның ең таңдаулы əлеуметтік топтарының бірі болды. Сондай - ақ батырларды қазақ хандықтарының көрші мемлекеттермен өзара қатынастарында дипломатиялық сипаттағы жауапты тапсырмаларды орындауға тартып отырды. Қоғамға сіңірген əр түрлі еңбектері үшін пұрсаттылықтар, мысалы, салық төлеуде жəне басқа да жағдайларда пұрсат берілген адамдар – тархандар да белгілі бір орын алды Олар көшпелі ұжымдарды басқару жүйесінде беделді қызмет орындарына ие болу құқығын пайдаланды.
Қазақтардың үстем табының саны ең көп тобы – ақсақалдар – көшпелі қауымдардың барлық буындарында əлеуметтік-реттеушілік міндеттерді жүзеге асырды. Қазақтарда ақсақал деген атқа өте құрметті, бай тəжірибесі бар, ықпалды адамдар ғана ие болды. ХІХ ғасырдың ортасына қарай қазақтарда жаңа əлеуметтік топ – байлар көрнекті рөл атқара бастады. Бұрындары «бай» деген термин барлық бай феодалдарға қатысты айтылса, қарастырылып отырылған кезеңде байлар деп сауда мен өсімқорлық ақшаға қатысты істердің дамуына байланысты пайда болған ерекше қоғамдық топты айтты. Мұндай байлар сұлтандар ортасынан да, ру шонжарлары ортасынан да, сондай-ақ «қарасүйек» шонжарлар арасынан да шықты.
Қазақ қауымының еркін мүшелерін шаруалар құрады. Бұл кездері олардың арасында да əлеуметтік жіктеліс жедел жүріп жатты. Кедейленген шаруалар жатақтар мен мал-жанынан айрылып, аз ақы үшін байдың жұмысын істейтін - қоңсылардың қатары көбейді. Сонымен қатар қазақтардың ең қайыршыланған бөлігі байқұстар болды. Олар шеп маңындағы ауқатты казактарға болмашы ақы үшін жалданып, малын бағып, жерін жыртты, үй іші жұмысының алуан түрін атқарды. Бұдан басқа байқұстардың бір бөлігі бай-феодалдардың қарамағында қалып, үй қолөнершілері ретінде жұмыс істеді. 1844 жылы Орталық Қазақстанда Благодат-Стефанов мыс қорыту заводы салынып, оның жұмысшыларының басым көпшілігін қазақ байқұстары құрады.
Александров күміс-қорғасын, Николаев, Богослов балқыту заводтарында да қазақтар жалданып жұмыс істеді. Олар завод иелеріне басыбайлы тəуелді болды. Жұмыс таң атқаннан кеш батқанға дейін созылды. Тұрмыстық жағдайы аса ауыр болды. Оларға жалақы орыстармен салыстырғанда бірнеше аз төленді.
Тəуелді адамдар қатарына құлдар да жатты. Бұл кезде құлдар əлеуметтік топ ретінде құрып біту шегінде тұрды. 1822 жылғы Жарғы бойынша қазақтарға жаңа құл сатып алуға тыйым салынды, ал 1859 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы қазақ сұлтандары мен байларынан олардың кол астындағы барлық құлдарға бостандық беруін талап етіп, қолхат алды. Қазақ мемлекетінің əлсіреуі жəне сыртқы соғыстардың тоқтатылуы құл алудың негізгі көздерін жойды. ХIХ ғасырдың 60-жылдарына қарай бұл топ мүлдем жойылды.
ХIХ ғасырда төленгіттердің де рөлі төмендеді. Бұрындары олар хан мен сұлтандардың əскери қызметшілері болды, жауапты дипломатиялық тапсырмаларды жиі орындады. Кейіннен олар басқа қазақ рулары арасына сіңісіп кетті. Шаруалардың үстем тапқа кіріптарлықтары əр түрлі жолмен жүзеге асырылды. Алым-салықтар төлеп, міндеткерліктер өтеп тұрды.
Жергілікті басқару жүйесіндегі қазақ шенеуніктерінің қалыптасты. Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік ұйымдастыру тәртібінің өзгерді: жаңа таптар (шенеуніктер, дворяндар, құрметті азаматтар) пайда болды.
Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік инженерингі: қазақ жастарын Ресей империясының кадет корпусында, гимназияларында және университеттерінде оқыту. Қазақ зиялы қауымының қалыптасуы: әлеуметтік құрамы жағынан әртекті, білімдік деңгейлері де оқу орындарының мәртебесіне байланысты орта және жоғары білімділер еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет