Дәріс 12. Тақырыбы: Жер мәселесі. Мақсаты



бет1/10
Дата19.04.2023
өлшемі77,68 Kb.
#84101
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
10 апта Қазақстан тарихы




Дәріс 12.
Тақырыбы: Жер мәселесі.


Мақсаты:ХІХ ғ. 60-90 жылдарындағы көші-қон мәселесі. Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру туралы уақытша ережелер. Орыс шаруаларын Қазақстан аймақтарына орналастыру ерекшеліктері. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы. Қоныс аударушылардың кәсіптері және олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Қауымдық жерлердің экспроприациясы және оның қазақтардың дәстүрлі шаруашылығына әсері. ХІХ ғасырдың соңындағы Қазақстан халқының этнодемографиялық сипаттамасы. ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы көші-қон саясаты және столыпиндік жаңғырту.


Негізгі ұғымдар: Қоныстандыру саясаты, көшпелі қазақ ауылының егіншілікке көшу үдерісі, жатақтық, ауыл тұрғындары мен егінші мещандарды қоныстандыру туралы уақытша ереже (1904 ж.), Қазақстанда көпұлтты қоғамның қалыптасуы.


Жоспар:
.
1. Қоныс аудару саясатының кезеңдері
2. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығындағы және этнодемографиялық өзгерістер
3. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуы


1. Қоныс аудару саясатының кезеңдері. Қазақ жер мәселесінің одан әрі шиеленісуі Ресейдегі буржуазиялық реформалармен тұстас келді. Басыбайлылық құқықтың жойылуы Ресейде аграрлық мəселелерді түпкілікті шеше алмады. Орыс шаруаларының толқулары жалғаса берді. Осындай жағдайда үкімет шаруалардың назарын басқа жаққа бұрып, оларды революциялық көңіл-күйден аластатпақ болды. Аталған мəселені шешудің бір жолы – орыс шаруаларын шығысқа, жаңадан отарланған жерлерге қоныс аудару еді.
Жалпы қазақ жерлеріне қоныс аудару саясатын үш кезеңге бөлуге болады:
1. ХVI ғасырдың аяғынан – ХVIII ғасырлардың басына дейін «еркін» отарлау кезеңі. Бұл кезде қазақ жерлеріне орыстың қашқын крепостной шаруалары, каторгадан қашқан қылмыскерлер, діни реформаға қарсы шығушылар («кержақтар») өз еріктерімен келіп бірте-бірте қоныстана бастады.
2. ХVIII ғасырдың бірінші ширегінен – ХIХ ғасырдың 60- жылдарына дейінгі əскери отарлау кезеңі. Қазақ жерлерінің Ресей құрамына ену кезеңін қамтитын бұл кезеңде казак əскерлері көптеп қоныс аударды. Əсіресе Х1Х ғасырдың басынан бастап олардың саны күрт өсті.
3. ХIХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталған жаппай шаруаларды қоныс аудару кезеңі.
Бұл кезде патша өкіметінің саяси мақсаттары елдің экономикалық мүдделерімен тығыз байланыста болды. Жаппай қоныс аудару саясаты бір жағынан, орыс шаруаларының жерге тапшылығын жоюды көздесе, екінші жағынан, жаңадан құрылған əкімшілік - басқару жүйесіне «əлеуметтік тірек» құру
мақсаты қойылды. Сайып келгенде, Ресейдің қазақ жерлерінде ықпалын арттырудың бір жолы орыстардың жергілікті тұрғындардан сан жағынан басымдығын қамтамасыз ету еді.
Крепостниктік құқық жойылған кейін, төрт жыл өткен соң, 1865 жылы Алтай округіне Ресейдің ішкі губернияларынан шаруаларды еркін қоныс аудару туралы патша жарлығы жарық көрді. 20 жыл ішінде (1865-1884 жж) 200 000 қоныс аударушы көшіп келіп, оларға 1,5 млн десятин жер бөлініп берілді.
1867-1868 жылдардағы реформаға сəйкес қазақ жерлерінің мемлекет меншігі болып табылуы қоныс аудару саясатын кең ауқымда жүргізуге жол ашты. 1868 жылы Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің бастамасы бойынша «Өлкені орыстандыру мақсатында» шаруаларды орналастыруға рұқсат етілді. 1883 жылға дейін қолданыста болған «Жетісуға шаруаларды қоныстандырудың Уақытша Ережелеріне» сəйкес еуропалық Ресейден алғашқы келіп қоныстанушылар Воронеж шаруаларының 242 отбасы болды. Шаруаларды тарту үшін 1868 жылдан бастап Жетісуға көшіп келгендердің отбасындағы ер адамдардың əрқайсысына 30 десятина жер бөлінетін, шаруашылық жүргізу үшін қарыз берілетін жəне 15 жылға салықтардан босатылатын ереже қолданылды. 80- жылдардың орта шенінде мұнда егіс салуға жарамды жер жетіспейтін болды, сөйтіп үлес мөлшері 10 десятинаға дейін, ал жеңілдікті кезең 5-10 жылға дейін қысқартылды.
ХIХ ғасырдың 80-жылдарында Еуропаны қамтыған аграрлық дағдарыс Ресейге де келіп жетті, мұның үстіне 1880 жыл ашаршылық жылы болды. Осының салдарынан Ресейдің еуропалық аудандарынан империяның шет аймақтарына шаруалардың көшіп келуі күшейе түсті. 1881 жылдың аяғында қоныс аударушылар туралы «Уақытша Ережелер» қабылданды. Онда шаруалардың шет аймақтарға тиісті ұйымдардың рұқсат етуімен ғана қоныс аударуына жол берілді.
1889 жылғы 13 шілдеде «Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерге өз еркімен қоныстануы» туралы жəне «аталған сословиелердің адамдарын ерте уақытта қоныстанғандарға жатқызу тəртібі туралы» ереже күшіне енгізілді. Қоныс аударуға Ішкі істер жəне Мемлекеттік меншік министрлігі ұйымдарының арнаулы шешімі бойынша ғана жол берілді. «Құрметке лайық», «сенімді» қожайындарға ғана рұқсат беруге өкім етіліп, олар қоныстануға арналған жерлерге жіберілді.
Дала өлкесінде бұлар Ақмола, Семей жəне Жетісу облыстары болды. 1889 жылғы ереже Қазақстанды Ресейден қоныс аударушыларға іс жүзінде ашып берді. Шаруаларды жаппай қоныс аудартумен өлке халқының демографиялық құрылымы өзгертіліп қана қоймай, сонымен қатар байырғы мекендеушілердің пайдалануынан мал шаруашылығы үшін де, ұлғайып келе жатқан егіншілік үшін де жарамды жерлер зорлықпен тартып алынды. 1885-1895 жылдар аралығында ғана Ақмола облысында қазақтардан 251 779 десятина жер тартып алынып, 24 қоныс аудару учаскесі құрылды, ал шектес Семей облысында 33 064 десятина жер тартып алынды. Қоныс аударушылардың үлкен ағыны, əсересе Жетісу облысына келіп жетті. 12 жыл ішінде (1863-1880 жж) мұнда 3324 отбасы көшіп келді, солардан 2099 отбасы ауылдық жерге, ал 1225 отбасы қалаларда орналасып қалды.
1891-92 жылдардағы аштықтан кейінгі жаңа көші-қон тасқыны жəне 1893 жылы Сібір темір жолының батыс учаскелерін салудың аяқталуы үкіметке қазақ халқының жəне өз бетімен қоныс аударып келген шаруалардың жер пайдалануын тəртіпке келтіру қажеттігін алға қойды. Бұған қоныс аударушылардың жергілікті халықпен де, бұрыннан тұрып жатқан шаруалармен де көптеген жанжалдары мəжбүр етті.
Жерінен айрылған қазақтар шекаралас Қытай жəне Монғолия жерлеріне қоныс аударуға да мəжбүр болды. Қазақстанның қиыр шығысында орналасқан Бұқтырма өңірін отарлау нəтижесінде жүздеген қазақ түтіндері өз ата-мекендерінен айрылып, жат жер, бөтен елге қоныс аударуға мəжбүр болды. Бұл процесс, əсіресе, XIX ғасырдың 70-жылдары кең құлаш жайып, халықтың басым көпшілігінің кедейленіп, шаруашылық күйреуінің басты себебі болды.
Осы кезде көшпелі халықтың пайдалануындағы бос жерлердің сапасын зерттеу мен көлемін анықтау мақсатында экспедициялар құрылды. 1896-1903 жылдар аралығында земство статистигі Ф.А.Щербина басшылындағы экспедиция Ақмола, Семей жəне Торғай облыстарының 12 уезіне статистикалық сипаттама жасап, қазақтардың шаруашылығы туралы бағалы мəліметтер жинады.
Үкімет экспедиция қызметкерлерінің алдына: алуға арналған жердің мүмкіндігінше көп мөлшерін табу жəне олардың егіншілік үшін жарамдылық дəрежесін анықтау міндетін қойды. Əр түрлі аймақтар бойынша қазақтардың жер пайдалану нормаларын əзірлеу, ал осылайша жасалған «артық жерден» қоныс аудару қорын ресімдеу көзделді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет