Қорғаныс аймағы (0,1-1,0 га) мектеп кешенінің көше жағында орналасқан. Ол мектепті транспорт шуынан, газынан, көше шаңынан қорғайды. Бұл аймақта ағаштар, бұталар егіліп гүлмен безендіріледі. Көлік жолынан арақашықтық 25 м-ден кем болмау керек. Мектеп терезелері мен биік ағаштар арасы 10 м, бұталар арасы 5 м болу қажет.
Демалыс аймағы(0,2-0,3 га) мектеп ауласының жазда көлеңке, қыста желден сақтайтын, бұтақты ағаштар егілген тегіс таза жағында орналасады. Онда демалып отыратын орындықтар қойылады.
Оқу-тәжірибе аймағы (0,2-0,4 га) биология, география пәндеріне қажетті тәжірибе алаңдары орналасқан.
Спорт аймағы (0,1-1,07 га) денешынықтыру пәнінен және спорт ойындарына қажетті алаңдар орналасқан. Спорт аймағы оқушылар санына лайық болу керек.
Шаруашылық аймағы (500м2) мектеп ауласының алыс түкпірінде, балалардың жүретін жолынан, демалыс орнынан қашық жерде орналасады. Мұнда түрлі қоймалар, мектеп гаражы, қосымша дәретхана, өрт қауіпсіздігінің бұрыштары т.б. заттар болады. Дәретхана мен қоқыс жәшіктері мектеп кешенінен кемінде 25 м қашықтықта орналасуы керек.
Мектеп ғимаратын салғанда оқу бөлмелерінің терезелерін оңтүстік не оңтүстік батысқа, ал қосымша бөлмелердің терезелерін терістікке қаратып салады.
Мектептің барлық бөлмелерін оқу және қосымша бөлмелер деп екіге бөледі.
Оқу бөлмелеріне:сабақ жүретін кабинеттер, сынып бөлмелері, спорт залы, шеберхана, физика және химия пәндерінің зертханалары жатады.
Қосымша бөлмелер: әкімшілік, алғашқы медициналық жәрдем көрсету бөлмесі, әдістемелік бөлме, асхана, буфет, кітапхана, мектеп музейі, оқушылар мен мұғалімдердің демалыс орындары.
Мектеп ғимаратындағы сынып бөлмелері мен кабинеттер кең коридор арқылы бір-бірімен байланысады. Бастауыш сыныптар бөлмелері мектептің жеке қанатында 1-ші, 2-ші қабатта орналасқаны жөн.
Сынып бөлмелерінің ауданы 50-60 м2, яғни әр оқушыға 1,25-1,50 м2. Бөлме ұзындығы 8-8,2 м, ені 5,6-6,2 м аспау керек. Егер бөлме ұзын болса артқы партадағы балаларға естілмейді, ені кең болса, терезеден түскен табиғи жарық жеткіліксіз болады.
Сынып қабырғаларын жылына 1 рет ақ ізбеспен немесе эмульсиямен ақтау қажет. Бөлме ауасының температурасы 17-210 С, ылғалдылығы 40-65%, ауа жылдамдығы 0,15-0,25 м/сек.
Терезе кең болу керек және терезе алдына ұзын сабақты үй өсімдігін қоюға болмайды. Терезенің төменгі жақтауы еденнен 60-70 см, жоғары жақтауы төбемен арасы 15-30 см болу керек.
Терезеден далаға көз салғанда әйнектің 1/3 бөлігінен аспан көрініп тұрса, табиғи жарықтың мөлшері дұрыс болады.
Табиғи жарық 150 люкстен кем болмай, әр партаға электр жарығы 150 люкстен кем түспеу керек, ал люминисцентті шамның жарығы 300 люкс болады.