Функционалдық аспекті ғылымның дамыған теориялық аппараты мен оның эмпирикалық базисінің арақатынасына қатысты. Мәселені мұндай қырынан алып қарау теорияның аппараты мен бақылаулардың және эксперименттердің мәліметтері арасындағы байланыстырушы буындарды табуды, теориялық ережелерді эмпирикалық тексеру әдістерін анықтауды көздейді, ол ғылыми білімнің теориялық деңгейі қалыптасқан және мәселе оның эмпирикалық деңгеймен арақатынасын негіздеу туралы болған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте теорияның эмпиркамен “кері байланысы” ғылымның өзінің теориялық аппаратының одан әрі жетілуі мен дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналады.
Ғылымдағы теориялық және эмпирикалық білімнің арақатынасы проблемасының генетикалық қыры теориялық аппаратты, оның ішінде ғылыми теорияны қалыптастыруға, ғылымның эмпирикалық сатысынан оның теориялық сатысына көшуіне қатысты.
Теориялық білім - теориялық білімнің әлеуметтанушылық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары. Эмпирикалық білім- эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары. Егер де әлеуметтануды “теориялық” және “эмпирикалық” деп бөлу білімнің деңгейімен (теориялық және эмпирикалық) байланысты болса, әлеуметтануды “іргелі” және “қолданбалы” деп бөлу - әлеуметтанудың өзінің ғылыми немесе қолданбалы бағдарларына байланысты. Эмпирикалық зерттеу іргелі әлеуметтанудың да, қолданбалы әлеуметтанудың да шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Егер оның мақсаты - теория жасау болса, онда ол іргелі әлеуметтануға жатады. Егер де оның мақсаты - тәжірибелік ұсынымдар жасау болса, онда ол қолданбалы әлеуметтануға жатады. Алатын білімнің деңгейіне қарай эмпирикалық зерттеу шешетін есебінің сипаты бойынша қолданбалы болуы мүмкін. Бұл теориялық зерттеулерге қатысты. Сөйтіп қолданбалы зерттеулер ерекше деңгей жасамайды. Бұл эмпирикалық және теориялық зерттеулердің өзі, бірақ қолданбалы бағытта болады.
Әлеуметтану білімі тұжырымдаудың түрлі деңгейдегі теорияларын қамтиды.
Ең алдымен тұтас қоғам өмірін сипаттауға және түсіндіруге тырысатын жалпы әлеуметтану теорияларын бөліп қараған жөн. Әлеуметтануда өзара бәсекелес болатын көптеген жалпы теориялар бар. Бұл - К.Маркстің қоғамдық формациялар теориясы, М.Вебердің әлеуметтік іс-әрекет теориясы, Т.Парсонстың құрылымдық-функционалдық теориясы, Дж.Александердің және басқа әлеуметтану классиктерінің “көп өлшемді” теориялары. Алайда бұрын-соңды болған жалпы әлеуметтану теорияларының ешқайсысы да “үлкен” теорияның талаптарына мейлінше сәйкес келеді деуге болмайды. Олардың барлығына тән нәрсе - әлеуметтік өмірді түсіндірудегі біржақтылық, оның қандай да бір қырлары мен заңдылықтарын жете бағаламау. Бірақ әлеуметтік материя туралы қолда бар барлық жалпы әлеуметтану теорияларын зерделеген кезде толық түсінік алуға болады, өйткені олардың әрқайсысы әлеуметтік өмірді қандай да бір қырынан түсіндіреді.
Бұдан әрі арнайы әлеуметтану теорияларын немесе орта деңгей теорияларын бөліп қараған жөн. Олар жалпы алғанда байланыстардың екі негізгі түрін: тұтас қоғамдық жүйе мен қоғамдық өмірдің осы саласы арасындағы, сондай-ақ қоғамдық өмірге тән ішкі өзара байланыстарды ашып көрсетеді. Демек, олардың жалпы әлеуметтану теориясымен салыстырғандағы қолданылу аясы неғұрлым тар, олардың пәндік саласы салыстырмалы дербес құрамдас бөліктермен және тұтас қоғамдық процестермен шектелген. Д.Марковичтің анықтамасы бойынша, арнайы әлеуметтік теориялар - жеке қоғамдық құбылыстарды өзінің зерделеу пәні ретінде алып қарайтын және олардың құрылымын, дамуының ерекшелік заңдарын және басқа қоғамдық құбылыстармен байланыстарының ерекшеліктерін зерттейтін теориялар. Жалпы әлеуметтану теориясынан өзгеше олар барлық қоғамдық құбылыстардың өзара әрекеті емес, бірақ қандай да бір қоғамдық құбылыстың (әлеуметтанудың пәні болатын) және барлық өзге қоғамдық құбылыстардың ерекше байланыстарын зерделейді.
Барлық арнайы әлеуметтану теорияларын (орта деңгей теорияларын) шартты түрде үш топқа бөлуге болады:
1) әлеуметтік институттар теориялары күрделі әлеуметтік өзара байланыстар мен қарым-қатынастарды зерттейді (отбасы әлеуметтануы, білім беру әлеуметтануы, ғылым әлеуметтануы, дін әлеуметтануы, өнер әлеуметтануы, әскери әлеуметтану, саясат әлеуметтануы, еңбек әлеуметтануы және т.б.);
2) әлеуметтік қауымдастықтар теориялары қоғамның шағын топтан бастап әлеуметтік тапқа дейінгі құрылымдық бірліктерін зерттейді (кіші топтар әлеуметтануы, ұйымдар әлеуметтануы, топтар, жіктер, таптар әлеуметтануы, аумақтық принциптер бойынша қауымдастықтар әлеуметтануы және т.б.);
3) мамандандырылған әлеуметтік процестер теориялары әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (қоғамның бүлінуінің әлеуметтік процестері - қылмыс, нашақорлық, маскүнемдік әлеуметтануы, жанжалдар әлеуметтануы, жинақылық және көші-қон әлеуметтануы, кенттену әлеуметтануы, коммуникациялық процестер әлеуметтануы, қоғамдық қозғалыстар әлеуметтануы және т.б.).
Әлеуметтанудың басқа ғылымдармен - экономикамен, саясаттанумен, этнографиямен және т.б. байланыс теориялары салалық деп аталады. Бұл теориялар қоғам өмірінің әр түрлі салаларындағы әлеуметтік заңдар мен заңдылықтардың көрініс табу нысандары мен әрекет ету механизмдерін зерделейді. Олардың объектісі болып табылатындар: экономика, саясат, құқық және т.с.с. қоғамның жеке “бөліктері”. Олар әлеуметтанудың басқа ғылымдармен байланысын жалғастырады. Олардың айырмашылығының негізін зерттеу объектісі атқарады, ол әлеуметтанушылық оқу пәнінің атауында көрсетіледі: “экономикалық әлеуметтану”, “саяси әлеуметтану”, “құқық әлеуметтануы”. Бұл теориялар ерекшеленген әлеуметтанушылық категорияларды: әлеуметтік топ, әлеуметтік институт, әлеуметтік ұйым және т.б. пайдалана отырып, қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларын олардың әлеуметтік қарым-қатынастары тұрғысынан зерделейді. Аталған оқу пәндеріндегі “әлеуметтану” термині қоғам өмірінің әлеуметтану пәнімен және әдісімен шарттастырылған тиісті салаларына ерекше көзқарастарды көрсетеді.
Арнайы әлеуметтану теориялары салалық теорияларға қарағанда неғұрлым жоғары абстракция деңгейімен сипатталады және бір объектінің өзін қандай да бір әлеуметтік қауымдастықты белгілі бір көзқарас тұрғысынан қарауға, зерделенетін объектінің қандай да бір қызықтыратын “кесіндісін” бөліп қарауға мүмкіндік береді.
Арнайы әлеуметтану теориялары жалпы және салалық теориялардың байланысын жалғастыра отырып, әлеуметтану білімінің тұжырымдамалық негізі болады. Біріншіден, оларда әлеуметтанудың санаттық-ұғымдық аппаратының өзіндік бір негізін құрайтын әлеуметтану категориялары жасалады. Екіншіден, осының салдары ретінде арнайы теорияларда әлеуметтану пәні қалыптасады. Үшіншіден, оларда әлеуметтану білімінің басқа білімнің ешқайсысына қосылмайтын айрықша түрі ретіндегі ерекшеліктері көрініс табады. Осыған байланысты арнайы әлеуметтану теориялары әлеуметтану білімінің барлық салаларын оның объектісіне, функциясы мен деңгейіне қарамай біртұтас етіп біріктіреді, ал жалпы, арнайы және салалық теориялардың бір-бірімен қарым-қатынастары кері байланыс түрінде болады.
Білімнің біртұтас және тармақталған жүйесі ретіндегі әлеуметтану ғылымының бұдан былайғы прогресі жалпы әлеуметтану теориясының дамуымен де, салыстырмалы дербес теориялық ішкі жүйелерді құрумен де байланысты. Жалпы әлеуметтану теориясы білім жүйесі ғана емес, жаңа білім алудың үлгі әдісін сипаттау да болып табылады. Теориялық тұжырымдаудың неғұрлым жоғары деңгейлері - одан төмендеу жоғары деңгейдегі теорияларды - салалық және арнайы теорияларды құру үшін әдістемелік негіз болады. Бұлар эмпирикалық әлеуметтану зерттеулерінің мәліметтерінен нәр алады.
Жоғарыда көрсетілгендей, әлеуметтану ғылымы өзі зерделейтін пәнді ғана емес, өз пәнін тануда және алынған білімді тексеруде пайдаланатын әдістерді де қамтиды.
Әдіс - ғылымның ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда ғылымды әдіс пен теорияның диалектикалық бірлігін білдіреді деп айтуға болады. Әдісті білім жүйесі ретінде ғылымнан бөліп алуға болмайды, өйткені әдістің өзі шындыққа қалай келу керектігі туралы білім болып табылады.
Әлеуметтану әдісінің өзгешелігі ең алдымен осы ғылым пәнінің ерекшелігімен айқындалады. Ғылым ретінде әлеуметтану пәні туралы әр түрлі және қарама-қайшы түсініктер болатындығы сияқты оның әдісін түсінуде де алшақтықтар бар. Әлеуметтану әдісін түсінудегі алшақтық, Марковичтің пікірінше, бірқатар факторларға байланысты. Әлеуметтану әдісі туралы түсінікке ең алдымен ғалымға тән қоғамды түсіну ықпал етеді. Әлеуметтанудың дамуы барысында қоғамның мәні жөнінде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше көзқарас қалыптасқан және олардың әрқайсысы әлеуметтану әдісін түсінуге ықпал еткен.
Екінші фактор ғылымның әлеуметтік рөлі туралы ұғым болып табылады. Бір көзқарасқа сәйкес ғылым не болғанын, осы шақта не болып жатқанын зерделейді, ал болашақ туралы ештеңе айта алмайды. Екінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым тарихтың барысына және қоғамның жай-күйіне түбегейлі ықпал етуге, ахуалды өзгертуге қабілетсіз, бірақ қоғамның құрылымы мен ұйымындағы жекелеген кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туғыза алады. Үшінші бір көзқарасқа сәйкес ғылым қоғамда түрлендіру рөлін атқарады. Атап айтқанда: қоғамды зерделейтін ғылым оны сын көзімен талдайды және қоғамдық қатынастарды түрлендірудің қаруы болады.
Әлеуметтану әдісі туралы ұғымның сипатына ықпал ететін үшінші фактор зерттеу техникасының деңгейі және жекелеген, неғұрлым ықпалды әлеуметтанушы-ғалымдардың зерттеушілік қасиеттері мен бейімділіктері болып табылады.
Әлеуметтану әдісінің өзіндік ерекшеліктерін түсіну үшін бірқатар жалпылама ережелерді бөліп қараған жөн:
Әлеуметтану әдісін әлеуметтік философияның әлеуметтануға және басқа да қоғамдық ғылымдарға қатысты әдістемелік рөлін мойындамайынша дұрыс түсіну мүмкін емес. Бірақ әлеуметтік-философиялық әдіс әр түрлі көрініс табады, қандай да бір қоғамдық ғылымның объектісі мен пәні өздерінің ерекшеліктеріне қарай жаңғырып отырады. Және бұл орайда әлеуметтану - ең алдымен тұтас әлеуметтік жүйе ретінде қоғамды жан-жақты зерделеудің әлеуметтік-философиялық әдісінің ерекше көрінісі, нақтылануы.
Әлеуметтануда қоғамды тұтас әлеуметтік жүйе ретінде және оны субъектілік-қызметтік жағы тұрғысынан зерделеу осы ғылымның құрылымдық-функционалдық талдау әдісін кеңінен пайдалануға болатынын алдын ала анықтайды, соған сәйкес қоғам өмірінің әрбір саласы мен оның әрбір субъектісі тиісті ішкі жүйелер деп қарастырылады және оның жүйе ретіндегі қоғамдағы орны мен рөлі, олардың іс-қимылы мен өзара әрекеттестігі айқындалады. Әлеуметтану әдісі қоғамды оның құрылымы, қызмет атқаруы және дамуы тұрғысынан зерделеуді талап етеді.
Нақты айтқанда, әңгіме әдіс туралы емес, әлеуметтанудың әдістері туралы болуға тиіс. “Әлеуметтану әдісі” ұғымы жинақтаушы, тұжырымдаушы мағынасында қолданылады. Әлеуметтану әдісінің құрылымына қоғамды макродеңгейдегі, яғни тұтас әлеуметтік жүйе ретіндегі және орта деңгейлердегі, яғни олардың жеке элементтері, ішкі жүйелері деңгейіндегі және микродеңгейдегі, яғни тұлғааралық өзара әрекет деңгейіндегі әлеуметтік зерттеудің әдістемелік принциптері кіреді.
Әлеуметтану әдісінің маңызды сипаттамаларының бірі – әлеуметтанудың әлеуметтік шынайылықты зерттеуде эмпирикалық зерттеуге сүйенетіндігінде. Мұндай зерттеу шеңберінде әр түрлі әдістер пайдаланылады: бақылау, сұрау, құжаттарды талдау, эксперимент және т.б. Қалай болған күнде де эмпирикалық жолмен тексерілетін әлеуметтік фактілерді зерделеуге және олардың өлшемдеріне тікелей немесе жанама түрде сүйенетін әлеуметтану зерттеуі ғана нағыз және толыққанды болып танылады.
Әлеуметтану білімі мынадай құрамдас бөліктерді қамтиды: фактілер, болжамдар және теориялар. Әлеуметтану әдістері сонымен қатар ережелер мен амалдар ретінде қарастырылады, олардың көмегімен фактілер, болжамдар және теориялар өзара ұштасады.
Әлеуметтану әдісі проблемасының маңызы ең алдымен дәл осы әдістің талаптарын қатаң сақтау негізінде алынған әлеуметтану білімінің нағыз ғылыми білім болып танылуында.
Әдебиеттер: 1.Биекенов К.У., Биекенова С.К., Кенжакимова Г.А. Социология: Уч.пособие. – Алматы: Эверо,2016. – 584с
2.Айбеков Б.Ө., Абенов К.К. Әлеуметтану. Оқу құралы. Шымкент. 2003ж
3.Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы: оқу құралы. 2-басылым. – Алматы: "Қазақ университеті", 2012. – 224б
4.Дж. Ритцер, Дж. Степницки. Әлеуметтану теориясы. – Алматы: "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры, 2018. – 856 бет.
5.А.И.Икенов. Әлеуметтану негіздері. Оқу құралы. А.; 2004.
6.Збровский Г. Общая социология, Екатеринбург, 1997