Азот пен ақуыз айналымы. Патологиялық үрдіс өсімдік мүшелеріндегі азот айналымына да біраз әсер етеді. Көпшілік жағдайда ауру жайлаған ұлпаларда оның мөлшері төмендейді. Бірақ, тат ауруына шалдыққан бидайда, азот метаболизмі көбінесе сорттардың ауруға бейімділігіне байланысты келеді. Ауруға бейім сорттарда жалпы және еритін азот мөлшері артса, оған берік сорттарда ақуыздың барлық фракциялары төмендейді. Азот айна- лымы көмірсу мөлшеріне байланысты келеді. Фотосинтез қарқыны төмендеуі оның тапшылығына әкеп соғады, осының салдарынан ақуыз тыныс алуға жұмсалады немесе оның ыдырауы артады. Патогенді ағзалар бөліп шығаратын ферменттер құрамындағы азот ие-өсімдік жасаушаларындағы заттардың құрылымын өзгертуге әкеп соғады. Сонымен қатар, паразит токсиндері әсерінен протеаз ферменті арқылы ақуыз аминқышқылдарына дейін ыдырауы мүмкін. Ауруға шалдыққан ұлпаларда азот айналымының өзгеруі патогенді ағзалардың ақуызсыз қосылыстардан ақуыз түзуіне де байланысты. Оның ыдырауынан көптеген патогенді ағзалар құрамына кіретін аммиак түзіледі. Вирус ауруына шалдыққан өсімдіктерде азот қоспалары мен аминқышқыл мөлшері өзгеріп отырады.