Дәріс №9 Тақырыбы: Тарихи фонетика, оның объектілері және зерттелуі. Мақсаты:, Тарихи фонетиканың дамуы, тілдегі дыбыстық ,фонологиялық жүйесінің қалыптасуы көне түркі дыбыстарының зерттелуі.
Жоспары: 1 Жеке дауыстылардың дамуы мен қалыптасуындағы ерекшеліктер.
2Интервокал позицияда қатаңдардың ұяндануы.
3 Сингорманизм- варианттылығы туралы
Мазмұны: Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады, көне қыпшақ тілінің белгілі дәрежедегі мұрагері. Қыпшақ тобындағы тілдердің оғыз, қарлұқ тілдерінен ортақ ерекшелігі мыналар: 1) 8-9 дауысты дыбыс қолданылуы, ы, і, у, ү қысаң дауыстыларының түрлі мәнермен айтылуы. Қазақ тіліндегі ы, і, ұ ү татар тіліндегі ы, и, у, ү дыбыстарына қарағанда бір шама ашық, бірақ қысқа дыбысталынады. Ал, татар тілінде дыбысталуы қысқа болғанмен сәл кеңейіп, езулік тәрізді естіледі. Сондықтан түркологиялық әдебиеттерде қыпшақ тілдеріндегі қазақтық ы, і, ұ, ү мен татарлық ы, и, у, ү бірдей болып қаралмайды. 2) аффикстер құрамында еріндік дауыстылар айтылмайды. Бұл ерекшелік қыпшақ тілдерінің барлығын дерлік қамтиды. 3) Сөз құрамында дауыстылардың еріндік үндесуі өте әлсіз. Ерін үндестігінің әлсіздігі сөз құрамында қысаң дауыстылар айтылғанда ғана байқалады, бірақ кең тараған жүйе болмағандықтан орфографияда ескерілмейді. Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында еріндік, кейінгі буындарда қысаң дауыстылар келсе, алдыңғылары соңғыға ықпал етеді. Бірақ ол өте әлсіз естіледі. 4) Созылыңқы дауыстылар жоқ. Кейбір тілдердегі екінші дәрежелі созылыңқылар орнына қыпшақ тілдерінде дифтонгтар айтылады. 5) Көне түркі жазбалары тіліндегі ғ, г мен дауыстылар тіркесіне олардың жаңа тіркестері: ағ-ав//ау,оғ-//ув //ый//ыу//ой, ег-ев//ий//ей, әг-үй//үү, ығ-ув//ый, уғ-ув//уу//ұ//ы қолданылады. Қазақ тілінде бұлардан ау, ой, ыу, ей, ій, үй, ый, ұу тіркестері жиі кездесетіні мәлім. 6) Көптеген тілдерде сөз басында айтылатын п қатаң дауыссызының орнына ұяң б дыбысы қолданылады, бірақ жіктеу есімдігінің І жағы м дыбысымен мен түрінде айтылады. 7) Сөз басында қатаң т, қ, к дауыссыздары жиі айтылады. 8)Сөз басында й, ж, дж дыбыстары жарыса қолданылады. 9) Сөз ішінде, екі дауысты арасында п, қ, к дыбыстары ұяңданып, б, ғ, г түрінде дыбысталады. Қыпшақ тобындағы тілдерге ортақ негізгі белгілер осындай. Ал, көне тілдерде сөз ортасында айтылған з, д, т дыбыстарының орнына й спирант дыбысының айтылуы, п – б, к – г, қ – ғ, с – з, д – т дауыссыз дыбыстардың қатаң – ұяң болып жіктеліп келуі тек қыпшақ тілдеріне тән белгілер емес, жалпы батыс түркі тілдеріне ортақ ерекшеліктер.
Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі өз заңдылықтары, өз ерекшеліктері ыңғайымен ғана дамыған жоқ. Әр дәуірде түрлі тарихи - әлеуметтік жағдайларда қазақ тілі басқа тілдермен байланысқа түсті. Соның нәтижесінде фонетикалық жүйеде бұрын жоқ ерекшеліктер мен құбылыстар пайда болып, қалыптасты.
Ғасырлар бойы араб, парсы тілдерімен қатынас нәтижесінде сөздің абсолют басында, бірінші буын құрамында айтылатын ғ, г, ә дыбыстары қалыптасты. Жаңа дыбыстардың қалыптасып, орнығуы, орыс тілімен қатынасқа түсу барысында бұл процесс тереңдеп, Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі кезеңде жаңа сапаға көшті. Бұл процестің негізгі нәтижелері деп мына құбылыстарды атауға болар еді: 1) газет, актив тәрізді сөздердің тілімізде орнығуы арқылы а дыбысының тіл ортасы арқылы дыбысталатын жаңа бір сапалық варианты а қалыптасты, 2) электор, элеватор сөздерімен бірге э дыбысы да орнықты. Соның нәтижесінде бірінші буындағы е дыбысының жаңа варианты шықты, 3) тілімізде ертеден орныққан, г, з дыбысынан басталатын сөздер молайды. Гүл, заң, заман тәрізді сөздер қатары газет, газ, галстук, заем, зоотехник тәрізді интернационалдық сөздермен толықты. Г дыбысы жіңішке дауыстылармен ғана емес жуан дауыстылармен де тіркесе айтылатын болды. Бұл советтік – интернационалдық сөздермен бірге келген ерекшелік, 4) орыс тілі арқылы қазақ әдеби тіліне в, ф, х, ц, ч, щ фонемалары еніп, орнықты. Бұлардың орнығып, қалыптасуы орыс алфавитін қабылдап, соған сай орфографиялық ережелер қолдануға байланысты болды. Дегенмен, осы фонемалардың кейбірінің қолданылу ізі әдеби тіліміздің тарихында болған. XVIII – XIX ғасырларда «кітаби тіл» деген атпен әдеби тілде ф, х дыбыстарын қолдануға талпыныс болғаны мәлім. Алайда, ол қолдау тапқан жоқ, тек бірен – саран оқығандардың жазу машығы дәрежесінен аспай қалды.
Қазақ тілінде кейбір дауыссыздардың сәйкес қолданылуы да бар. Негізгі ерекшеліктері тұрғысынан қазақ тілі көп өзгеріске ұшыраған тілдер тобына жатуға тиіс. Жалпыалтайлық консонантизм қазақ тілінде жаңа сипатта орныққаны күмән туғызбайды. Айталық, қазақ тілінде р – з, л – ш//с сәйкестігінің де соңғы звеносы тілдің негізгі құрамын қамтитындығ белгілі. Сондықтан қазақ тілінде қыз, мұз, қазан, қыс, тас түрінде айтылады. Солай деп қарасақ та қазіргі қазақ тілінің сөздік қорында осы екі сәйкестіктің де ежелгі варианттары ұшырасады. Көр, семір, тура, тер тәрізді з-мен келген сөздердің түбірлес туындылары көп кездеседі. Сондай – ақ қазақ тіліндегі жас, жыл, бес және білек сөздерін өзара салыстырғанда л – ш//с сәйкестігінің ізі байқалады. Кейбір тұрақты тіркестер құрамында ғана қолданылатын сөздерде протоалтайлық л дыбысы ұшырасады. Сондай – ақ р – з – й сәйкестігі де қазақ тілінде екі түрлі: көр, көз және тура, түзу, тіре, тая. Бұл айтылғандардың бәрі де қазақ тілі «жаңа» тілдер тобына жатқанмен, екінші жағынан, көнелік белгіні де сақтағандығын дәлелдейді. «Жаңа» белгілердің көп, ал «көне» белгілердің әр қилы ұшырасуы қазақ тілінің даму тарихының ұзақтығы мен күрделілігін білдірсе керек.