Дәріс№5 Қазақ әдеби тілі жайындағы пікірлер. Мақсаты



бет1/2
Дата02.05.2023
өлшемі23,07 Kb.
#88906
  1   2

Дәріс№5
Қазақ әдеби тілі жайындағы пікірлер.
Мақсаты: Қазақ әдеби тіліне қатысты айтылған пікірлермен, анықтамалармен танысу.
Жоспар:

  1. Әдеби тіл туралы түсінік.

  2. Әдеби тілдің белгілері.

  3. Ауызша әдеби тіл.

  4. Жазба әдеби тіл.

Әдеби тіл деген сөздің мазмұны, сипаты жөнінде тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы отандық лингвистикада анық, айқын үзілді-кесілді пікір жоқ екені айтылып келеді. Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпы халықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен туындылардың тілі әдеби тіл деп табады.
«Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі» (Будагов Р.А. Проблемы изучения романских литературных языков. М., 1961, стр. 24 ).
«Әдеби тілдің тарихы – жазба ескерткіштердің тарихы» (Левин В.Л. История русского литературного языка. М., 1957, с.213).
«Жазу - әдеби тілдің ең маңызды және қайткенде де болуға тиісті белгісі» (Филин Ф.П. О свойствах и границах литературного языка. 1975, с.12).
Зерттеушілердің көпшілігі әдеби тіл ұғымы тарихи жағынан құбылмалы деп таниды. Қазақ тіл біліміндегі «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір аныықтама берілмей келеді. М.Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды» («Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері») –дейді. Ғ.Мұсабаев та дәл осы тұжырымды ұстанады: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Ол жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес»,-деген.
Белгілі бір халықтың әдеби тілінің қалыптасып дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Осы күнгі ұлт болып қалыптасқан халықтардың тілдерін ұ л т т ы қ к е з е ң г е д е й і н г і және ұ л т т ы қ әдеби тілі деп бөліп зерттеу дұрыс деп танылып жүр. Бұл екі кезеңнің аралық тұсы - өткен ғасырдың ІІ жартысы, яғни қазақтың ұлттық әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қалыптасты деп танимыз.
Әдеби тілдің ең басты белгісі 1-шіден, оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы; 2-шіден, қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс.
Әдеби тілді зерттеу сол халықтың рухани-мәдени дүниесінің тарихын танып-білумен тығыз байланысты. Ең алдымен, қазақ әдеби мұрасына келгенде, оның бірнеше ғасырлық ақын-жыраулар поэзиясын әдебиет деп тану керек. «Әдебиет» (литература) деген сөздің түп төркінінде литера (әріп), демек, «жазу» ұғымы болғанымен, бұл сөздің терминдік мәні еуропа мен орыс мәдениетінің өзінде сан құбылып қолданылып келгенін білеміз. Егер біз әдебиет сөзіне тек жазба түрде емес, өзгеше жолмен де өмір сүріп келген, біздің заманымызға дейін жоғалмай, түбегейлі өзгермей жеткен көркем сөз деген ұғым беретін болсақ, оның тілін де фольклор тілінен бөлек сапада деп тануға тиіспіз. Бұлайша бөліп тануға негіз болатын белгілер:
-Халық ауыз әдебиеті авторсыз дүние екені мәлім, ал ақын-жыраулар шығармсашылығы – иелері бар мұралар және ең маңыздысы, әр автордың шығармалары өзінің композициясы, мазмұны, идеясы, көркемдіктәсілдері жағынан бір-бірінен азды-көпті ажыратылып тұрады.
-Халық ауыз әдебиеті тіліне, әсіресе оның эпос сияқты кесек шығармаларына көптеген дәстүрлі образдар, кейбір сөздер мен сөз тіркестері ортақ болып келеді, бір-біріне ауыссып та жүреді.
-Ақын мен жырау поэзиясында уақыт пен мекенге қарай нақтылық, адамның ішкі дүниесін суреттеушілік, лиризм сарыны фольклорға қарағанда күшейе түседі.
-Әрбір ақын немесе жыраудың қабілетіне орай, өлең-жыр шығарушылық ерекшелігі өлең техникасына шым-шымдап жаңалықтар, даралықтар қосады, яғни авотрлы поэзия ұйқас таңдау, синтаксистік және ритмикалық топтарды пайдалану сияқты салаларда ауыз әдебиеті тілі шеңберінен шығып кетеді.
Осы көрсетілгендер бұл екі саланың бір-бірінен ажыратылуға тиіс айырым белгілері болса, сонымен қатар, олардың бір-біріне ұқсас ортақ тұстары да айтарлықтай. Олар, біздіңше, мыналар:

  1. Ең басты ортақ белгі – екеуінің де ауызша таралып, ауызша сақталуында. Осының салдарынан заман озған сайын олардың текстері біртіндеп «редкцияланып», там-тұмдап жаңғыртылып отыру фактісі бар. Сондықтан, бұларда көне тұлға-тәсілдермен қатар, жаңа сөздердің, тіркестердің, біздің заманымызға тән тәсілдердің орын алуы заңды. Бірақ бұлардағы модернизация, түп-түбегейлі емес. «Ауызша баспаның» қолайсыздығынан жеке шумақ-тармақтардың, кейде тіпті тұтас текстердің иесінен айрылып, «көшіп» жүруі де мүмкін құбылыс. Осындай көшпелі тармақтар мен текстер кейбір өлең-толғаулардың авторлығына күмән келтіріп, оларды ауыз әдебиеті нұсқаларына ұқсастырып, кейде тіпті көшіртіп жібереді.

  2. Қазақ ақын-жыраулары тілінің қайнар көзі мен сөз мүсінін жасайтын қалыбы – ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті тілі болғандықтан, кейбір суреттеу құралдары жағынан бұлар ұқсас түседі. Оның үстіне, ауыз әдебиетінің эпос сияқты қомақты түрлерін тудырушылар немесе сақтап, таратушылар, бір жағынан, жыраулар болғандықтан, халықтың сөз өнерініің барша көркемдік арсеналы әрдайым олардың жадында сақталып, ауыздарына оралып тұратындығы да ақын-жыраулар шығармашылығы мен фольклор тілдерін жақындастыратын себептердің бірінен табылады.

  3. Айтыстар мен кейбір тұрмыс-салт жырларында және толғауларда орын алатын суырып салмалық тәсілі ақын-жыраулар тілін халық поэзиясы дәстүрімен берік байланыстырады, өйткені суырып салмалық өнер табиғаты табан аузында табыла қоятын дайын штамптаррды қол көреді. Бұл да, сөз жоқ, кейбір авторлы айтыстарды, толғауларды, бата-тілектерді фольклор дүниесіне ұқсаттырып жібереді.

Қысқасы, қазақ халық ауыз әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір белгілерімен ұқсас келетін профессиналдық әдебиет те өмір сүріп келді, оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деп есептейміз.
Әдебиетшілер тарапынан да, тіл мамандары жағынан да құбылыстың өзін мойындағанмен, яғни өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармашылығын әдебиет қатарында қарастырғанмен, бұл әдебиетті әркім әр түрлі атап жүрген жайлары бар. Мысалы, Қ.Жұмалиев Абайға дейінгі әдебиетті «қазақтың тарихи әдебиеті» деп, Қ.Өмірәлиев «қазақтың азаматтық поэзиясы» деп, А.Ысқақов пен Е.Жұбановтар «жалпы халықтық әдебиет» деп атап кетеді. Бұл ғалымдардың ешқайсысы арнайы термин ұсынбайды.
Сөйтіп, ХІХғ.ІІ жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның а у ы з ш а т а р а ғ а н ә д е б и т і л і болды дейміз. Әдеби тілдің бұл типтерінің бір-біріне жақын келетін және ажыратылатын тұстары едәуір болды. Олар:

  1. Ауызша (жазба алдындағы) әдеби тілдің қазақтың ауыз әдебиеті тілімен жоғарыда көрсетілген жақын келетін сәттері, бір жағынан, жазба тілден ерекшеленетін белгілері болып шығады.

  2. Ауызша әдеби тілдің арнасы мен үлгілері жазба тілге қарағанда, әлдеқайда тар, яғни ақын-жыраулар өз халқының ауыз әдебиеті үлгілерінен басқа өзге халықтар әдебиетіне көп иек артпады, бұл олардың тіліне де салқынын тигізді. Жазба әдебиет болса, араб-парсы әдебиетінен де, өзге түркі әдебиеттерінен де, орыс әдебиетінен де үлгі-өнер алып дамыды. Мұның тіл дамуындағы ролі айрықша болды.

  3. Ауызша әдеби тілдің стильдіу тармақтарға бөлінуі жазба тілмен салыстыруға мүлде тең келмейді. Алдыңғысы, негізінен көркем поэзия мен ішінара шешендік сөздер түріндегі үлгілерден танылады. Оның көркем проза, публицистика, кеңсе-іс қағаздары және ғылыми стильдері болмады.Ал қазақтың төл жазба әдеби тілі өзінің пайда болған кезеңінен бастап, аталған стильднрдің барлығын қамтиды.

  4. Ең үлкен айырмашылық бұлардың таралу, сақталу әдісінде болды. Жазба алдындағы әдебиет ауызша таралды, ауызша сақталды. Ал жазба әдеби тілдің жазумен танылып, жазба түрде таралатыны аян.

  5. Келесі айырмашылық - әдеби дүниені тудыру тәсілінде болса керек. Жазба әдебиет өкілдері өз туындыларын сан рет өзгертіп, түзетіп, қырнап, өңдеп отыратын мүмкіндікке ие. Ал ақын-жазушылар шығармашылығында бұл процесс кемде-кем, әсіресе суырып салмалық өнер болған тұста автор өз туындысын қайта өңдеп түзете алмайды. Бірақ, бұл әдебиет, ең алдымен, түгел экспромтпен табан аузында туған дүниелер емес екенін ескеру қажет. Ақын-жыраулар өлең-жырларының дені – ойланып, толғанудың жемісі, іштей сан рет сөз саралап, ой түюдің нәтижесі болса керек. Демек, жазба түрде болмаса да, «іштей редакция» мұнда да жүріп жататынын жоққа шығаруға болмайды. Қазақтың нағыз ақын-жыраулары ауыздарына алғаш түскен сөзді ұйқастыра берушілер емес, белгілі дәстүрді ұстай отыра, сөзді таңдап жұмсаушылар, айтпақ ойын тыңдаушыға әсерлі етіп жеткізушілер.

Сөйтіп, қазақтың жазба әдеби тілі тұтқиылдан, айталық, Абай мен Ыбырайдың шығармалары туған күннен немесе кейбір зер ттеушілер жазғандай, «Түркістан уалаяты» газеті мен «Дала уалаяты» газеттерінің алғашқы нөмірлері шыққан күннен баталған емес. Мұның алдында әдеби тіл үлгісі болған. Ол қазақтң төл әдеби тілі болып, бір жағынан, ауыз әдебиеті тілінен, екінші жағынан, жазба әдеби тілден ерекшеленетінін көреміз.
Сонымен қатар өткен дәуірлердегі қазақ қоғамы өмірінде және бір әдеби тіл болды. Ол – бірқатар түркі халықтарына ортақ орта азиялық жазба әдеби тіл – түркінің локальдық («қазақтық») түрі. Бірақ мұның қолданылу аясы өте шағын болды, бұл іс-қағаздары мен эпистолярлық жанрға, одан кейін мұсылманша діни әдебиетке қызмет етті. Бұл тілідң элементтерін ХІХ ғасырдағы тұңғыш баспасөзі мен публицистикасы. Ішінара көркем әдебиеті («кітаби ақындар») пайдаланды. Бұл тілід кезінде қазақ топырағында кітаби тіл деп, осы тілде жырлаған ақындарды кітаби ақындар деп атады. Қазақ мәдениетіне қызмет еткен кітаби тіл таза шағатай тілі емес, сол тілдің және татар жазба әдеби тілі мен қазақ тілдерінің элементтерін араластырыппйдаланған қоспа дүние – локальдық құбылыс болғандықтан, ор «тіл шұбарлығы» сипатын алды. С.Е.Малов мияқты ғалымдардың бұл тілді жаргон деп атауына да осы белгісі себепкер болса керек.
Қазақ қауымына белгілі бір кезеңдерде (ХХ ғасырдың алғашқы он жылдықтарына дейін) қызмет еткен кітаби тіл қазақтың көркем әдебиетіне, әсіресе поэзиясына бойлап ене алмады. Бірақ бұл жазба тіл, әсіресе орта азиялық жазба тіл – түркі тілі қазақтың ауызша әдеби тіліне де, ұлттық жазба әдеби тліне де әсерін тигізгенін, сөздік құрамын толықтырып, кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді ұсынғанын жоққа шығаруға болмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет