дəріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дəріс. Қазақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері



Pdf көрінісі
бет4/9
Дата07.02.2023
өлшемі3,67 Mb.
#65730
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Снимок экрана 2023—01—25 в 14.35.40

4-дəріс. Қазақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері
– 2 академ.сағ.
Жоспары:
1. 
Қазақ халқы қалыптасуының тарихи алғышарттары. «Қазақ» этнонимі.
Қазақ жүздері
2. 
XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы
3. 
XVII ғ. жəне XVIIIғ. басындағы Қазақ хандығы
4. 
Қазақстанның XIV ғасыр – XVIII ғғ. бас кезі аралығындағы мəдениеті
1.(23-слайд) Халықтың қалыптасуы өте күрделі, сан қырлы мəселе.
Əрине, қола дəуірінде, яғни бұдан 3—4 мың жыл бұрын өмір сүрген
андрондық тайпаларды біз қазақ халқының тікелей ата тегі деп атай
алмаймыз. Одан бергі сақ, ғұн, үйсін, сармат тайпаларын да тек қазақтың ата
тегі деп түсіну тарихқа қиянат болады. Түркі тайпаларының Орталық Азия,
Еділ бойы халықтарының, солтүстік-шығыстағы Колымадан оңтүстік-
батыстағы Балқан түбегіне дейін шашырап жатқан түркі жұрттарының шығу
тегіне қатысы болғандығын есте сақтау керек. Еуразияда өзінің тарихи
аумағын, мəдениеті мен тілін, дінін қалыптастырған қазақ деген халықтың
күні кеше ғана пайда болмағандығы белгілі. Қазақ халқының нəсілдік-
генетикалық, мəдени тегінде сонау андрондықтардан бастап үзілмей келе
жатқан бір желі бар екендігін анық байқаймыз.
(24-слайд) Қазақ этнонимінің бастапқы түрі-«Алаш мыңы». Қадырғали
би Жалайыр көрсеткен «Алаш мыңының» ру-тайпалық құрамы ұлттық
ауқымға көтерілген қазақ қауымынан анағұрлым тар. Егер «Алаш мыңы»
əскери одақты еске салса, «қазақ», əрине, таза этностық ұғым. Бұл екі ұғым-
тұтас, өзара тікелей сабақтас екі тарихи кезең. «Алаш мыңының» «қазақ»


атануы қысқа мерзімнің нəтижесі емес. XV ғ. орта тұсында Дешті Қыпшақ
жұрты арасында орныққан бұл атауды XVI-XVII ғғ. Орталық Азиядан тыс
елдер де қабылдай бастайды. Этнонимнің эволюциясы Алаш мыңы-Алаш-
Қазақ бағытында жүрді. Біраз уақытқа дейін қазақ жұрты өздерін көрші
халықтар берген «қазақ» деп атамай, өз ішінде қабылданған алғашқы тарихи
атымен «Алаш» атап келді.
(25-слайд) «Қазақ» этнонимінің шығуы жөнінде түрлі пікірлер бар.
XVIII ғ. бері зерттеушілер əлі бір тоқтамға келген жоқ. Бүгінгі таңда «қазақ»
этимологиясының жиырмадан астам түсіндірмелері бар. Мысалы, «қазақ»
деген сөз «қаз» жəне «ақ» деген сөздерден шыққан. Бұл-қаздай тізілген көш
керуеніне қарап қойылған ат-дейді, немесе: «қазақ» атауы «қас» (хас)-нағыз
жəне «сақ»-көне замандағы сақтар атауынан құралған жəне «хас-сақ»-нағыз
сақ деген ұғымды береді, -дейді. «Қазақ» атауы жазба деректерде қай
заманнан бастап кездеседі? деген мəселе де əлі талас тудыруда. Енисейден
табылған VIII ғ. түркі жазба ескерткішінде «қазғақ ұғлым»-«қазақ ұлым»
деген сөз тіркесі кездеседі. Бұл ежелгі түркілерде «бір атаның баласы»
дегенді білдірсе керек. IX-X ғғ. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерін
мекендеген қарлұқ тайпасының «хасақтар» деген атауы болған. X-XI ғғ.
жататын араб деректері жəне орыс жылнамаларында Кубань жерінде
«əлкасакия» этностық қауымы, Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауында
«Касаг қаласы, касогтар» елі туралы деректер бар. Əзірбайжанның
батысында бүгінге дейін «қасақ» (қазақ) деп аталатын үлкен аудан бар. 1245
ж. мəмлүктік Египет мемлекетін басқарған қыпшақтар араб-қыпшақ сөздігін
жасап, «қазақ» деген сөзді «еркін, кезбе» деп аударады.
(26-слайд) Қазақ тілінің де қалыптасуы ұзақ глоттогенездік
байланыстың нəтижесі. Қазақстан жерін қола дəуірінде мекендеген
тайпалардың қай тілде сөйлегені жөнінде нақты дерек жоқ. Түркі тілі
Орталық Азияға кейініректе келген тіл емес. Бұл тілдің арғы төркіні
Оңтүстік-батыс 
Азиядағы 
б.з.д. 
4-3-мыңжылдықта 
өмір 
сүрген
шумерліктердің тілімен үндесіп жатыр. Шумерліктер мен түріктердің
көптеген мəдени-рухани байланысы бар екендігін алғаш рет көне түркі
тілдерінің маманы А.Аманжолов жəне дарынды ақын, көне тілдерді
зерттеуші ғалым О.Сүлейменов нақты мысалдармен дəлелдеді. Қазақ тілі
түркі тілдерінің тармағына жатады. Түркі тілдерінің ішінде қыпшақ тіл
тобына жатады. Бұл топтың ішінде қыпшақ-ноғай тармағына кіреді. Осы тіл
тармағына қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері жатады. Қазақ тілі қазақ
этносының негізімен бірге Қыпшақ конфедерациясы заманында қалыптасты.
(27-слайд) Қазақ халқымен «жүз» ұғымы тығыз байланысты. Жүз
ұғымының пайда болуы туралы түрлі пікірлер бар. Қазақ халқы мекендеп,
тіршілік жасаған жерлерде үш шаруашылық аймақ пайда болды. Осыған
байланысты осы аумақта мекендеген халықтар үш жүзге бөлінді. «Жүз»
дегеніміз-тайпалар одағының аумақтық ірі бірлестігі.
Ұлы жүз- Ақрыс. Жерлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу Сырдарияның
жоғарғы ағысы. Құрамы: Дулат, Албан, Суан, Сары үйсін, Сырғалы, Ысты,
Ошақты, Шапырашты, Шанышқылы, Қаңлы, Жалайыр.
Орта жүз
-Бекарыс. Жерлері: Орталық жəне Шығыс Қазақстан, Ертіс,
Есіл, Нұра, Тобыл-Сарысу өзендерінің бойы, Алтай Тарбағатай таулары,
Балқаш, Бетпақдала. Құрамы: Арғын, Найман, Қыпшақ, Керей, Уақ, Қоңырат.
Кіші жүз
-Жанарыс. Жерлері: оңтүстігінде Сырдария жəне Каспий
теңізінің жағалауы, солтүстігі Жайық, Ырғыз, Тобыл өзендері. Құрамы:
Табын, Адай, Шөмекей, Жағалбайлы, Алшын, Шекті, Төртқара, Тама,
Серкеш.
2. (2-слайд) Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қазақ
рулары мен тайпаларының этникалық жəне саяси топтасуының барған сайын
күшейе түсуі, қазақ халқы қалыптасуының ұзаққа созылған процесі мен оған
қосарласа үш жүздің қалыптасу процесінің аяқталуы, феодалдық
қатынастардың одан əрі дамып, нығаюы Қазақ хандығы түрінде өзінің қазақ
мемлекеттілігінің пайда болуын туғызған объективті себептер болды.
(3-слайд) Хандықтың негізін салушылар Орда Еженнің VII ұрпағы Ақ
Орда билеушісі Орыс ханның шөберелері Керей мен Жəнібек еді. 1456 ж.
Керей мен Жəнібек ханның Əбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ


тайпаларын бастап Шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоңыс
аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи
оқиға болған еді.
(4-слайд) 1428 ж. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық
қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық
иеліктерге бөлінгенде билік үшін өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ
Орданың орнына Əбілхайыр құрған «көшпелі өзбектер» мемлекеті пайда
болды. Əбілхайыр хан Жошы əулетінен шыққан сұлтандарды құдалауын
тоқтатпады. (5-слайд) Билік үшін күрес барысында Дешті-Қыпшақтан
өздерін қолдайтын жеткілікті күш таба алмаған Керей мен Жəнібек XV ғ. 50
жылдары қарамағандағы ауылдарымен Шу өзенінің бойына көшіп кетуге
мəжбүр болды. Сөйтіп, 1465-1466 жж. Шу мен Талас өзендерінің алқабында
Қазақ мемлекетінің негізін салған дербес қазақ хандығы құрылды.
Алғашқы қазақ хандары хандықтың территориясын кеңейтуге, Сырдария
өңіріндегі қалалар мен Шығыс Дешті-Қыпшақта өз билігін нығайтуға
тырысты. Əбілқайыр хандығы мен Моғолстанның құлдырауын пайдалана
отырып, Керей мен Жəнібек XV ғ. 60 жж. соңында қазақтар мекендеген бүкіл
территорияны біріктіру үшін күресті. (6-слайд) Əбілқайыр өлген соң Сыр
бойындағы отырықшы-егінші алқаптар мен қалалар үшін Шайбан
ұрпақтарымен бітіспес күрес жүргізді. Олардың негізгі қарсыластары
Əбілқайыр ханның ұлы Шейх-Хайдар жəне немерелері Мұхаммед Шайбани
мен Махмұд-сұлтан болды.
Сырдария мен Қаратау өңірі, соның ішінде Созақ, Сығнақ жəне
т.б.қалалар Батыс Жетісудағы қазақ хандарының иелігіне ең жақын болды,
олар ең алдымен осы жерлерге ұмтылды. Қазақ хандары үшін аймақтың
экономикалық жəне стратегиялық маңызы зор болды.
Сырдария қалалары
бұрынғы мемлекеттік құрылымдардың əкімшілік ордалары ретінде маңызды
сауда-экономикалық байланыс орталықтары еді, өз заманында тамаша
бекіністер болды жəне ұзақ қоршауға төтеп бере алды. (7-слайд) Бұл
кезеңдегі қазақ жасақтарының көрнекті басшыларының бірі Керей ханның
(1473-74 жж. билік құрған) ұлы Бұрындық болды. Кейбір деректер оны
шамамен 70-ші жж. ортасынан бастап, хан деп атайды.
80-90 жж. Сырдария
қалалары мен оазистері үшін күресте, қазақтар өзбек-шайбанидтер сияқты
Сығнақ пен Ясыны, Арқұқ пен Сауранды кезек-кезек қоршауға алды.
90-жж.
аяғындағы Отырарды қоршау Мұхаммед Шайбани мен Бұрындық хан
арасындағы бітіммен аяқталды.
XV ғ. аяғындағы күрестің нəтижесінде
Созақ, Сығнақ, Сауранның, Сырдария оазистерінің бір бөлігінің Қазақ
хандығының құрамына қосылуы қазақ хандарының елді біріктірудегі
табысының кепілі болды.
(8-слайд) Қазақ хандығының күшеюі XVI ғ. 
бірінші ширегінде,
Жəнібектің ұлы Қасым хан (1512-1521) тұсында болды, шын мəнінде ол
Бұрындықтың тұсында да билік жүргізе бастады. Содан бастап билік
Жəнібек ұрпақтарына көшті. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт
бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып, қазақ жерін
кеңейту болды. 
(9-слайд) 
Қазақтардың этникалық территориясының негізгі
аудандары Қасым хан тұсында біріктірілді. Бұл кезде хандықтың шекарасы
Оңтүстікте Сырдария, Түркістан аймағындағы қалаларды, Шығыс оңтүстікте
Жетісу жері, Солтүстік жəне Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш,
Қарқаралы тауларын, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды.
Ауыр дағдарыстан қалжыраған Ноғай Ордасы рулары мен тайпаларының бір
бөлігі қазақ хандары мен сұлтандарының билігіне бағынып, қазақ хандағына
көшіп келді. Осы кезде Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1
миллион адамға жеткен.
Қазақ хандығының нығаюы мемлекеттің беделін
арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында
белгілі табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ
бойы, Сібір хандығымен жəне орыс мемлекетімен сауда-саттық жəне елшілік
қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс
орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі Князь III Василий (1505-1533 жж.)


кезіндегі Москва мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына
дербес халық ретінде Европаға мəлім болды.
(10-слайд) Қасым хан қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу
мақсатымен, бұрыннан қалыптасқан əдеп-ғұрып ережелері негізінде алғашқы
қазақ заңы - «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Заң сол кезде мұсылман
елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан
өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Халық Қасым ханның
билер заңы-жарғыны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. Қасым хан
тұсында қазақ хандығының нығайғанына қарамастан, ол əлі орталықтанған
мемлекет бола қоймады. Қасым хан қайтыс болғаннан соң, оның мұрагерлері
арасында билікке таласқан феодалдық қырқыстар туды. Сыртқы саяси
жағдай қолайсыз болып, қазақ билеушілеріне қарсы моғол жəне өзбек
хандарының одағы қалыптасты.
(11-слайд) Өзара қырқысу кезінде Қасым ханның мұрагері Мамаш көп
ұзамай қаза тапты. Бұдан соң Қасымның немере інісі Тақыр хан болды (1523-
1533 жж.). Тақыр хан феодалдық қырқыстарды тия алмады, төңіректегі
елдердің бəрімен жауласты. Шайбани əулетімен ғана емес, қазақ хандығының
сенімді одақтасы болып келген Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен
де, Моғолстан хандарымен де жауласты. Оның тұсында феодалдық қанаудың
күшеюіне, Тақырдың қаталдығына наразы болған халықтар одан айнып,
көшіп кетіп отырды. М.Х.Дулатидің айтуынша: алғашқы Тақыр хан қол
астына қараған 1 миллион адамнан кейін 400 мыңдай адам қалған,
бастапқыдағы 10 лек əскерден кейін 2 лек əскер қалған екен.
(12-слайд) 1533 ж. Тақыр хан қайтыс болғаннан соң, қазақ хандығына
Бұйдаш (1533-1534 жж.) хан болды. Ішкі қырқыстар мен феодалдық соғыстар
Бұйдаш хан тұсында да тоқтамады. Сөйтіп, қазақ хандығы əбден əлсіреп,
бірнеше иеліктерге бөлініп кетті. Қазақстанның батыс аудандарында Ахмед
хан, Жетісуда Тоғым хан болып, қазақ хандығы 3 бөлікке бөлініп кетті. 1537
ж. Моғолстан мен Шайбани мемлекеттері одақ құрып Қазақ хандығына
аттанды. Қазақ пен қырғыздың қолын басқарған Тоғым хан одақтастармен
Ыстықкөлге жақын Сан-Таш асуында қиян-кескі ұрыста 37 сұлтаны жəне
тоғыз ұлымен қаза табады. Сөйтіп, Қасым хан қайтыс болған соң қазақ
хандығындағы саяси дағдырыс он бес жылға созылды.
(13-слайд) Қасым ханнан кейінгі бүліктердің салдарынан əлсіреген
хандықты нығайтып, біріктіруге Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-
1580 жж.) күш салды. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ
хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан
болған емес. Таққа отырған соң ол хандық билікті нығайтуға жəне
күшейтуге қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тахир мен Бұйдаш хандар
тұсында бытыраңқы жағдайға түскен қазақ хандығын қайта біріктірді. Ноғай
ордасындағы феодалдық топтардың күресін пайдалана отырып, Хақназар
ноғай мырзаларының көбін өз жағына шығарып, Жайық өзенінің сол жағын
қосып алды. Тарихи деректемелерде «Хақназарды қазақтар мен ноғайлардың
ханы» деп атаған.
(14-слайд) 1569 ж. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең
өңірді алып жатқан Ноғай ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің орыс
патшасына бағынуы, орыс мемлекетінің шекарасын қазақ хандығына
жақындата түсті. Бұрын Ноғай ордасына қараған қазақ тайпалары жəне
олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. 1563 жылы Сібір
хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде Қазақ хандығына
дұшпандық позиция ұстады. Оның үстіне моғол билеушілері мен Қазақ
хандығы арасында да қақтығыстар болып отырды. Осындай күрделі
жағдайда Хақназар хандықтың сыртқы саясатын өзгертті. Хақназар хан
тұсында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың орта
Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы
өрістеді. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының
шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сөйтіп, Қазақ хандығы
нығайып, қайта дəуірлей түсті. 
(15-слайд) Хақназардың мұрагері Жəнібек ханның немересі, қартайған
Шығай хан хандықты 1580-1582 жж. басқарды. Ол қазақ қоғамында ислам
дінінің таралуына ерекше мəн берген хан болды. 1582 ж. Шығайдан кейін


таққа оның баласы Тəуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тəуекел хан Бұхара
ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ жəне өзбек билеушілері
арасындағы жаугершілік қайта қозды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін
қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 ж. Тəуекел хан Ресейге достық келісім
жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми
елшілігін жіберді. Мақсат, Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы
күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру еді. 1597 ж. Бұхар
хандығында ішкі тартыс басталғанда, Тəуекел Ташкент қаласының түбінде
Абдолла ханның əскерін талқандады. 1598 ж. Ахси, Əндіжан, Ташкент,
Самарқан қалаларын басып алды. Сөйтіп, ол солтүстік-батыс шекарадағы
бейбіт жағдайды жəне Орта Азиядағы шайбан əулетінің алауыздығын
пайдаланып, Сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты
тəмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нəтижесінде
Шайбани əулеті өмір сүруін тоқтатты. Өкінішке орай, Мəуераннахр қазақ
хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент жəне оның
аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды.
3. (16-слайд) Тəуекел қайтыс болғаннан кейін, билікке оның туған інісі
Есім хан (1598-1628) келді. «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атақ оған 1598 ж.
ағасы Тəуекелмен бірге Мауераннахрға жасаған жорықта ерекше көзге
түскені үшін берілген-ді. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын
жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға
ұмтылды. Есім отыз жыл бойы Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында
аянған жоқ. Шығысында қалмақтармен, солтүстік-батысында Бұхара
хандығымен үздіксіз шайқасты. Ташкент қаласын басқарған Жəнібек ханның
немересі Тұрсын Мұхаммед сұлтан тəуелсіз хан болуға əрекет жасап, өз
атынан ақша соқтырып, «бажы жəне хараж» алым-салықтарын жинады.
Сөйтіп,
Түркістан
да Есім хан, Ташкентте Тұрсын хан билеп, қазақ хандығы
екіге бөлінді. Екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне
одақтастар тауып, күрес шиеленісе берді де,
1627
ж. Есім хан Тұрсынды
өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.
(17-слайд)ХVII ғ. 30-50-жж. қазақ мемлекеттілігінің дамуында шешуші
өзгерістер болды. Олар-түрлі аймақтардың өзара байланыстарының
неғұрлым тығыз ұштасуы, қалалардың дамуы, хан билігінің артуы, қазақ
қауымына қол сұғушылыққа тойтарыс беруді ұйымдастыру еді. Қазақ
қоғамының əлеуметтік құрылымында да өзгерістер болды. Сұлтандармен
қатар билер институты жанданды, батырлардың əлеуметтік дəрежесі
көтерілді. Егер шыңғыс ұрпақтары жер иелену құқығы болғандықтан, өздерін
халықтың қалған топтарынан жоғары қойса, қазақ рулары арасынан
ақсақалдар жəне рухани тəлімгерлер ретінде көтерілген билердің беделі арта
түсті. Батырлар институтында да өзгерістер болды. Сұлтан немесе би, хан
маңайындағылардың кез-келгені батыр бола алатын еді. Жеке басының
қасиеттері арқасында қатардағы «қара халық» та батыр бола алады. Билер
мен сұлтандар арасында қазақ қауымдарына саяси ықпал ету жолында күрес
жүрді. Keйбip билердің билiгі eлеулі болды жəне олар сұлтандармен
санаспады7 Қазақ қоғамында үстемдік етуші сословиелер iшінде катты
қайшылықтар орын алды. Бұл Eciм ханға оның билігінің артуына тежеу
салды.
Осындай саяси-рухани жағдайдың ықпалымен Есім хан қазақ
қоғамына «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағын енгізді.
(Фольклорлық деректерде «Есім ханның ескі жолының» төрт тұғыры
болғандығы айтылады. Олар: 1. Хан болсын, ханға лайық заң болсын. 2.
Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын, 3. Абыз болсын, абыз сыйлау
парыз болсын. 4. Би болсын, би түсетін үй болсын.) Eciм хан тұсында рулық
шонжарлардың қатысуымен билер съездері мезгіл-мезгіл жиналып отырған. 
(18-слайд) XVII ғ. аяғы мен XVIII ғ. басында Қазақ хандығының ішкі
саяси жағдайы ауыр болды. Қазақ хандарының саяси бытыраңқылықты
жойып, бір орталыққа біріккен мемлекет құру əрекеттері нəтиже бермеді.
Сұлтандар оқшауланып, дербес саясат жүргізуге ұмтылды. Жүздер арасында
татулық пен саяси байланыс нашарлады.
Хандықтың сыртқы саяси жағдайы
тіптен ауыр еді. Батыстан Еділ қалмақтары мен Жайық казактары,
солтүстіктен Сібір казактары, Жайықтың ар жағынан башқұрттар,


оңтүстіктен Бұхар мен Хиуа хандықтары үнемі қысым көрсетіп отырды.
Басты қауіп шығыстан, Жоңғар хандығынан төнді. Жоңғарлар - тарихта
қалмақ немесе ойрат деген атаумен белгілі болған тайпалар. Жоңғарлар
чорос, дербент, хошоут, торғаут сияқты батыс моңғол тайпаларының XVI ғ. II
жартысында құрылған одағы болатын. 1627 жылы ойрат одағы ыдырап, Хо-
Ұрлық бастаған 50 мың шаңырақ (250 мың адам) торғауыт тайпалары
Солтүстік Қазақстан арқылы төменгі Еділ бойына қоныс аударып, XVII ғ.30-
жылдарында Қалмақ хандығын құрды. Ал, Оңтүстік пен Батыс Сібірде қалып
қойған ойраттар мен чоростар Ертіс жағалауында 1635 жылы Жоңғар
хандығын құрды. Хандықтың негізін салған Батыр қонтайшы (1635-1653)
1643-1647 жж. қазақтарға қарсы бірнеше рет басқыншылық жорықтар
ұйымдастырды.
(19-слайд) Қазақ хандығын Салқам Жəңгір хан билеген кезде 1643
жылы Орбұлақ шайқасында жоңғарлар ойсырай жеңілді. Жəңгір сұлтанда
небəрі 600 қаруланған атты əскер бар еді. Олардың арасында шапырашты
Қарасай, арғын Ағантай, алшын Жиембет, қаңлы Сарпық, найман Көксерек,
дулат Жақсығұл, суан Елтанды батырлар болды. Жəңгір жоңғарларға қарсы
күресте ор қазу тəсілін қолданып, Батырды көп шығынға ұшыратты. Қазақ
əскеріне Бұхара хандығының ықпалды төресі, əйгілі əмір Жалаңтөс
батырдың жасақтары, қырғыз жасақтары мен батырлары келіп қосылып,
Жəңгір бастаған қазақтар жеңіске жетті. Батыр қонтайшы өлгеннен кейін,
билікке талас кезінде Жоңғар хандығы саяси бірлігінен айырылып қазақ-
жоңғар соғыстарында үзіліс болды. Алайда, билік басына Ғалдан Бошоқты
қонтайшының келген соң (1670-1697) жоңғар шапқыншылығы қайтадан
жанданды. Ал Жоңғар хандығын Цеван Рабтан билеген кезде (1697-1727)
қанды жорықтар өзінің шарықтау шегіне жетті.
(20-слайд) Қазақ хандығының тарихында 1652-1680 жж. «Белгісіз
жылдар» кезеңі делінеді. Жəңгір ханның 1652 ж. жоңғарлармен шайқаста
қаза тапқандығы белгілі. Ал Тəуке ханның билікке келген кезін тарихшылар
жəне академиялық басылымдар 1680 ж. деп көрсетеді. 1652 ж. Жəңгірдің
қаза тапқаны жəне 1680 ж. бастап оның ұлы Тəукенің хан болғандығы жайлы
айтылады да, екі ортадағы 28 жылғы тарих жабулы күйінде қалады. Мəселе
Тəуке ханға қатысты болғандықтан, осы араны толығырақ қарастыру керек.
Шəкəрімнің еңбегіндегі осыған қатысты материалдардан, біз Жəңгір ханнан
кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткіземіз. А.Левшин
Тəуке хан туралы: «…Ол өзара қырқыстардан кейін халықты
тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылдарға созылған
қантөгістерді тоқтатты…»-дейді. Шəкəрімнің де, А.Левшиннің де
материалдарына талдау жасау арқылы Тəуке хан билікке келгенге дейін қазақ
қоғамында тақ үшін кəдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-
тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.Левшин
осы талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің
ойымызша ол 28 жылға, яғни Жəңгір хан қаза тапқан 1652 ж. Тəуке хан
билікке келген 1680 ж. дейін созылған. Тек Тəуке ханның билікке келуі мен
жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыстар мен
қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады.
Салыстырмалы түрде алсақ, Тəуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы қантөгіс
қырқыстарға қарағанда Тəуке хан тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір
«қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» боп саналады.
Енді осы 28 жыл бойғы қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес
елдердің тарихында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы
кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды десек, 28 жыл аралығында
қазақ-орыс, қазақ-жоңғар, аштарханилар əулетімен қатынастар жөнінде
жазба деректерде мəліметтер жоқ. Біздің ойымызша, 1652-1680 жж. өзара
таластар мен қырқыстардан əбден титықтап шаршаған кейбір сұлтандар,
билер мен батырлар, дін басылары жəне тағы басқа əлуметтік топтар Тəуке
жағында болып, оны қолдаса да, олар 30 жылдан астам билік құрған Тəукені
1680 жылы ғана хан тағына отырғызады.
(21-слайд) 1680 ж. бастап Жоңғар қонтайшысы Қалдан Бошақты Орта
Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар
ұйымдастыра бастайды. Қазақ хандығында қалыптасқан ауыр жағдайды


пайдаланып, 1681 ж. Қалдан қалың қолмен Жетісуға басып кіреді. Шу, Талас
арқылы Арысқа жеткен жоңғарлар қазақ жасақтарын жеңіліске ұшыратып,
Сайрам қамалын қоршады. Бірақ, Сайрам қамалы берілмейді. Жоңғар əскері
қысқа қарай кері шегініп, Іленің жағасына кетіп, күш жинады. 1682-83 жж.
соғыс Сайрамның түбінде жүрді. Екі жақ бір-біріне алдырмады. Ақыры, 1684
жылы жазда Қалданның інісі Севан Рабдан Сайрамды басып алды.
Жоңғарлар мыңдаған тұтқындарды, қисапсыз олжаны қолға түсірді. Сайрам
шайқасынан кейін Жетісу өлкесі жоңғарлардың билігіне көшті.
(22-слайд) Қиын кезеңде хандық құрған Тəуке алдымен Ресей жəне
оңтүстіктегі көрші елдермен қарым-қатынасын түзей отырып, қазақ
қоғамының ішкі дау-жанжалды, барымтаны тежемей, ұсақ хандықтардың
уақытша болса да ынтымақтастығын көздемей тұрып, сыртқы жаулар мен
батыл күресуге болмайтынын жақсы түсінді. Хандық билігін күшейтуге
бағытталған ірі-ірі өзгерістерді феодалдық билер мен шонжарларға,
батырларға сүйеніп жүргізді. «Xалық кеңесі» мен «Билер кеңесін» тұрақты
орган ретінде қалыптастырып, олардың рөлін арттырды. Жыл сайын белгілі
бір мерзімде Күлтөбеде 3 жүздің басын қосқан жиын өткізіп тұрды,
мемлекеттік құрылысты күшейтуге тырысты. Жүздер мен ұлыстар
арасындағы күрделі тартыстар билер кеңесінде, Төле би, Қазыбек би, Əйтеке
би, т.б. билер алдында шешілді. Тəуке биліктің ең маңызды көш-қонысты
белгілеп бөліп беру, алым-салық салу, сот ісі, қарулы күш т.б. қызмет
түрлерін өз қолына алды. Сөйтіп, «қара қазаққа» сүйенген Тəуке хан көп
нəрсе ұтты. Өйткені билер кеңесі барлық румен тығыз байланыс орнатып, ел
бірлігін халық көкейіндегі көкейтесті мəселелерді: көш-қоныс, ел
тыныштығы, сыртқы жаудан қорғану, т.б. талқылады. Ақыры, билер кеңесі
ханның кеңесу органына айналып, зор саяси маңызға ие болды.
(23-слайд) XVII ғасырдың аяғында қазақ хандығының ішкі жəне
сыртқы саяси жағдайы өте шиелінісе түсті. Қуатты сұлтандар өздерінің
иілігіндегі ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Сондықтан
Тəуке елдің ауыз бірлігін нығайтатын шаралар қарастыра бастады. Тəуке хан
билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы», сөзбе-сөз алғанда
«жеті ереже» деген сөз. «Жеті жарғыда» орта ғасырдағы қазақ қоғамының
патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары
баянды етілген. Тарихи деректер мен аңыздарда, оны жасаушы Тəуке хан, ол
Күлтөбе деген жерде үш жүздің билерінің басып қосып, «Қасым ханның
қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарын «Жеті жарғы» деп аталатын
нормаға біріктірген дейді. «Тəуке хан ережесінің» негіздері туралы тиянақты
пікір айту қиын, кейбір ғалымдар оның негіздерін Шыңғыс ханның Ясасынан
іздейді, енді біреулері «Жеті жарғы» Ясадан мүлдем тəуелсіз жазылған
деседі. «Жеті жарғыға» əкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық
нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізіліп,
қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Мазмұны жағынан
«Жеті жарғы» үш бөлімнен тұрады: біріншісі, қазақтың ежелгі əдет-ғұрып
заңдарын қамтыған «Қасым ханның қасқа жолына», екіншісі, одан соңғы
өзгерістер, «Есім ханның ескі жолына» негізделсе, үшіншісі, Тəуке ханның
дəуіріне, саясатына сай енгізілген жаңалықтар. «Жеті жарғы» жеті заңнан
құралды: 1.Жер дауы заңы 2.Отбасы-неке заңы 3.Əскери заң 4.Сот заңы
5.Қылмысты істер заңы 6. Құн заңы 7. Жесір дауы заңы «Жеті жарғының»
біздің заманымызға дейін жеткен заңдары осындай.
(24-слайд) Тəуке хан, билігі күшейген кезден бастап көрші елдермен
бейбіт байланыс жасай отырып, экономикалық қарым-қатынас та орната
білді. Хандықтың біртұтас бірлігін жəне оның шекараларының қауіпсіздігін
қамтамасыз ету мақсатымен Тəуке хан күшті де ықпалды сыртқы саясат
жүргізді. Ол қырғыздармен жəне қарақалпақтармен əскери одақ құрды. Бұл
шараның арқасында Қазақ хандығының аумағына Жоңғар қалмақтарының
шабуыл жасауынан төнген қатерді тоқтатудың сəті түсті.
Тəуке хан көрші халықтармен жақсы қарым-қатынас орнату жəне қазақ жерін
сыртқы жаулардан қорғау мақсатында Ресейге жəне Орта Азия хандықтарына
бірнеше рет елшілер жібергені мəлім. XVII ғ. соңы-XVIII ғ.басында қазақтар
Ташкент қаласының ішкі билігіне көп араласпай, тек жергілікті халықтан
салық жинаумен ғана шектеліп отырған. Орта Азия жəне Қазақ хандығының


қарым-қатынастарында негізгі саяси мəселерден гөрі экономикалық талаптар
басым болды. Тəуке хан ойрат жасақтарының үздіксіз шабуылын тыю
мақсатында Жоңғар ордасымен бейбіт қарым-қатынас орнату үшін ұдайы
елшілер жіберіп тұрды. 1703 жылы 25 сəуірде Цебан-Рабданның Текестегі
ордасына қазақ елшілігі келгендігін сол кезде Жоңғар еліндегі орыс
мемлекетінің елшісі П.Гордеевке тілмашы хабарлады. Елшілік қандай
нəтижеге жеткендігін білдіретін мəліметтер ешқандай құжаттарда
кездеспейді. Бірақ, осыдан кейін екі ел арасында ірі қақтығыстар бола қойған
жоқ. Иран мемлекетінің Мəжілісі кітапханасынан табылған деректерде
Жиһангерұлы (Жəңгір хан) Тəуке сұлтанның атынан келіссөзге барған
Бақыбек батырдың аты аталады. 1661 жылы ІІ-Аббастың Бақыбекті
қабылдағаны, оның қолынан «ихлас-наме» (сенім грамотасын) алғаны
айтылады. Бұл Тəуке хан тағына отырмаған кезең. Қалмақ қолынан қайтыс
болып, құнына үш қыз алынған Қабай Аталықұлы Бақыбек батыр алғашқы
қазақ елшілерінің бірі, ірі мемлекет қайраткері. XVII ғ.соңы -XVIII ғ.алғашқы
ширегіндегі Қазақ хандығының сыртқы саясатында салыстырмалы болса да,
тұрақтылық орныққан болатын. Бұхар, Хиуа, Ресей, Жоңғар, Қытай сияқты
ірі елдермен көршілес жатқан халықтың саяси-географялық орналасуының
өзі оның билеушілерінен əрқашан ұстамдылық жəне бірлікті танытуға талап
етті. Əрине, Тəукенің тұсында сыртқы саяси жағдай жоғары дəрежеде болды
деп біржақтылық таныту дұрыс емес. Өйткені қазақ-хандығындағы биліктің
толығымен орталықтанбауы, ондағы жеке сұлтан,би батырлардың сыртқы
саяси мəселерді шешуге іс-əрекеттерді, кері əсерін тигізді. (25-слайд)
(28-слайд) Тарихқа көз жүгіртсек үш мың жылдық тарихы бар Қазақ
елінің тарихында жиырмадан аса мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдар
болған екен. Олардың алғашқылары Скиф, Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы
мемлекеттері болса, одан кейін Түрік, Батыс Түрік қағанаттары, Түргеш,
Қарлұқ, Қарахандар, Қидан мемлекеттері, Қимақ, Оғыз, Қыпшақ хандықтары
болып жалғасады. Одан əрі XIII ғ. басынан XV ғасырдың ортасына дейінгі
Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Əбілқайыр хандығы атты
мемлекеттер тарих еншісінде қалды. ХV ғ. ортасы Моғолстан, Əбілқайыр
хандығы т.б. мемлекеттердің дипломотиялық байланысы шиеленісіп тұрды.
Дəл осы уақытта Əбілқайыр хандығына сыйыса алмаған Керей мен Жəнібек
сұлтандар қазақ халқының этникасын құрайтын көптеген ру-тайпаларды
алып шығып, Шудың бойына Қазақ хандығының туын тікті.
4.(29-слайд) XIV ғасырдың басында моңғол басқыншылығынан кейінгі
Қазақ жерінде құрылған мемлекеттер жергілікті этникалық негізде құрылды.
Бұл мемлекеттер көшпелі халықтар мен отырықшы жұрттың арасындағы
экономикалық байланыстарды қайта жаңғыртуға мүдделі болды. Сол себепті
Сығанақ, Сауран, Түркістан сияқты қалалар қайта жаңғырып, құмыра жасау,
кірпіш күйдіру, мыс, қола құю, зергерлік, шыны жасау, сүйек өңдеу, тас кесу,
тоқымашылық, кілем тоқу, қолөнері өркендеді. XV ғасырдың ортасында Орта
Азияда сауда жолдары қайта қалпына келіп, тауар-ақша қатынастары
дамыды. (30-слайд) Бұл кезеңнің сəулет өнерінің ескерткіштерінің қатарына
Орталық Қазақстандағы Жошы хан мен Алаша хан кесенелері (XIV-XV ғғ.),
Тараздағы Дəуітбек кесенесі (XIV ғ.), Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи
(XIV-XV ғғ.) кесенесі, Сығанақтағы Кек-Кесене, Отырардың мұнаралы
мешіті мен моншасы (XIV-XV ғғ.) кіреді. (31-слайд) XIV-XV ғасырларда сан
салалы халық ауыз əдебиеті ерекше өркен жайды. «Ер Төстік», «Аяз би»
сияқты батырлық ертегілер халық арасына кең тарады. Алпамыс,
Қобыланды, Ер Сайын, Қозы Көрпеш-Баян сұлу туралы аңыздар тұтас
эпикалық жыр ретінде жинақталды. Қотан (XIV ғ.), Сыпыра (XIV-XV ғғ.)
жыраулардың аттары көпшілікке мəлім болды. (32-слайд) Ғылыми оқулық əрі
көркем əдебиет үлгісі ретінде «Кодекс Куманикус», жазба əдеби
ескерткіштері қатарына «Оғыз-наме», Хорезмидің «Махаббат-наме»,
Құтыбтың 
«Хұсрау-Шырын» 
сияқты 
туындылары 
жатады. 
(33-
слайд) Музыка өнеріндегі тарихи, батырлық жəне махаббат тақырыптарына
арналған: «Ескендір», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «ІІІора батыр»,
сондай-ақ «Жошы ханның жортуылы», «Ақсақ құлан», «əмір Ақсақ» жəне
т.б. күйлер бүгінгі күнге мұра болып жеткен. Моңғол үстемдігі дəуірінен
кейін XV ғасырға қарай ислам ілімі қоғамдағы саяси элитаның арасында


басымдылыққа ие болды. Бұл Алтын Ордада исламның дамуына барынша
қолдау керсеткен Берке хан мен Өзбек хандардың саясатымен тығыз
байланысты еді. Дегенмен XIV-XV ғғ. исламмен қатар Қазақ жерін
мекендеген халықтар арасында исламға дейінгі наным-сенім де маңызды
рөл
атқарды.
Қазақ ауыз əдебиетінің ерекше бір жанры-шешендік өнер.
Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер-ғасырлар бойы халық
сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Қазақтың шешендік
сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше
шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты қалыптасып, өркендей
түсті. Шалгиіз, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз
дауысты Қазыбек, Əйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып
биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ,
қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тəуелсіздігін қорғау жолындағы
күрес жылдары еді. В.В.Радлов (XIX ғ.) «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей,
ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дəл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп
отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі
соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласың», – дейді.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.
Халық мақалдарында: "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді", "Бас кеспек
болса да, тіл кеспек жоқ", "Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды", – деп сөзді
айтушыға да, тыңдаушыға да биік талап қойған. Шешеннің құралы – сөз. Сөз
туралы Бөлтірік шешен: "Сөзден тəтті нəрсе жоқ. Сөзден ащы нəрсе жоқ.
Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор
етпе, ақылдыға айт – деп толғайды.
Қазақтардың ауызша-вербальды мұрасы қазақ халқының рухани өмірінде
əлі де зор рөл атқарып келеді. Қазақ жеріне исламның келуімен байланысты
ислам мəдениетінің элементтері де бой көрсетті.
Біз қарастырып отырған ғасырларда қазақ фольклоры тарихи-батырлық
мазмұндағы жаңа туындылармен байыды. Отанның тəуелсіздігі жолындағы
күресте өзін ерекше көрсеткен тарихи тұлғалар туралы хикаялар мен аңыздар
дамыды. Ертегілер (қиял-ғажайып, батырлық, жануарлар туралы)
классикалық түр алып, олардың жаңа түрлері пайда болды.
Есім, Тəуке, Тұрсын, Абылай хандар туралы, Төле, Қазыбек, Əйтеке,
Сырым билер туралы, Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай батырлар туралы тарихи
аңыздар мен жырлар көп мөлшерде пайда болды. Бұлардың барлығы
халықты Отан қорғауға ұйымдастыру қажеттілігінен туындағаны түсінікті.
Халық ауыз əдебиетіндегі жоқтау, естірту, өсиет, қоштасу, беташар, жар-
жар, сыңсу т.б. көптеген шаралардың əрқайсысының бүгінгі күнге дейін
атқарар рөлі бар екені белгілі.
ХVI-XVII ғасырларда да осының алдындағы кезеңдер сияқты Қазақстанның
оңтүстік аудандары қазақ халқының тарихи дамуының аса маңызды өңірі
болды. Бұл аймақта Созақ, Сығанақ, Сауран, Үзкент, Ясы-Түркістан
қалалары болды. Қазақ хандығының нығаюы, қазақ халқының экономикалық
жəне мəдени өмірі Оңтүстік Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты
болды. Соңғы орта ғасырларда қала мəдениеті мен отырықшы-егіншілік
мəдениет қазақтың этникалық аумағының нақ осы, бірден-бір ауданында
сақталып қалды.
Қала білімнің, ғылымның, мəдениет пен өркениеттің орталығы болғаны
белгілі. Қалаларда білім ошақтары, сауда орындары үздіксіз бір қалыпты
жұмыс істеп тұрған. Сонымен қатар Шығыс Дешті Қыпшақ (Қаратаудан
Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан
далалық кеңістік) аймағында Сайрам, Аркөк, Аққорған қалалары болды.
Қазақстанның далалық аймақтарындағы мал шаруашылығымен айналысатын
көшпелілер қалаларға малын жəне мал өнімдерін əкелетін, ал білім
ошақтарында мүмкіндігінше балаларын оқытатын.
Біз қарастырып отырған ғасырларда қалалардың көпшілігі дуал-
қорғандармен қоршалған, бірнеше қақпалар орнатылған. Сауда керуендері
осы қақпалар арқылы қалаға кіретін болған. Қалаларға кіріп-шығатын құпия
жер асты жолдары болғандығы да белгілі. Қазақ жерінің түрлі
аймақтарындағы қалалардың құрылымы əртүрлі.


ХVI ғасырдың аяғына дейін Ясы деп аталып, сосын Түркістан аталған
қалада теңгелер соғу қайта жаңғыртылып, теңге сарайлары жұмыс істеп
тұрды жəне осы кезден бастап Түркістан Қазақ мемлекетінің астанасы болды,
бұл белгілі қала атауы, сондай-ақ белгілі аймақ атауы екені де белгілі.
Сонымен қатар Түркістан қаласы бүкіл жапсарлас жатқан дала үшін ең басты
діни орталық еді.
Отырар Оңтүстік Қазақстан жерінің ірі сауда-қолөнер орталығы болып
қалыптасты. Замандастары Отырардың басымдық жағдайын жақсы түсінді.
Отырарды иелену бүкіл аймаққа билік жүргізуді қамтамасыз етті. Сауран
қорғаныс құрылыстарының тұтас жүйесімен белгілі болды. Қалада XVI
ғасырда «аса көрнекті сəулет құрылысы»-медресе, сондай-ақ ерекше
суландыру құрылыстары-кəріздер салынған.
Ірілі-ұсақты қалаларда халықтың шаруашылық өмірінде ауыл
шаруашылығы еңбегімен айналысу зор рөл атқарды. Қалалар жартылай
аграрлық сипатта болды. Қала тұрғындарының өңдейтін жерлері, суарылатын
учаскелері қала сыртында, оның төңірегінде жəне жапсарлас жатқан өңірде
болған.
Қазақ тарихында аз болса да жазбаша тарих бар, соның бірі «Тарих-и
Рашиди». XVI ғасырдағы белгілі тарихшы жəне əдебиетші Мырза Мұхаммед
Хайдар Дұғлаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасы XIV-XVI ғасырлардың
басында Қазақстан аумағы мен көрші аумақтарда өмір сүрген ірі
мемлекеттердің бірі Моғолстан тарихына арналған. Бұл еңбек-Қазақ
хандығының тарихын зерттеу үшін аса маңызды бастапқы деректеме. Онда
тоқсан жыл ішіндегі қазақ хандарының тарихы тым қысқа болғанымен,
дəйекті түрде баяндалған.
Мырза Мұхаммед Хайдар жақсы білім алған, өз дəуірінің саяси оқиғалары
мен қайраткерлерінен хабардар болды. Ол түркі тілінде əдеби шығармалар
жазғанымен, мұсылман тарихнамасына «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы
ретінде енді. Шығарма 1542-1546 жылдары Кашмирде ортаазиялық парсы
тілінде жазылған, екі бөлімнен тұрады.
Қазақтың жалайыр тайпасының өкілі Қадырəлі бек (Қадырғали, 1530-1605
жж.) «Жами ат-таварих» («Жылнамалар жинағы») деген тұңғыш тарихи
еңбекті жазды. Бұл шығарма ауызша тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің
тарихи жинағы (XIV ғ.) негізінде жазылған. 1602 жылы Қадырғали өз
туындысын Ресейдің Касимов қаласында жазды. Кітаптың қазақ хандары
тарихын айқындайтын өте құнды маңызы бар.
Қорытындылай келе жалпы Қазақстанның XIV ғасыр – XVIII ғғ. бас
кезі аралығындағы мəдениеті туралы ұзақ айтуға болады, рас, қазақ ұлты
көршілер тарапынан көп шапқыншылықтар, күш көрсету көрді, бірақ біз бір
нəрсені-халықтың өзінде де көп кемшіліктер болғанын мойындауымыз керек.
Көршілер отырықшы өмірге көшіп, темірден от қаруларын жасап жатқанда
қазақ та отырықшы өмірге көшіп, қалалар салып, өркениет көшінен қалмауы
керек еді. Бұл, бүгінгі белгілі қоғам қайраткерлері тарапынан айтылып
отырған бір пікір.
Екінші жағынан көшпелілер өр рухты, асқақ арманды болғандықтан
ештеңеден тайсалмастан осындай ұлан-ғайыр аймақты игеріп, иелене алды
ма деген де ой келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет