3-дəріс. Ұлы Дала Алтын Ордалық кезеңде (XIII-XV ғғ.) – 2 академ.сағ.
Жоспары:
1.
Алтын Орданың тарихы. Шыңғыс хан жəне Монғол империясының
құрылуы.
2.
XIV-XV ғғ. Ортағасырлық мемлекеттер.
1. (2-слайд) XII ғ. аяғы-XIII ғ. басында Орталық Азия мен Қазақстан
далаларындағы саяси жағдай - күшті көшпелі тайпалар одағы билеушілірінің
арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы күрестің
күшеюімен сипатталады. Осы күрестің барысында Темучин Орталық Азия
тайпаларын біріктірді, сөйтіп ол Орталық Азия даласындағы ең құдіретті
жаулап алушыға айналды. 1206 ж. көктемде Онон өзенінің сағасында
құрылтай өткізіліп, Темучин ұлы хан деп жарияланды. Темучинге
Шыңғысхан атағы берілді.
(3-слайд) Шыңғысхан əскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік
құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы оң қанат -
барунғар, сол қанат - жоңғар жəне орталық - гол атты үш əскери əкімшілік
округке бөлініп, əрбір округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер
(түмендер) болды. Олар өз кезегінде «мыңдық», «жүздік», «ондықтан»
құрылды. (4-слайд) Өте қатал тəртібі, мұқият құрылымы бар моңғолдардың
əскері 1207-1208 жж. қысында Енесей қырғыздарын жəне Сібірдің
оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1208-1209 жж.
Шыңғысхан əскерлері таңғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың
қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар
моңғолдарға өз еркімен бағынды. 1211 ж. Шыңғысханның қолы Солтүстік
Қытайды, 1215 ж. Цзинь мемлекетінің астанасы Чжундуды (Пекинді)
бағындырды.
Жетісуды моңғолдар еш қарсылықсыз басып алды. Найман көсемі
Күшіліктің сегіз жылдық билігінен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен жəне
қарлұқ билеушілерімен жүргізген соғыстарынан Жетісу халқы қатты зардап
шекті. Күшіліктің мұсылмандарды қудалауы жетісулықтардың ашуын
тудырып, олар діни төзімділік танытқан моңғолдарды құтқарушылар ретінде
қарсы алды. Күшілік Орта Азияға қашып, Бадахшанда өлтірілді. 1210-1217
жж. Қарлұқ аймағы, ал келесі жылы Баласағұн қаласы да соғыссыз
моңғолдарға берілді. Жетісу халқын өз жағына тартқысы келген Жебе ноян
бұл өлкеде тонауға, қырғынға тыйым салды.
(5-слайд) Шығыс Түркістан мен Жетісудың алынуы моңғолдарға
Оңтүстік Қазақстан арқылы Орта Азияға жол ашты. Шыңғысхан мен
хорезмшах Мухаммед арасында соғыс болмай қоймайтын еді. Себебі,
Шыңғысханның империясы Орталық Азияның үстем топтарының белсене
қатысуымен құрылған еді, сондықтан жаңа мемлекет осы үстем топтың
мүдделерін білдіруге тиіс болатын. Ал көшпелі шонжарлар үшін жаңа
жерлерді жаулап алумен қатар олжа да əкелетін үздіксіз соғыс, өндірістік
кызметтің рөлін де атқаратын. Көшпелі шонжарлар Шыңғысханды тұрақты
баю көзі-соғыс ұлғайтылған жағдайда ғана қолдауы мүмкін еді. Сөйтіп
Шыңғысхан соғыс олжаларын қолға түсіріп, баюға жəне бай егіншілік
елдерді қанауға мол мүмкіндік берген жаулап алулар жолына түсті.
Шыңғысханның соғыстағы жеңіске жету себептерінің бірі, оның Орталық
Азия мен Қазақстанның ең үлкен бөлігінің əскер күштерін, моңғол
тайпаларын ғана емес, түрік тайпаларын да біріктіруі болды.
Моңғолдардың бастапқы жаулап алушылығы, Сібірдің, Қазақстанның,
Шығыс Түркістанның түркі халықтарын қосып алуы бүркемелі сипатта
болды. «Киіз туырлықты халықтарды» біріктіру ұранымен Орталық Азия
көшпелілерінің бірлігі жөнінде жалған насихат жүргізілді. Шыңғысхан
сыртқы жорықтарында жəне келісімдерінде көшпелі халықтарды біртұтас
империяға топтастыру дəстүрін уағыздап отырды.
(6-слайд) Шыңғысханның жеңістері Орта Азияда алуан түрлі пікірлер
туғызды. Хорезмшах Моңғолияға бірінен соң бірін-екі елшілік аттандырды.
Өз тарапынан Шыңғысхан да елшілік жіберді. 500 түйе, 450 адамы бар сауда
керуені 1218 ж. жазында Отырарға келгенде қыпшақ Қайырхан Иналшық
көпестерді тыңшылық жасады деп өлтіріп, керуенді тонады. Бұл
Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысына себеп болды.
(7-слайд) Орта Азияны бағындыру үшін 1219 ж. қыркүйекте
Шыңғысхан өзіне тəуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150
мыңдық қалың қолды бастап шықты. Моңғолдардың басшысы, Шағатай мен
Үгедей бастаған бірнеше түменді Отырарды коршау үшін қалдырып,
Жошыны Сыр бойымен төмен бағыттады. Жебе мен Сүбедейге Сырдарияның
жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыруды жүктеді. Шыңғысхан
кіші ұлы Төле екеуі əскердің негізгі күштерімен Бұхараға беттеді. Отырар
билеушісі Қайырханның 50 мыңға жуық əскері ерлікпен қорғанды. Алайда,
қоршаудың бесінші айының соңына қарай Хорезмнен көмекке келген
əскербасы Қараджа хаджиб он мың əскерімен моңғолдарға беріліп, қала
қақпасын ашып берді. Моңғолдар қаланы əбден талады, халқын қырғынға
ұшыратты. (8-слайд) Жошы əскері 1219 ж. Сығанақ, Үзгент, Баршанкентті
алып, халықты қырды.1220 ж. монғолдар Жент, Янгикентті басып
алды,Үргенішті Амудария суына тоғытты, Бұхара мен Саманқанды тонады.
1221 ж. көктемде соғыс Хорасан, Ауғанстан жəне Солтүстік Иран
мемлекеттеріне ауысты. Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық
жасақ Солтүстік Иранды басып алып, 1222 ж. Кавказға кірді. Моңғол
əскерлері алаңдарды, қыпшақтарды жəне Қалқа өзенінде орныққан
орыстарды тас-талқан етіп, Дешті Қыпшақ даласы арқылы 1224 ж.
Шыңғысханның Ертістегі ордасына қайта оралды. Сонымен, 1219-1221 ж.ж.
шапқыншылықтың салдарынан Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан
империясының құрамына енді.
(9-слайд) Шыңғысхан жаулап алған жерді балаларына бөліп берді.
Ертістен Орал тауларына, онан əрі батысқа қарай «монғол атының тұяғы
жететін» аймақты үлкен ұлы Жошыға берді. (ордасы Ертіс алқабында) Екінші
баласы Шағатайдың үлесіне Мəуеренахр, Жетісу жəне Қашқар тиді. (ордасы
Іле алқабында) Үшінші баласы Үгедейге Батыс Монғолия мен Тарбағатай
жері қарады. (ордасы Шəуешектің маңы) Кіші ұлы Төле Моңғолияның өзін
мұраланды. Шыңғыс əулеті өз ұлыстарын дербес иеліктерге айналдыруға
ұмтылды.
1227 ж. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін империя бірнеше тəуелсіз
мемлекеттерге ыдырай бастады. (10-слайд) Сол 1227 ж. қайтыс болған
Жошының орнына отырған оның ұлы Батый Батыс Дешті Қыпшақ , Еділ
бұлғарлары жеріне жəне одан əрі батысқа қарай басқыншылық жорықтар
жасады. Ірі орыс князьдіктері, Польша, Венгрия, Чехия талқандалды. Жеті
жылдық жорықтың (1236-1242) нəтижесінде Бату Еділден батысқа қарай
Дунайдың төменгі ағысына дейінгі жерлерді, соның ішінде Қырымды,
Солтүстік Кавказды жəне батыс Қыпшақ далаларын биледі. Бату Еділдің
төменгі ағысында Алтын Орда мемлекетін құрды.
Астанасы Сарай-Бату
(Астрахань маңында), кейінірек Сарай-Берке болды. Оның құрамына Жошы
Ұлысының территориялары-Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм жəне Батыс
Сібір территориясының бір бөлігі, батыстағы жаңадан жаулап алынған
жерлер кірді. Орыс князьдері өздерінің Алтын Ордаға тəуелділігін
мойындады, оның хандарының қолынан «князьдік белгілерін» алды, салық
төледі.
Алтын Орда көп ұлтты мемлекет болды. Көшпелілердің негізгі бөлігі
түркі тайпалары, қыпшақтар, қаңлылар, қарлұқтар, наймандар жəне т.б.
болды. Отырықшы аймақтарда болгарлар, мордвалар, орыстар, гректер,
черкестер, хорезмдіктер, т.б. тұрды. Моңғолдар Ордада азшылық еді. XIII ғ.
аяғында жəне XIV ғ. моңғолдар түріктенді.
(11-слайд) Батудың тұсында Жошы ұлысы екі мемлекеттік бірлікке
бөлінді. Оң қанаттың (ұлыс) басында Батудың өзі жəне оның мұрагерлері
тұрды. Қазақстанның көп бөлігін қамтыған Сол қанаттың басында Жошы
Ордасының үлкен ұлы Ежен тұрды. Алғашында Алтын Орда ұлы моңғол
хандарына бағынғанымен, 1260 ж Моңғол империясы тəуелсіз ұлыстарға
ыдырады. Бату ханның інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында Алтын Орда
тəуелсіз мемлекет болды. Оның мұрагері Мөңке хан (1266-1280) өз теңгесін
соға бастады.
Алтын Орда өзінің гүлденген шағына XIV ғ. бірінші
жартысында, Өзбек хан (1312-1342) мен Жəнібек хан (1342-1357) тұсында
жетті. 1312 ж. Өзбек хан Исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп
жариялады. (12-слайд)
XIV
ғ екінші жартысынан бастап орталықтан тепкіш
күштер Алтын Орданы əлсірете бастады. 1357-1380 ж.ж. аралығында тақта
25 хан ауысты. 1380 ж. Күлік даласында Д.Донской бастаған орыс əскерлері
Алтын Орданың билеушісі Мамайды талқандады. Тоқтамыс хан Мамайдың
жеңілгенін пайдаланып, Алтын Ордадағы билікті өз қолына алды. Өз билігін
нығайтуға тырысып, 1382 ж. Мəскеуді өртеп жіберді. Осы тұста əмір Темір
Алтын Ордаға бірнеше рет жойқын жорықтар жасап, енді айыға алмайтын
соққы берді.
(13-слайд)
Шағатай
ұлысында,
негізінен
Жетісу
жерінде
шағатайлықтар мен Үгедей ұрпақтары арасында билік үшін бітіспейтін
соғыстар болды. 1260 ж. Арық-Бұқа мен Хұбылай өздерін ұлы хан деп
жариялап, иеліктері қайта бөлінді. 1269 ж. ұлы хан Хұбылайға тəуелсіз
Хайду мемлекеті құрылғанымен, XIV ғ. бірінші жартысындағы Хайду
мұрагерлері арасындағы қақтығыстар Жетісуды күйретіп тынды.
Моңғолдарға дейінгі дəуірде жоғары даму деңгейіне жеткен Оңтүстік-Шығыс
Қазақстанның Баласағұн, Тараз, Алмалық, Алмату, Қаялық, Ілібалық, Екі-
Оғыз жəне т.б. қалалары мен елді мекендері іс жүзінде картадан жоғалды.
2. (14-слайд) XIV ғ. басында Жошы ұлысының (Жетісуды қоспағанда)
Жайық өзені, Арал теңізі мен Сырдарияның солтүстік жағындағы аумақты
қамтыған шығыс бөлігі (сол қанат) Ақ Орда құрамына кірді. Алтын Ордада
негізінен-Батый ханның ұрпақтары, Ақ Ордада Орда-Еженнің ұрпақтары
билік құрды. Ақ Орда монғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында
жергілікті этникалық негізде құрылған тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым. (15-
слайд) Онда қыпшақтармен қатар наймандар, уйсіндер (усундер), қарлұқтар,
керейіттер, қоңыраттар, маңғыттар жəне басқалар мекендеген. XV ғ. бас
кезінен Орда-Ежен ұрпақтары Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу
жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күресті. Сонымен бірге, даланың
көшпелілері мен Сыр өңірінің отырықшы халқы арасындағы сауда-
экономикалық қатынастарды қалпына келтіру сарыны күшейді. Ақ Орда
хандары Ертістен Сырдарияға, Алтайдан Ұлытау мен Аралға дейінгі кең
далада экстенсивті мал шаруашылығын сақтап, көшіп-қонудың тəртібін
қалыптастырып, Сырдарияның, Таластың, Шудың отырықшы-егіншілік
жерлері мен Ұлытау даласында шаруашылық жəне мəдени өмірді қалпына
келтіре бастады. XIV ғ. Ақ Орданың ресми тілі қыпшақ тілі болды. (16-
слайд) Ақ Орданың дамыған кезі XIV ғ. II жартысы. 1361 ж. Ақ Орданың
билеушісі Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын
иемденуге күш салды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, 1376 ж.
Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мəжбүр болды. 1377 ж. Орыс хан
қайтыс болғаннан кейін Ақ Орда иелігі баласы Темір Мəлікке көшті. Осы
кезде Маңғыстаудың билеушісі Тоқтамыс Орта Азия əміршісі Ақсақ Темірге
сүйеніп, Темір Мəліктің əскерін талқандайды. 1379 ж. өзін Ақ Орда ханы етіп
жариялап, Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ 1380, 1391,
1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш
жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирады. Темірдің
басқыншылық соғыстарының нəтижесінде жəне ішкі талас-тартыстан XIV ғ.
соңы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да əлсіреп қалды. 1423-1424 жж. Орыс
ханның немересі Барақ Ақ Ордада хандықты өз қолына алды. 1425-1426 жж.
Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып,
Сығынақты жəне Сыр бойындағы басқа да қалаларды босатты. Барақ
жорықта қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтың билігі Шайбан
əулетіне көшіп, олар Ақ Орданың елеулі бөлігін жаулап алды. Сөйтіп, 1227 ж.
Жошы ұлысы екіге жіктелгенде пайда болған Ақ Орда екі ғасыр өмір сүрді.
(17-слайд)
XIV
ғ. ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, оның шығыс
бөлігінде Моғолстан мемлекеті құрылады. Ал ұлыстың келесі бөлігі –
Мауереннахрдың батысында Əмір Темір мемлекеті құрылған. Моғолстан
аталу себебі, Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» əрпі түсіп қалып,
«моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен. Дулат ақсүйектері он
алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 ж. Моғолстан ханы етіп сайлайды. Моғол
мемлекетіне Қазақстанның Оңтүстік жəне Жетісу аймақтары да кірген.
Моғолстанның негізгі халқы түрік тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін,
арғын, баарын, барлас, бұлғашы жəне ертеден осы өңірді өмір сүрген
тайпалар мен түркіленіп кеткен монғол тайпалары болды. Астанасы Алмалық
қаласы. Мауереннахр билеушісі Əмір Темір Моғолстанға 1371 ж. 1390 ж.
дейін он шақты рет жорық жасап, 1391 ж. Моғолстан Темірге толық тəуелді
болды. Əмір Темір қаза болғаннан кейін (1405 ж.) ғана Моғолстан Мұхаммед
ханның кезінде (1408-1416) тəуелсіздікке қол жеткізе бастады. Мұхаммед
ханнан кейінгі талас-тартыс кезінде хан тағын Уəйіс иеленіп, 1428 ж. Уəйіс
хан қайтыс болғаннан кейін, балалары Жүніс пен Есен-бұға билікке таласып,
дулат əмірлерінің қолдауымен Есен-бұға (1433-1462 жж.) хан тағына
отырады. Бірақ Жүніс хандық билік үшін күресін тоқтатпай, 1462 ж. Есен-
бұға қаза болған соң, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан Жүніс ханның
немересі Абдар-рашид ханның кезінде ыдырай бастап, оның Жетісу аймағы
Қазақ хандығының құрамына енеді.
(18-слайд) XIII ғ. ортасынан бастап Жошының ұлы Орда Ежен негізін
қалаған Ақ Орданың батыс жағында Шыңғысханның тағы бір немересі-
Шайбан ханының үлесті жері даралана бастайды. Шайбан бұл жерлерді Бату
ханның батыстағы соғыстарына қатысқаны үшін сыйлық ретінде алса керек.
XIV ғ. Орда-Ежен мен Шайбан ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-
тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. XV ғ. 20-жж. аяғына
қарай Шыңғыс ұрапақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі
күресінің нəтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен
Шайбан ұрпақтарына ауысты. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне
тəуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі - Жайықтан жəне
оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал
Жайықтың шығыс жағындағы Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойындағы,
Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарындағы Шайбан ұрпақтарының иеліктері
Көшпелі өзбектер хандығы деп аталған. Шайбани ұрпақтарының арасында
жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар болып тұрған. (19-
слайд) Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан
тараған 17 жасар Əбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 ж. Батыс Сібірде Тура
(Тюмень) қаласында хан болып жарияланды.
Əбілхайыр хандығы Қазақстанның Орталық, Солтүстік жəне Шығыс
аймақтарының көптеген жерін қамтыды. Халқының құрамына Ақ Ордаға
кірген қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын,
шыңбай, күрлеуіт сияқты түрік жəне түріктенген түрік-моңғол тайпалары
жатты. Əбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428-1468 жж.) елде
тұрақтылық пен тыныштық болмады. Əбілхайыр да хандық билікті өз қолына
алған соң, басқа хандар сияқты, елдегі үстемтап өкілдерінің талабына сай
қызмет етті. Осы мақсатта ол басқа елдерді басып алу, соғыс барысындағы
олжаны ақсүйек-феодал арасында бөліске салу ісімен айналысты. Алтын
Орданың əлсіреуін пайдаланып Еділ бойын басып алды. 1430 ж. Хорезмді,
Үргенішті тонады. 1446 ж. Сырдария мен Қаратау баурайындағы Созақ,
Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты хандықтың
астанасына айналдырды. (20-слайд) Бұл басқыншылық Барақ ханның
тұқымдары Керей мен Жəнібек сұлтандардың жəне оларға тəуелді қазақ
руларының мүдделеріне қайшы келді. Олардың арасындағы күрес, қазақ
сұлтандары мен оларға қарасты рулар-тайпалардың Моғолстан жеріне көшіп
кетуіне əкеліп соқты. Мемлекеттің ішкі əлсіздігі, Шыңғыс əулеті арасындағы
тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына
бөлінуге ұмтылуы, көшпелі өзбе хандығын əлсіретті. 1456-1457 жж.
Əбілхайыр Сығанақ маңындағы шайқаста ойраттардан күйрей жеңілді. 1468
ж. Моғолстанға қарсы жорыққа шыққан Əбілхайыр кенеттен қайтыс болып,
Шайбани əулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады.
(21-слайд)
Ақ Орда
əлсіреген кезде Еділ мен Жайық аралығында пайда
болған Ноғай ордасы алғашында маңғыттардың атымен «
Маңғыт Ордасы
»
аталған. «Ноғай» атауының шығуы XIII ғ. II-жартысында Алтын Орда
əскерінің қолбасшысы
Ноғай
дың иелігіне қараған халық «ноғай», «ноғайлы»
аталғандықтан деген пікір бар. Ноғай ордасының негізін
Едіге
қалаған. Ол 15
жыл (1396-1411) Алтын Ордадағы билікті түгелдей өз қолына ұстаған тұста
иелігіндегі ноғай ұлысы даралана бастады. Орталығы
Сарайшық
қаласы
болды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін пайда болған өзге де ордалар сияқты
Ноғай ордасында этникалық құрылымнан гөрі, саяси құрылым басым еді. Бас
билікті «бектер бегі»-əмір атқарды. Негізгі бұқарасы «ұлыс адамдары» (ноян,
мырза, князь, т.б.), «қара халық» деп аталды. Орданың құрамына енген
тайпалар (
қоңырат
,
маңғыт
,
алшын
,
жалайыр
, қаңлы, керей, қыпшақ, найман,
арғын, тама, т.б.) кейіннен қазақ халқының этникалық құрамын
қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. XV ғ. аяғында Ноғай ордасы орыс
мемлекетімен
саяси,
сауда-экономикалық
байланыстар
орнатқан. XVI ғ. II жартысында
Қазан
,
Астрахан
хандықтарын
Ресей
жаулап
алғаннан кейін Ноғай ордасы əлсіреп, бірнеше ұлыстарға, ордаларға бөлінді.
Еділ қалмақтарының шабуылынан кейін 1634 ж. ноғайлар Қырым
хандығына тəуелді болды. Ноғай ордасы ыдырағаннан кейін қазақ жерінде
қалған ел Қазақ хандығы құрамына енді. Ноғай ордасы түркі халықтары
тарихында үлкен із қалдырды. Қазақ, қарақалпақ, өзбек, татар, башқұрт, т.б.
түркі халықтарының ұлт болып қалыптасуында Ноғай ордасына кірген
тайпалардың үлесі өте мол.
(22-слайд) XIII ғ. Шынғысханның жорықтарына байланысты көптеген
тайпалар Батыс Ciбip аумағынан пана тапты. Батыс Ciбip тайпаларымен
көрші болып, оларға елеулi ықпал еткен қазақ тайпаларының негізгі
ұйытқысы қыпшақтар еді. Батыс Ciбірдe ең ipi этникалык-саяси
құрылымдардың бipi Орта Ертіс, Тобыл, Есіл мен Тура аумағындағы түркі
тілді тайпалардың бірлестігі болды да, онда керейлер басты рөл атқарды.
Бірлестіктің негізін қалаған жəне жергілікті əулетті кұрушы Тайбұғы болған.
Оның шыққан тегі туралы бірауызды пікip жоқ, бірақ Тура өзеніне қазақ
даласынан келгені туралы, Батыс Ciбip жерін иеленгені жəне оның Чинги-
Тура қаласын (Тюмень қаласын) салғаны туралы деректер бар.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Батыс Ciбip аумағы Жошы
ұлысының құрамына енді жəне шайбанилердің жері деп аталды. 1428 ж.
Əбілқайыр хан Тураны басып алды. Əбілқайыр хан өлген соң, 1468 ж. Батыс
Ciбip аумағының көп бөлігі оның бақталасы Шайбани ұрпағы Ибақ ханға
көшті. Ибақтың тұсында Батыс Ciбірдің Орыс мемлекетімен байланысы
орнатылды. Шамамен 1555 ж. тайбұғылық Көшім, Сібірдің билеушісі
Жəдігерді қуып жіберіп, билік үшін ұзақ күрес басталады. Көшім 1563 ж.
Жəдігер əскерін талқандады да, астанасы Іскерді басып алды. 1570-1571 жж.
Көшім бұрынғы Шəйбан ұлысының бүкіл аумағын, соның ішінде Тобылдағы
шейбанидтердің Түмен хандығын, Ертістегі тайбұғалықтар жұртын өз
билігіне біріктіріп, біртұтас мемлекет құрды. Көшім күшейіп келе жатқан жас
Қазақ хандығымен достық қатынасты нығайтуға көңіл бөлді. Сібір
қазақтары, яғни жергілікті түркі тілдес халық (арғын, қыпшақ, найман, керей,
жалайыр тайпалары т.б.) жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысты.
Көшім мемлекетінде көпестер мен саудагерлердің маңызы артып, олар Сібір
хандығын халықаралық аренаға шығарды. Орта Азиялық саудагерлері мен
көпестеріне Сібір хандығының билігі кімнің қолында болғаны маңызды емес
еді, олар үшін ең бастысы Сібір байлығын сату арқылы мол пайда табу
болатын. Сондықтан, Ермак Іскерді басып алғанда, Көшімге Бұхар ханы
Абдолла əскери көмек жіберуден бас тартып, Орта Азиялық көпестер оны
тағдырдың тəлкегіне тастап кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |