Да, де, та, те, әрі, не, немесе, яки, біресе, бірде жалғаулықтары салаласқа енген жай сөйлемдердің әрқайсысында қайталап келсе де, қайталамай келсе де, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады: Біз Балқашқа баратын поезды күттік те, ол Петропавл поезымен со күні кешке Алматыға аттанды (М.Иманжанов).
Салаласқа енген жай сөйлемдердің арасында және жалғаулығы тұрса, үтір қойылмайды: Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды (С.Мұқанов).
Салаласқа енген жай сөйлемдер бірақ, өйткені, сондықтан, дегендей, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтармен байланысса, үтір олардан бұрын қойылады: Күн бұлттанып-ақ тұр еді, алайда жауа қоймады.
Бірақ, өйткені, сондықтан, дегенмен, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтар жеке сөйлемнің басында келсе, олардан соң үтір қойылмайды. Кейде бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары жеке жай сөйлемнің ортасында келулері мүмкін. Онда да алды-артынан үтір қойылмайды: Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады. Бірақ жатқан қалпынан тырп етіп қозғалған жоқ (С.Мұқанов).
Ал, бірақ, дегенмен, алайда, өйткені, сондықтан деген жалғаулықтар сөйлем басында келіп, олардан кейін оқшау сөздердің бірі тұрса, жалғаулықтардан соң үтір қойылады. Бірақ ол жалғаулыққа байланысты қойылған үтір болмайды, оқшау сөздің алдынан қойылған үтір болады: Ал, шырақ, әңгімеңді айта бер.
Ал, бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары қатар келгенде, өз араларына үтір қойылады: Бірақ, дегенмен өзі қорықпайтын бала екен.
Құрмаласқа енген алғашқы екі-үш немесе одан да көп сұраулы сөйлемдердің арасына сұрау белгісі емес, үтір қойылады: Сам жамырай бастағаны ма, жоқ, батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені ме, әйтеуір, батыс жақта, көкжиек үстінде сарғыш мұнар сәуле бар (М.Әуезов).
Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің араларына, негізінен, үтір қойылады: Баймағамбет тұрып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Әйгерім көрінді (М.Әуезов).
Шартты бағыныңқылы сабақтастың жай сөйлемдерінің арасына үтір қойылады. Ал баяндауышы шартты райдан жасалған бағыныңқы сөйлемге ерекше мән беріле айтылса, немесе басыңқыдағы іс шұғыл, күтпеген уақиғаны білдірсе, сызықша қоюға болады: Ұрса – құлашы, сыбанса – білегі, ашылса – жүрегі, түйсе – жұдырығы көз тойдырмайды (Ғ.Мүсірепов).
Бағыныңқы сөйлем басыңқының ортасында келсе, үтір екі жағынан қойылады: Абай, Әбдірахман атқа мінетін болған кезде, үйден бірге ере шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |