13-тақырып. Қос және көп нүкте, қойылатын орындары. Нүктелі үтір
Қос нүктенің қойылатын орындары
Көп нүктенің қойылуы
3. Нүктелі үтірдің қойылатын жерлері
1. - Әрі қарай санамалап кететін бірыңғай сөздердің, сөйлемдердің алдынан келетін жалпылауыш мәнді сөйлемнен кейін қос нүкте қойылады:
Сөйледі Жамбыл бәріңе: Жасың менен кәріңе (Жамбыл).
- Бірыңғай мүшелерден бұрын тұрған жалпылауыш сөзден кейін мысалы, атап айтқанда деген сөздер келсе, олардың алдарынан үтір, соңынан қос нүкте қойылады: Адам баласының тамаша қасиеттері, атап айтқанда: табандылық, ерлік, қайсарлық – оның бойынан табылады.
- Салалас құрмаластағы біріне-бірі түсінік болып келген және өйткені, себебі деген жалғаулықтар түсіп қалып жасалған жай сөйлемдердің арасына қос нүкте қойылады.
Төл сөздің алдынан келген автордың сөзінен кейін қос нүкте қойылады.
2. Сөйлеушінің белгілі бір себептермен (қатты асып-сасу, ентігу, тұтығу, әлсіреу т.б.) сөздерін, ойын бөліп-бөліп айтқанда, бір сөздің ішіндегі әріптердің арасына немесе сөйлем ішіндегі сөздердің арасына, ал ойы бітпей қалғанда, сөйлемнің соңына көп нүкте қойылады: Құдайберді есікке көзімен нұсқап: - Адам бола ма?!. Болар ма!.. Інілерің міне... Кім боларын... Не көрерін қайдан... білейін,– деді. (М.Әуезов).
- Айтып отырған ой желісі түрлі себептермен (қысылып сөйлей алмаушылық, логикалық ойдың бөлінуі, сөйлеушінің ойын аяқтатпай, бөліп жіберу т.б. сияқты) үзіліп қалған жағдайда, аяқталған не аяқталмаған сөйлемнен кейін көп нүкте қойылады: Жоқ, ешкім де ұрған жоқ, кейін айтам... Апа, төсек салып берші, жатқызшы! (М.Әуезов).
- Алынған дәйексөздің ара-арасынан сөйлем не сөздер қалдырылған жағдайда, сол жерге көп нүкте қойылады: Ф.Энгельс тайпа мен оның диалектісі жайында: «... тайпаның өзіне ғана тән ерекше диалектісі болады. Шындығында тайпа мен оның диалектісі бір жерден шығып отырады» десе, тайпаның бөліну процесін «бөліну арқылы жаңа тайпалар мен жаңа тілдердің жасалуы» деп сипаттайды. (К.Аханов).
- Дәйексөзге алынған сөйлем не бірыңғай ой желісі аяқталмай қалса, дәйексөздің соңына көп нүкте қойылады: Өнер тудырушылардың ең негізгі қасиетін Л.Н.Толстой оның реализмінде деп білді. «Өзіңіз суреттеп отырған адамдардың өмірімен өмір сүріңіз,– деп жазды Толстой,– әр образда оның ішкі түйсінулерін суреттеңіз; сонда олардың өздері өз мінездеріне лайық қимыл-әрекеттерді өздері жасайды...» (З.Қабдолов).
- Көп нүкте қойылуға тиісті сөйлем лепті не сұраулы болып келсе, әуелі леп белгісі (сондай-ақ сұрау белгісі), одан кейін қатарынан екі нүкте қойылады: Ой, тәйір алғыр!.. Бұл кім өзі?– деп ашумен сырт айнала беріп Абайды көрді де: – Ой, Абай, сенбісің?.. Ай, шырағым-ай, бір тыныш жерде отырсаң етті!.. – деді (М.Әуезов).
- Кейде көп нүкте қойылуға тиісті сөйлем әрі лепті, әрі сұраулы болып келсе, әуелі мағынасына қарай не леп, не сұрау белгілері, олардан соң бір нүкте қойылады: Ән салған жылқышының дауыстары да кейде шырқала, кейде баяулай естіліп жатады... Ол да маған таныс түндер... Көл ше?! Алуа ше?!. (С.Мұқанов).
- Жазушы айтып келе жатқан оқиғаның жалғасын созбай, әрі қарай тоқтатады да, көп нүкте қояды: Абайдың ілгері созып келе жатқан оң қолы жібек шымылдыққа тиген кезде, алдынан қарсы қозғалып келе жатқан Тоғжанның ыстық саусақтары мұның бетіне тиіп еді. Дірілдеген демдері қосылып, ыстық еріндері енді айырылмастай табысқан-ды... (М.Әуезов).
Айтып келе жатқан ойға кенет, тосын, күтпеген немесе өте алшақ жатқан нәрсе (оқиға, зат, қимыл т.т.) қосылып кетсе, оның алдынан көп нүкте қойлады: ХІХ ғасырда қазақтың жалпы халықтық тілін негіз еткен үлгілерге Абай, Ыбырайдан бастап, қазақ әдебиеті уәкілдерінің мұралары, ауыз әдебиеті нұсқалары, шығыс классик әдебиетінің қазақша жырлаған үлгілері, баспасөз, оқулықтар, сөздіктер, медицина, ветеренария тақырыптарына жазылған көпшілік кітапшалар және... христиан дінін уағыздайтын миссионерлік әдебиет жатады (Р.Сыздықова).
3. Мазмұны әуендес болып келетін бірыңғай сөйлемдердің әрқайсысынан кейін нүктелі үтір қойылады:
Біз Алатаудай ел едік,– Теңемек болды ойға жау; Біз тасыған теңіз сел едік,– Теңемек болды шөлге жау. (Жамбыл).
- Цифр не әріптер арқылы санамаланып айтылған сөйлемдерден кейін және бірыңғай құрылымдардың арасына нүктелі үтір қойылса, олардың әрқайсысы кіші әріптен басталып жазылады.
Жайылма (күрделі) бірыңғай мүшелердің әрқайсысының (немесе бірқатарының) өз іштерінде үтір кездесетін болса, бірыңғай мүшелердің жігіне нүктелі үтір қойылады: Қала деген аты ғана болмаса, Н.. қаласы екі қабат үлкен үйлер көшелерінде ғана бірен-саран кездесетін; өзге үйлерінің көбі бір қабат қана қарағай үйлер болатын; шет жақтарында ағаш үйден шым үй көп кездесетін... Сібірде көп кездесетін үлкен бір деревня еді (С.Мұқанов).
Мағына жағынан іліктес болғанмен, азды-көпті бөлектеніп тұратын, көбінесе өз ішінде үтірлері бар жай сөйлемдердің арасына нүктелі үтір қойылады: Сүйінбай: «Кедей жұртының тілін жақсы ұғын; өзіңнің әдемі жырыңмен тек халқыңа ғана қызмет ет; шыңырау құдықтың терең түбінен су алғандай, жырыңды жүрегіңнің терең қойнауынан шығар!» - деді (Жамбыл).
Жалғаулықсыз саласқан жай сөйлемдер бір-біріне түсінік болып, яғни соңғысы не соңғылары алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашып тұрса, араларына қос нүкте қойылады: Аюлар үйде жоқ: олар орман ішіне серуенге кеткен еді. Қос нүкте түсіндіріліп тұрған сөйлем мен түсінік болып тұрған сөйлемдердің арасына қойылады, ал түсінік болып тұрған сөйлемдердің өзі бірнеше жай сөйлем болуы мүмкін, онда олардың араларына үтір қойылады: Құттыбай ауылы күздікке екі жарылып қонды: төрт-бес үй Алатаймен бір бөлек, бес-алты үй Асанмен бір бөлек.
Өйткені, себебі сияқты жалғаулықтар түсіп қалып жасалған салаластарда жай сөйлемдердің арасына қос нүкте қойылады: Мен жиналып үлгеретін болдым: пойыз кешке жүреді екен.
Құрмаласқа енген жай сөйлемдерді байланыстырып тұратын бірақ, сонда да, алайда, сондықтан, дегенмен сияқты жалғаулықтар түсіп қалып айтылғанда, олардың орнына үтір мен сызықша қойылады: Үйде шешен, – дауда жоқ (мақал). Есіктің киізін олай итерем, бұлай итерем, – ашылмайды (С.Мұқанов).
Салаласқа енген жай сөйлемдегі іс шұғыл болса, немесе біріндегі іске екіншісіндегі қарама-қарсы қойылып айтылса, араларына сызықша қойылады: Ти десем – тимейді, тиме десем – тиеді. Айтты – көндім, алды – бердім, енді өкіндім, өзіме аз (Абай).
Тізбек сонда, соншалық, сонша, сондай, сол, мынау, мынадай, себебі деген сөздермен аяқталып, әрі қарай өз алдына сөйлем болып кетсе, бұл сөздерден кейін қос нүкте қойылмай, сызықша қойылады: Мақал-мәтелдердің ықшам болатын себебі – олар келелі ой, кең мазмұнды бір-ақ ауыз сөзбен айтып, «тоқсан ауыз сөзді тобықтай түюі» керек.
Тұлғасы жағынан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышына ұқсас болып келетін сөздері бар сөйлемнің бәрі бірдей құрмалас бола бермейді. Сондықтан ондай сөйлемдердің тыныс белгісін құрмаласпен шатастыруға болмайды. Олар:
а) Болса деген сөзбен келетін күрделі бастауышты немесе күрделі анықтауышты сөйлемдер. Мұндайда болса деген сөз алдындағы сөздің мағынасын баса, айырып атау үшін қолданылады және оны алып тастағаннан сөйлем мағынасы ақсамайды. Демек, мұндай күрделі мүшелерден кейін үтір қойылмайды: Ал Әмір болса сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді (М.Әуезов).
ә) Болмаса деген шылаумен келген сөйлемдер. Оларды да баяндауышы болмаса деген болымсыз етістіктен жасалған бағыныңқы сөйлемдермен шатастырмау керек. Екі бірыңғай мүшенің арасында келген болмаса шылауы үтірмен ажыратылмайды: Сен кітап болмаса газет оқи тұр. б) Себеп-салдар пысықтауыштар мен себеп-салдар бағыныңқыларды шатастырмау керек. Әр сөйлемнің өз алдына бастауыш, баяндауыштары жоқ болса, пысықтауыш болады да, үтір қойылмайды. Өз алдына бастауыш, баяндауыштары бар болса, құрмалас сөйлем болады да, үтірмен ажыратылады: Бөжей көп арбасқандықтан, Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді (М.Әуезов).
в) Дегенде деген сөзбен келген күрделі мүшені баяндауышы сол сөзден жасалатын басыңқымен шатастырмау керек. Күрделі мүше үтірмен бөлінбейді: Сен дегенде ойым таза. Бүлдірген дегенде Абай да елең етіп сұрастыра бастап еді (М.Әуезов).
г) Тұлғасы жағынан құрмалас сөйлемнің бағыныңқысы сияқты мынадай тұрақты тіркестердің соңынан да, өз іштеріне де үтір қойылмайды: не болса да, қалай болса солай, бірде болмаса бірде, бір күні болмаса бір күні: Бірақ Дәркембай бұл үшін неге болса да іркілмей басатыны Абайдың өзіне мәлім (М.Әуезов).
ғ) Тұлғасы жағынан бағыныңқы сөйлемге ұқсас таң ата, таң сарғая, күн шыға, ымырт үйіріле, қас қарая деген тіркестер сөйлем ішінде үтірмен бөлінбейді, өйткені бұларды өз алдына өз алдына бағыныңқы сөйлем деп санауға болмайды. Бұлар бастауыш, баяндауышқа бөлінбейді: Біз мұнда қас қарая келдік. Жастар ымырт үйіріле клубқа жинала бастады.
Дауыс кідірісі бар жердің бәрі құрмалас сөйлем бола бермейді. Мысалы, алдында күрделі әрі жайылма және көбінесе есімшемен бітетін анықтауышы бар сөздерді айтқанда, дауыс кідіреді, бірақ үтір қойылмайды: Бұл шақтарда недәуір қартайып қалған Ұлжан баласының жүзінен көзін алмай, көп қарады (М.Әуезов).