11-тақырып. Үтір және қойылатын орындары
1. Қаратпа сөздің тыныс белгісі
2. Қыстырма сөз, оның түрлері, тыныс белгісі
3. Одағайлардың тыныс белгісі
4. Оңашаланған айқындауыш, оның тыныс белгілері
5. Бірыңғай мүшелердің тыныс белгілері
6. Жалпылауыш сөздердің тыныс белгілері
7. Құрмалас сөйлем ішінде қойылатын үтір
1. - Жанды, жансыз заттарға қарата айтылған сөздер (қаратпалар) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен ажыратылады. Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса, үтір оның соңынан, ортасында тұрса, екі жағынан, соңында тұрса, одан бұрын қойылады: Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел (Абай). Тыныштал! Тынышталшы, Абайжан! (М.Әуезов).
Қаратпа сөздің алдында өз анықтауыштары болса, олар қаратпа сөзден тыныс белгісімен бөлінбейді. Қаратпа сөз анықтауыштарымен тұтасып, сөйлемнің басқа мүшелерінен үтірмен ажыратылады: Қарағанды шахтерлері, ұр еңбектің дабылын! (И.Байзақов).
Алдынан не соңынан келген эпитет сөздері бар қаратпалар да тұтас тізбек құрайды, эпитет пен қаратпа сөз бір-бірінен тыныс белгісімен ажыратылмайды: Жарайды, Абай аға, қаршыға жайында ма? Қарағым Қамқа, бүгін күн жұма ғой осы? (М.Әуезов).
Қаратпа сөзбен қатар келген одағайдан кейін үтір қойылады: Күннен күнге, уа, халқым, құлаш жаздың өріске (Жамбыл).
Қаратпа сөзбен қатар келген о деген одағайдан кейін де үтір қойылады: О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен (Жамбыл). О, жалғыз сенерім – Жантығым! О, сиқыр, тағы келдің бе қасыма? (Ғ.Мүсірепов).
Қаратпа қоса айтылған шылаулар да күрделі қаратпа сөздің құрамына енеді де, екеуінің арасына дефис қойылады: Жеңеше-ау, Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да. Қаратпа сөздер екі рет қайталанып та келуі мүмкін. Мұндайда қайталап тұрған қаратпа сөздердің өз араларына үтір қойылады: - Қош, қалқам, қалқам! – деді Шұға (Б.Майлин).
Қаратпа сөз сияқты, бірақ нақты біреуге арналып айтылмаған, жалпылық-белгісіздік немесе одағайлық мағынасы бар сөздер сөйлем ішінде үтірмен бөлінеді. Олар да күрделі, шылаулы болып келе береді: Жандарым-ау, не білгендерің бар? Бар болғыр, жай болушы ма еді? (Ғ.Мүсірепов).
2. – Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері:
а) Автордың түрліше сезімін: қуанышын, қайғырғанын, өкінішін, сенімін, күмәндануын т.б. білдіретін сөздер: амал қанша, несін айтасың, бәсе, әрине, рас, сірә, тегі, тегінде, асылы, бәлкім, шамасы, айтпақшы, мүмкін, бақытымызға қарай, соры қайнағанда т.б.: Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ (Абай).
ә) Айтылған ойдың кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер: ...айтуынша, ...айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, сеніңше, оныңша, оларша, ... ойынша, әлі есімде, шынымды айтайын, ұмытпасам т.б.: Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салысқан сияқтысыз (М.Әуезов).
б) Ойдың желісін, ретін білдіретін сөздер: біріншіден, екіншіден, ... әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, ақырында, әйтеуір, керісінше, мысалы, негізінен, негізінде, сонсын, сосын, бір жағынан, екінші жағынан, ..., бір сөзбен айтқанда, былайша айтқанда, сайып келгенде т.б.: Мысалы, Омбының сол кездегі зор үйі – Омбы темір жолының басқармасы – Қызылжарда жоқ (С.Мұқанов).
в) Тыңдаушының назарын аудару үшін айтылатын сөздер: айталық, өздеріңізге мәлім, көріп отырсыз, шынында, міне, әне, қане, байқаймын, байқайсыз ба т.б.: Байқаймын, ол мені танитын адамға ұқсайды (М.Иманжанов).
- Қыстырма сөздер сөйлем ішінде басқа сөздерден үтірмен бөлінеді. Қыстырма сөз сөйлемнің басында келсе, үтір одан кейін, ортасында келсе, екі жағынан, соңында келсе, алдынан қойылады: Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған (М.Әуезов).
- Не, немене, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер де сөйлем мүшесі болмай, айтушының белгілі бір сезіміне байланысты қолданылғанда, қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді: Арысыңды, ендеше, арыстан жеді. Қалай, құлағың ашылды ма? (М.Әуезов).
- Сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер көбінесе үтірмен бөлінеді: Осы кезде, Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлады (М.Әуезов).
- Екі қыстырма сөз қатар келгенде, араларына үтір қойылады: Рас, менің байқауымша, сіздің халық ақын халық. Қысқасы, мүмкін, осы дұрыс та болар.
- Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды: Географиялық атаулар, айталық тау аттары, бас әріппен жазылады. Қыстырма сөзбен келген оңашаланған мүше жақша ішінде тұрса, қыстырмадан кейін үтір қойылады: Көктемде жыл құстарының алды (мысалы, қаз бен үйрек) келе бастайды.
Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын мынадай сөздер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір арқылы бөлінбейді: ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ, әсіресе, тек: Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашоқыға қызығушылар көп болатын. Тек не бұйырсаң да, тезінен бұйырғайсың. Абай бірақ қайындап кетті (М.Әуезов). Ал, бірақ, алайда, дегенмен, сонымен қатар, сондай-ақ деген сөздер жалғаулық шылау ретінде екі бірыңғай мүшенің немесе екі жай сөйлемнің арасында келсе, алдарынан үтір қойылады. Бұл сөздер сөйлем басында келіп, олардан кейін қаратпа, қыстырма сөздер тұрса, екеуінің араларына үтір қойылады, бірақ ол үтір бұл сөздерге байланысты қойылған тыныс белгісі емес, қаратпа мен қыстырма сөздің екі жағынан қойылған үтірдің біреуі болып саналады: Ал, Абай аға, осы билік байлау ғой (М.Әуезов). Дегенмен, шынымды айтайын, сізді танымай тұрмын.
Достарыңызбен бөлісу: |