Екінші буынды машиналардың пайда болуы жартылай өткізгішті элементтердің (транзисторлар мен диодтардың) пайда болуымен байланысты. Транзисторларды Bell Laboratoriec зертханасының мамандары Джон Бардин, Уолтер Браттейн, Уильям Шокли ойлап тапқан. Сол үшін олар 1956 жылы Нобель сыйлығына ие болған. Транзисторлар негізінде құрылған бірінші компьютерлерге МТИ зертханасында жасалынған ТХ-0 (транзисторлық экспериментарлық компьютерлер) ТХ-0, ТХ-2 және Bell Labs зертханаларында жасалынған TRADIC (Transistor Digital Computer- транзисторлық цифрлық компьютер) компьютерлері жатады. 1961 жылы DEC (Digital Equipment Corporation - цифрлық ақпаратты өндіретін корпорация) фирмасы PDP-1 машинасын шығарды. 64 Кбайт жадылы компьютер құрамында 512*512 пиксельді дисплей қосылған болатын. DEC фирмасы PDP-1 компьютерінен кейін 12 биттік PDP-8 мини компьютерін шығара бастады. Оның құны басқа компьютерлерге қарағанда төмен болды. PDP-8 компьютеріне енгізілген негізгі жаңалық - компьютердің барлық құрылғылары бір шина арқылы алмасуға мүмкіндік алды (1.2-сурет).
1.2-сурет. PDP-8 компьютерінің шинасы
Екінші буынды машиналардың ерекшелігі ретінде жартылай өткізгіштік элементтерімен қатар жады құрылғыларын құруға магниттік өзекшелердің кеңінен қолдануын атауға болады. Магниттік өзекшелер негізінде құрылған жадының негізгі артықшылығы оларға сақталған деректерге еркін қатынас құра аламыз. Яғни кез-келген уақытта деректің кез-келген элементіне олардан деректерді оқу үшін немесе оларға деректерді жазу үшін қатынас құра аламыз. Екінші буынды машиналардың құрамына жылжымалы үтірлі сандарды өңдейтін аппараттық блоктар енгізілді. Есептеу машинасының құрамына бөлек енгізу-шығару блоктары енгізілді. Мұндай блоктар процессор жұмысын енгізу- шығару операцияларынан босатып, оның өнімділігін өсіруге мүмкіндік берді. Екінші буынды кеңестік машиналарға Урал-4, Урал-11, БЭСМ-2, М-40, Минск- 2, Минск-32, «Днепр» машиналары жатады.