Дәріс Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері


Дәріс – 4. Дәрілік заттарды ингаляциялық әдіспен қолдану техникасы



бет6/94
Дата20.02.2023
өлшемі3,97 Mb.
#69481
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   94
Байланысты:
Кожанов 2

Дәріс – 4. Дәрілік заттарды ингаляциялық әдіспен қолдану техникасы


1. Оттегін тыныс алу жолдары арқылы жіберіп емдеу әдістері.

Тыныс алған кезде өкпелерге атмосфералық ауа барады. Ол ауаның құрамы: 79,3 % азоттан, 20,9 % оттегінен, 0,03 % көмір қышқыл газынан және 1,0 % инертті газдардан (аргон, неон, гелий) тұрады. (таблица)


Дем шығарған кездегі ауаның құрамында орташа есеппен 79,7 % азот, 16 % оттегі және 4,4 % көмірқышқыл газы болады. Осы келтірілген деректерді салыстыра отырып тыныс алудың барысында организм 5 %-ға жуық оттегін пайдаланып; 4,4 %-ға жуық көмірқышқыл газын бөліп шығаратынын анықтауға болады.
Дені сау малдардың организмінде мұндай газ алмасу процессі уақытында жүріп отырады. Ал мал ауруға шалдыққан кезде организмде қандай өзгерістер болады? Міне, соған тоқталайық.
Сау малдардың өкпелерінің альвеоллаларындағы ауаның құрамы 80,5 % азоттан; 14,0 % оттегінен және 5,5 % көмірқышқыл газынан тұратын көрінеді. Ал ондағы оттегінің қысымы сынап бағынасы бойынша 102 мм-ге тең. Мал өкпе ауруларына шалдыққан кезде өкпе альвеоллаларындағы оттегінің парциалдық қысымы төмендейді де, оттегінің өкпе альвеолларының қабырғасы арқылы қанға өту процессі бұзылады. Міне, осындай жағдайда өкпе альвеолларындағы оттегінің парциалдық қысымын қалыпты жағдайға келтіру үшін тыныс алатын ауаның құрамындағы оттегінің мөлшерін көбейту қажет. Ол үшін өндірісте шығарылатын медициналық оттегін пайдалануға болады.
Көптеген медициналық және малдәрігерлік ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда оттегінің мөлшері дем алатын ауада 60 %-дан көп; 34 %-дан аз болмауы керек көрінеді. Дем алатын ауаның осындай қоспасы ауру малдың тыныс алуына ең қолайлы деп саналады. Осындай ауа қоспасын пайдалана отырып шаруашылықтарда жүргізілетін тыныс алу жүйесінің ауруларын емдеу тәсілдерінің нәтижесін жақсартып, емдеу уақытын қысқартуға болатын көрінеді. Ал таза оттегімен дем алдыру малдың тыныс алу жолдарының рецепторларын қатты тітіркендіру арқылы жүйке жүйесінің тыныс алу орталығының жұмысын бүлдіреді.
Белгілі бір мөлшердегі резервуар болған жағдайда, құрамында 34 – 60 %-ды оттегі бар қоспаны дайындау онша қиындыққа соқпайды. Шағын көлемдегі резервуарды өзіне ауа өткізбейтін жұмсақ материалдан жасап алуға болады.
Біз өз тәжірибемізде жеке бұзауларға тыныс алдыру үшін диаметрі 1 метрлік резинадан жасалған метеорологиялық шар-зондты пайдаландық. Ондай резервуардың жартысын атмосфералық ауамен, жартысын таза оттегімен толтыру арқылы құрамында 60 % оттегі бар қоспа алдық. Оны былай есептедік: 500 л атмосфералық ауада 100 л (20 х 5) оттегі бар. Оған таза 500 л оттегін қостық. Сонда 1000 л қоспада 600 л (100 + 500) оттегі болады. Егерде 1-2 айлық бұзаулардың тыныс алу көрсеткіші 250 мл болса, онда 1 минутта 30 рет дем алған бұзау 1 сағатта 450 л (250 х 30 х 60) ауаме дем алатын көрінеді. Олай болса біз ұсынып отырған резервуар бір-бір сағаттан дем алдыру үшін 2 бұзауға жетеді.
Ұсынылып отырған резервуарды іс жүзінде былай толтырдық: сиымдылығы 1500-2000 л болатын резервуардың жарты мөлшерін тұрмыстағы шаң сорғыш аспабын пайдаланып атмосфералық ауамен толтырдық, сондай мөлшерде таза оттегін редуктормен жабдықталған оттегі балонынан алдық. Осылай дайындалған ауа қоспасын бұзаулардың тыныс алу жолына әдейілеп дайындалған маска арқылы қостық. Емдеу әдісін күніне бір рет, 50-60 минут уақыттай өткізіп отырдық. Емдеу ұзақтығы аурудың барысына байланысты 7-10 күндей болады.

Арнайы маскаларды бұзаулар мен қойларға арнап қолдан жасадық. Ол үшін адамдарға арналған противогаздың қақпақты апаратын алып, малдың басына тығыз сиятындай етіп күні бұрын дайындалған цилиндрге тығыздап, ауа шықпайтындай етіп желімдедік. Ондай цилиндрді машина дөңгелектерінің ескі камераларынан дайындауға болады. Резина цилиндрдің ішкі жағынан айналдыра диафрагма ретінде қақпақша желімдеп қойған дұрыс. Сонда цилиндр малдың басына нығыз орналасады. Ондай цилиндр екі бау арқылы малдың желке тұсынан таңып ұсталады. Противогаздың тыныс алатын қақпақшасын резина түтікше арқылы оттегінің қоспасы дайындалған резервуармен қостық. Резина түтікше ретінде противогаздың кеңірдек тәрізді түтікшесін пайдаландық. Ал дем шығаратын қақпақшаны бос қалдырдық. Керек болған жағдайда дем алу кезінде шыққан ауаны жинап алу арқылы минуттық мөлшерін анықтау үшін, немесе оның құрамындағы газдардың құрамын зерттеу үшін пайдалануға
3-ші сүрет. Бұзаулардың дем алысын зерттеуге арналған маска.
болады. Осындай арнайы масканы тапсырыс арқылы стандартты түрде жасатып алуға да болады.



Ал топ малды бірден оттегімен байытылған ауамен дем алдырып емдеу үшін арнайы бөлме немесе шатыр керек. Біз өз тәжірибемізде қолдан шатыр жасадық. Ол үшін ағаш тақтайшаларынан биіктігі мен ені 1,5 м болатын 4 тор шарбақ жасадық та, оларды өзара жіктестірдік. Сыртынан арнайы
дайындалған полиэтилен пленкасымен жаптық. Оның ішінің жалпы көлемі 3,375 м³ болды. Тор шарбақтың санын көбейту немесе оның биіктігі мен енін

4-ші сүрет. Қозылардың дем алысын зерттеуге арналған маска.


ұ


зарту арқылы шатырдың жалпы көлемін үлкейтуге болады. Шатырға кіргізетін малдың саны оның көлеміне тікелей байланысты. Ғылыми деректер бойынша 1 бұзауға орташа есеп бойынша 1,2 м³ ауаның көлемі қажет. Ал шатырдың ішіндегі ауаны 34-60 %-ға дейін байыту үшін, жоғарыда келтірілген есеп бойынша, делгіленген малдың санын ( біздің есепте 3,375 : 1,2 = 3 бас бұзау) шатырға еңгізіп, оны саңылаусыз етіп жапқаннан кейін редуктормен қамтамасыз етілген оттегінің балонынан оттегін шатырдың ішіне жібереді. Алғашқыда белгілі бір режімді анықтап алған дұрыс. Ол үшін шатырдың ішіндегі ауадағы оттегінің мөлшерін ауық-ауық есептеп отыруға тура келеді. Кейіннен сол режім арқылы жұмыс істеу оңай болады. Ол үшін оттегінің балонын әрбір уақыт бөлігінде белгілі бір уақытқа ашып шатырға оттегін жіберіп отырса болғаны.
Емге арналған медициналық оттегі 120 атмосфералық қысыммен болаттан құйылған балондарда сақталады. Сондықтан оны ауаны жоғарғы қысымда ұстайтын компрессор ретінде әртүрлі дәрілік заттардың қоспасынан ауада қалқып жүретін ұсақ бөлшектер жасауға пайдалануға болады. Мұндай ұсақ бөлшектерді жоғарғы қысымдағы ауа арқылы немесе жоғарғы қысымдағы оттегі арқылы алуға болады. Олардың негізгі қасиеті арналып жасалған генераторлар арқылы жоғарғы қысымның әсерінен шашырап шыққанда өте ұсақ бөлшектерге бөлінеді де, газ тәрізді ортада, жерге шөгіп қалмай, ауада қалқып жүруінде. Егерде осындай бөлшектер жоғарғы қысымдағы ауа арқылы алынса ауалы бөлшектер (аэрозоль) деп, ал жоғарғы қысымдағы оттегі арқылы алынса оттекті бөлшектер (оксигенозоль) деп аталады.
Біз өзіміздің тәжірибемізде дәрілік заттардың осындай ұсақ бөлшектерін алу үшін «САГ-1» генераторын пайдаландық. Осындай әдіспен алынған дәрілік заттардың бөлшектері малдың демі арқылы өкпе альвеоллаларына барады. Жоғарыда атап өтілгендей, мал организмінде оттегінің жеткіліксіздігін тудыратын ауруларды емдеген кезде, осындай дәрілік заттардың ұсақ бөлшектерін оттегімен байытылған ауамен дем алдыру арқылы емдеудің пайдасы зор. Осындай әдіспен тыныс алу жүйесінің ауруларымен ауырған малдарды емдеуді Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының терапия кафедрасының ғалымдары зерттеп, іс жүзіне асырды. Біз бұл әдісті малды топтап, кешенді түрде емдеу әдісі деп атауды ұсындық.


5-ші сүрет. Оттегімен дем алдыру арқылы емдеуге арналған шатыр.


Дәрілік заттардың құрамына аурудың себептеріне, белгілеріне қарсы қолданылатын, белсенділіктері ғылыми тұрғыда анықталған (антибиотиктер, сульфаниламид препараттары және т.б.), жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерінің жеткіліксіздігін толықтыратын, қақырық түсіретін және т.б. қажетті дәрілік заттарды қосу керек. Бұл жерде оттегі патогенездік және орын толтыру емдеу тәсідеріне жатады.
Осындай әдіспен ауру малды емдеу үшін герметикалық түрде жасалған арнайы шатыр-палатка, генератор (САГ-1), балондағы қысымдағы оттегі және қысымды төмендететін редуктор қажет. Редуктор арқылы балоннан шығардағы оттегінің қысымын 3-3,5 атмосфераға дейін төмендетуге болады. Редукторға жалғанған жоғарғы қысымға арналған арнайы резина түтік арқылы оттегін шатырдың ішіне шашыратуға болады. Дәрілік заттарды шашырату үшін резина түтік арнайы генераторға жалғанады. Генератордың форсункалары қарама-қарсы орналастырылған екі тостағаншасына дәрілік заттардың ерітіндісі құйылады да, ол дәрілік қоспа оттегінің қысымы арқылы шатырдың ішіне ұсақ бөлшектерге ыдырап, шашыратылады.
Оқушы қауымға түсініктірек болу үшін бұл әдісті бронхопневмониямен ауырған бұзауларды емдеу үшін өзіміздің қалай қолданғанымызды толығырақ баяндай кетелік.
Ол үшін көлемі 12 м³ шатыр-палатка дайындадық. Оған 2-4 айлық 10 ауру бұзауларды (1 бұзауға 1,2 м³ көлемді есепке ала отырып) орналастырдық. Генератордың тостағаншаларының әрқайсысына 500 мл-ден төмендегідей құрамдағы дәрілік заттардың қоспасын құйдық:

  1. Белсенділігі ғылыми тұрғыда анықталған антибиотик;

  2. Суда тез және жақсы еритін сульфаниламид – норсульфазол;

  3. Бронхылардың өзегін кеңейту үшін – эуфилин;

  4. Жүрек-қан тамырларының жұмысына жақсы әсер ететін кофеин натрий-бензоат;

  5. Қақырықты сұйылту үшін – медициналық пепсин;

  6. Организмнің резистенттілігін жақсарту үшін – тетравит;

  7. Дәрілік заттардың ұсақ бөлшектерін оттегімен байытылған ауада қалқытып ұстап тұру үшін – 10 % глицерин ерітіндісі.

Бұл дәрілік заттардың мөлшерін В.Н.Квятковскийдің ұсынған формуласы бойынша анықтадық:

А х С
Д = ----------- ;


Р
Бұл жердегі:
Д – дәрілік заттардың шашырату мөлшері, бірлік немесе грам ретінде;
А – дәрілік заттың барлық малдардың салмағына есептегендегі адсорбциялық мөлшері, немесе шамамен әр дәрінің еттің ішіне жіберетін мөлшерін алуға болады, бірлік немесе грамм ретінде;
С – 0,467-ге тең тұрақты коэффициент (бұзау үшін);
Р – бұзаудың 1 минуттағы 1 кг салмағына есептегендегі дем алатын ауасының мөлшері (ол көрсеткіш бұзау үшін 0,273 л-ге тең).
Егерде жоғарыда келтірілген деректерге сәйкес белгілі көрсеткіштерді орындарына қойсақ, онда мынандай нәтиже аламыз:

Д = А х 0,467 : 0,273 = 1,7 А.


Сонымен қолдануға ұсынылып отырған дәрілік заттың еттің ішіне жіберілетін мөлшерін анықтамадан тауып алып, оны 1,7 коэффициентіне көбейту керек. Мысалы, кофеин бензоат-натрийдің дозасы 5,0 г х 10 = 50,0. Олай болса,


Д = 50,0 х 1,7 = 85,0 г.

Осындай дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін редуктордың шүмегін ашып 3 минут уақыттай генератор тостағандарындағы дәрілік заттардың қоспасын оттегінің қысымы арқылы шашыраттық. Сонда шатырдың іші бірқалыпты қалың тұманға толады. Ауру малдарды осындай қоспа золімен дем алдыру уақытының ұзақтығы 60 минут. Шатырдағы малдардың дем алу барысында ондағы оттегінің концентрациясы да төмендейді. Оны 34-38 %-да ұстап тұру үшін әрбір 20 минут сайын редуктордың шүмегін 1,5-2,0 минутқа ашып отыру керек. Осының барлығы тәжірибе жүзінде тексеріліп, дәлелденген. Жұмыс жүргізілетін әрбір жағдайда қолданылатын шатыр-палатканың көлеміне байланысты белгілі бір режім кестесін күні бұрын анықтап алған дұрыс. Ол үшін қолданылатын шатыр-палатканың ішіндегі ауаның құрамындағы оттегінің мөлшерін білу қажет. Осылай болғанда ғана біз оттегі баллонындағы редуктордың шүмегін неше минут ашқанда шатырдың ішіндегі ауада оттегінің концентрациясы қанша болатынын біле аламыз.





6-шы сүрет. Оксигенозолетерапия жүргізу процесі.


Дәрілік заттардың ұсақ бөлшектерінің тыныс жолдары арқылы өкпе альвеоллаларына ену деңгейі ол бөлшектердің диаметрі мен малдың бір рет дем алған кезіндегі ауаның көлеміндегі сол бөлшек-зольдердің концентрациясына тікелей байланысты. Бұл көрсеткішке малдың дем алу процесінде оның саны мен сапасы да өз әсерін тигізеді. Бұл мәселелерді дұрыс шешу үшін маскалық әдісті пайдалана отырып малдың бір минуттағы дем алу мөлшерін және дем алатын ауа мен деммен шыққан ауадағы газдың құрамын анықтай отырып, олардың айырмашылығын тексеру арқылы белгілі бір қорытынды жасау өте қажет.


Біз өз тәжірибемізде ол үшін белгілі бір көлемдегі метеорологиялық резервуарға масканың дем шығару қақпақшасы арқылы малдың 5 минутта шығарған демін жинап алып, оны газдың көлемін анықтайтын аспаб арқылы есептедік те, 5-ке бөліп 1 минуттағы дем алу ауасының мөлшерін анықтадық. Ол санды аспабтың шығар аузына қойылған термометрдің көрсеткіші мен су буының серпімділігін еске ала отырып дайындалған түзеткіш коэффициентіне көбейту арқылы малдардың қалыпты жағдайдағы көрсеткіштерімен салыстыруға мүмкіндік алдық.
Белгілі бір ортадағы оттегінің концентрациясын анықтау үшін ГК-1 аппаратын қолдануға болады. Аппарат қарапайым, 100 мл-лік бюреткадан, теңестірілмелі шыны ыдыстардан, оларды жалғастыратын шыны және резина түтікшелерден тұрады. Теңестірілмелі шыны ыдыстың біреуі мыс сыммен толтырылған. Мыс сымы тотығу арқылы тексерілетін ауа қоспасындағы оттегін сіңіреді. Оның мөлшерін 100 мл-лік бюреткадағы шкала арқылы анықтауға болады. Аппаратпен жұмыс істеу тәртібі аппаратпен бірге берілетін нұсқауда келтіріледі.
Аппаратпен жұмыс істегенде кейбір жағдайларға көңіл аударған дұрыс:

  1. Мыс сым жіңішкере бастаған кезде оны алмастырып отыру керек;

  2. Егерде сіңіргіш ыдыстағы ерітінді сарғыш түсті тұнба бере бастаса, онда оны алмастыру керек;

  3. Жаңа дайындалған ерітіндімен толтырылған аппаратпен алынған 2-3 нәтижелерді есепке алмаған дұрыс;

  4. Жұмыс істердің алдында аппараттың барлық қосылыстарының герметикалық жағдайын тексеріп отыру қажет;

  5. Талдауға қажет газ қоспасын аз көлемді метеорологиялық резервуарға алған жөн;

  6. Шатырдың ішінен газ алу үшін резина түтікше жалғастырылған Жанэ шприцін қолданған қолайлы.

Жоғарыда келтірілген әдістерді қолдана отырып, 4-6 айлық дені сау бұзаулардың өзіміз анықтаған көрсеткіштерін келтірмекпіз.
2 – ші кесте Дені сау бұзаулардың газ алмасу процесінің көрсеткіштері

Анықтамалар

Көрсеткіштер

Дем алу жиілігі

24,0

Минуттық дем алу мөлшері, л

9,2

Деммен шыққан ауаның газ құрамы, көлемдік %:




- көмірқышқыл газы

2,86

- оттегі

16,39

Оттегін сіңіру мөлшері, мл/мин.

301,39

Көмірқышқыл газын бөлу мөлшері, мл/мин.

244,6

Дем алу коэффициенті

0,82

Дем алу эквиваленті

3,1

Оттегін пайдалану коэффициенті

32,5

Қанның құрамындағы оттегі, көлемдік %:




- артериялық қанда

17,3

- веналық қанда

8,8

Қанның оттегімен қанығу пайызы

50,9

Осы көрсеткіштермен салыстыра отырып ауру малдардың және оларды емдегеннен кейінгі көрсеткіштерін талдап, қорытынды шығаруға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   94




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет