3 - сұрақ. А.Р. Лурия мидың құрылымдық-қызметтік үлгісін психикалық іс-әрекеттің негізі ретінде көрсеткен. Бұл үлгі ми жұмысының біршама жалпы заңдылықтарын біртұтас ретінде сипаттайды және оның интегративтік қызметін түсіндіруге мүмкіндік береді (Е.Д. Хомская). Осы үлгіге сәйкес барлық миды 3 құрылымдық-қызметтік блокка бөлуге болады:
а) энергетикалық блок;
б) экстероцептивтік ақпаратты қабылдау, өңдеу және сақтау блогы;
в) күрделі іс-әрекеттерді реттеу және бақылау бағдарламасын жасау
блогы. Кез келген жоғары дәрежелі психикалық қызмет міндетті түрде 3 блоктың қатысуымен жүзеге асады. Әрбір блок психикалық қызметті қамтамасыз етуде басты рөл атқаратын жұмыстарын негізге алатын құрылыс ерекшеліктерімен және физиологиялық принциптерімен сипатталады.
Бірінші блок – бұл энергетикалық тонусты және сергектікті реттейтін блок. Психикалық іс-әрекет қалыпты болу үшін ағза сергектік жағдайында болу керектігі (И.П. Павлов, А.Р. Лурия, М.Н. Ливанов) дәлелденген (басқаша айтқанда, үлкен ми сыңарларының қыртысы тонустық жағдайда, яғни белгілі бір қозу деңгейінде болу керек). Тек қолайлы сергектік жағдайында ғана адам ақпаратты ойдағыдай қабылдап, өңдей алады. Ми қыртысының тонусын қамтамасыз ететін және реттейтін аппараттар ми қыртысының өзінде емес, мидың төменгі бағаны мен қыртысты бөлімдерінде болатыны белгілі болды. Мұндай аппаратқа ми бағанындағы торлы құрылым, ортаңғы мидың құрылымы, лимбия жүйесі және гиппокамп жатады. Торлы құрылым қысқа аксонды нейрондар денесінен тұратын жүйке торы болып табылады. Торлы құрылымның құрылысы мен қызметінде бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар, соның арқасында жеткізуші және әкетуші бөлімдерден тұратын негізгі қызмет қамтамасыз етіледі. Торлы құрылымның жеткізуші талшықтары арқылы қозу жоғарыда орналасқан түзілістерде (гипоталамус, ежелгі және жаңа қыртыс) аяқтала отырып, жоғарыға қарай бағытталады. Торлы құрылымның әкетуші талшықтары кері бір бағыт алады: ол жаңа қыртыстан басталатын қозуды ортаңғы мидың құрылымы мен ми бағанына жібереді. Бұдан басқа торлы құрылымның нейрондары «қозудың біртіндеп жиналуы» принципі бойынша жұмыс істейді, яғни қозу жекелеген импульстермен емес, өз деңгейін біртіндеп ауыстыра отырып таралады. Соңында торлы құрылымда барлық анализаторлар жүйесінен, сондай-ақ ми қыртысынан және мишықтан талшықтар келіп қосылады. Торлы құрылымда көптеген байланыстар кездеседі, барлық жүйке жолдарының, көбінесе оның нейрондарының конвергенциясы ми қыртысының бірінші, екінші және үшінші аймақтарындағы, сондай-ақ мидың басқа да құрылымдарының қозу толқындары бір уақытта кеңінен таралуға қосымша мүмкіндік береді. Жүйке жүйесі әрқашанда белгілі бір белсенділік жағдайында болатыны
белгілі. Белсенділіктің бірнеше әсерлері бар: бірінші кезекте, ағзадағы гомеостаздың негізін қалайтын зат алмасу үдерістері (нәруыз, көмірсу алмасуы, т.б.). Одан кейін сыртқы әлемнен (экстерорецепторлардан) ағзаға келіп түсетін ақпараттардың тікелей ағымы. Сенсорлық депривация жағдайында адам ұйқыға кететіні белгілі, одан жаңа ақпараттар түскенде ғана шыға алады. Аталған осы белсенділік көздері адамға да, жануарларға тән. Бірақ адамда бұдан басқа белсенділіктің маңызды бөлігі өзінің жоспарына, ниетіне және бағдарламасына негізделген. Ол адамның саналы өмірінде тіл арқылы қалыптасады. Е.Д. Хомская бірінші блоктың психикалық қызметтерді қамтамасыз етудегі қызметтік мәні, біріншіден, кез келген психикалық іс-әрекет (белсендіруші қызмет) үшін қажетті ОЖЖ-нің жалпы тонусын бір қалыпта ұстау және белсенділік үдерісін реттеу екенін атап көрсетті. Екіншіден, ми қыртысының реттеуші әсерін ми бағанының төменгі жағында орналасқан түзілістерге жеткізеді, яғни ми қыртысының жоғарғы бөлімдері торлы құрылымның әкетуші талшықтарының арқасында төменгі аппараттың жұмысын басқарады, сол арқылы олардың жұмысын белсендіре отырып, саналы іс-әрекеттің күрделі формасын қамтамасыз етеді. Торлы құрылымның зақымдалуы кезінде барлық жоғары дәрежелі психикалық қызметтердің (ең алдымен – еріксіз зейін мен ес) өнімділігі төмендейді, белсенділік пен ұйқы бұзылады. Жаппай зақымданған жағдайда ұйқы мен сергектік арасындағы шекара жойылады, адам жартылай ұйқылы күйде болады, оның уақыт пен орын туралы бағдары өшеді. Торлы құрылым зақымдануының айқын диагностикалық белгілері бір мезгілде барлық психикалық үдерістер өнімділігінің төмендеуі болып табылады. Ерікті үдерістер мен арнайы мотивацияға тарту психикалық үдерістердің тиімділігін біраз уақытқа арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен, мидың бірінші блогы психикалық іс-әрекетті қамтамасыз етуге, бірінші кезекте, зейінді, есті, эмоциялық күйді және жалпы сананы ұйымдастыруға қатысады. Одан басқа мидың бірінші блогы эмоциялық (үрей, ауырсыну, рахат, ыза) және мотивациялық күйлерді реттеуге қатысады. Осы блокқа кіретін мидың лимбиялық құрылымдары эмоциялық және мотивациялық күйлерді ұйымдастыруда негізгі орын алады. Осыған байланысты мидың бірінші блогы ішкі мүшелердің күйі туралы әртүрлі интероцептивтік ақпараттарды қабылдайды, өңдейді және бұл күйлерді реттейді [30]. .
Екінші блок – ақпаратты қабылдау, өндеу және сақтау блогы. Ол жаңа қыртыстың (неокортекс) сыртқы бөлімдерінде орналасқан және өзінің аппараты құрамына шүйде, самай және төбе қыртыстарын ала отырып, оның артқы бөлімдерін құрайды. Мидың осы блогының анатомо-құрылымдық ерекшелігі – қыртыстың 6 қабатты құрылымды болуы. Ол бірінші (түскен ақпаратты қабылдауды және талдауды қамтамасыз етеді), екінші (бір анализатордан келіп түскен ақпаратты синтездеу қызметін атқарады) және үшінші аймақтардан (олардың негізгі міндеті – ақпаратты кешенді синтездеу) тұрады.
Екінші блок аппаратының айқын ерекшелігі модалды өзгешелік болып табылады. Бірінші аймақтың жүйке жасушалары жоғары модальдық өзгешелігімен және тар мамандануымен ерекшеленетінін жеке нейрондардың белсенділігін тіркеу эксперименттері көрсетті. Біріншісі, ол бір ғана модальдықтың (бір түрдің) қозуын сезінеді мысалы, тек көру немесе есту дегенді білдіреді. Екіншісі, бұл нейрондар тек бір түр қоздырғышының жеке белгісіне тітіркенеді. А.Р. Лурия мидың екінші блогының құрамына кіретін қыртыс құрылысының негізгі заңдарын ажыратады. Қыртыс аймағының иерархиялық құрылысының заңы. Бұл заңға сәйкес қыртыстың біріншілік, екіншілік және үшіншілік аймақтарының байланысы ақпараттың ең күрделі синтезін жүзеге асырады. Қыртыстың ең күрделі ұйымдасқан аймақтары ең күрделі функцияларды қамтамасыз етеді. А.Р. Лурия ересектер мен балаларда біріншілік, екіншілік және үшіншілік аймақтардың байланысы әртүрлі екенін атап өтеді. Балада екіншілік аймақтың қалыпты дамуы үшін біріншілік, ал үшіншіліктің дамуы үшін екіншілік аймақтар жетілуі керек. Сондықтан біріншілік аймақтың ерте балалық шақта зақымдалуы
екіншілік және үшіншілік аймақтардың дамуының өрескел бұзылысына әкеледі. Ал ересек адамда қыртыс аймақтарының қалыптасуы кезінде үшінші аймақтар төмен жатқан екіншілік және біріншілік аймақтарының функциясын басқарады. Сондықтан ересек адамда қыртыс аймағының жетілуі кезінде неғұрлым ұйымдасқан үшіншілік төменде жатқан екіншілік пен үшіншілік аймақтардың қызметтерін басқарады. Иерархиялық құрылған қыртыс аймағының модальды спецификалық құлдырау заңы бойынша біріншілік аймақтан үшіншілікке өту кезінде олардың модальды спецификалық көрінісі төмендейді. Мидың әр бөлігінің біріншілік аймақтары максималды модальды ерекшелікке ие болады. Ассоциативті нейрондары бар жоғары қабаттары көп болатын екіншілік аймақтар төменгі дәрежедегі модальды ерекшелікке ие. Одан да төменгі модальды ерекшелік берілген блоктың үшіншілік аймағына тән. Осылайша, бұл заң қабылдаған әлемнің жалпы сұлбаларын бөлшектік модальды-спецификалық белгілерден синтетикалық түрде көрсетуге өтуін сипаттайды. Функцияның прогрессивті латерализация заңы функцияның белгілі бір жарты шармен байланысын түсіндіреді (біріншілік аумақтардан үшіншілік аумақтарған өтуіне орай). Мидің екі жарты шарларының біріншілік аумақтары тең болады. Екіншілік аумақтардың деңгейінде оң және сол жақ жарты шаршармен атқарылатын қызметтердің бір бөлігі бірдей болды, бірақ сол жақ жарты шар қызметінің екінші бөлігі, оң жақ жарты шардың қызметінен ерекшеленеді. Сол жақ жарты шардың үшіншілік аумағының қызметі оң жақ жарты шардың ұқсас аумақтарының қызметінен түпкілікті ерекшеленеді.
Е.Д. Хомскаяның айтуынша, мидың екінші блогының аппараттары
зақымдалғанда ми қызметінің бұзылысы, зақымдалған аумақтарға байланысты болады. Біріншілік аумақтар зақымдалса, бір модалдылықтағы қабылданатын тітіркендіргіштердің жеке белгілерін қабылдау (соқыр дақ, гемеанопсия, үн- шкаласының бұзылысы, анестезия және т.б.) қызметі бұзылады. Қыртыстың екіншілік аумақтары зақымдалғанда, қабылданатын тітіркендіргіште бір модалдылықтағы тұтас бейненің жеке белгілерінің синтезінің бұзылысы байқалады (агнозиялар, афазиялар). Үшіншілік аумақтардың зақымдануы кезінде, әр түрлі анализаторлардан түсетін, тітіркенудіңкешенді синтезі бұзылады, бұл кеңістікте бағдар табудың бұзылысында анық көренеді. Бұнда, прогрессивтік латерализация заңына сәйкес, оң жақ жарты шардың үшіншілік аумақтары зақымдалғанда кеңістіктегі заттық бағдар табу, ал сол жақ жарты шардың үшіншілік аумағы зақымдалғанда – кеңістіктегі символикалық бағдар табу бұзылады. Мидың үшінші функционалды блогы — іс әрекеттің күрделі түрлерін бағдарлау, реттеу және бақылау блогы болып табылады. Ол мақсатқа бағытталған, саналы психикалық белсенділікке байланысты, бұның құрылымына мақсат, себеп, мақсатқа жетуге бағытталған іс-әрекет жоспары, әдіс-тәсілдерді таңдау, іс-әрекетті орындауға бақылау, алынған нәтижені түзету енеді. Мидың үшінші блогы осы міндеттерді орындауға бағытталған. Мидың үшінші функционалды блогының аппараттары ортаңғы маңдай қыртысының алдында орналасқан және оның құрамына мидың маңдай бөлімі қыртысының моторлы, премоторлы және префронталды бліктері енеді. Маңдай бөлімі аса күрделі құрылысымен және көптеген қыртыс және қыртыс асты құрылымдармен екі жақты байланыстардың көптігімен ерекшеленеді. Бұл блогтың негізгі ерекшелігі қозу процестерін үшіншілік аумақтардан екіншілікке, кейін біріншілікке жеткізу; модалды-айрықша аумақтардың жоқтығы (тек қана қозғалтқыш типті аппараттардан тұрады); тек қана төмен орналасқан ми құрылымдарымен ғана емес, сонымен қатар үлкен жарты шарлар қыртысының басқа да бөлімдерімен екі жақты ауқымды байланыстардың бар болуы.
Моторлық қабық өзінің құрылымы мен функционалдық ұйымдасуы
жағынан біріншілік, моторалды екіншілік, ал мандайалды үшіншілік үлкен жарты шар қабығының аймағына жатады. Сондықтан олар бұл аймақтарға тән қызметтерді атқарады. Моторлық қабықтың нейрондары бұлшықеттерге қозу жібереді де, осыдан үлкен пирамидалық жол басталады. Дәл осы аймақтарда айқын көрсетілген соматотопикалық ұйымдар болады, Пенфилд бұл аймақтарды көрнекілікпен бейнелеп, «қозғағыш адам» деп атады. Моторалды қабық қозғалыс бағдарламаларын қамтамасыз етеді, яғни жеке қозғалыстарды бірыңғай кинетикалық әуенге біріктіреді. Мандайалды (фронтальды) бөлімдер мақсаттардың, бағдарламалардың қалыптасуында, адам мінез-құлығынының күрделі түрлерін бақылауда және реттеуде шешуші роль атқарады. Олар қысқа аксонды ұсақ дәнді жасушалардан тұрады және ретикулярлы формацияның күшті үдемелі және азаймалы байланыстар шоқтарына ие болады. Мандай алды бөлімдер ми қабығының барлық бөлімдерінің қондырмасы болып табылады, сондықтан жалпы мінез-құлықты реттеу қызметін атқарады [31]. . Үшінші функционалдық ми блогының бұзылуы кезінде қызметінің нашарлау сипаты қандай аппараттың бұзылғанымен байланысты. Моторлық қабық бұзылғанда, қозуды белгілі бір бұлшықеттерге өткізу қиындайды (жеке топтағы бұлшықеттердің парезі мен параличі) байқалады. Моторалды қабық бұзылса, жеке қозғалыстарды синтездеудің бұзылысына (қозғалыс дағдыларының күйзелісі) әкеп соғады, ал маңдайалды бөлімдерінің бұзылуы мақсатты бағытталған іс-әрекеттің бұзылуынан байқалады. Зерттеулер көрсеткендей, маңдайалды бөлімдерінің бұзылысы бар ауру адамдарда қозғалыстардың қайталануы мен стереотипизациясы байқалады.
Үш функционалды ми блоктарының құрылу ерекшеліктерінің талдауы мен қызмет етуі танымдық іс-әрекет түрлерінің әрқашан күрделі функционалды жүйе екенін және әрқайсысы барлық психикалық үдерістің орындалуына өз үлесін қосады деп пайымдауға мүмкіндік береді. Осы үш блокты ерекшелеу шартты болып келеді. Мидың бірінші блогы – қалған блоктарды қажеттіі деңгейде белсендендіруді, жандандыруды, екінші блок – экстерорецепторлар арқылы сыртқы ортадан келетін ақпараттың қабылдануын, талдануын және сіңірілуін қамтамасыз етеді. Бір жағынан, бұл ақпарат үшінші блоктың интегративтік қызметінің негізі болып, екінші жағынан, бірінші блоктың белсенділігінің қайнар көзі болып табылады. Үшінші блоктың маңыздылғы интегративті, реттеуші, үлгілеуші қызметінде жатыр. Ақпаратты қорытудың маңызды кезеңінде, үшінші блок – екінші мен бірінші блокка үлгілеу әсерін береді, ол қыртыстың активациясына және сезіну мен қабылдау кезеңінің өзгерісіне әкеледі.
Үш блоктың қызметі жағынан байланысын талдаса, онда бірінші блок - әртүрлі танымдық қызметтің қалыптасу мотивіне қатысса, екінші блок – қызметтің операциялық жағын қарастырады, ал үшінші блок – мақсаттар мен іс-әрекет бағдарламаларының құрылуына жауап береді. Осы блоктардың қызметінің бұзылуы міндетті түрде жалпы психологиялық қызметтің дезинтеграциясына әкеледі, бірақ әр кезде әр түрлі, себебі бұзылу қызметінің әр кезеңіне байланысты болады.