Психикалық инфантилизм синдромы – психикалық жетілмегендік. Ол психиканың пісіп-жетілу тепмпінің бұзылуынан және тұлға әсерленуінің эмоционалды – еріктік қасиеттері мен формаларының дамуының артта қалуынан көрінеді. Психикалық инфантилизм белгілеріне мыналар жатады: жалтақтаушылық, жоғары айбындылық, аңқаулық, мотивациялық сферада ойын қызығушылығы мен гедонизмнің басым болуы, қанағаттануға ұмтылыс, немқұрайдылық, болжам функцияларын атқарудағы қиындықтары, жауапкершілік сезімінің жетілмеуі, қиындықтарды жеңуде қабілетсіздігі. Бұлардың барлығы моториканың жетілмеуімен, ұсақ мануальді іс-әрекеттерді орындағанда қиындықтармен (жазуы) үйлесіп келеді.Психиклық инфантилизмнің алғашқы белгілері кіші мектеп және жасөспірімдік кезеңде байқалады. Психикалық инфантилизмнің 2 нұсқасы атап көрсетіледі: қарапайым және күрделі (асқынған).
Гебоидтілік синдром – жасөспірімдік кезеңде пайда болатын психикалық зақымдану (қалыптасып келе жатқан тұлға патологиясы).Гебоидті синдром негізінде пубертантты криздің психологиялық қасиеттері мен психопатологиялық білімнің клиникалық аяқталмағандығының үйлесімділігі жатыр. Ол жасөспірімдік кезеңнің спецификалық синдромы болып табылады. Гебоидтіліктегі барлық көріністер патологиялық сипатқа ие. Гебоидті көріністер психопатологиялыққа қарағанда тереңірек болады [73]..
Басты симптомдар – патологиялық құштарлық, стереотипиялардың көріністері. Бұл бұзылулардың негізінде эмоция (аффект) мен еріктің өзгерісі жатыр.Бүгінгі күнге дейін гебоидті синдромның көріністерін қандай зақымдануларға (неготивті немесе позитивті) жатқызуы жайлы сұраққа ешқандай әдістеме жоқ. Гебоидті синдром – жасөспірімдік созылмалы шизофрения шеңберінде қарастырылады. Пубертантты криздің патологиялық нұсқасы ретінде кездесуі мүмкін және қалыптасып келе жатқан психопатия структурасына енуі мүмкін
Сутяжный сандырақ – психопатияларда дамиды, шындықтың жоғымен сипатталады. Айналаға қызығушылығы жоқ, адекватсыз интенсивті дамиды.
Кереңдердің қуалау сандырағы – бұл естуі нашар адамдарда дамиды, басқа тілді ортаға түсіп қалғанда, айналасындағылардың тілін түсінбей, қарым қатынасы қиындағаннан дамиды.
Индуцирленген сандырақ (F24) – психикалық науқастармен үнемі қарым-қатынастарда болған адамта кездеседі. Мәдинеті төмен, әлеуметтік жағыдайы нашар адамдарда кездеседі.
Псевдодеменция – сандырақтың психогенді терең емес тарылуында дамиды. Қарапайым сұрақтарға дурыс емес жауап береді, бірақ сол қойылған сұраққа жауап айтады, қарапайым іс әрекетттерді дұрыс орындамайды.
Сандырақ ойлар- ол жалған ақылдың қорытындысымен сөйлеудің қателігімен шындықа сәкес келмейді. Сандырақ ойлардың құрамы науқастың мінез қулқымен анықталады. Сандырақ ойлардың формалары
Бірінші сандырақ (интерпретативті) – бұл қоршаған ортаға байланысты қандайда бір нарсені талқылау. Бұл сандырақ жүйленген, тұрақты, таралған, күрделі.
Екінші сандырақ (сезім) - бұл басқа психикалық бұзылыстардың әсерінен пайда болады: голюцинация. Сезімнің бұзылыстарынан, сананың бұзылыстарынан. Ол жедел турде пайда болды.
Сандырақтың құрамына байланысты турлері қудалау, ұлылық, өзін кінәлау өзін құрту.
Адамның дене құрылысын біз анатомия, физиология т.с.с. ғылымдар арқылы білеміз. Медицина қызметкерлері үшін адам тәнінің құрылысын ғана білу аз, жан дүниесінің де құрылысын білу қажет. Оқытуға оңай болу үшін адам жан дүниесін 4 бөліктен тұрады деп алайық:
бірінші – танып-білу;
екінші – сезім;
үшінші – қозғалыс-жігер;
төртіншісі -сана.
Қысқаша: ТБ+С+ҚЖ+С деп танып-білу, сезім, қозғалыс-жігер, сана сөздерінің бас әріптерін алсақ тұлғаның формуласы (личность) мынандай болады:
1. Танып-білу жүйесі арқылы біз қоршаған ортаны танимыз, түсінеміз, қабылдаймыз, ойлаймыз, еске сақтаймыз, назар саламыз (зейін), елестетеміз.
а) Қабылдау дегеніміз - айналада болып жатқан объективтік құбылыстарды сезу ағзалары арқылы қабылдап алу. Оған көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және тері арқылы сезу қабілеті жатады. Қабылдаудың 80-90 пайызы көру ағзасы арқылы болса,қалған 10-20 пайызы басқа дене мүшелерінің үлесінде.
б) Ойлау - сезім мүшелері арқылы келетін әсерлерді өңдеудің және алынған мәліметтерді талдаудың арқасында пайда болатын түйсік. Қортындылау. Басқаша айтқанда ойлау дегеніміз – адамның миында заттар мен құбылыстардың бір – бірімен байланыс жағдайындағы жалпылама бейнеленуі. Ойлаудың бұзылуы ауру адамның сөйлегенінен білінеді.
в) Ес, еске сақтау дегеніміз - құбылыстарды еске сақтау және еске түсіру қабілеті. Көп рет қайталанған құбылыстар есте ұзаққа қалады. Есі жақсы адам көп біледі интеллектік деңгейі жоғары болады. Ақылы кем адамдардың механикалық есі, кейбір олигофрендердің музыкалық есі жақсы болуы мүмкін. Ес назармен тығыз байланысты.
г) Назар (зейін) дегеніміз - психиканың бір нәрсеге бағытталуы, объектіге көңіл қою. Аса назар аударылған нәрсе есте сақталып қалады. Есіне көп нәрселерді сақтап қалған адамдардың интеллекті жоғары болып келеді. Сондықтан ес пен интеллектінің алдын алатын назардың (зейін қою) адам өмірінде алатын орны өте жоғары.
Назар - ерікті, еріксіз болып бөлінеді. Егер бір нәрсені есте сақтау үшін адам өзін-өзі зорлап зейін қойса алдағы уақытта алғашқыда қиын көрінген нәрсе үйреншікті жұмысқа айналады,бұл еріксіз назар.
Назардың бұзылуы - алаңғасарлық және бір бағыттылық.
Бірінші - адам жеңіл бір нәрседен екінші нәрсеге ауытқи береді, екінші - зейінін қадалған жерінен аудару қиынға соғады.
д) Елестету - ойша елестету немесе көз алдына келтіру. Адам өзінің өткен өмірін,болашақ өмірін немесе әр түрлі нәрселерді көрмесе де, көз алдына елестете алады. «Кілт» деген сөз арқылы оның формасын,неден жасалғанын айтып бере алады.
2. Сезім (эмоция). Өмірде кездесетін әр түрлі құбылыстарды адам сезіммен қабылдайды. Оған өзінің қарым-қатынасын іс-қимылы арқылы білдіреді. Эмоция - төменгі сатыдағы және жоғарғы сатыдағы болып екіге бөлінеді.
Төменгісі -адамның күнделікті органикалық қажеттілігіне байланысты.
Жоғары эмоция - жанұя, отан алдындағы борыш, эстетикалық қажеттілік. Эмоция адамның ішкі жай – күйімен қоршаған ортасына байланысты. Жақсы жаңалық қуантса,жаман хабар адамды күйзелтеді. Қарны ашса, туысқандарын сағынса, сүйгенін сағынса жабырқайды,көрсе қуанады.
3. Қозғалыс – жігер немесе іс-әрекет дегеніміз-адамның тек қана қабылдап қана қоймай өзінің ойлағандарын іс-әрекетке ауыстыруы, ол оның жүріс-тұрысынан белгілі болады. Әрбір іс-әрекеттің өзінің белгілі себептері болады. И.М. Сеченовтың еңбегінде қозғалыс еріксіз истинкт және ерікті болып екіге бөлінеді.
Шартсыз рефлекске байланысты қозғалыстар (ауырғанда, күйгенде қолды тартып алу, жүру, жазу, мимика) еріксіз қозғалысқа жатса, ерікті қозғалыс ми қыртысының талдау-синтездік қызметінің қортындысы.
Истинкт - жыныстық, тағамдық өзін-өзі сақтау және аналық инстинкті болып төрт топқа бөлінеді.
4. Сана - адамның қоршаған ортадағы шындықты бейнелеуінің ең жоғарғы түрі. Адамзатты жан-жануарлардан ажырататын қоғамдық еңбегінің жемісі, нәтижесі. Жеке психикалық процесс.
Тұлға туралы көзқарасымызды одан әрі жалғастырсақ, тұлға тек қана танып білу, сезім, қимыл-жігер және санадан ғана тұрмайтынын білеміз, бұларға қосымша:
Темперамент – туа бітетін қасиет, өмір бойы егер бастың қатты жарақаты болмаса, қатты уланбаса өзгеріссіз қалатын құзыреттілік. И.П.Павловтың еңбектерінде темперамент:
-сангвиниктік (күшті, ұстамды, пысық);
-флегматиктік (күшті, ұстамды бірақ ынтасыз, жігерсіз)
-холериктік (күшті, ұстамсыз және ұшқалақ);
-меланхоликтік (әлсіз, ұстамсыз және шалағай, жасық) болып төртке бөлініп көрсетілген.
Мінез– белгілі бір адамға ғана тән қасиет. Тұлғаның басқа адамдарға, қоғамға деген көзқарасы, қарым – қатынасын білдіреді. Өмір өткелдерінде өзгеріске ұшырап отыратын, тәрбие мен үйретуге байланысты, өскен ортасына қарай қалыптасатын құлық.
Мақсат – адамның алдына қойған ақ тілегі. Осындай болсам, осыған жетсем деген арман, болмаса да ұқсап бағу, біреудің ойында баю болса, біреулер оқып, білуге құмар.
Осы тұлғаға тән қасиеттерге адамды қоршаған ортаның зиянды әрекеттерінен (стресс) қорғайтын қасиетін психикалық қорғау жүйесін қоссақ, тұлға дегеніміз – танып – білу, сезім, қозғалыс – жігер, сана, темперамент, мінез, мақсат, психикалық қорғау жүйесі болады немесе қысқаша:
Денсаулық дегеніміз – тән менен жанның,әлеуметтік өмірдің тепе теңдігі.
Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымдастығының дерегі бойынша психикалық денсаулық дегеніміз:
- тән мен жанның тұтастығының бұзылмауы, тұрақтылығы;
- өзіне-өзі сын көзбен қарай алуы;
- өмірде кездесетін неше түрлі қиындықтарға психикалық қорғаныс жүйесінің төтеп бере алуы;
- қоғамға, өскен ортаға, әлеуметтік жағдайдағы заң, тәртіпке сай бола білу.
Осы жоғарыда көрсетілген дені сау тұлғаларға тән қасиеттері бар адамдарды, азаматтарды қоғамда психикалық ауру деп табу – заңды бұзу болып табылады. Психикалық ауруларды тек арнайы білімі бар дәрігерлер ғана анықтап, ем қолдана алады.
1994 жылы психиатрлардың кәсіби этикалық Кодексі қабылданып, онда негізгі этикалық қалып, ережелер қабылданды:
автономиялық принцип – тұлғаны сыйлау, оның тәуелсіздігіне, таңдаған жолына араласпау.
залал келтірмеу принципі – арнайы тіке және басқа біреулер арқылы ауруға кесел келтірмеу.
қамқорлық принципі – әрқашан аурудың мүддесін қорғау.
әділеттілік принципі – дәрі-дәрмектерді ауруларға алаламай бөлу, тең бөлу.
Медицина қызметкерлері әрқашанда ашық, шыншыл, аурулардың жеке өміріне араласпай, олар туралы белгілі болған жәйттерді басқаларға айтпай емдеуге міндетті. Оқушылармен тәжірибе жұмыстарын өткізгенде ауруларды өздерінің еркінсіз оқу процесіне пайдалануға болмайды.
Психиатриялық көмек ауру адамдарға емханалар мен ауруханаларда көрсетіледі. Облыстық және қалалық психикалық денсаулық орталықтары мен кабинеттер емханалық қызметтер қатарына кіреді.
Ауруханадан тыс психиатриялық көмекті облыстық, қалалық, психоневрологиялық орталықтар мен аудандық кабинеттер көрсетеді.
Психоневрологиялық диспансерлердің негізгі мақсаты - психикалық ауруларды есепке алу, оларға диагностикалық және ем көмегін көрсету, реабилитация шараларын жүргізу, керек болған жағдайда ауруханаға жатқызу.
Психикалық ауруларды жедел түрде ауруханаға орналастыру - олар өздеріне немесе маңындағы адамдарға қауіпті болған жағдайда (өзін-өзі өлтіру қаупі, сананың бұзылуы, күшті сандырақтар) ұйымдастырылады.
Жедел көмек арқылы ауруханаға жеткізілген ауруларды дәрігерлерден құрылған комиссия қарап, психиатриялық емнің қажеттігі туралы қорытынды жасайды.
Мас адамдарды, психопаттарды, психикалық қызметі шекаралық түрде бұзылған адамдарды жедел түрде ауруханаға орналастыруға болмайды.
Ауруханаларда психиатрдан басқа терапевт, педиатр, невропатолог, нейрохирург, офтальмолог, ЛОР, хирург, тері аурулары дәрігері, сексопатолог, рентгенолог, функционалдық диагностика дәрігерлері қызмет атқаруы тиіс. Психологтар, электроэнцефалография, ине терапиясы, психотерапия кабинеттері, емдеу-еңбек шеберханалары жұмыс істейді.
Ауруханалардың жағдайы үйдің жағдайына жақын болуы керек. Ермек үшін радио, теледидар, ойындар, музыкалық аспаптар болуы қажет.
Балалар бөлімшелерінде мұғалімдер, дефектологтар, логопедтер жұмыс істейді. Әлеуметтік қауіпті адамдарға арнайы мейіркештер, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын бөлмелер (палаталар) болады.
Невроз бөлімшелерінен басқа бөлімшелерде өткір, үшкір заттарды қолдануға тыйым салынады.
Медицина қызметкері ауру адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі қажет. Ол үшін медициналық психология саласын меңгеріп, өзінің білімін үнемі жоғары дәрежеде ұстауы керек. Көп жағдайларда аурулар тамақ ішуден бас тартуы, медицина қызметкеріне бағынбауы, қашып кетуге тырысуы, өзіне немесе басқа біреулерге қауіпті әрекеттер істеуі мүмкін.
Бұл жағдайларда ауруларды мәжбүрлеп емдеуге тура келеді. Дәрі-дәрмектің көмегімен тыныштандыру, не болмаса төсекке байлап тастау шаралары қолданылғаннан кейін, аурумен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.
Сезу ағзаларының бұзылуы психиатрияда:
а) сағым (иллюзия) деп аталады. Бұл айналадағы заттар мен құбылыстарды басқаша, қате түрде қабылдау. Кейде сау адамдарда да кездесетін қате қабылдау өмірде жиі кездеседі. Мысалы, ілулі тұрған көйлек қорыққанда кіріп келе жатқан адам деп қабылдануы, желдің ызыңы басқан аяқтың дыбысы сияқты қабылдануы мүмкін. Ауру адам бөтен адамдардың өзара сөйлесуін өзіне қатысты сөз деп бұрмалаған түрде естиді, оның есімін атағандай, оған арнап жаман сөздер айтқандай болады. Көңіл-күйдің өзгеруі және басқа да психикалық бұзылуларға байланысты сағымдар көбіне психикалық ауруларда кездеседі.
б) елестеушілік (галлюцинация), бұл нақтылы заттың болмаса да объектісіз жалған қабылдануы. Сөз болмаса да есту, зат болмаса да көру, иіс болмаса да сезу, дәмді басқаша қабылдау. Сондықтан елестеушілікті – көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және жанасу галлюцинациясы деп сезім мүшелеріне байланысты бөледі.
Көру елестеушілігінде аурулар жанды немесе жансыз нәрселерді, қозғалатын немесе қозғалмайтын нәрселерді әр түрлі түсте, дене мүшелерін бөлек-бөлек көріп, олармен қарым-қатынаста болады. Фантазияда ғана кездесетін жан-жануарлармен, адамдармен кездесіп, осы өмірде болып жатқан құбылыстай қабылдайды. Мысалы, арақтан уланған адам кешке қарай жын-шайтандардан қашып, өзіне немесе айналасындағы адамдарға қауіпті іс-қимылдар жасайды. Қорғанамын деп тарпа бас салуы мүмкін, бұл жағдайда кісі өлімі көп кездеседі.
Есту елестетушілігінде аурулар қазіргі кезде болмаған, жалған дыбыстарды (атыс-шабыс, айқай, жылау, еңіреу, ұрсу) естиді. Дауыс әйелдікі, еркектікі монолог немесе диалог қалпында болуы мүмкін. Ұзақ жылдар бойы ауырған адамдар кейде осы дауыстарға үйреніп, жұмысын істей беруі мүмкін. Есту елестеушілігінің әмірлі (императивті) түрі қауіпті болып келеді.
(Бұл жағдайда дауыстар ауруға: өлтір, өрте, балконнан секір, суға түс, өлең айт, боқта т.с.с. әмірлер береді. Тамақ ішпе десе, аштан өлгенше тамақ ішпеуі мүмкін. Дереу ауруханаға жатқызылып емделмесе, қоршаған ортаға аса қауіпті. Көбіне шизофоренияда уланғанда, энцефалит, ми ісіктерінде кездесетін белгілер.
Иіс сезу елестеушілігі кезінде жиі ұнамсыз (газ, шірік, нәжіс, өлік) иістер сезіліп, аурудың қоршаған ортадан бөлектенуіне себепші болады.
Дәм сезу елестеушілігінде ауру себепсіз тамақ ішуден бас тартады. Көбіне тамақтан керосин, бензин т.с.с. жағымсыз дәм (иіс) сезініп, басқалар оны улайды деп қорқады.
Жанасу елестеушілігінің өте айқын сезілетіні сондай аурулар үстеріндегі шыбын-шіркейлерді, қоңыздарды, құрттарды, жыландарды т.с.с. жағымсыз жәндіктерді қағып түсіруге, алып тастауға бар зейінін салады.
Іштегі немесе висцеральдық елестеушілік деп ауру адамның өзінің ішінде (қарын, жатыр, өкпе, бауыр) бөгде заттар бар екенін дәлелдеуге тырысуын айтады. «Ішімде жылан, жын-шайтан бар, алып тастаңыз» деп немесе «екіқабатпын, 9-10 жылдар бойы босана алмай жүрмін» деп медициналық көмек сұрауы мүмкін.
в) Сенестопатия – жоқ ауруды өзінде бар деп есептеу.
Ауруларда елестеушіліктің бар екенін оның мінез-құлқынан, іс-қимылынан байқауға болады. Өзімен-өзі сөйлеп, қорқып, қашып немесе көмек сұрап келеді. Галлюцинация шынайы және жалған болып екіге бөлінеді.
Егер елестеушілік бейнені ауру айналадағы шындық ретінде қабылдаса, ол кімді, қай жерде көргенін, оның бет әлпетін суреттеп бере алса, шайтанның құйрығының ұзындығын, түсін, оның қимылын, бетін суреттей алса бұл шынайы елестеушілік.
Егер ауруда жалған көру елестеушілігі болса, онда ол заттың түсін, түрін айнытпай айта алмайды. Дауыс естісе оның кімдікі, қайдан шыққанын анық айта алмайды. Елестеулер айналадағы кеңістікке байланыспай, өзінің нақтылығын жоғалтады. Мысалы, ауру дауысты басының ішінен, кеуде қуысынан естиді. Жалған елестеудің тағы бір белгісі – оның қолдан, зорлықпен жасалуы, ауру өзінің организміне сырттан теледидар арқылы, космостық сәулелер арқылы әсер етіп жатыр деп есептейді. Ауру адам ойланған кезде өзінің ойларын дыбыс түрінде естиді.
Қабылдаудың бұзылуына деперсонализация мен дереализация жатады. Деперсонализация – аурудың өзінің «менін» жоғалтуы. Ойларында тұтастық болмай тек психикалық емес ағзалар бойынша өзгергендерін байқауы. Дене мүшелері, аяқ-қолдары, басы т.с.с. ағзалары тым үлкен немесе бойы тым ұзындығын айтып шағымданады.
Дереализация кезінде қоршаған ортадағы айқындықты қабылдау өзгереді. Таныс нәрселерді танымай, керісінше танымайтын нәрселерді «танып», кейбір бөтен адамдарды өздеріне жақын тартады.
Ойлаудың бұзылуы
Айналадағы заттар мен құбылыстарды қабылдап қана қоймай, оларды салыстырамыз, тұжырымдаймыз, негізгі және қосалқы жақтарын айырамыз. Сезім мүшелеріміз арқылы қабылданған мәліметтерді талдаймыз. Адамға ғана тән бұл түсінік пен қорытындылауды ойлау деп атаймыз. Ойлау сөйлеумен тығыз байланысты, ойлаудың бұзылуы ауру адамның сөйлегенінен білінеді.
Шындықтан алшақ, түзетуге болмайтын ойларды сандырақ ойлар деп атайды. Сандырақ ойлы аурудың пікірін өзгерту мүмкін емес. Егер сағым мен елестеушілік кейде сау адамдарда да кездесіп отырса, ал сандырақ ойлар тек психозбен ауырған кезде ғана болады. Маңызы жағынан сандырақтың бірнеше түрі болады. Солардың негізгілері:
а) Соңынан түсу сандырағы – жиі кездесетін қарым-қатынас, уландыру, әсер ету, кінәлау, ұрлау, қызғану, кемсіту сияқты ойлар. Ауруларға айналасындағылар нашар қарап күлетін жаман ойларды айтып, сыбырласатындай болып көрінеді. Өзіне қатысы жоқ әрекеттерді өзіне бағытталған деп есептейді. Өткен-кеткен адамдарды өздеріне қарсы жауыздық ойлап жүр деп, бағалап сескенеді, сақтанады. Улап кетеді деп қорқып, тамақ ішуден бас тартады. Гипноздар, электр тогы, радиотолқындар, теледидар, ғарыш толқындары арқылы өзіне әсер етеді деп санап еден астынан, қабырғадан оларды іздеп, әуре болады, жүдейді. Көбіне дәрігерлерден, көршілерінен, туыстарынан қауіптенеді.
б) Кінәлау сандырағында мысалы, жұмыс істейтін жерінде кейбір заттардың жоғалғанын өзінен көреді деп есептеп, жұмыстан шығаруды өтініп арыз жазады. Көптеген кемшіліктерді өзінің кесірінен деп ойлап мазасызданады, жазалауды өтінеді.
в) Қызғану сандырағыкөбіне маскүнем адамдарда кездеседі. Әйелін (күйеуін) көзіне шөп салады деп есептеп, жұмысқа барғанда, қонақтықтарда астыртын немесе ашықтан-ашық бақылауға алады. Достарына, тумаларына айтып, өзінің сандырақ ойын дәлелдеуге тырысады. Әйелін (күйеуін) балаларынан, әкесінен, тумаларынан қызғанып, өш алуға ұмтылады.
г) Ипохондриялық сандырақтаөздерін: СПИД, туберкулез,
мерез сияқты жаман аурулармен ауырамыз, әрі сол аурулардың таратушыларымыз деп есептептейді. Жын-шайтанмен байланыстымын, қоймын, жыланмын деп, әйел еркекпін, еркек әйелмін деп тез арада шара қолдануды талап етеді.
д) Ұлылық сандырағы (бред величия) – байлық, тектілік, ойлап табушылық, сұлулық, сүйіспеншілік сандырақтары. Өздерін аса бай немесе асқан сұлу, ғалым, өнертапқыш деп таныстырады. Айтқан сөздері мен істері алшақ болса да «мен маршалмын, адмиралмын, әлемде теңдесі жоқ әртіспін, емшімін» деп өзіне бағынуды, сыйлауды, табынуды талап етеді.
Сандырақ ойлардан басқа жалықтыратын жабысқақ ойлар – адамның ықыласынсыз оның санасын алатын, құтылуы қиын ойлар. Маңызы аз, қисынсыз, сын көзбен қарап, олардан құтылуға тырысқанымен құтыла алмайтын ойлар бар. Мысалы, мен өлсем не болады? Неге әтештің басы біреу? Қолым неге екеу, үшеу емес? деген сияқты жабысқақ ойлардың біреуі кетсе, екіншісі келіп мезі қылады. Белгілі бір әуеннің ойдан кетпей қайталана беруін жабысқақ ойларға қосуға болады.
Жабысқақ қорқыныштарға (фобия) үйден шығарда есікті жаптым ба, үтікті өшірдім бе, өшірмедім бе т.с.с. күдіктер немесе әртістердің күнделікті сахнаға шығып жүргеніне қарамастан, күтпеген қорқынышқа тап болуы жатады. Бұл сияқты жабысқақ жағдай кейде сау адамдарда да болады. Қысқа мерзімде болып тез өтуіне байланысты адамның жұмысына, өміріне көп әсер етпейді.
Ойлаудың өзгеруі жылдамдау және баяулау түрінде кездеседі.
Жылдам ойлау процесінде ойлар жылдам әрі үнемі өтіп жатады. Бұл көңіл-күйі жоғары болған кезде байқалатын жай. Берілген сұрақтарға үстіртін және қалай солай жауап бере салған ауру, тез өз назарын басқаға аударады. Ойлау күрт жылдамдаса, ойлар секіре бастайды, аурулар ұйқастырып айтуға бейім болады, барлық ойын айтып үлгермейді [75, 55б.]..
Ойлау баяулаған кезде ойлардың пайда болуы мен өтуі қиындыққа соғады. Берілген сұрақтарға өте баяу, аз сөзбен жауап береді. Бұл жағдай көңіл-күй төмендеген жағдайларда кездеседі (депрессия).
Сөйлем құрамында логикалық байланыстың болмауын, сөздің мәні болмауын - ойлаудың үзілуі дейді. Аурудың сөзінде мән мен грамматикалық байланыс болмаса, жеке сөздер мен буындар қисынсыз кездесе берсе, бұл жағдай – ойлаудың қисынсыздығы деп аталады. Ойлаудың персерверациясы – ұзақ уақыт бір сөздің басым болуы. Берілген сұраққа бір сөзді қайталай береді. Мысалы: атың кім? – Амантай, әкең бар ма? – Амантай, оқисың ба? – Амантай, әйелің бар ма? – Амантай т.с.с.
Қойылған сұрақтарға бірден жауап бермей, зорға жылжып, әріден бастап, бірнеше керек емес нәрселерді айтып, адасып жауап қайтарса, ондай жағдайды батқыш ойлау дейміз. Балшыққа батқан автокөлік секілді шақ жылжып, мысалы қайда барасың деген сөзге өзінің кім екенін, қашан дүниеге келгенін, өмірбаянын қоса айтып діңкеңді құртады. Бұл қояншық және кәрілікке байланысты психоздарда кездеседі.