Дәріс Мәдениет морфологиясы



бет8/40
Дата18.10.2023
өлшемі311,18 Kb.
#117883
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   40
Байланысты:
МӘДЕНИЕТТАНУ ДӘРІСТЕР

2. Мәдениет тілі түсінігі Лингвомәдениеттанулық ізденістер бастауына назар салып, біраз экскурс жасар болсақ, онда сөз жоқ, бірінші болып аузымызға Вильгельм Гумбольдтың аты ілігеді. Ол өзінің орыс тіліне аударылған “Тіл және мәдениет философиясы” (“Язык и философия культуры”) , “Мәдениет тілі” (“Язык культуры”) атты тіл мәселесіне арналған классикалық шығармаларында тілді тек дайын қарым-қатынас құралы ретінде емес, өз бойына “халық рухын” жинақтаған пәрменді күш ретінде сипаттайды. Тіл философиясының негізін салған неміс филолог-философы, өнер теоретигі В. Гумбольдт тілдің топосын “сыртқы құбылыстар әлемі мен адамның ішкі әлемінің ортасында жатқан өзіндік әлем” деп анықтайды. В. Гумбольдтың тіл дегеніміз “халықтық рух”, тіпті, халықтың “болмысының, тыныс-тіршілігінің дәл өзі” деген көзқарастары әлемге кеңінен танымал. ХІХ ғасырда тіл философиясында В. Гумбольдт тұжырымдамасы халық мәдениетіндегі тілдің қызметіне аса үлкен мән беріп, тіл – ерекше халықтық рух дүниеге келтіретін өзіндік даму заңдары бар жүйе деген ой айтты.
Мәдениет өзін, ең алдымен, тіл арқылы көрсетеді әрі адам тіл арқылы өз мәдениетінің нәрін сіңіреді. В. Гумбольдтың кемеңгерлікпен айтқанындай, тіл әрі біздің өз іс-әрекетіміз, әрі оның өзі – шығармашылыққа бастаушы пәрменді күш. Тіл – халықтың рухани болмысын анықтаушы нышан-ишараты.
Тілді мәдениеттің мәйегі деп білуге жол салғандар қатарында А. Потебняның да бар екендігін жоғарыда айтқан едік. А. Потебня да, В. Гумбольдт сияқты, тілді үзіліссіз жаңашыл іс-әрекет ретінде қарастырады. "Тіл қаншалықты іс-әрекет болса, соншалықты шығармашылық та" деп ұғады ол. Тіл шығармашылығы А. Потебня үшін эстетикалық шығармашылықтың бір түрі болып табылады. Ол тілдің аналогы ретінде мифті алып қарастыруға болады деп біледі. Миф алғашқы қауымдық адамдар ұжымындағы әлем туралы көзқарастардың жалпыға ортақ, реттелген көрінісі болып табылады. Миф ритуалдық-магиялық кешенмен тікелей байланысты әрі мифте үнемі эстетикалық, көркем элементтер қатынасы кездеседі дейді А. Потебня.
Тіл қалыптасқан дүниетанымның бейнесі емес, қайта сол дүниетанымды жасаушы, құрастырушы болғандықтан, адам өзінің жан құбылысын, сыртқы дүниеден алған сезімдерін сөз арқылы объективациялайды. Тіл мифтің пайда болу құралы болса, миф ғылымның бастауында жатыр. Өйткені, ғылым "сөзден құрастырылған мифтен дамиды. Мифтің ғылыммен ұқсастығы оның екеуінің де әлемді объективті түрде тануға тырысатындығында". А. Потебня, Б. Малиновский, М. Элиаде, К. Клакхон, К. Леви-Стростан бұрын-ақ мифтің құрылымын және оның маңызын ашып көрсете білді.
А. Потебня тілді рухани мәдениеттің "бірінші элементі" ретінде қарастырады. Тіл, тіпті, тілдегі сөздің әрқайсысы болсын өз бойында шығармашылық идеясын алып жүреді, өйткені сөз көркем шығарманың барлық қасиеттеріне ие деп білген А. Потебняның "жеңіл қолының" арқасында "мәдениет тілі", "өнер тілі", "поэтикалық шығармашылық тілі" деген ұғымдар ғылыми қолданысқа еніп кетіп, бүгіндері үйреншікті болып отыр. Э. Кассирер, К. Леви-Стростан талай уақыт бұрын А. Потебня адам өміріндегі және мәдениетіндегі белгі мен рәміздің алатын орнын зерттеп, олардың қаншалықты маңыздылығын көрсете білген болатын.
А. Потебняның айтуы бойынша, сөздің қос мазмұны бар: біріншісі – сөздің этимологиялық немесе жақын жатқан түбірлік мазмұны; екіншісі – сөздің субъективті көп мағыналы мазмұны. "Сөзден біз сыртқы пішінді немесе түсінікті дыбысты, сол дыбыс арқылы объективацияланған мазмұнды және ішкі пішінді немесе сол сөз мазмұнын беретін жақын тұрған этимологиялық мәнді табамыз".
Тілге, сөзге деген эстетикалық көзқарасты қалыптастыру жолында сіңірген еңбегінің арқасында А. Потебняны "лингвистикалық эстетика" мектебінің негізін қалаушы деп қарастыруға да болады. А. Потебня ресейлік мәдениеттанушылар, оның ішінде, лингвомәдениеттанымдық сарындағы ғалымдар М. Бахтиннің, В. Волошиновтың, А. Лосевтің философ, эстетик, мәдениеттанушы, филолог ретінде қалыптасуына зор ықпал еткен тұлға болатын.
А. Потебнядан бастауын алатын "мәдениет тілі" ұғымы тіл терминінің кең мағынасын пайдаланады. Әдебиет, кино, саясат, басқару ісі... – бәрін де мәдениет тіліне жaтқыза аламыз, өйткені олардың бәрі белгілі бір мәдени-әлеуметтік ақпаратты жеткізуші құрал болып табылады. Сөйтіп, мәдениетті семиотикалық жүйелер иерархиясы ретінде қарастыруға болатындығы айқын бедерленеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет