Интеграция жағдайында ғылыми білімдердің бірігу үрдісі басталады, ол да жаһандана бастайды, әр түрлі пәндер арасындағы айырмашылықтар түсіріле бастайды. Бұл құбылыстың өзі де әр түрлі бағытта іске асады. А) ғылыми салалардың өзара әрекеттесуі – мысалы, математика мен тіл білімі, физика мен химия сияқты ғылымдар байланыса бастайды. Б) таным аппараттарының жалпылануы мен ортақтануы – жалпы ғылыми ұғымда: құрылым, жүйе, ықтималдық, алгоритм т.б. өрісі кеңейіп, барлық ғылымдарда қолданыла бастады. В) Белгілі бір салалар басқа ғылымдарды өзіне қарай шоғырландыруда басты роль атқарып отырады: кибернетика, семиотика, ақпарат теориясы т.б.
Диффереренциацияғылымдардың өз ішінен таралуы мен бөлінуі. ХХ ғасырдың екінші жартысында белең алған бұл бағыт күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы: плазма физикасы, қатты денелер физикасы т.б. Ғылым ішінде арнайы мамандану жүргізіліп, өзіндік терминологиялары қалыптасады. Мысалы, бүгінгі күні геологияның 80 нен астам салалары қалыптасқан. Бұл зерттеудің нақты бір аймағына үңілуге, ғылыми ізденістің белсенді және әсерлі болуына жағдай туғызады.
Математикаландыру. Математикалық әдістер мен тұрғыларды басқа да ғылыми білімдерге қолдану: нақты тәсілдер, математикалық модельдеу, есептеу эксперименттері т.б. Мысалы, тарихта, әлеуметтануда, психологияда т.б. айқын көрінеді. Әлеуметтанулық зерттеулердің математикалық модельденуі, математикалық талдаулар жасау т.б.
Индустриаландыру кезінде ғылымның технологияға және технологияның ғылымға енуі жүре бастайды. Бүгінгі ғылым күшті индустриалдық базаны қажет етеді: қарапайым жасақталған кабинеттерден бастап, ұжымдық зерттеулер жүргізетін үлкен лабараториялар. Кей жағдайда бұл гуманитарлық ғылымдарға қайшы келіп жатады.
Ақпаратандыруқазіргі ақпараттық технологияларды ғылым мен бүкіл қоғамдық өмірге енгізу және үнемі жетілдіріп отыру дегенге келіп саяды. Осындай жағдайларға байланысты ғалымның көпқырлылығын қажет ететін оның келбеті де өзгерді: библиографиялау – мақалалар жариялау, сілтемелерді дұрыс көрсету, оларды сауатты пайдалану; мәтінмен жұмыс – өзінің мәтіндерін тудыру ғылыми білімнің өсуінің өлшеміне айналып кеткен. Ғалымның жаңалығы тек жарияланып, тексерілгеннен кейін ғана мақұлданады. Сондықтан қазіргі ғылым ғалымдардың мәтіндерінің тұтастанған жинағы гипермәтін ретінде ұғынылды. Ғалымның осындай машықтануы ғылыми сауаттылық ретінде бағаланды.