Балқаш көлінің экологиялық мәселелері Ағынсыз Балқаш көлі Қарағанды (Жезқазған), Жамбыл, Алматы (Талдықорған) облыстарымен шектесіп жатыр. 70-жылдарда көлдің ауданы жылдың жауын-шашын мөлшеріне байланысты 17-ден 22 мың км2 дейін ауытқып отырған. Көлдің үзындығы 605 км, ені шығыс бөлігінде 9—19 км, ал батысында 74 км-ге дейін жетеді. Шығыс жағында Балқаш Алакөл көлдер жүйесімен, батыс бөлігі Бетпақдала шөлімен, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағы Шу-Іле және Іле Алатауымен шектесіп жатыр. Сонымен катар, Балқаш бассейніне Жоңғар және Күнгей Алатауы, Қалықтау, Нарат, Боро-Хоро да кіреді. Балқаштың суының көлемі — 112 км3, ең үлкен тереңдігі — 6 м.
Көлдің батыс бөлігіне Іле өзені, шығыс бөлігіне — шағын өзендер Қаратал, Ақсу, Лепсі келіп құяды.
Балқаш — жартылай тұщы көл. Сарыесік түбегі Балқашты батыс және шығыс бөліктерге бөледі Батыс бөлігіндегі су ірі Іле өзенінің келіп құюына байланысты тұщы болған. Ол көлге жылдық су мөлшерінің 78,2% береді. Балқаштың шығыс бөлігіне келіп құятын шағын өзендердің барлығы қазір толығымен дерлік суаруға және шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалады. Тек көктемгі су тасқыны кезінде және мұздықтардың еруі кезінде ғана осы судың бір бөлігі өзендермен Балқашқа келіп түседі.
Географтар бұл жерді Балқашқа келіп құятын Іле, Шу, Ақсу, Қаратал, Лепсі, Тентек, Көксу өзендеріне байланысты Жетісу деп аталған.
1967 жылы Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-і салынды, ал 1970 жылы ірі Қапшағай су қоймасы іске қосылды. Шілік өзенін бөгеу нәтижесінде Бартоғай су қоймасы жасалды. Балқаш көлінің бассейнінің өзендерінен 1965—1986 жылдар аралығында алынатын судың мөлшері 4,8-ден 5,6 км3/жылына артқан. Соңғы онжылдықта Балқаш көлінің деңгейі екі метрден астам төмендеп, су бетінің ауданы 4,7 мың км2 кеміген. Көлдің тұщы бөлігіндегі судың минералдылығы артып келеді (1^-ден 1,9 г/л, ал Балқаш қаласы маңында 2,2-ден 2,3 г/л дейін). Судың минералдылығы, өндіріс орындары мен коммуналдың шаруашылықтың шайынды сулары, суармалы жерлердің қайтымды-дренаж суларының келіп түсуінің артуы нәтижесінде сумен қамтамасыз ету, адамдардың демалу жағдайлары нашарлап, аурулар саны артып отыр. Бүкіл жағалауда шөлдену процесі басталуы көлдің жағасындағы қамыстар жойылып бара жатыр.
Балқаштағы су деңгейінің төмендеуі нәтижесінде ондатра өсіру кәсіпшілігі құлдырап кетті. Бағалы балықтар аулау жылына 40 мыңнан 8 мың центнерге дейін кеміген. Өзен жағалауларындагы тоғайлы ормандар жойыла бастады.
Балқаштағы экологиялық жағдай тек Балқаш көлін сақтап қалу ғана емес, бүкіл Балқаш-Іле аймағының келешегін ойлауды талап етеді. Экология заңдарын білу, қала мен өндіріс орындарының тиімді тығыздығын анықтау Оңтүстік Қазақстандағы үш ірі облыстардың келешегін қамтамасыз ететін экологиялық тепе-тендікті қалпына келтіруге мүмкіндік береді.