Қазақстанның көшпелілік мәдениеті – қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды бөлігі ретінде
Кіріспе Бүгінгі Қазақстан жері ежелгі тұрғындар мен халықтар ен жайлаған құтты қоныс, тарихи мекен. Бабаларымыз осынау сайын даланы емен жайлап, еркін көсіле жүріп дала өркениетін қалыптастырды. Көненің көшіне көз салсақ, сақ, түркі, ғұн баласының ықылым заманнан бергі талай тағдыры тек осы даламен байланысты. Дала – кешегі өткен тарихтың киелі кітабы іспетті. Дала – бабаларымыздың баға жетпес жәдігерлері сақталған алып қазынасы, таусылмайтын мәңгілік мұрағаты. Көне дүниенің көмбесін ақтарып, тарихын түгендеп жүрген археолог-ғалымдарымыз бұл өлкені адамзаттың аяғы басқан кезеңдерден бастап, металл өңдеуді игеріп, жылқыны үйретіп, қала салып өркениет орнатқандығын дәлелдеп берді. Оның мысалы, энеолит заманында жылқыны қолға үйретумен, ерте темір дәуірінде бағалы металл өңдеуді игеру, мазмұны терең ғажайып туындыларды жасаумен байланысты. Ал оның ұлы тарихы сақ, сармат, үйсін, Түркі қағанаты, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Моңғол мемлекеті, Қазақ хандығы сынды мемлекеттік бірлестік құру кезеңдерінде дәстүрлі жалғасын тапты Көшпелілер немесе көшпелі қоғам, көшпелі өркениет дегеніміз — негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, күнкөрісінің көзі мал өнімдерінен тұратын, белгілі бір қалыптасқан жүйемен көшіп-қонып тіршілік ететін адамдардың әлеуметтік-экономикалық, саяси қауымдастығы және өркениеті. Көшпелілік XX ғасырдың 20-40 жылдан зерттеліп келеді.
Көшпеліліктің шығу тегі Көшпеліліктің шығуы көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның шектеулі мүмкіндіктеріне, табиғи ресурстарға байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпақдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелері жатады. Оларға тән шаруашылық-мәдени тұрпат — жартылай көшпелі шаруашылық пен мәдениет.
Табиғи-климаттың өзгерістер ұлан-байтақ жерімізді ежелден мекендеген тұрғындардың шаруашылық мәдени келбетінің әр замандарда өзгеруіне әсер етті.
Климатологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша, жекелеген құрлықтарда жаһандық климаттық өзгерістер 100—200 жыл өткен сайын болып отыратын құбылыс. Қазақ халқының ата-бабасы өмір сүрген кең-байтақ аумақ бірнеше рет климаттың өзгерістерді бастан кешірді. Ол халықтың өмір сүру салтына, шаруашылық-тұрмыстық өміріне, мәдени дамуына, т.б. әсер етпей қоймады. Сондай-ақ ол жекелеген табиғи-географиялық аймақ тұрғындарының белгілі бір антропологиялық типінің қалыптасу үдерісіне де өз ықпалын тигізді.