ХІ дәріс. Шылау. Одағай. Бас әріптердің қолданылуы. (1 сағат)
1. Бөлек жазылатын шылаулардың емлесі.
2. Дефис арқылы жазылатын шылаулар емлесі.
3. Одағай сөздердің жазылуы.
4. Бас әріптердің жазылу емлесі.
Тірек сөздер: шылау, одағай, бас әріптердің жазылуы, бөлек жазылатын
шылау, дефис арқылы жазылатын шылау.
Шылаулар, негізінен, бөлек жазылады: Қалам да, қарындаш та үстел
үстінде жатыр. Қалам мен қарындаш үстел үстінде жатыр. Мен әрі қаламмен,
әрі қарындашпеи жазамын. Бөлек жазылатын шылаулар мыналар (алфавит
тәртібімен): ал, алайда, әйткенмен, әрі, әлде, басқа, бері, бұрын, бірақ, біресе,
бірде, гөрі, ғана (қана), ғой, дағы (сен дағы), да (де, та, те), дегенмен, дейін,
және, жуық (жүзге жуық), екеш (бала екеш бала да түсінеді), кейін, қабат,
қарай, қаралы (жүз қаралы), қатар, құй, құйт, ма (ме, ба, бе, па, пе), мен (бен,
пен), менен (бенен, пенен), мейлі, не болмаса, немесе, онда да, өйткені,
сайын, себепті, сондықтан, сияқты (секілді, сықылды), соң, сынды, ту-ралы,
түгіл, шақты, шамалы, ше, шейін, үшін, я, я болмаса, яки.
Да (де, та, те) шылауы бірақ, әлі, тағы, сондықтан, сонда, әйтсе, сөйтсе,
және, қандай, сірә деген сөздермен жанаса қолданылғанда, олардан бөлек
жазылады: бірақ та; әлі де (болса), тағы да (айтарым), сондықтан да, сонда
да, әйтсе де, және де, қандай да болса, сірә да (Сірә да, бұл сөзіңіз естен
кетпес. М.Әуезов).
Сұраулық ше шылауы шы, ші болып айтылғанмен, ше түрінде
жазылады: Мен он төрттемін, ал сен ше? (айтылуы - сен ші). Үлкендер
жиналып болды, ал балалар ше ? (айтылуы - балалар шы).
Ақ, ай, ау, мыс (міс), ды (ді, ты, ті) шылаулары өзінен бұрынғы сөзбен
дефис арқылы жазылады: жақсы-ақ, жүрісін-ай, қарағым-ау, айтыпты-мыс,
келіпті-міс, болған-ды, келген-ді.
Ойпырай, ойпырмай, япырау, япырмай, япырмау сияқты одағайлар-дың
құрамындағы ай, ау шылаулары сөзбен бірге жазылады.
Әдетте шылаулар жалғаулардан кейін келеді: Сен үйде қаласың ба, әлде
киноға барасың ба? Әңгімені келістіріп айтасың-ақ. Мен осы үйдің ұлымын
да, қызымын да.
Ма (ме, па, пе, ба, бе) сұраулық шылаулары және ақ, да шылаулары
кейде жалғаулардан бұрын келеді. Ондайда бұл шылаулар қосылып
жазылады. Ма, ме, ба, бе, па, пе шылаулары мы, мі, бы, бі, пы, пі болып
өзгереді: Сен үйде қаламысың, әлде киноға барамысың. Әңгімені
келістіріп айтадыақсың. Мен әңгіме айтуға жоқақпын. Мен осы
үйдің ұлыдамын, қызыдамын.
Да (де, та, те) шылауын осы тұлғалас септіктің жалғауымен; ма (ме, ба,
бе, па, пе) шылауын осы тұлғалас болымсыздықты білдіретін жұрнақпен; мен
(бен, пен) шылауын осы тұлғалас көмектес септік жалғауымен; ше шылауын
үстеудің осы тұлғалас жұрнағымен шатастырмау керек: да (де, та, те) тұлғасы
жалғанып тұрған сөз кімде? неде? қайда? қашан? қайткенде? неткенде? деген
сұрақтарға жауап берсе, жалғау болады да, сөзбен бірге жазылады. Басқа
жағдайда шылау болады. Шылауды түсіріп айтқанмен, сөйлемнің жалпы
мағынасы бұзылмайды. Жалғауды түсіріп айтып көргенде, сөйлем түсініксіз
болып шығады. Мысалы: Ол менің жанымда (қасымда) келе жатыр (қайда
келе жатыр? - жанымда). Менің жаным да алма ағаштай гүлдеді (Жамбыл).
Не гүлдеді? – жаным гүлдеді. Ал алдыңғы сөйлемді Ол менің жаным келе
жатыр деп, да тұлғасын түсіріп айтуға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |