Педагог мамандығының көпфункционалдық сипаты:
1.Педагог мамандығының маңыздылығы оның қоғам дамуындағы рөлі туралы жетекші идеямен өзекті. Педагог мамандығындағы негізгі міндет – қоғам дамуының мақсаттарын жете түсініп, басқа адамдарды сол мақсаттарға жетуге бағыттау.
2. Адамзат тарихында мұғалім мамандығының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның қай елде болмасын ең кең таралғандығы. Мысалы, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерінің басым көпшілігі педагогтар екенін атап айтуға болады. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз педагог мамандығының қоғам дамуы үшін аса қажеттілігінің, зор маңыздылығының көрсеткіші, себебі егер бұл мамандыққа қоғам тарапынан сұраныс болмаса, мұндай көп мамандарды даярлау қажеттілігі де туындамаушы еді.
3.Мұғалім қызметі тек болашаққа ғана бағытталған. Мұғалімнің іс-әрекеті, қызметі балалардың болашағына бағдарланып, оның еңбегінің нәтижесі де келешекте ғана көрініс береді.
4. Мұғалім қызметі үнемі гуманистік сипатта болады. Ұстаздық қызметтің тағы бір ерекшелігі - педагогтардың әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білуінде, әр баланың бойындағы қабілетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасай алу шеберлігінде.
5. Педагогикалық еңбектің ұжымдық сипаты. Мұғалім үнемі мінездері, қызығушылықтары, даму және тәрбиелік деңгейлері әр түрлі қалыптасқан балалар ұжымымен жұмыс істейді. Ал осындай ұжым ішіндегі қарым-қатынастық жүйені дұрыс басқара білу үлкен педагогикалық шеберлікті талап етеді.
6. Мүғалімдер аса күрделі үрдісті – оқушы тұлғасының қалыптасуын басқарады. Ұстаздық мұрат - шәкіртін тұлға ретінде қалыптастыра алу, ертеңгі елдің абыройлы азаматын тәрбиелеп шығару. Мұғалім - оқушы өмірінің іргетасын қалаушы және ғылым негіздерін меңгертетін маман.
7. Мұғалімдерге аса жауапты әлеуметтік іс жүктелген. Қазіргі қоғам дамуында мұғалімдер өздеріне аса жауапты іс жүктелгенін саналы түрде сезініп, ол еңбекті атқаруда барлық ерік-жігерлерін, күш-қайратын, білім, іскерліктерін жұмсап табысты нәтижеге жетуді көздеулері керек.
Педагог мамандығына қойылатын талаптар және XXI ғасыр педагогының құзыреттілік моделі. Адамзат тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайларына байланысты өзгеріп отырған. Ұстаз тұлғасына, тәрбиешілерге, тәлімгерлерге қойылатын талаптар тіпті Ежелгі Греция, Ежелгі Мысыр, Ежелгі Римдегі Демокрит, Аристотель, Сократ, Марк Фабий Квинтилиан сынды философтар еңбектері мен идеяларында көрініс табады.
Мұғалімдердің моральдық-психологиялық, этикалық сапалары туралы ойлар шығыс философы Әбу Насыр әл-Фараби еңбектеріндегі айырықша көңіл аударылған мәселелердің бірі. Ол мұғалім бойында шыншылдық, шәкірттеріне де, өзіне де талап қоя алушылық, ықыластылық, қаталдық, күш-жігер және педагогикалық такт сияқты қасиеттердің сақталуын қажет деп санаған. Әл-Фараби ұстаздың мінез-құлық нормасы қандай болуы жайлы былай деп жазады: «..ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – ұстаздың қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымға шәкірті селқос қарайтын болады».
Педагогика ғылымының негізін қалаушы Я.А.Коменский (XVIIғ.) мұғалімдерге «ең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ» - дей отырып, балаларды оқыту-тәрбиелеу барысында мұғалімдерден табиғатқа сәйкестілік және дидактикалық принциптердің орындалуын талап еткен.
В.А. Сластенин мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар жүйесін оның педагогикалық еңбекке кәсіби даярлығы ретінде қарастырады.
Педагогикалық іс-әрекет – педагогикалық процесте жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, дамытуға, өздерін өздері іске асыруға және еркін шығармашылық тұрғыдан өздерін таныта алуларына қолайлы жағдай жасауға бағытталған кәсіби іс-әрекет. Педагогикалық іс-әрекеттің субъектісі – мұғалім. Ал мұғалім іс-әрекетінің объектісі – тұтас педагогикалық процесс болып табылады. Тұтас педагогикалық процесс теориясы бойынша оның өзара тығыз байланысқан негізгі компоненттері ретінде педагог, оқушы, мақсат, міндет, мазмұн, құрал, форма, әдіс-тәсілдер, тапсырма, нәтиже болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |