§ 3. Мiнездiң қалыптасу ерекшелiгi
Мiнез өмiр барысында түзелетiн, қалыптасатын психикалық қасиет болып табылады. Бұл мiнез бала туылғаннан кейiн қалыптасатынын бiлдiредi. Адам мiнезiнiң қайнар көзiн және оның ең алғашқы белгiлерiнiң көрiнуiн өмiрдiң алғашқы кездерiнен iздеу керек.
Жалпы жеке адамның мiнезiнiң қалыптасуына, дамуына оның қоршаған ортамен,әсiресе адамдармен қарым-қатынасы өте үлкен әсер етедi және оның ролi өте маңызды. Әсiресе, кiшкентай бала мiнезiнiң дамуында өз туған-туыстары, жақындары, оларға ұқсауға тырысулары мен елiктеулерi байқалады. Олар елiктеу арқылы үлкендердiң мiнез-құлқын үйренедi. Яғни бала мiнезiнiң қалыптасуы мен дамуына қоршаған адамдармен көп және белсендi қарым-қатынас жасау да ықпал етедi. Үлкен адамдар балалар сенiмiне кiрiп, оған сөзбен, iс-әрекетпен әсер ете алса,бала мiнез-құлқының белгiлi бiр түрiнiң қалыптасуы мүмкiн.Үлкендердiң бiр бiрiмен қарым-қатынасы, қарым-қатынас жасау ерекшелiктерi бала мiнез-құлқының қалыптасуына әсер етедi. Сонымен адам мiнезi еңбекке, жұмысқа, басқа адамдарға деген қатынаста,өз iсiне деген қатынасында пайда болады.
Мiнез қалыптасуында сензитивтi кезең екi-үш жастан тоғыз-он жасқа дейiнгi кезең болып табылады, себебi осы кезде бала өз құрбы-құрдастарымен, үлкендермен белсендi қатынасқа түседi. Осы кезеңде балаға әсер етуге болады, олар оны жақсы қабылдайды, елiктейдi. Осы уақытта үлкен адамдар баланың сенiмiне кiре отырып, мiнез-құлықтың керектi формаларының қалыптасуына сөзбен, әрекеттерiмен әсер ете алу мүмкiншiлiгi жоғары.
Баланың мiнезiнiң қалыптасуына үлкендердiң бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау стилi, сонымен қатар үлкендердiң баланың өзiмен қатынас жасау ерекшелiгi де өте маңызды. Ең бiрiншiден бұл ата-анаға, әсiресе анасының баласымен қатынасына байланысты болады. Ата-анасының баласымен қарым-қатынасы баланың өскен кездегi өз баласымен қатынас жасау ерекшелiгiне үлкен әсер етедi.
Баланың мектепке дейiн кезеңiнде мiнездiң келесi қырлары қалыптасады: ақ көңiлдiлiк, көпшiлдiк, қайырымдылық және оған қарама-қарсы өзiмшiлдiк, мейiрiмсiздiк, байыпсыздық. Ал, бастауыш сынып кезiнде адамдармен қарым-қатынас кезiнде көрiнетiн қырлар қалыптасады. Егер баланың мiнезiндегi белгiлi бiр қырлар отбасында қалыптасып, ол мектеп кезiнде қолдауға ие болса бұл мiнез қыры одан ары қарай дамып, тұрақталады. Егер қолдау таппаса мiнез қырларында өзгерiстер болады. Жасөспiрiмдiк шақта мiнездiң ерiктi қырлары, ал жастық шақта адамгершiлiктiк т.б. дамиды және қалыптасады.
Мiнез адам өмiрiнiң барлық жолдарында қалыптасады және өзгередi. Адам мiнезiнiң қалыптасуында ең үлкен орынды еңбек алады. Сондықтан да, мiнез басқа да тұлғаның қырлары сияқты iс-әрекет кезiнде қалыптасады деп айта аламыз.
Адамның мiнезiнiң өзгерiп отыруына әлеуметтiк жағдайдың үнемi ықпал етiп,оның жаңа сапаларын қалыптастырып отырғандығы ғылыми тұрғыдан анықталған тарихи шындық және обьективтi фактор екендiгi еш дау тудырмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |