Абай және орыс, Батыс әдебиеті
Абайдың орыс, сол арқылы Батыс әдебиетінен алған үлгі өрнектерін сөз етерден бұрын, Абай дәуіріндегі қоғамдық тарихи жайға көңіл болу қажет. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс қалпы бодан елдің отарлық езгідегі қараңғылық пен надандықты өрістеткен озбыр биліктің табанының астында өтті. Патша өкіметі мен оның отар елдегі билігі, биліктің қолдауымен қазақ даласына қоныс аударған переселендер, казак орыс әскерлері, саяси жер аударылғандар, патшалық биліктің жергілікті жердегі қолдаушы би - болыстары, бәрі де қазақ үшін жау, дұшпан есепті еді. Осындай жағдайдағы елдің күрес қарсылығы аяусыз жаншылып, сағы сынған халықтың тығырықтан шығудағы жалғыз жолы өктем жұрттың аңысын аңдып, үлгісін тұтыну, оның өз кұралымен құралдану болды.
Алғашында Семейдегі приходская школада өз бетімен орыс тілін игеруге ұмтылған Абайдың ой мақсаты да осы жолмен орыс тілі, орыс билігінің заң-законымен «аз білгенін көпсініп, көп қазаққа епсінуге» бағытталды. Мұны М. Әуезовтың Абай ғұмырбаянына арналған алғашқы өмірбаяндық очеркі «Абайдың туысы мен өмірі» шығармасынан көреміз. Кейін ел билігіне араласып, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-зарын көзбен көріп, орыс оқуы жолында саяси жер аударылған Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов, С.С. Гросс, А.А. Леонтьев, т.б танысып, араласу барысында Абайдың әлеуметтік теңсіздік сырларының себеп-салдарын тануда көкірек көзі ашыла бастайды. Сөйтіп бұлар Абай алдына «халықтар түрмесі» болған патшалы Ресейден өзге, екінші азаттық-демократиялық жолдағы Ресейдің бар екендігін көрсеткен адамдар еді. Алайда бұлар, әсіресе, Михаэлис Абайдың жаңа ізденіп жүрген кезіндегі алғашқы жол көрсетуші, жол сілтеушісі ғана болды. Ал өңге орыс әдебиеті мен мәдениеті, сол арқылы барған Батыс әдебиеті мен философиясындағы әдеби-көркемдік сипаттар мен озғын ой өзегін Абай сол руханият өкілдерінің өз туындыларынан алған. Сондықтан Абайдың орыс, Батыс әдебиетіне бару жайын сөз еткенде, Абайдың рухани өсу эволюциясын, орыс достарының бұл бағыттағы берген көмегінің шегін біліп айту керектігін М. Әуезов атап көрсеткен.
Абайдың орыс, Батыс әдебиеті мұрасынан алған үлгі өрнектерінің басты белгісі - ақындықты ел мүддесіне қызмет еткізу, қоғамның әлеуметтік күйіндегі әділетсіздікті ашына түйреп, сын тезіне салу. Бұл көбіне Абайдың Крыловтан аударған мысалдарынан байқалса, қоғам дертіне күңіреніп, түңілген жанның көңіл шерін, адамның ішкі әлемін суреттеу, ғашықтық тақырыбы, табиғат көріністері, ақындық өнер шабыты жайына келгенде бұл әдебиеттің ең таңдаулы өкілдерінің туындыларын аударып қана қоймай, сол үлгідегі өлең өрнегінен асып түсер поэтикалық көркем, сыршыл, нәзік сезімді поэзияны дүниеге әкелді. Мәселен, И.В. Гете - М.Ю. Лермонтов - Абай ңұсқасындағы «қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі.
Асылы Шығыс пен Батыстың адам баласына ортақ рухани қазына қорының ең асыл жауһарларын аудару, сол үлгіде тыңнан шығармалар жазу, Европа әдебиетінде бар сюжеттер негізінде шәкірттеріне романтикалық туындылар жаздыру, осының бәрі - Абай тағылымының халықтық, адамзаттық қадір-қасиетінің айнасы.
Абай және орыс, Батыс әдебиетінің өзара байланысын оқыту барысында осы айтылған мәселелерді терең де жан-жақты таныту үшін М. Әуезовтің «Орыс классиктері мен Абай» атты ғылыми еңбегіне арқа сүйеу қажет.
|