Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)


Дәріс тақырыбы: Тілдердің шығуы мен дамуы және олардың өзара әсерлері



бет9/72
Дата12.05.2023
өлшемі225,46 Kb.
#92148
түріҚұрамы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   72

Дәріс тақырыбы: Тілдердің шығуы мен дамуы және олардың өзара әсерлері


Тілдің шығуы.
Тілдің шығуы - адамзат қоғамының пайда болуымен байланысты, алғашқы адамдамың сөйлеу мүшелерімен дыбыстарды бірінен соң бірін ажырата айтуы арқылы қарым-қатынас қажеттілігінің өтелуі. Тіл қоғамда пайда болды, оны дамытатын - қоғам, халық. Тілсіз қоғам, қоғамнан тыс тіл болмайды. Адамды адам еткен - тіл. Тілдің шығуы - адамның әлеуметтік тіршілік иесіне айналуының алғы шарты. Дыбыстап сөйлеудің пайда болуы адамға тән екінші сигнал жүйесін қалыптастырды (сөз тітіркендіргіш қызметін атқарды, реакция туғызды). Сөздің пайда болуы адамдар арасындағы қатынасты жетілдіріп, қоршаған орта құпиясын ашатын ойлаудың жаңа сатысын туғызды.
Тілдің шығуы туралы мәселені сөз еткенде, ең алдымен, екі түрлі проблеманы бір-бірімен ажыратып алу қажет: оның бірі – жалпы адам баласы тілінің шығуы, яғни алғашында адамның сөйлеуді, ойын айтып жеткізуді қалай үйренгендігі туралы мәселе де, екіншісі – жеке, нақтылы тілдердің, мысалы, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, араб тілі, испан тілі немесе француз тілінің шығып жасалуы туралы мәселе. Бұл екі мәселені бір-бірімен шатастырмау керек. Бұлай дейтініміз: адамзат тілінің пайда болуы сонау көне заманға – адамдардың жануарлар дүниесінен бөлініп шығу заманына, алғашқы адамдардың пайда болу заманына барып тірелсе, жеке нақтылы тілдердің немесе туыс тілдердің тобының жасалып құрылуы жалпы адамзат тілінің шығып пайда болу заманынан анағұрлым бертінгі дәуірлерде болған. Нақтылы, жеке тілдердің, мысалы, қазақ тілінің, орыс тілінің немесе ағылшын тілінің пайда болып жасалуын және олардың пайда болу дәуірін тарих пен лингвистика ғылымдары тұрғысынан зерттеп айқындауға болады. Ал жалпы адамзат тілінің шығуы, яғни адамдардың о баста сөйлеп үйренуі туралы проблеманы қарастырып айқындау үшін, тек қана тарихи-лингвистикалық зерттеулердің өзі тіптен жеткіліксіз болады. Адамзат тілінің шығуы адамның пайда болуы және адам баласы қоғамының пайда болуы тәрізді күрделі мәселелермен тығыз байланысты. Осылай болғандықтан бұл мәселелерді бірін екіншісіне байланыстырмай, жеке дара күйінде алып қарастыру да, тыңғылықты түрде шешу де мүмкін емес.
Тіл білімі ғылым ретінде пайда болудан көп замандар бұрын тілдің және ойлаудың шығуы туралы мәселе әртүрлі ойшылдардың назарын аударған болатын. Ғасырлар бойында бұл мәселе туралы философтар мен социологтар, психологтар мен лингвистер түрлі-түрлі пікірлер мен жорамалдар айтып, сан түрлі пайымдаулар жасап келді.
Бұл мәселе ең алдымен антикалық тіл білімінде қойылған болатын. Онда тіл «табиғи» және «жасанды» құбылыс деген екі қарама-қарсы көзқарас болғаны мәлім. Кейін бұл екі бағыт ортағасырлық, Қайта өркендеу, ағарту дәуіріне дейін шешімін таппай келді. XVIII ғ.бастап ғылыми-философиялық тұрғыда қарастырыла бастады. (Ж.Ж. Руссо, И.Г. Гаман, И. Гердер). Осы саладағы зерттеулердің нәтижесінде В. фон Гумбольдттың әйгілі тұжырымдамасы дүниеге келді. Гумбольдт тілдің пайда болуын «адамзаттың ішкі қажеттілігінен туындайды. Ол адамдар арасында тек байланыс құралы ғана емес, адамдардың табиғатына тән және олардың рухани күштерінің дамуы мен дүниетанымдарын жасау үшін қажет...» деген.Тілдің шығуы туралы теориялар: дыбысқа еліктеу, эмоционалды теория, одағай теориясы, еңбек айқайы теориясы, марксистік теория, қоғамдық шарттасу және моногенез теориясы. Бұл теориялардың барлығы қате теориялар. 90-жылдарға дейін тілдің шығуының ғылыми тоериясын марксистік тоерия деп келдік. Қазірде бұл теория тек еңбек пен сананың байланысын көрсете білді. Араласу өндіріс дамуының қажетті салдары деп қабылданған.
Тіл – адам баласы қоғамында қатынас құралы ретінде пайда болды. Тілдің пайда болуы туралы әртүрлі теориялар бар дедік, олар тілдің қалай шыққанын, қалай пайда болғанын өзінше дәлелдейді. Енді аталған теорияларға қысқаша тоқталып өтсек:
1) Еліктеу теориялары, оның ішінде кең таралған «дыбысқа еліктеу қағидасы». Бұл теория ежелгі грек философиясынан басталады. Ол әсіресе 17-18 ғасырда кең өріс алды. Мұның өкілі - неміс философы Г. Лейбниц (1646-1716). Аталған теория тілдің шығуын былайша түсіндіреді: Алғашқы адамдар жануарлардың дауыстарын, құстың сайрауын, судын сылдырын, желдің гуілін естіп соларға еліктеуден әр түрлідыбыстарды шығарған. Сол дыбыстардан алғашқы сөздер жасалып, олар заттардың атауына айналды, - дейді.
Түрлі тілдерде қарк-қарқ, мияу-мияу, шиқ-шиқ, гу-гу, тарс-тарс тәрізді еліктеуіш сөздер бар екені рас. Бірақ бұған қарап тіл тек қана дыбысқа еліктеуден шықты деуге болмайды. Өйткені табиғатта дыбыс шығармайтын заттар да көп екені, олардың да атаулары бар екендігі даусыз.
Бұл теория тілдің пайда болуының әлеуметтік себебін ескермеді. Дыбысқа еліктеу теориясын жақтаушылар тілді «табиғат сыйы» деп қарайды. Ал шындығында тіл қоғамның жемісі. Ол қатынас жасау қажеттілігінен туған.
2) Тілдің шығуы туралы екінші теория – «эмоциональдық теория». Бұл теория 18-19 ғасырларда кең тараған. Оның жақтаушысы - Ж.Ж. Руссо (1712-1778). Ол «бір нәрсеге кұштарлық алғашқы сөздерді шығарды», - деп жазды. Бұл да қате теория болатын.
3) Ж.Ж. Руссоның «эмоциональдық теориясы» «одағай теориясына» (19-20 ғасырларда) келіп ұласты. Одағай теориясы бойынша, алғашқы адамдар айналадағы заттармен танысқанда өздерінің алған әсерлерін еріксіз шығарылған дыбыстар арқылы, яғни одағайлар арқылы білдірген. Сол эмоцияны білдіретін әртүрлі «еріксіз шығарылған дыбыстар» әлгі заттардың атауларына айналып, осыдан келіп тіл пайда болған.
Одағай теориясын жақтаушылардың бірі - орыс лингвисі Д.Н. Кудрявский (1887-1920). Ол: «Одағайлар адамның ең алғашқы сөздері еді. Алғашқы сөздерде дыбыс пен мағына бір-бірінен бөлінбеген, біртұтас болатын. Кейіннен олар бір-бірінен ажырасты», - дейді. Бұл теория да қате. Оның қателігі мынада: Тілдердегі одағайлар әртүрлі эмоцияны білдіреді. Бұл - рас. Бірақ тіл-тілде эмоцияны білдіретін сөздерге қарағанда, эмоцияны білдірмейтін сөздер әлдеқайда көп. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені, тіл эмоцияны ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, ең бастысы, катынас құралы, пікір алысудың кұралы ретінде қызмет атқарады. Тіл пайда болғанда қатынас құралы, пікір алысудың кұралы ретінде пайда болған. Бұл теорияның иелері тілдің қоғамдық табиғатына мән бермеген.
4) Тілдің шығуы туралы теориялардың тағы бірі – «қоғамдық шарттасу теориясы». Бұл теория бойынша алғашқы адамдар сөздерді өзара келісе отырып шарттасып жасаған. Осыдан келіп тіл пайда болған дейді. Тіл туралы келісу, шарттасу үшін, ол адамдардың бұрыннан тілі болуы керек қой. Олай болса, бұл теория да ешбір дәлелсіз.
5) Тілдің шығуы туралы бесінші теория – «еңбек айқайы теориясы» деп аталады. Ол 19 ғасырда шықты. Оны жасаушы - Людвиг Нуаре деген философ. Аталған теория бойынша, тіл алғашқы адамдардың еңбек ету кезінде шығарған рефлексті айқайларының негізінде пайда болған. Бұл теория да қате. Өйткені, тіл - қатынас кұралы ретінде ғана жасалады.
6) Моногенез теориясы орысша теория моногенеза (гр. monos бір, genesis шыққан тегі) - адамзат тілінін бір тектен шыққаны туралы теория. Моногенез теориясы алдында адамзат әуелде бір тілде сөйлеген деген әртүрлі мифологиялық, діни аңыздар болған. 20 ғасыр басында әртүрлі тіл семьяларын салыстыра зерттеу жетістіктерін жинақтау кезеңі басталды. А. Тромбетти (Италия) алғаш рет ғылымда белгілі тіл семьяларын неғұрлым ірі топтарға (макросемья) біріктіріп, оларда лексикалық байланыс барлығына карап моногенез теориясын қолдаған. Н.Я. Маррдың дүние жүзіндегі тілдер төрт әлементтен (сап, бер, йон, рош) шыққан деген теориясы да моногенез теориясының бір түрі болып табылады.
20 ғасырдың 60 жылдары М. Сводеш (АҚШ) тілдердің микро-макросемьяларын салыстырмалы-тарихи әдіспен зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, Тромбеттти идеясына жақын идея ұсынды. Глоттохронология теориясының негізін салган Сводеш тілдердің макросемьяларының арасында байланыс бар деп есептеп, Моногенез теориясын қолдаған. Қазіргі кездегі зерттеу әдістері тілдердін 10 мың жылдан арғы тарихын ашуға мүмкіндік бермейтінін байқатты. Моногенез теориясының бірден-бір ғылыми негізі - тегі бір деп саналатын тілдердін макросемьяларының, одан соң бүкіл әлем тілдерін біріктіретін семьяның бар екенін дәлелдеу идеясымен байланысты. Сайып келгенде, моногенез теориясы алғашкы Homo Sapiensо-ның Sapiens тілі болуы мүмкін деген көзқараспен ұштасып жатыр. Моногенез теориясын жақтаушылармен қатар, оны жоққа шығарушылар да бар. Моногенез теориясын дәлелдеу қаншалыкты қиын болса, оны жоққа шығару да соншалықты қиын.
«Моногенез теориясы» ғылымы емес, әртүрлі ауыздық, және діни ілімдерінде айтылғандай, әуелде адамзат баласы бір тілде сөйлеген. (Бабылдағы тілдердің араласып кетуі туралы аңыз, көне гректің Эдип туралы аңызы, Шумерлік аңыз т.б.). Ежелден келе жатқан аңызға сүйенсек, онда көне еврей тілінен барлық тілдер тараған деп айтылады. XX ғ. басында әлемдегі тілдерді салыстыру басталды. А.Тромбетти бірінші болып тілдерді ірі топтарға біріктірді, олардың бір тілден тарау мүмкіндігін тілге тиек етті. «Моногенез теориясының» бір түрін Н.Я. Марр ұсынған еді. Ол алғашқы қоғам адамдарының тілінде төрт тілдік элемент (сал-бер-йон-рош) болғанын айтты. Осылардың негізінде басқа сөздердің барлығы жасалуы тиіс дейді, бірақ бұл гипотеза дәлелденген жоқ. XX ғ. 60-ж. М. Сводеш А. Тромбетти идеяларына жақын, бірақ классикалық салыстырмалы-тарихи әдістерді қолдана отырып, «Моногенез теориясы» нұсқасын ұсынды. М. Сводеш глоттохронологияның негізін қалаушы деп есептеледі. Ол қазір қолданатын глоттохронологиялық әдістер тілдердің 10 мың жылдық тарихын аша алды. Егер антропологтардың айтуынша, адамзат баласы жер бетінің бір бұрышында ғана пайда болса, адам моногенезі болған жағдайда, тіл моногенезі де болуы мүмкін.
Адамзат тілінің пайда болу теориясының ғылыми негізін К. Маркс пен Ф. Энгельс жасады. Олар: «Тіл де сана сияқты басқа адамдармен қатынас жасау мұқтаждығынан және қажеттілігінен туды», - дейді («Неміс идеологиясы», Шығ., 3 т., 29 б.). Яғни мұнда, біріншіден, тіл мен сананың (ойлаудың) бір-бірімен тығыз байланыстылығы және олардың бір мезетте шыққандығы, екіншіден, тілдің адамдардың бір-бірімен қатынас жасау қажеттілігінен келіп пайда болғандығы айтылған.
Тілдің шығуы туралы мәселе Ф. Энгельстің «Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің рөлі», «Семьяның, жеке меншіктің шығуы» деген еңбектерінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты қолданып, бұл мәселе жайында материалистік теория әрі қарай дамытыла түсті. Ол еңбектерде тілдің шығуы жалпы адам баласының пайда болу мәселесімен тығыз байланыста қарастырылады.
Әуелі еңбек, онан соң тіл, екеуі екі жақтан адам баласы миының дамуына күшті әсер етті. Ал мидың дамуы ойлаудың дамуына әсер етті. Ойлаудың (сананың) дамуы өз тарапынан еңбек пен тілге, олардың дамуына әсерін тигізеді. Еңбек процесінде адам баласы қоғамының тууы - бұл үшеуінің (еңбек, тіл, сана) әрі қарай дами беруіне мүмкіндіктер мен жағдайлар жасады.
Тілдің алғашқы негіздерін адамның пайда болуы процесімен байланыстыра қараған дұрыс екеніне көз жеткізуге болады. Ендеше тілдің қалыптасуы да адамның қалыптасуы тәрізді миллиондаған жылдарға созылған процесс. Және оның қалыптасуы адамның түр ретінде қалыптасуымен бірге жүріп, бұл жолда жетекшілік қызмет атқарғаны да рас. Тілдің пайда болып қалыптасу процесі глоттогенез деп
аталады.
Адам эволюциясының қазіргі деректер бойынша даму жолы төмендегідей. Қазіргі адамдар (гомо сапиенс сапиенс) бұдан 150-200 жыл бұрын қазіргі Шығыс Африка территориясында (Кения, Танзания) пайда болған. Олар Еуразия құрылығына алғаш рет бұдан 70-80 мың жыл бұрын аяқ басқан, бұл аймақта кең таралған адам тәріздес «ағайындары» (негізінен неандертальдықтар) олармен бәсекеге төтеп бере алмай жойыла бастайды. Ал 40-60 мың жыл бұрын олар Оңтүстік Азия мен Еуропаға кеңінен таралып орналасқан. Одан кейін, бұдан 20-30 мың жыл бұрын адамдардың оңтүстікте Австралия мен аралдарға, солтүстікте Сібір мен Америкаға қарай таралуы жалғасады. Яғни тілдің қазіргі түрдегідей қалыптасқан кезін бұдан 200 мың жыл бұрынғы кезден әрі деп, ал қазіргі тілдердің бәріне негіз болған ең көне тілді бұдан 50 мың жыл бұрын өмір сүрген деп жорамалдауға болады.
Бұл болжамды көне тілдің қазіргі тілден елеулі айырмасы болмаған: яғни дыбыстардан сөздер құрастырып, оларды байланыстырып сөйлемдер құрап сөйлеген. Алғашқы кезде адамдардың саны әлемде аз болғанымен тілдердің саны өте көп болған деп есептеледі. Кейін тілдердің азаюы тайпалық дәуірдің басталуына байланысты. Тайпа мемлекеттіліктің бастауы, ондағы адамдар негізінен бір тілде сөйлесуге бағытталады. Бұл тілдердің бір бірін ығыстырып шығаруы және тоғысуы түрінде жүрген. Ал қазіргі салыстырмалы-тарихи зерттеулер бойынша барлық тілдер бұдан 15 мың жыл бұрын өмір сүрген 5-6 ата тілден таратады. Олардың ішіндегі ең ірісі нострат тілдері. Оның ұрпақтары кейін Еуропаға түгелдей, Солтүстік Африкаға және Азияның көп бөлігіне (Оңтүстік Шығысынан басқа) таралады.
Адамзат тілінің қазіргі күйінен алдындағы тілдің түрін «диффузды тіл» деп атайды. Бұл тілдің дыбыстық ажыратылмайтын кезеңін білдіреді. Бұл тілде сөздер мен дыбыстардан гөрі мағына білдіруде интонациялар және ымдаулар маңызды орын алған. Бізді қазір үй жануарлары немесе кішкене сәбилер (екі-үш айға дейінгі) қандай да бір жолмен (сол диффузды түрде, яғни дауыс әуеніне, көзге, қимылдарға қарайды) «түсінеді». Жалпы тілдің ең бастау көздерін жануарлар әлемі мен инстинктілерден іздеу үрдісі қазір басты қағидаларға өзек болуда.
Жер шарында мыңдаған жеке тілдер бар. Олардың бәрінің бір-бірінен толып жатқан айырмашылықтарымен қатар өзара ұқсас, бәріне ортақ жалпы қасиет белгілері де бар. Әрбір тіл белгілі бір жеке халықтың, қауымдастықтың игілігіне қызмет етеді және сонымен бірге ол - қоғамдық-тарихи құбылыс. Ол - адамзаттың мәдени дамуының қажетті шарты, өзара қарым-қатынас орнатудың, ой-сананың қалыптасуы мен дамуының құралы. Бұлар және басқа да мәселелер жалпы тілтанудың зерттеу объектісі болумен қатар философиялық проблемалар болып табылады.
Тіл қоғамда пайда болған. Рудың, тайпаның, халықтың, ұлттың пайда болуына қарай, тілді рулық, тайпалық, халықтық, ұлттық болады. Бұлар бірінен бірі туып отыратын категория. Алғашқы қауымдық құрылыста адамдар ру болып біріккен. Олардың тілдері рулық болған, кейін рулық құрылыс ыдырап, территориялық, мемлекеттер пайда болған, яғни халықтық тіл де пайда болады.. Феодализмнен капитализмге көшу барысында ұлт пайда болып, халықтық тіл ұлт тіліне айналады.
Қорыта келгенде, ұжымда бірлесе еңбек ету әрекеті өзара қатынас жасау қажеттілігін тудырды. Осыдан біртіндеп алғашқы сөздер туады, тіл мен ой пайда болады. Тіл мен ойлаудың шығуын алғашқы адамдар ұжымынан бөліп қарауға болмайды. Тіл еңбекпен бірге ұжымда туды. Тілдің пайда болуы ойлаудың пайда болуымен, тілдің дамуы ойлаудың дамуымен тығыз байланыста болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет