Сөздің аналитикалық формалары. Сөздердің аналитикалық формасы дербес (атауыш) сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалады. Мысалы: келе жатыр. Бұл - екі сөздің тіркесі емес, форма емес, бір сөздің күрделі (аналитикалык) формасы; біртұтас грамматикалық бірлік. Кел дегенде лексикалық мағына бар, келе жатыр дегенде бұл жерде дербес лексикалық мағына жоқ. Ол алдыңғы толық мағыналы дербес сөзге тіркесіп, оған осы шақта мағына үстеп тұр. Бұл жағынан жатыр көмекші етістігінің қызметі келеді, келмек, келіпті, келген дегендердегі -е+ді, -мек, -іп+ті, -ген аффикстерінің қызметтерімен бірдей. Бұл аффикстердің қызметтері де - шақтық мағына туғызу. Орыс тіліндегі будет работать (келер шақ) деген де - аналитикалық форма. Ол сөзді работать - работал (өткен шақ) - работает (осы шақ) дегендермен салыстырсақ, бұл айтқанымыз дәлелдене түседі.
Аналитикалық конструкция - даяр тұрған аналитикалық (яғни даяр тұрған элемент) арқылы жасалады. Ол аналитикалық формант - көмекші сөз. Яғни дербес сөз даяр тұрған көмекші сөзді қабылдайды. Сөйтіп, аналитикалық форма жасалынады. Сөздің аналитикалық формасы бір бүтін мағынаны білдіреді.
Қорыта айтқанда: Сөз әртүрлі формаларға ие. Ол формалар грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сөз формаларының екі түрі бар: бірі - сөздердің синтетикалық формасы, екіншісі - сөздердің аналитикалық формасы.
Грамматикалық категориялар. Грамматикалық категория грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен тығыз байланысты. Өйткені, біріншіден, мағына грамматикалық категорияның элементі ретінде өмір сүреді, соның құрамына кіреді. Екіншіден, қандай да бір грамматикалық категория болсын, ол кемінде екі түрлі формада көрінуі мүмкін. Мысалы, бір ғана септіктің формасы өздігінен септік формасын құрай алмайды. Септік категориясы болу үшін, тілде атау септіктен басқа ілік, барыс, жатыс, табыс т.б. септіктердің болуы шарт. Сонда ғана септік категориясы грамматикалық категория ретінде таныла алады. Жақ (1-жақ, 2-жақ, 3-жақ) категориясы, шырай (жай, салыстырмалы, күшейтпелі шырай) категориясы туралы да осыны айту керек. Сөйтіп, грамматикалық категория біртектес грамматикалық категорияларды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Мұндағы біртектес грамматикалық мағыналар дегеніміз не? Ол – «бір грамматикалық категорияның жалпы мағынасы (әрбасқа емес) біреу ғана», - деген сөз. Мысалы, шақ категориясы шақ, өткен шақ, келер шақ формаларында көрінгенімен, олардың жалпы мағынасы біреу ғана, яғни шақтық (мезгілдік, уақыттық) мағына. Біртектес шақтық мағыналар әртүрлі грамматикалық формалармен беріліп, жалпы грамматикалық шақ категориясын құрап тұр. Еңдеше, «осы шақ категориясы», «өткен шақ категориясы», «келер шақ категориясы» деп атау қате. Ондай категориялар жоқ, бір ғана «шақ категориясы» деген бар. «Өткен шақ», «осы шақ» дегендер - грамматикалық мағыналар. Олардың әрқайсысына тән өзіңдік формалары болады. Шақ категориясы бір шақтан емес, күллі шақтардың мағыналары мен формаларының жиынтығынан құралады.
Бұған қарап, белгілі бір грамматикалық категорияға кіретін грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылықтары жоқ екен деп қалуға болмайды. Олардың айырмашылықтары да, ұқсас (ортақ) жақтары да бар. Мысалы, жақ категориясына енетін 1-2-жақ, 3-жақ дегендердің ұқсас жағы - жақтық мағынасы. Ал айырмашылықтары - 1-жақтың – «мен», 2-жақтың – «сен», 3-жақтың — «ол» дегендерді білдіретіндіктері.
Сөздің бір формасы бірден бірнеше грамматикалық категорияны білдіруі мүмкін. Мысалы: жазғыз деген сөздің формасында 3 түрлі грамматикалық категорияның элементтері бар. Олар: бұйрық рай, екінші жақ, өзгелік етіс. Бұған керісінше, бір грамматикалық категория әртүрлі формалармен беріле беруі мүмкін. Мысалы: студент+ке, студенті+не, студентім+е дегендердегі бір ғана барыс септігі әртүрлі формалармен (-ке, -не, -е) берілген. Бірақ бұлар әр басқа категориялар емес, бір ғана септік категориясы. Күшейтпелі шырай да бірде синтетикалық тәсіл арқылы (қып-қызыл), бірде аналитикалық тәсіл арқылы (өте қызыл) деп беріледі. Формаларына қарап оларды әртүрлі категория екен деп қалуға болмайды. Белгілі бір грамматикалық категорияның дүние жүзіндегі барлық тілде болуы шарт емес. Ол грамматикалық категория бір тілде болғанымен, екінші тілде болмауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде бір вид (совершенный вид, несовершенный вид) категориясы неміс, француз тілдерінде кездеспейді. Немесе қазақ тіліндегі тәуелділік категориясы орыс тілінде (славян тілдерінде) жоқ. Грамматикалық род категориясы орыс, неміс, француз тілдерінде бар, бірақ ол ағылшын тілі мен түркі тілдерінде ұшыраспайды.
Белгілі бір грамматикалық категория әр тілде әртүрлі дәрежеде болуы мүмкін. Мысалы, араб тілінде 3 септік болса, орыс тілінде 6, қазақ тілінде - 7, эстон тілінде - 14 септік бар. Грамматикалық етіс категориясы көптеген тілдерде бар. Бірақ оның өзгелік етіс (каузатив) түрі түркі тілдері мен француз тіліне ғана тән. Ол славян тілінде кездеспейді. Орыс тілінде род категориясының үш түрі болса, француз тілінде оның екі-ақ түрі бар (онда средний род жоқ). Бұдан шығатын қорытыңды: әр тілдің өзіне тән грамматикалык ерекшеліктері болады екен. Солай дей тұрсақ та, көптік, септік, жақ, етіс категорияларының көптеген тілдерге тән екендігін айтуымыз керек. Грамматикалық категорияның көпшілігі белгілі бір сөзге телулі болады. Мысалы, род, септік, көптік категориялары есімдерге тән болса, жақ, шақ, рай, етіс категориялары етістіктерге қатысты. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталық.