8 Дәріс. «Өмір және өлім. Өмірдің мәні»
Қоғамда шешуші факторы адам. Қазіргі қоғамның даму саясатының жетістіктері де, қиындықтары да, сәтсіздіктері де жеке адамның бойынан көрініс табады. Адам проблемасының бір қыры – адам өмірінің мәні. Адам дүниеге не үшін келеді? Адам өмірінің мәні бар ма? Өмір не, өлім не? Осы тектес экзистенциалдық сауалдар талай ғасырлар бойы адамзат қоғамының адамынан бастап, ғұлама ойшылдарына дейін мазалап келе жатыр, олардың «мәңгілік» сұрақтар аталуы да сондықтан. Өмірдің мәні туралы сұрақтар өзіне қоя білу және оған жауап таба білу – әрбір адамның өмірін, оның болмысын анықтаушы белгісі. Өмірдің мәні туралы ойланбайтын адамды кездестіру киын, әрбір адам саналы түрде немесе санадан тыс осы мәселені шешуге тырысады, бірақ бұл өте күрделі міндет.
Осындай қиын сәттерде адамға көмек бере алатын ғылым – философия. Ол адам туралы өзінің ғасырлар бойы жинақталған философиялық антропологиялық бай мұрасына сүйене отырып, оның ақыл ойға ие тіршілік етуші ретінде жұмбақ табиғатының ерекшеліктерін ашып көрсетуге және өмірге келгендегі басты мақсатын түсіндіруге тырысады, өмірдің нағыз мәніне жеткізер жол сілтейді, сол арқылы қазіргі заман адамының экзистенциалдық вакуумнан шығуына көмектеседі.
Қазақ халқының адам өмірінің мәні туралы адмгершілік философиялық толғаныстарға толы вербадьді дискурстік рухани мәдеиетінен таба алады. Оның өмірмәндік мазмұны арнайы ғылыми зерттеу объектісіне айнала қойған жоқ, бұл тұжырымды әсіресе қазақ философиясының бастауы – қазақ ауыз әдебиеті, оның эпос, қара өлең, қоштасу, жоқтау, ақындық, жыраулық, шешендік өнер және тағы басқа түрлеріне қатысты айтуға болады.
Қазақ ойшылдарының шығармаларын зерттеп қана қоймай, тұлғалық сипаттарына, трагедиялық тағдырларына тереңірек үңілу қазіргі адамға ой салып, өміріне сабақ болар еді.
Бір сөзбен айтқанда өмірмәндік мәселе адамның ақырғы шешімі жоқ өмірлік серігі. Адам бұл мәселенің қиындығынан қорқып, оны елемеуге тырысқан сайын немесе алдамшы шешім қабылдап, өзін де, басқаларды да өтірік алдарқатқан сайын, мәселеге ушыға түседі. Адам үшін ең басты құндылық, ең бағалы нәрсе – өмір. Өмір – адам тіршілігінің негізі, оның сан алуан қажеттіліктері мен талап тілектерін, мақсаттары мен жоспарларын жүзеге асыруының жалғыз, абсолюттік мүмкіндігі. Өмір болмаса адамның өзі де, өмірдің мәні туралы ойлары да, іс әрекеті де, қуаныш қайғысы да болмайды. Бұл пікірден бізге қажетті үш тұжырым туындайды: 1) Өмір туралы көбірек ойлан. 2) Өмір – баға жетпес құндылық, оған жететін ештеңе жоқ, сондықтан әр күніңді бағалап өмір сүр. 3) Маңдайға жазылған өмірді гүлдендіруге, жандандыруға, мәнді өткізуге тырыс.
Өлім – адам өмірінің сыры. Оның өмірі қандай болса, өлімі де сондай болмақ. Философиялық тұрғыдан келсек, өлімнен қорқатын ештеңе жоқ. Адам өлемін деп емес, өмірді бағаламай, оған қызмет етіп үлгермей, соңында еш із қалдырмай өмір сүрдім деп қорқуы керек. Өлім алдындағы қорқынышты жеңдіретін адамның, оның өзінің мәнді өмірі ғана. Оның мәнін бұрынғы өткен өмірден іздеп, о дүниеден немесе болашақтан іздеп керегі жоқ, бұл жолдар бізді адастыру мүмкін. Өмірдің мәні мәселесін осы өмірден іздеп, қазіргі өмірімізді нағыз мәнмен толтырсақ қана шешеміз, сол арқылы өлім мәселесінің де шешімін таба аламыз. Біз өзіміз кеме секілді өз жолымызды мәңгіліктің мұхитына бағыттаймыз. Яғни, өзінің өмірін де, өлімін де мәнге толтыратын адамның өзі, оның ойлар мен өмірде атқарған істері. Адам өзінің адам атына сай өмір сүруі, адамшылығын, рухани бастауын үнемі жетілдіруі арқылы ғана мәңгілік өмірге жетпек, осындай адамның алдында өлім де дәрменсіз. Мәнді өмір ғана өлімді жеңе алады. Өміріне де, өліміне де мән беру жауапкершілігі адамның өзіне жүктеледі. Қазіргі жағдайда адам тек өз өмірі мен өлімі үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың өмірі мен өлімі үшін жауапты.
Достарыңызбен бөлісу: |