Сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу әр түрлі нысандар мен әдістерді қамтиды. Реттеудің негізгі нысандары мыналар болып табылады:
сыртқы экономикалық қызметті қаржыландыру;
салық салу;
инвестициялау;
сыртқы қарыз алу;
сыртқы берешек;
экспортты қаражаттандыру.
Реттеу әдістері көрсетілген нысандарға сай келеді және тура, сондай-ақ жанама әдістерді кіріктіреді.
Тура әдістерге реттеудің әкімшілік нысандары: лицензиялар мен квоталар жатады. Экспорт пен импортты лицензиялау мен квоталау шикізат ресурстары мен тауар қорларының шектеулігі жағдайында ішкі рынокты толтырып, тұрақтандыру мақсатымен уақытша шаралар ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке (сыртқы саудаға, валюталық операцияларға және басқаларға)мемлекеттік монополия қойылуы мүмкін.
Реттеменің жанама немесе экономикалық әдістері неғұрлым пәрменді және дамыған сыртқы экономикалық қатынастарға сай болып табылады. Бұларға, салықтар, валюта бағамы, дүниежүзілік баға, сыртқы кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер, облигациялар мен басқа да бағалы қағаздардың бағамы жатады.
Көптеген мемлекеттерде экспорт пен импортты кедендік-тарифтік реттеу жүргізіледі.
Кез келген елдің дүниежүзінің басқа елдерімен экономикалық байланыстары оның төлем балансында бейнелеп көрсетіледі.
Төлем балансы дегеніміз уақыттың белгілі бір межелдемесінде бір елдің дүниежүзінің басқа елдері мен шаруашылық операцияларды жалпы қорытып көрсететін көрсеткіштердің жүйесі.Ол мына бөлімдерді қамтиды:
-ағымдағы шот (сауда балансы);
- капиталмен және қаржылармен болатын операциялардың шоты;
- резервтік активтер;
- таза қателер мен рұқсатнамалар.
Ағымдағы шот мыналарды қамтып көрсетеді: тауарлармен жасалынатын операцияларды- экспорт пен импортты; қызметтер көрсетуді- жүк, жолаушылар тасымалы, байланыс, туризм қызметтері; техникалық көмек; қарыздардан, кредиттерден алынатын табыстар; трансферттер; ізгілікті көмек; техникалық жәрдемдесу; гранттар.
Капиталмен және қаржылармен жасалынатын операциялардың шоттары тура шетелдік инвестицияларды тартуды немесе капиталдың шетелге қайтуын, портфелді инвестицияларды, мигранттардың, трансферттерін, коммерциялық кредиттерді, қарыздарды, басқа инвестицияларды бейнелеп көрсетеді.
Резервтік активтердің жайғасымы монетарлық алтынды, қарыз алудың арнаулы құқықтарын, шетелдік валютадағы талаптарды қамтиды.
Таза қателер мен рұқсатнамалар «көлеңкелі бизнесті» қоса алғанда, бейрезиденттермен жасалынатын ресми есепке алынбаған операцияларды сипаттайды.
Бақылау сұрақтары:
Сыртқы экономикалық қызмет ұғымы.
Сыртқы экономикалық қызметті реттеу әдістері.
Сыртқы экономикалық қызметтің тиімділігіне салықтардың әсері.