Дәріс тезисі 1- тақырып. Қоғамдық ұдайы өндірістегі қаржының мәні, функциялары мен рөлі
1.1 Қаржы ұғымы, оның мәні мен қажеттілігі
Қаржы ("қолма-қол ақша", "табыс" ұғымын білдіретін орта ғасырдағы латын тілінің «financia» сөзінен пайда болған француздың «finance» сөзінен шыққан) қоғамда нақты өмір сүретін, объективті сипаты мен айрықша қоғамдық арналымы бар өндірістік қатынастарды білдіретін ақшалай қаржы ресурстары мен қорларды жасау және пайдалану процесіндегі экономикалық қатынастарды қамтып көрсететін тарихи қалыптасқан аса маңызды экономикалық категориялардың бірі болып табылады. Ол натуралдық шаруашылықтан жүйелі тауар-ақша айырбасына көшу жағдайында пайда болып дамыды және мемлекеттің және оның ресурстарға қажеттіліктерінің дамуымен тығыз байланысты болды.
Бүгінде қаржы терминін күнделікті қолданысқа енгізген авторды атау қиын. Бұл терминнің авторлығын 1577 жылы "Республика туралы алты кітап" деген жұмысын бастырып шығарған француз ғалымы Ж.Боденге қалдыруға болады.
Қаржы — ақша қатынастарының жиынтығы, олардың ажырағысыз бөлігі, ол әрқашан экономикалық жүйе шеңберіндегі қоғамдық ұдайы өндірістің түрлі субъектілері арасындағы бүкіл ақша қатынастарын емес, тек айрықша ақша қатынастарын білдіреді, сондықтан оның рөлі мен маңызы экономикалық қатынастарда ақша қатынастарының қандай орын алатындығына байланысты.
Жалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табысты жасау, бөлу және қайта бөлу процесінде қалыптаса отырып, қаржы қоғамның түпкілікті пайдалануға жіберілетін материалдық ресурстар бөлігінің ақшалай тұлғалануы болып табылады. Қаржының басты белгілерінің бірі - оның тұлғалануының ақша нысанында бейнеленуі. Демек, қаржы қатынастарының пайда болуы өзі жайында әрқашан ақшаның нақты қозғалысымен аңғартып отырады.
Қаржының ақшадан мазмұны жағынан да, функциялары жағынан да айырмашылығы бар. Ақша—бұл ең алдымен ассоциацияландырылған өндірушілердің еңбек шығындары өлшенетін жалпыға ортақ балама, ал қаржы — жалпы ішкі өнім мен ұлттық табысты бөлудің және қайта бөлудің экономикалық тетігі, ақша қорларын жасау мен пайдалануға бақылау жасаудың құралы. Ол өндіруге, бөлуге және тұтынуға ықпал жасайды және объективті сипатта болады.
Экономикалық категория ретінде қаржыға тән сипаттар:
ақшалы сипат;
тарату сипаты;
қор құру сипаты;
мақсатты сипат;
эквивалентті сипат.
Қаржы— бұл шаруашылық жүргізуші субъектілерде және мемлекетте ақшалай табыстар мен қорланымдарды қалыптастырумен, сонымен бірге оларды ұдайы ұлғаймалы өндіріске, қоғамның әлеуметтік және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыруға пайдаланумен байланысты жалпы қоғамдық өнімнің құнын және ұлттық байлықтың бір бөлігін бөлу және қайта бөлу процесінде пайда болатын ақша қатынастары.
Қаржының жұмыс істеуінің шарты - ақшаның болуы, ал қаржының пайда болуының себебі шаруашылық жүргізуші субъектілер мен мемлекеттің қызметін қамтамасыз ететін олардың ресурстарға қажеттілігі болып табылады.
Қаржы қоғамның даму қажеттіліктеріне байланысты объективті түрде керек. Мемлекет қаржы қатынастарының объективтік қажеттілігін ескере отырып, оларды пайдаланудың әр- түрлі нысанын қолдануы мүмкін: әр- түрлі төлем түрлерін енгізу және жою, қаржы ресурстарының пайдалану нысанын өзгерту және т.б.