Байланысты: 1 Сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері
Сауат ашу үдерісі және кезеңдері. Мектептегі оқыту үдерісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сондықтан оның балаға ана тілін оқытып, үйретуден алатын орны да ерекше.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында қойылған талаптардың ішіндегі аса күрделісі – 6-7 жастағы балаларды сауаттандыру мәселесі. 6-7 жасар баланың сауатын ашу, тілін дамыту - олардың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктеріне негізделе отырып жүзеге асырылатын, баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне өтуін қамтамасыз ететін үдеріс. Осыған орай балалардың 6-7 жастан бастап сауатын ашу жүйесі: 1-сыныптың тұтасымен сауат ашуға берілуімен, оқу мен жазу жұмыстарының кіріктірілуімен, сабақ уақытының кезеңдерге бөлінуімен т.б. ерекшеленеді.
Сауат ашу үш кезеңнен – әліппеге дейінгі, әліппе, әліппеден кейінгі кезеңдерден тұрады.
Әліппеге дейінгі кезеңнің басты міндеті – оқушыларды оқуға және жазуға даярлау, олардың сөздік қоры мен сөйлеуін анықтап, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
Мазмұны: сөздің дыбыстық құрамын бағдарлай білу, саусақтарын жазуға даярлау (әр түрлі сызықтар, өрнектер мен таңбалар сыздыру), тілін дамыту.
Дайындық кезеңінде оқушыларға ертегі, әңгіме оқып беріп, өлең жаттатып, сурет салғызып, білуге құмарлығын арттыруға, қағаз, қалам ұстауға машықтандыруға болады. «Әліппе» суреттерін пайдалана отырып, сөйлем, сөйлемнен әңгіме құратуға және сөздерге дыбыстық талдау жасауға машықтандыру керек. Сабақта сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс деген ұғымдарды оқушылар тәжірибе жүзінде меңгеретін болады.
Әліппе кезеңінің басты міндеті – оқушыларды оқу және жазуға үйрету, сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеуін жетілдіру.
Мазмұны: дыбыспен, оның таңбасымен таныстыру, әріптердің баспа және жазба түрлері, бас әріп пен кіші әріп, сөздің дыбыстық-буындық құрылымын модельдеу, сөзді буындап оқу және тұтас сөзбен оқу, сөйлемдерді, мәтіндерді оқу, әріптерді жазу, сөз ішіндегі әріптерді бір-бірімен дұрыс қосып жазу, сөз, сөйлем жазу, мәтінмен жұмыс жүргізу (сұрақтарға жауап беру, оқығанын мазмұндау, мәтін құрастыру).
Әліппеден кейінгі кезеңнің басты міндеті – оқушылардың оқу және жазу дағдыларын жетілдіру, тілін дамыту.
Бұл кезеңде оқушылардың оқу және жазу машықтары жетіле түседі. «Ана тіліндегі» материалдар оқушылардың оқу және жазу машықтарын жетілдірумен бірге коммуникативтік құзыреттіліктерін, байланыстырып сөйлеуді жетілдіру тәсілдерін меңгертуді (мазмұнын айту, монолог және диалог құрастыру) көздейді.