3-тақырып. Сауат ашу әдісі Негізгі мәселелер:
1.Сауат ашу әдісі туралы ұғым. Сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы
2. Дыбыстық талдау-жинақтау әдісі
3. Бастапқы оқуды қалыптастыру: буындап оқу, тұтас сөзді дауысты дыбысқа бағыттай оқу
4. Сауат ашуға арналған оқу-әдістемелік топтама
Сауат ашу әдісі туралы ұғым. Сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы Сауат ашу барысында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының күрделі аспектілерінің молдығынан болар, әлемдік педагогика теориясында сауат ашудың әдіс-тәсілдерін таңдау мәселесіне қатысты әр түрлі таласты қөзқарастардың орын алғаны белгілі. Мысалы: сауат ашу әдістемесі тарихындағы дыбыстық аналитикалық әдіс (мұны Батыс Еуропада «Жакото әдісі», деп атаса, Ресейде «Золотов әдісі» деп атаған), дыбыстық синтетикалық әдіс ( мұның негізін неміс педагогы Г.Стефани қалап, Ресей педагогы Н.А. Корф одан әрі дамытты), есту немесе буын есту әдісі (мұның негізін орыс ғұламасы Л.Н.Толстой қалаған) сияқты бағыттар осы кезеңдегі күрделі міндеттерді оңтайлы шешу жолдарын табуға тырысқан ғылыми-педагогикалық ізденістердің нәтижесі еді. Кезінде қазақтың ғұлама ғалымы А.Байтұрсынұлы әлемдік педагогика теориясындағы осы талас пікірлерге үн қосып, бірнеше мақала жазғаны белгілі.
Ақырында әлемдік педагогика теориясында сауат ашудың дыбыстық аналитико-синтетикалық әдіс (А.Байтұрсынұлыша айтсақ, «жалқылаулы-жалпылау» әдісі) қолдау тауып, орнықты (оны негіздеген Батыс Еуропа педагогтары К.Грезер, А.Дистерверг, Ресей педагогтары К.Д.Ушинский, В.П.Вахтеров т.б.). Дүние жүзінде бір ауыздан қабылданған осы әдіс күні бүгінге дейін әр қырынан байыпталып, сауат ашуға арналған бағдарламаларымыз бен оқулықтарымызға негіз боп қаланып келеді.
Байтұрсынов «Баяншы» атты еңбегінде: «Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені»,– деп түйіндей келіп, дыбыспен жаттығудың негізгі жолдары ретінде мыналарды көрсетеді:
а) әуелі балаларға әр түрлі дыбыс бар екенін білдіру;
ә) балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айырту;
б) бөлек- бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру.
Әдіскер ғалым: «Мұны білмей тұрғанда, балаларға хәріп көрсету жарамайды. Ол жайпақпен жүрмей, жармен шыққан сықылды балалардың күшіне тиеді»,– дейді. Одан әрі автор әріптерді үйрету жөні мен ретін былай көрсетеді:
Әр жаңа әріп үшін әуелі сол жаңа әріп ішінде келетін қысқа- қысқа сөздерді айтып, дыбысын айыру.
Үйрететін дыбыстың әрпін кеспе әліппеден алып, тақтаға жазып көрсету.
Ішінде сол әріп бар сөздерді оқыту, жазғызу.
Жазғандағы қателерін балалардың көзінше түзету.
А.Байтұрсынов «Жалқылау (айырыңқы) әдіс» атты мақаласында қазіргі оқыту процесінде пайдаланылып жүрген анализ (талдау), синтез (жинақтау) әдістерінің басты белгілерін анықтайды. «Жалқылау әдіс – жалпылау әдісіне қарсы жөніндегі әдіс. Жалпылаудың асылы ұсақтан ірілету болса, жалқылаудың асылы – іріден ұсақтау», – деп көрсетеді. Ал «Жалқылаулы – жалпылау әдіс» мақаласында әдісті қолдану жүзіндегі баспалдақтарына қарай «Шағын сөзді», «Жазу-оқу», «Дыбысты әдіс», «Тұтас сөзді» деп төрт түрге бөліп қарастырады.
I. Әдіскер «шағын сөзді» әдісін қолданушылардың әліп-би кітабын басшылыққа алатынын айта келіп, кітап ішінде болуға тиіс материалдарды былайша топтайды:1) Сүгіреттердің болуы; 2) Сүгіреттегі нәрселердің атын көрсететін баспа да, жазба да сөздердің болуы; 3) Сол сөздерге ұқсас басқа да сөздердің болуы; 4) үйретілетін әріптерден жасалған сөздер, сөздерден жасалған сөйлемдер, сөйлемдерден жасалған қысқа-қысқа әңгімелердің болуы; 5) Түгел күйінде әліп-би ретінде жазылған әріптердің болуы, яғни алфавиттің берілуі.
А.Байтұрсынов «шағын сөзді» әдісімен оқытуда әріп таныту, жазуға үйрету және бала тілін дамыту туралы былай деп жазады:
«Үйрету кешесі былай:
Әліп-би кітабының 1-і бетінде тұрған сүгіретті оқытушы тақтайға салады да, сол нәрсенің жайынан әңгіме қозғайды. Балалар мен оқытушы әңгімелесе- әңгімелесе барып, сол нәрсе тупасындағы жұмбақтар, өлеңдер сияқты нәрселерді айтқызады немесе өзі айтады. Бұл әңгіменің пайдасы – алынған нәрсені балаларға анық танытып білім береді, сөйлесуге бойын да, тілін де үйретеді.
Салынған сүгіретті балалар дәптерлеріне көшіреді. Бұл көшіру балаларды сурет салуға үйрету емес, салғандары ұқсасын, ұқсамасын әркім әлінше салса болғаны. Мұның пайдасы – сүгірет салуға балалар әуес болғандықтан, сүгірет салғандарына мәз болып өздері рақаттанады, қарындаш ұстауға қолдары үйренеді.
Сүгіреттегі нәрсенің атын көшіру. Оқытушы сөзді тұтас күйінде тақтайға жазады. Балалар дәптерлеріне көшіреді. Дәптерлеріне көшіруден бұрын былай ету керек дейді. Оқытушы тақтайға жазып жатқанда, балалар қарап бағып отырады. Жазып болған соң, балалар орнында отырып, оқытушының жазғанына еліктеп, жазған сияқты болып, сұқ қолдарымен тақтай бетіндегі жазу бойымен жүргізеді. Сонан соң барып қарындашпен дәптерлеріне жазады.
Сөздің дұрыстарын айыру. Ол үшін оқытушы тиісті сөзді алады да дыбыстарын анық етіп ашық дауыспен айтады. Әсіресе, кезінде үйретуге керек болып тұрған дыбысты айқындата айтады.
Сөзді әріптен бұтарлау. Ол үшін оқытушы әріп араларын ашығырақ жазады. Балалар соның ішінен үйретіп жүрген әріпті танып алып, бірнеше рет жазады. Солай бірнеше әріпті танығаннан кейін оқытушы енді әр әріпті жеке күйінде алып тақтаға жазып, бұл қай сөзде, қай орында тұр деп сұрайды. Балалар әліп кітабынан жазылған әріпті сөздің ішінен танып көрсетеді.
Әріптерден сөз жасау. 3–4 әріпті танитын болғаннан кейін солардан құрап сөз жасайды.
Баспа тану. Ол үшін жазба сөзінің астына баспа сөз қойылып, екеуінің әрпі салыстырылады.
II. «Оқу-жазу» деген түрінде оқу мен жазудың қайсысы алда жүру керектігі туралы айтады. Бұрын оқу алда жүріп, жазу соңында жүргенін, «жазу- оқу» әдісі шыққалы оқу мен жазу екеуі қатар жүретін болды,– деп көрсетеді.
III. «Дыбысты әдіс» дегенінде дыбысты әдіспен үйретуде істелетін мынадай жұмыс түрлерін көрсеткен:
1) Балалармен әңгімелесу.
2) Оқу үйретуге даярлайтын жұмыстар.
3) Сөзден дыбыстарды айырып шығару.
4) Әріптермен таныстыру.
5) Білген әріптерінен сөз құрау, соны оқу.
IV. «Тұтас сөзді» әдісін сынайды. «Балалар оқытушының тақтайға жазғанын ғана оқумен барады. Оқу не әріптен, не дыбыстан басталмайды, тұтас тұрған сөздерді оқудан басталады. Мәселен, бір бала шегіртке ұстап әкелген екен. Оқытушы: «Не әкелдә?– деп балалардан сұрайды. Балалар: «Шегіртке әкелді»,– дейді. «Шегіртке әкелді» деген сөйлемді оқытушы тақтайға жазады. Өзі оқиды, балаларға оқытады. Сонан соң «шегіртке» деген сөзді кірістіріп, басқа сөйлемдер алады. Оны жазады, оқиды, оқытады. Сүйте-сүйте «шегіртке» деген сөздің жазуы қайта-қайта ұшырап, балалардың жаттарында қала-қала барып, әбден таныс болып, бірден танитын болады. Бірден танитын болса, бірден оқитын болғаны. Басқа сөздердің де оқуын сол ретше үйретеді...».
Осы мақаласында «дыбысты әдіс» түрін талдай отырып, әдіскер: «Дыбыстарды айырту, құрастырып сөз қылу дұрысталып істеліп, балалар әбден әдісін алған болса, балалар қиналмайды. Бір-екі сөзді әріптеп құрап оқығаннан кейін тез әдісін алады. Алғашқы кезде сөзді ылғи буындап қостырып оқытады. Сонан буындап оқып әдеттенеді. Буындап оқуға жаттыға бара қалыпты оқу түріне түседі», – деген түйінге келеді. Бұдан оның буындап оқытуды оқу процесін тездетудің тиімді әдісі деп есептегенін аңғарамыз. Ол оқушылардан әріп термей, буынды тұтас оқуды талап еткен.
А.Байтұрсыновтың әдістемеге қатысты құнды еңбектерінің бірі – «Ана тілінің әдісі» мақаласы. Бұл мақалада автор үйрету әдістерін үш топқа бөліп сипаттайды:
1) Кей әдістердің негізі қосу, жинау болады, барша ол негізді әдістер жалпылау (синтез) немесе жиылыңқы әдіс деп аталады.
2) Кей әдістердің негізі талдау, айыру болады. Ол негізді әдістердің бәрі жалқылау (анализ) немесе айырыңқы әдіс деп аталады.
3) Кей әдістердің негізінде қосу да, талдау да болады. Ондай әдістер жалқылаулы-жалпылау немесе айырыңқы-жиылыңқы әдіс деп аталады.
Демек, талдау, жинақтау, талдау-жинақтау әдістерінің ғылыми негізін қалаған да – А.Байтұрсынов.