Дәріс тезистері Дәріс Синтаксис ілімінің зерттелуі, оқыту мәселелері



бет12/46
Дата08.04.2023
өлшемі218,21 Kb.
#80442
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   46
Байланысты:
дәрістер

Дәріс 4. Сөйлемге тән белгілер
Тіл білімінде сөйлем туралы ғылыми ойдың тарихи бастауы көне дәуірдегі логикалық зерттеулерден басталады. Бұл тұжырым бойынша, сөйлем «пікір (ой) – субъект – предикат» деп аталатын логикалық құрылымнан тұрады. Бұл құрылымның мәнін былайша тұжырымдауға болады: пікір – сөйлем арқылы айқындалатын көзқарас; субъект – сөйлемді жарыққа шығаратын таным иесі, яғни адам; предикат – ой-пікірдің уақытқа, көзқарасқа, ақпаратқа қатысын айқындайтын семантика. Ой-пікір арқылы анықталатын көзқарасты модальдылық деп атаймыз. Модальдылық екі түрлі сипатта көрініс табады. 1.Реалды модальдылық; 2. Ирреалды модальдылық. Реалды модальдылық ақиқат болмыстағы шындыққа қатысты көзқарасты шынайы түрде білдіру. Мысалы: Жаңбыр жауып тұр. Мен келе жатырмын; Құс ұшады; т.б. Ирреалды модальдылық ақиқат болмыстағы шындыққа қатысты көзқарасты болжалды түрде білдіру. Мысалы: Жаңбыр жауатын сияқты; Мен баратын шығармын; т.б. Субъект ой-пікірді сөйлем арқылы жарыққа шығаратын адам. Субъект сөйлемнің субстанциясын айқындаушы. Адам сөйлемді екі турлі субстанцияда қолданады: 1.Субъектілік субстанциядағы сөйлемдерді қолданады; 2.Объектілік субстанциядағы сөйлемдерді қолданады. Субъектілік субстанция бойынша тек адамға қатысты ақпарат, ой-пікірін білдіреді. Мысалы: Мен көрдім қайың аған құлағанын (А.) Пірім менің Сүйінбай (Ж.). Мен келем тау ішінде түнделетіп (С.С.) Сен – алтынсың, мен пұлмын; Сен жібексің, мен жүнмін (Шалкиіз жырау). Объектілік субстанция бойынша, адамзаттан тыс басқа заттар мен құбылыстар туралы ақпарат, ой-пікір беріледі. Мысалы: Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі (А.) Толқындаған жасыл дала қызылды-жасылды, көктілі-күреңді гүлдерден моншақ тағынғандай жайдары да бейілді, ерке керіледі (Ғ.М.). Предикат сөйлемдегі ой-пікірдің ақпараттық мәнін айқындайды: Мысалы, «Мен мұғаліммін (жиырмадамын, ақылдымын, бақыттымын т.б.» ойдың заттық сапаға, сандық сапаға қатысты мәнін білдіріп тұр. Мен жаздым десек, ойдың қозғалысқа қатысын, Мен ұйықтадым қалыпты күй процеске қатысын,Мен қуандым көніл-күйге қатысын;Мен өстім сапалық өзгеру процеске қатысын; мен бұртидымбейнелік процеске қатысын; Мен ажырата аламын, анықтаймын іс-әрекетке қатысты ммүмкіндігін т.б. көптеген семантикалық мәнді білдіреді.
Грамматикалық зерттеулерде субъект – бастауыш, предикат – баяндауыш деп танылып, олар пара-пар ұғым ретінде танылып жүр. Олар бір медальдың екі жағы сияқты бір-бірімен тығыз бірлікте жұмсалатын категория, сондықтан субъектіні бастауыш, предикатты баяндауыш деп бірінің орнына бірін жұмсай береді. Алайда, бір медальдың екі жағында екі түрлі белгілері болатыны сияқты субъект пен бастауыштың, предикат пен баяндауыштың да өзіне тән белгілері ерекшеліктері бар. Предикат сөйлеушінің ойын, көзқарасын, пікірін, көңіл-күйін анықтайтын логика-семантикалық категория болып табылады. Сөйлемге тән барлық қасиетті тиянақтап баяндайды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы ұсынған баяншы терминін осы ұғымға сай қолдануға болады.
Сөйлемнің грамматикалық ерекшелігін құрамындағы сөздердің байланысу жолдары арқылы анықтауға болады. Сөздер ой-пікірді білдіру мақсатында жұмсалғанда (сөйлеу ағымына түскен кезде) белгілі нормалар бойынша өзара байланысады. Оны синтаксистік немесе грамматикалық байланысу деп атаймыз. Байланыстың осы түрінен сөйлем ішіндегі сөздердің тіркесу мүмкіндігін анықтайтын байланыстар (сөз тіркесінің байланысу жолдары), сөйлем мүшелерінің байланысу жолдары анықталады. Күрделі ойды білдіру мақсатында жұмсалатын құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдердің байланысу жолдары да грамматикалық ерекшелікті айқындайды.
Сөйлемнің коммуникативтік-семантикалық ерекшеліктері сөйлемнің өн бойындағы тілдік бірліктердің, интонацияның коммуникация үдерісінде атқаратын қызметі, ақпараттың мәнін анықтау үдерісіндегі қызметі тұрғысында анықталады. Мысалы:жолаушылар келді – келе жатыр – келедi. Бұл шақ формасының қызметі арқылы анықталады. Екіншіден, айтылған пiкiрдiң болмысқа, шындыққа жанасымдылығын бiлдiредi. Бұл ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай формасынан танылады. Рай формасы пiкiрдi болмысқа қатынастырудың ерекшелiгiн көрсетеді. Мысалы, Айтты – айт – айтайын – айтса формалары iс-қимылдың анық болғанын, болатынын айқындауға қызмет атқарады. Бұйрық рай шындық болмыстағы оқиғаны iске қосу, жұмсалу талабын бiлдiредi6 т.б.
Интонация сөйлемдегі ақпараттың мағыналық жігін, ақпаратты ықшамдап жеткізу қызметін, ойдың доминантын, көңіл-күйді, сқрақ-жауапты тілек-өтінішті т.б. қызметін айқындауға мүмкіндік береді.
Мысалы, Жақып, Досбол сыйлық алды; Жақыптың, Досболдың сыйлық алғанын естіп пе едің? Жақыптың, Досболдың сыйлық алғанын естіп пе едің?! сөйлемдерін салстырсақ, дауыс сазына қарай хабарлау мәнді, сұрау мәнді, әрі сұрақ, әрі таңдану мәнін көруге болады Есікті аш! Есікті ашшы! Есікті ашып қойшы! Сөйлемдерін салыстырсақ, қатаң бұйрық, сыпайы бұйрық, тілек бұйрық мәнін көруге болады.
Сөз тіркестері – сөйлемнің құрылымдық бөлшегі болып табылатын тілдік бірліктер. Сондықтан сөз тіркесі мен сөйлем өзара байланыста қарастырылады. Оның негізгі мәні предикат ұғымымен тығыз байланысты. «Предикат» белгілі бір заттың қасиетін, белгісін, әр түрлі жай-күйін, оның басқа затқа деген қатысын т.б. білдіреді. Предикат ұғымына тән бұл қасиеттер айтылатын ойдың мазмұны ретінде сөйлем ішінде өмір сүреді. Ендеше, предикат сөз тіркесіне де, сөйлемге де тән ортақ категория болып табылады. Тілде белгілі бір заттың қасиеті, белгісі, әр түрлі жай-күйі, басқа заттарға деген қатынасы сөз тіркестері арқылы танылады да, оны хабарлау сөйлем арқылы жүзеге асады. Олай болса, сөз тіркестері айтылатын ойдың мазмұнын құрайды да, сөйлем ойдың, не пікірдің шындыққа қатынасын білдіреді. Айтылатын ойдың мазмұнын құраушы тілдік бірлік ретінде сөз тіркестерінің өзіне тән атқаратын қызметі, пікірді хабарлау мақсатында жұмсалатын сөйлемнің өзіне тән қызметі болады. Осыған орай, предикат ұғымының мәні айқындала түседі. Сөз тіркестеріне тән предикат синтаксистік қатынасқа негізделеді де предикаттық қатынас деп аталады. Синтаксистік қатынастың қызметі айтылатын ойдың мазмұнын құрайтын коммуникативтік семантиканы анықтайды. Предикаттық қатынастан туындайтын коммуникативті семантика жоғарыда атап кеткендей коммуниканттар моделін айқындайды.
Сөйлемге тән предикат айтылған ойдың, пікірдің субъекті мен объектіге қатысты семантикасын, сөйлеп тұрған уақытқа қатысты семантика мен оның модальдылық мәнін; сөйлеушінің шындық болмысқа қатысты ниетін, ынтасын; сөйлеушінің іс пен болмыс арасындағы қатынасы туралы түсінігін, көзқарасын анықтайды.
Субъекті мен объектіге қатысты семантика предикат құрамындағы сөздердің лексика-семантикалық мағыналары арқылы анықталады: Мысалы:
Субъектінің қозғалысын білдіреді: Мен жаздым, (жүгірдім) – сен жаздың, ( жүгірдің) – ол жазды, (жүгірді) т.б.;
Субъектінің қалыпты күй процесін білдіреді: Мен ауырдым, (ұйықтадым), сен ауырдың, (ұйықтадың) ол ауырды, (ұйықтады) т.б.;
Субъектінің көңіл-күйін білдіреді: Мен күлдім (жыладым, ренжідім т.б.), Сен ашуландың, Ол қызғанды т.б.;
Субъектінің сапалық өзгеру процесін білдіреді: Мен өстім (семірдім, аздым) Сен өстің, (ұзардың, басылдың) Ол өсті ( толды, жүдеді) т.б.;
Субъектінің бейнесін білдіреді: Мен бұртидым, (жылмыңдадым) сен бұртидың, ( пысылдадың) ол бұртиды (қылмыңдады) т.б.;
Субъектінің іс-әрекетке қатысты мүмкіндігін білдіреді: Мен ажырата аламын, Ол көндіре біледі т.б.;
Субъектінің қимылды жасауға міндеттілігін білдіреді: Ол айтуға тиіс, Менің күлуім керек т.б.;
Субъект әрекетінің болжамын, күдіктілігін білдіреді: Оның келуі де мүмкін, Менің баруым мүмкін т.б;
Сөйлеп тұрған уақытқа қатысты семантика мен модальдық семантиканың байланысы предикат құрамындағы өткен шақ, осы шақ, келер шақтың қызметі арқылы анықталады. Мысалы:
Істің сөйлеп тұрған уақыттан өте бұрын болғанын білдіретін семантика: Сен маған бірдеңе айтыпсың; Мен түсінбеппін; Сен өкпелепсің дегенде сөйлеуші тарапынан оның болғаны айқын емес, есінде жоқ, бұл ақпаратты ол басқа біреу арқылы білген. Сөйлеуші бұл оқиғаның болғанын анық білмейді, сондықтан оқиғаның болғанына қатысты шешімі айқын емес. Өткен шақтың бұл түрі көсемшенің -ып, -іп, -п түріне жіктік жалғауының –пын ,-пін, -пыз, -піз, -сың, -сің, -сыз, -сіз, -сыңдар,-сіңдер, -ты, -ті, түрлері жалғану арқылы жасалады. Модальділік мәні: іс-әрекеттің болғанына қатысты күмәнді, болжалды (ирреалды) көзқарасты білдіреді.
Сөйлеушінің шындық болмысқа қатысты ниетін, ынтасын предикат құрамындағы рай категориясы анықтайды. Мысалы:
Іс-әрекетке қозғау салып, оның міндетті түрде орындалуын талап ететін семантика: Мен барайын, Сен бар, Ол барсын.
Сөйлеушінің іс пен болмыс арасындағы қатынасы туралы түсінігін, көзқарасын білдіретін семантика предикат құрамындағы -а, ал, -уға тиіс, -уі де мүмкін, -у керек арқылы анықталады. Мысалы:
қимылды жасау мүмкіндігінің барын білдіретін семантика: айыра алады, көндіре біледі;
қимылдың жасалуға міндеттілігін білдіретін семантика: айтуға тиіс, күлу керек;
қимылдың жасалуының болжамын, күдіктілігін білдіретін семантика: келуі де мүмкін.
Осындай семантикалар арқылы сөйлемге тән предикат ойды тиянақтап, жинақтап, аяқтап тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   46




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет