Еркiн тiркестердiң терминдiк тiркестерден (шектеулi) айырмашылығы Тiл ғылымында тiркескен сөздердiң байланысу жолдары бiрiне-бiрi өте ұқсас келетiнi белгiлi. Бұл заңды құбылыс. Өйткенi, сөз тiркесi толық лексикалық мағынасы бар сөздердiң синтаксистiк тәсiлмен байланысуы. Осы қасиетiне қарай қазақ тiл бiлiмiндегi сөз тiркесiн өз iшiнде еркiн тiркестер, фразеологиялық тiркестер, терминдiк тiркестер, түйдектi тiркестер деп топтастырамыз. Бұл тiркестерге ортақ болып тұрған нәрсе – сөз. Сөз – жалпы тiркес атаулыны тудыратын импульс, фактор. Сөздердiң тiркесуiнен пайда болған бiрлiктер сөз тiркесi болады. Сөздердiң тiркесуi тек синтаксистiң объектiсiнде ғана емес, фонетикадан басқа тiл ғылымының барлық салаларында болады. Сөздердiң тiркесуiнiң негiзгi факторы сөз болғандықтан, олардың байланысуында ұқсастықтың болатыны сөзсiз. Еркiн тiркестер мен фразеологияқ тiркестер құрамындағы сөздiң iшкi түрiн анықтайтын семантикалық мағыналардың байланысуы арқылы ажыратылады. Сөздiң семасиологиялық мәнiн анықтайтын семантикалық мағыналар өзара байланысқанда синтагмалық қатынас пайда болады. Сөздiң атауыштық мәнiн анықтайтын семантикалық мағыналар өзара байланысқанда тiркес тұрақты сипат алады.
Сөз тiркесi атаулының бәрiне ортақ тағы бiр нәрсе – тiркес құрамындағы екiншi компоненттiң тiрек сыңар болуы.
Терминдiк тiркестердiң құрамында тiрек сыңар мiндеттi түрде термин сөз болады. Тiрек сөздiң қай ғылым саласында жұмсалуына орай тiркестi терминдер де бiрнеше категориялық топтарға бөлiнедi: Мысалы, анотомиялық атауларға, астрономиялық атауларға, әдебиеттану атауларына, биологиялық атауларға т.б Термин сөздердiң iшкi түрiн анықтайтын семасиологиялық, атауыштық мағыналар болмайды. Мұндай мағыналары болмаған соң семантикалық мағыналарға да жiктелмейдi. Терминдер – ғылым, техника, өнер т.б саласындағы динамикалық процесстiң нәтижесiнен туатын атаулар. Термин сөздiң iшкi түрiн нақты семантикалық белгiлер арқылы анықтай алмаймыз, оның мазмұнын динамикалық процесс бойынша түсiндiремiз. Терминдер бiр ғана зат не құбылысқа берiлген атау емес, заттар мен құбылыстардың болмысынан, зерттеудiң нәтижесiнен қалыптасқан атаулар. Мұндай атаулар тiлде тек ономасиологиялық қызмет атқарады. Олар өзара тiркескенде сөздiң iшкi түрiн анықтайтын семантикалық мағыналары болмағандықтан синтагмалық байланысқа түсе алмайды. Тiркес құрамында грамматикалық қатынас болмайды.Терминдiк тiркестер тек синтаксистiк формалар арқылы ғана байланысады. Синтаксистiк форма мен синтаксистiк қатынасты бiр дәрежеде қарауға болмайтыны туралы ескерткен ғалым М.Балақаевтың пiкiрi терминдiк тiркестер мен еркiн тiркестердiң айырмашылығын анықтауға негiз болады. Терминдiк тiркестердiң ерекшелiгi: 1-ден, құрамындағы сөздердiң ономасиологиялық жақтан тек терминдiк атауды бiлдiруi, 2-ден, сөздiң iшкi түрiн анықтайтын семантикалық мағыналарының болмауы, 3-ден, тiркескен сөздердiң бiр-бiрiне тәуелсiз келуi, 4-ден, синтаксистiк тәсiлмен байланысып, грамматикалық қатынасқа түспеуi. Терминдiк тiркестердiң ерекшелiгi құрамындағы сөздердiң ономасиологиялық қызметiне байланысты.