Дәріс 2. Сөз тіркесі синтаксисінің парадигмасы Сөз тіркесі─ сөйлем ішіндегі толық лексикалық мағынасы бар кем дегенде екі сөздің синтаксистік жақтан байланысқан түрі. Мысалы, Мен кітап оқыдым сөйлемінде мен оқыдым, кітап оқыдым деген екі сөз тіркесі бар. Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің екеуі де толық лексикалық мағынаға ие. Сөйлем ішіндегі толық мағыналы сөздер грамматикалық, лексика-грамматикалық және семантика-грамматикалық жақтан үйлесім табу барысында синтаксистік байланысқа түседі. Осыған орай, қазақ тіліндегі сөз тіркестері үш түрлі жолмен байланысады:
1. Грамматикалық жолмен байланысу;
2. Лексика-грамматикалық жолмен байланысу;
3. Семантика-грамматикалық жолмен байланысу.
Грамматикалық жақтан байланысу барысында сөз тіркесінің байланысу формалары (қиысу, матасу,меңгеру, қабысу, жансу) тәсілдері (аналитикалық, синтетикалық, аналитика-синтетикалық), амалдары (сабақтаса, салаласа), құрамы (дара, күрделі), құрылымы (бағыныңұы-басыңқы; басыңқы-бағыныңқы), типтері (зат есім + етістік, есімдік + етістік, зат-есім+зат есім, сын есім+ зат есім; сан +зат есім; үстеу +е тістік т.б.) айқындалады.
Лексика-грамматикалық жақтан байланысу сөз тіркесіне тән белгілерді, сөз тіркесінің функционалдық қызметтерін айқындайды.
Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің лексика-грамматикалық жақтан байланысу жолдары лексикалық мағына мен олардың түрленуінен пайда болатын грамматикалық мағыналардың үйлесуі негізінде қалыптасады.
Бұл байланыс түрі сөз тіркесінің өзіне тән белгілерін, функционалдық қызметін айқындайды.
Сөз тіркесі құрамындағы сөздер лексика-грамматикалық байланысқа түскенде үш түрлі белгіге сүйенеді:
1.Семантикалық белгі 2. Морфологиялық белгі
3. Синтаксистік белгі.
Семантикалық белгі Семантикалық белгі сөз тіркесінің екінші сыңарының семантикалық абстракцияға (лексикалық мағынасының жалпылануы) түсуі нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық, жалпы сандық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік ұғымды анықтайды. Нәтижесінде, сөз тіркестері лексика-грамматикалық топтарға жіктеліп, есімді тіркестер және етістікті тіркестер болып екі түрге бөлінеді. Егер сөз тіркесінің екінші сыңары жалпы заттық, жалпы сындық немесе жалпы сандық ұғымды білдіретін есім атаулары болса, есімді тіркестер деп аталады. Егер сөз тіркесінің екінші сыңары жалпы қимыл, іс-әрекет ұғымын білдіретін қимыл атаулары болса, етістікті тіркестер деп аталады.