1. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру 2. Оқушылардың білім деңгейіне қойылатын талаптар Дәріс мақсаты: - Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере оқытуды қарастыру;
- Оқушылардың білім деңгейіне қойылатын талаптармен таныстыру.
1. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру Мектепте берілетін әдеби білімнің жалпы бағыт-бағдары, шеңбері, оқу аймағы оқушының жас ерекшелігіне, оқырмандық қабылдауына сәйкес белгіленеді. Оқушының көркем шығарманы қабылдауының психологиялық негіздері бар. Орта (І-ІХ класс) және жоғары (Х-ХІ класс) оқушыларының жас айырмашылығына, әдеби қабылдауына қарай ерекшелігі болады. Мысалы 5-6 сынып оқушылары көбінесе ертегілерді, қиял-ғажайып әңгімелерді, шытырман оқиғалы шығармаларды қызыға оқиды. Ал жоғары сынып оқушылары парасатты прозаны, сыршыл лириканы жақсы қабылдайды.
Мектептегі ерекше дайындықты қажет ететін оқушылар контингенті – дарынды оқушылар. Олар барлық мектепте, барлық сыныптарда болады. Қазіргі кезде мұндай дарынды балалар көбінесе гимназия, лицей секілді дарынды балаларды оқытатын мектептерде оқиды. Олармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері болады. Оларға арнайы тапсырмалар мен мәтіндер дайындау, қосамша тапсырмалар жүйесін қалыптастыру т.б. әдістемелік ерекшеліктерді меңгеру лазым.
2. Оқушылардың білім деңгейіне қойылатын талаптар Мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес оқушылардың дайындық деңгейіне мынадай талаптар қойылады:
мәтінді талдап оқуға және пікір алысуға ұсынылған шығармаларды өз бетімен оқып, мұғалім басшылығымен зерделеп меңгеру, пайымдай түсіну, дұрыс оқу;
өлеңдер мен прозалық туындыларды, 10-12 өлең (бұған поэма фрагменттері де кіреді), 3-4 прозалық туындылар үзінділерін жатқа айта білу;
тегі, жанры әр түрлі туындыларды, оларда бейнеленген оқиғалар мен кейіпкерлерге өзіндік қарым-қатынасын білдіре отырып, мәнерлеп оқи білуі;
өзіне бұрын таныс емес кез-келген мәтінде (шығарманы) дауыстап та, іштей де дұрыс оқу;
жылына талдап оқуға және пікір алысуға ұсынылған ауыз әдебиетінің, отандық және шетелдік классикалық балалар әдебиеті үлгілерінің мұғалім басшылығымен және өз бетімен кемінде 20-ға тарта туындылары оқу;
әдебиет және фольклор туралы жалпы ұғымдарды, олардың негізгі сипаттарын; қазақ ауыз әдебиетінің басты жанрларының (тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер, эпостық жырлар, лиро-эпостық жырлар) негізгі сипаттарын және әдебиеттің тектерін (эпос, драма, лирика) білу;
оқылған лирикалық туындыларға, олардың көркемдлік, поэтикалық тіл ерекшеліктерін пайымдай отырып, өзіндік сезінуі, түйсінуі негізінде баға беру;
туындыдағы көркем суреттеу, сипаттаулардың (портрет, пейзаж, интерьер, т.б.), баяндаулардың түрлерін, автор позициясын бейнелеу құралдарын (әжуа, мысқыл, сарказм), юмор мен сатира, аллегория түрлерін айыра білу, оларға қатысты ұғымдарды практикалық қолдану деңгейінде меңгеру;
өлең сөздің құрылымдық элементтерінің (өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ) мән-мағынасын, негізгі ұғымдарын білу және оларды практикалық қолданыста ажырата алу;
мәнерлеп оқудың партитурасын, яғни барлық элементтерін (дауыс ырғағы мен екпіні, олардың бірде жоғары, бірде бәсең болуы) білу;
оқылған шағын эпикалық туындының мазмұнын (кейбір стильдік ерекшеліктерін сақтай отырып) толық, қысқаша және іріктеп мазмұндап айтып беру;
оқылған, зерделенген мәтіннің, өзінің сөйлейтін сөзінің, шығарма жұмысының жай және күрделі жоспарын құра білу;
проблемалық сұраққа ауызша және жазбаша байыпты жауап беру, мәтінге сұрақтар мен тапсырмалар түзе білу;
әдеби шығарма бойынша (кейіпкерлер мінездемесі, кейіпкерлерге салыстырма мінездеме), сондай-ақ сол шығармалар бойынша салынған иллюстрациялар мен суреттерге негіздеп өз толғамын, көзқарасын білдіре отырып, шығарма жазу.