Мақсаты: Сан есімнің семантикалық және грамматикалық сипатын білу арқылы оның басқа сөз таптарынан бөлініп, жеке сөз табы бола алатынын және оның мағыналық топтарын ажырата біліп, сөйлемнен сан есімдерді тауып, қызметін анықтап талдай білу.
Есімдіктің семантикалық сипатын, басқа сөз таптарының орнына жүретін мәнін түсіну арқылы жеке сөз табы ретіндегі ерекшеліктерін біліп, қай сөз табының орнына жүрсе, солай түрленетінін, сондай қызмет атқаратынын меңгеру.
Дәріс түрі:"Сұрақ-жауап-талқылау" дәрісі
Көрнекілік түрі: Слайд
Мазмұны: 1..Сан есімнің лексика-грамматикалық сипаты. Сан есімдер- тілімізде ете көне заманнан бері қолданылып келе жатқан сөздер. Сан есімдер-өздеріне тән жасалу тәсілдері бар, өздерінің табиғи қызметінде ешбір өзгеріске түспейтін, тек субстантивтенгенде ғана түрленетін, мағыналық жағынан бірнеше топқа бөлінетін, сөйлемде белгілі қызмет атқаратын сөз табы.
Сан есім зат белгісін білдіруі жағынан сын есімге ұқсайды, сондықтан сан есім де зат есіммен тіркесте жиі қолданылады. Ал сан есімдер жеке қолданылғанда, оларда нақтылық болмайды, абстракт мағынаға ауысады, демек он бес мың, сегіз, мың деген сөздер жайындағы ұғымды ғана аңғаруға болады.
Қазақ тіліндегі сан есімдер бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан, жүз, мың секілді жиырма шақты сөздер арқылы жасалатындығы ғылымда дәлелденген жағдай, яғни "санға байланысты неше түрлі болып жатқан абстракт ұғымдар осы жиырма сөз арқылы және олардың түрленуі арқылы беріледі".
Сан есімдердің морфологиялық сипаты жағынан негізгі ерекшелігі ол өзі анықтайтын сөздерінен бұрын қолданылып, бірақ ешқандай морфологиялық өзгеріске түспейтіндігі ғылыми зерттеулерде, оқулықтарда анық сипатталған. Яғни, сан есімдер өздерінің әрі табиғи, әрі негізгі функциясы болып есептелетін сандық, сан- мөлшер мағыналарында қолданылғанда, еш өзгеріске түспейді.
Сан есімдер субстантивтенгенде түрленіп, «әр алуан өзгеріске түседі, демек, көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те және жіктеліп те қолданылады.
Сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Тілімізде дара сандар көп емес, барлығы жиырма шақты- бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан, жүз, мың. Грамматикапарда дара сан есімдер іштей негізгі және туынды болып екіге бөледі. Негізгі дара сан есімдерге морфемалық бөлшектерге бөлінбейтін сөздер жатқызылады. Мысалы, бір, екі, бес, жеті, сегіз т.б. Ал туынды сан есімдер әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мысалы, бірер, бірінші, үшеу, төртеу т.б.
Осы негізгі және туынды дара сан есімдердің тіркесуінен я қосарлануынан жасалған сан есімдер күрделі сан есімдер деп аталады. Мысалы, он бес, бес- бестен, жүз тоқсан бес, жетпіс- сексеннен т.б.
Күрделі сандардың тағы да мынадай ерекшеліктері бар:
1) Оларда синонимдік қасиет болмайды, әрқайсысының мағыналары дербес болады.. Мысалы, жүз тоқсан бес, жүз тоқсан алты. Осы екі күрделі сан атауы екі түрлі ұғым білдіреді.
2) Күрделі сандар бір сөз болғандықтан, қосымшалар олардың соңғы компонентіне жалғанады.
3) Күрделі сандар біртұтас сөз болғандықтан, олардың арасына еш уақытта ешбір морфема кіре алмайды, оларды бөліп айтуға болмайды. Күрделі сандар өз тұтастығын, орын тәртібін берік сақтайды.
4) Күрделі сандардың құрамы қанша сөзден құралғанына қарамастан, олар сөйлемде бір сөздің қызметін атқарады, бір сөйлем мүшесі болады
Күрделі сандардың ғылымда проф. А. Ысқақов дәлелдеген екі түрлі жасалу жолы бар:
1) дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санның үстіне басқа бір санды қосу жолымен, яғни белгілі бір санға (қосылғышқа) келесі бір қажетті санды (қосылғышты) қосып айту жолымен жасалады. Бұл Жол- қосылмалы жол деп аталады. Мысалы, сексен сегіз, тоқсан алты т.б. Осы күрделі сан атаулары сексен, тоқсан сандарына сегіз, алты сандарын қосып айту арқылы жасалған.
2) Дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санды (көбейгішті) басқа бір санға (көбейткішке) көбейту жолымен, яғни белгілі бір санды келесі бір қажетті санға көбейту, еселеу жолымен жасалады. Күрделі сандарды жасаудың бұл жолы көбейтілмелі жол деп аталады. Мысалы, бес жүз, он мың күрделі сан атаулары бес, он сандарын жүз, мың сандарына көбейту арқылы жасалған.
Күрделі сандардың құрамында осы екі жолмен жасалған сандар араласып келетін де кездері болады. Мысалы, бес мың сегіз жүз қырық бес деген күрделі санның құрамындағы бес мың (5x1000), сегіз жүз ( 8х 100)-көбейтілмелі сан да, қырық бес (40+ 5)- қосылмалы сан. Күрделі сан есімдердің мұндай түрі аралас күрделі сан есімдер тіркесі деп аталады .